Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Анық-қанығы 9493 12 пікір 10 Мамыр, 2020 сағат 20:34

Сіз кімсіз, Абдулов мырза?

Cурет voxpopuli.kz сайтынан алынды

Алматыдағы Панфиловшылар паркіне гүл қоюға келген ардагер туралы бейне жазба әлеуметтік желіге тарады. Елдегі Төтенше жағдай мен карантинге байланысты саябақтар толықтай жабылғанын білеміз. Осыны айтып, ардагер мен оның жанындағы бірнеше адамды паркке кіргізбеген жауапты қызметкерлер табан астында «халық жауы» болып шыға келді.

Желідегі жұрт: «Фашистер тоқта алмаған солдатты – өзінің «немере-шөберелері» тоқтатты», - деп ет-бауыры езілердей болды. Олардың көңілін алаң қылып, жантаптырмаған жалқы сұрақ біреу – ардагерді неге кіргізбейді?!

Екінші дүниежүзілік соғыста толарсақтан су кешіп, тобығынан саз кешіп жүріп, Берлинді бағындырған майдангерлердің қатары жыл сайын сиреп барады, рас. Қан майданның қанқасабын көрген ардагерлерді ардақтау, оларға лайықты құрмет көрсету – әрбіріміздің парызымыз! Бұл туралы президент Тоқаев та айтты, өткенде. «Ардагерлердің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Лайықты құрмет көрсетіледі», - деді. «Мамырдағы мерекелерді үйде атап өту керек!», - деді. Ендеше?

Кеудесі орден-медальға толы, әскери шенді ардагер кім? Ол қай соғыстың ардагері? Егжей-тегжейлі, рет-ретімен жазайық.

Ольга Иванованың үш ақпараты

Ольга Иванова деген атпен тіркелген «ivanovaolgadana» дейтін аккаунт «Instagram» желісінде паркке кіре алмай тұрған әскери киімдегі қарт кісінің бейнежазбасын жариялады.

«Сөз жоқ! Біздің әкімдік, құқық қорғау органдарының «айбынды» қызметкерлері «коронадан» қатты қорыққаны соншалық, тіпті мемориалға гүл қою үшін 93 жастағы жалғыз ардагерге рұқсат бермеді. Әкімдікке «позор», Сағынтаевқа «позор», Нұр Отанға «позор», Тоқаевқа «позор», Қазақстанға «позор»! Мен үшін ұят! Кешіріңдер бізді аталар! Қорқақтығымыз үшін кешеріңдер! Біз жер бетіндегінің бәрінен қояндай қорқатынымыз үшін кешіріңдер! Сіздер секілді танкіге «уралап» жүріге алмайтынымыз үшін! Кешіріңдер бізді! Біз сіздерге лайықты ұрпақ емеспіз! Мен бұл атаны танымаймын. Мен де қайтыс болған атам мен әжеме гүл қоюға келгем. Жасын өзінің айтуынша жаздым. Ол кіру үшін рұқсат сұрағанда айтты. Менше, оны Ардагерлер кеңесі немесе әскерилер арқылы табуға болады. Өйткені, 3 бірдей «Қызыл жұлдыз» ордені өте сирек кездеседі. Сіздердің сұрақтарыңызға жауап бердім деп ойлаймын. Ардагерді таптық! Ол – Иван Абдулов. Батыр! Ертең ресми ақпарат беремін», - деп жазыпты.

Біз Ольга Иванованың орыс тіліндегі бұл жазбасын қазақшаға тектен-тек қотарып отырған жоқпыз. Өйткені, кейін Ольга Иванова жаңағы ардагер туралы тағы екі жазба жариялаған. Бірінде – «Ветеран! Герой! Абдулов Иван Акимович!», - деп жазылған. Бұл жазбадағы суретте ардагердің жасы – «89» деп көрсетілген. Сурет ертеректе түсірілген болуы мүмкін екенін ескерсек, әзірге анықталғаны – ардагердің толық аты-жөні ғана болып тұр! Бұл да керек ақпарат.

Иванованың үшінші ақпараты – жаңағы паркке кіре алмай кеткен ардагерден Алматы әкімдігі кешірім сұрапты. Сөйтіп, қолтықтап апарып, парктегі «мәңгілік алауға» гүл қойыпты.

Сонымен Абдулов Иван Акимович деген кім?

Жалпы, Абдулов Иван Акимовчитің аты баспасөзде 2015 жылдан бастап айтыла бастаған екен. 11 жасында соғыс басталған. 316 атқыштар дивизиясында болған. Генерал Смирновты да, Бауыржан Момышұлын да ажалдан құтқарып қалған. Момышұлының батальоны тас-талқаны шыққанда, 274 полкқа жіберілген. Соғыста 1941 жылдан бастап болған. Шын мәнінде солай ма?

2015 жылғы нұсқа

2015 жыл. «Nur.kz» сайты «Иван Абдулов спас от гибели Бауыржана Момышулы» деген мақала жариялапты.

Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Иван Абдулов балалар үйінде тәрбиеленген. Өзінің ата-анасы, тіпті ұлты туралы ешқандай ақпарат білмейді-міс. Соғыс басталғанда ол 11 жаста болыпты. Ал 13 жасында майданға аттанған. Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясына барған. Бауыржан Момышұлының қасында жүріп, санитар болып қызмет еткен. Тіпті, бір жолы Бауыржан Момышұлын ажалдан құтқарып қалған.

Момышұлын құтқару

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өмірбаяны - Қазақстан ...

Аса ауыр жараланған, өмірін құтқару мүмкін емес халдегі совет солдаттарын азаптамай, атып тастау үшін санитарларға тапанша беріледі екен. Сондай-ақ, өтірік өліп жатқан фашистердің де көзін жою үшін тапанша керек. Сондай бір өтірік өліп жатқан солдатты жаңағы санитар Акимов байқап қалады. Момышұлын атуға оқтала бергенде тапанша ұстаған қолын жаралап, Момышұлының өмірін құтқарып қалады.

Мәскеуден соң, Абдулов Курскіге, Рылскі қаласына аттанады. Онда 1944 жылға дейін жүреді. Сосын Сталиннің бұйрығымен Суворов училищесіне түседі. 3 жылдан соң, Мәскеуге барады. КГБ Жоғарғы мектебінде оқиды. Ол жерде 7 жыл жүріп, Венгрияға аттанады.

Умер Фидель Кастро :: Политика :: РБК

Өзінің айтуынша, әскери қызмет жылдарында Фидель Кастромен де кездескен екен. Өз сөзі: «Біз ол жерге қару-жарық, оқ-дәрі, азық-түлік жеткіздік. Мен Фидель Кастромен жеке кездестім.  Ол Бауыржан Момышұлы туралы сұрады. Мен ол туралы барлығын айттым. Ол маған аудармашы болып қалуды ұсынды. Мен: «Отанымды сата алмаймын, мені Одақ тәрбиелеген», дедім. Сол жерде маған «Еркіндік» орденін тақты».  

Как убивали Сталина

Абдулов Сталинмен де кездескен-міс. «Әй, жапон, осында оқисың, сосын сені Жапонияға жіберемін. Сонда үйленіп, сонда тұрасың», депті Сталин. Отбасы, бала-шағасы түгел қайтыс болған. Жалғыз тұрады екен. Алматы әкімі пәтер сыйлаған. Бұл 2015 жылғы ақпарат. «Nur.kz» сайты жазған.

2018 жылғы нұсқа

Көргендеріңіздей, 2015 жылы Генерал Смирнов әлі құтқарылмаған еді. Енді 2018 жылғы ақпаратты қарайық. «Voxpopuli.kz» сайты «Полковникке ешкім жазбайды» атты мақала жариялапты.

Генерал Смирновты құтқару

Онда ардагер туралы толығырақ ақпарат қамтылған екен. 1930 жылы 20 маусымда туған дейді. Ата-анасын білмейді. Тамбов облысындағы Котовск қаласында, балалар үйінде тәрбиеленген.

«Мәскеу үшін қиян-кесті шайқастардың бірінде Генерал Смирнов майдан шебінде қалып қойды. Мен оның жанына барып, иығымды төседім. Өзіміз жаққа қарай жербауырлап жүріп келдік. 200 метрдей. Одан әрі қарай, біздің солдаттар алып кетті. Ол госпитальдан шыққан соң, мені тауып алып, «Отан соғысының» I дәрежелі орденін тақты», - депті Voxpopuli.kz-ке берген сұхбатында.

Сонымен, 2015-2018 жылғы ардагер Абдуловтың екі әңгімесін қысқаша баяндадық. Толық сұхбатпен танысып шығамын деушілер үшін, сілтемесін де салдық, әне. Бір қарағанда тәп-тәуір, дерсіз. Тек, ардагердің айтқан әңгімесі фактілік қисын мен даталық дәлдіктен алшақ демесеңіз...

Ардагер Абдулов неше жаста?

Әуелі Абдуловтың туған жылы туралы ақпараттарғы қараңыз:

«Voxpopuli.kz» сайты – 1930 жылы туған дейді.

«Zhenyz.kz» сайтында  –  1923 жылы туған дейді.

«4145.kz» сайтында  – 1933 жылы туған дейді.

Кейін әлеуметтік желіге Абдулов Иван Акимовичтің жеке куәлігінің суреті тарады. Онда ардагердің туған жылы – 1933 жыл деп көрсетілген екен.

8 жаста майданға аттанғаны рас па?

Ендеше, 1941 жылы Иван Абдулов бар-жоғы 8 жаста болған. Сегіз жаста соғысқа аттаныпты дегенді естуіңіз бар ма? Әрі қарай, өз сұхбатында соғыстағы қызметі ә, дегенде Мәскеу түбіндегі майданнан басталғанын айтыпты. 1941 жылы. Сосын 11 жасында соғыс басталып, 13 жасында майданға кіргенін айтады. Сонда Абдулов неше жасында соғысқа барған?

Тарихи деректерде Момышұлы өз батальонымен қоса, оларды паналап келген барлығы 700 адамды құрсаудын аман алып шыққаны жазылған. Ал Абдулов «Момышұлының батальонынан барлығы 27 адам ғана аман қалды», дейді. Кімдікі шын?

Егер 11 жасар бала ажалдан құтқарып қалғаны рас болса, Момышұлы өз естеліктерінде неге оның атын атамаған? Оны дәлелдейтін қандай да бір құжат бар ма?

Мәскеу түбіндегі шайқастан соң, Абдулов Рылскі қаласына аттанады. 1943 жылы бұл қала фашистік оккупацияда болған. Абдулов жау шебінен қалай өткен?

Айтпақшы, Соғыстан соң Абдулов КГБ контр-барлау қызметіне алынған екен. Өзінің айтуынша, әрине. Ал «Voxpopuli.kz» сайтындағы сұхбатында қолындағы тату-суретті балалар үйінде салынғанын айтады.

СССР КГБ-ның контр-барлау қызметіне тату-суреті бар адамдарды алмағаны туралы да тарихи деректер бар.

Былтыр «e-history.kz» сайты «Казахские кавалеры советских орденов. Орден Красной Звезды» атты мақал жариялапты. Ондағы ақпаратқа сенсек, бұл орденмен барлығы 3 876 742 адам марапатталыпты. «Wikipedia» сайтындағы «Қызыл жұлдыз» ордені иегерлерінің жалпылама тізімінен де Абдулов Иван Акимовичті таба алмадық.

Түйін. Қош, ардагер туралы әртүрлі әңгіменің шетін қайырдық. Анық-қанығын өздеріңіз бағамдай жатарсыздар. Біз ардагердің «ерлігін» жоққа шығарып, «жаптым жала, жақтым күйе», демек ойымыз жоқ. Тек, ол туралы ақпараттағы әртүрлі деректерге шолу жасадық.

Ал Абдуловтың кешегі бейне жазбасын әлеуметтік желіге таратып, дау шықырып, даурыққан жұрттың әрекетін қалай айтсаңыз да ақтап ала алмайсыз! Қоғамдық тәртіпке барлығымыз бағынуымыз керек! Ардагерді ардақтау бүгінгі ұрпақтың абыройлы парызы! Десе де, ардагер Абдулов «жақсы танитын» Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», - дейді. Абдулов не дейді? Ал әзірге, «Сіз кімсіз Абдулов, мырза», деуге тура кеп тұр.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1624
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1539
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1280
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1244