Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ерлік 4200 24 пікір 8 Мамыр, 2020 сағат 11:43

Ұлы соғыс және басты құндылық

Екінші дүниежүзілік соғыстың кешегі коммунистік Совет Одағы мен нацистік Германия текетіресіне қатысты бөлігі Ұлы Отан соғысы деп аталғаны белгілі. Сол соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 75 жыл толады. Ұлы Жеңіс. Мұнда сол шақта күллі совет елі құрамында болған ұлттық құрылымдардың бәрінің өзіндік үлестері бар. Солардың ішінде баршаға ортақ Отан қорғау ісіне біздің республикамыздың да қосқан үлесі ерекше. Ерекше болатыны, өз басының қайғысын тез ұмыта білді... Кеңестік билік орнағалы халқы үш дүркін алапат ашаршылықты бастан кешкен. Әсіресе соңғысында шын мәніндегі Ұлттық апатқа (катастрофаға) ұшырап, құрдымға кету шегіне жетіп барып тоқтаған. Артынша көкірегі ояу азаматтар, ұлт зиялылары, бір кездегі алашордашы атанғандар мен  жаңа өкіметтің билік буындарында адал қызмет атқарып жүрген азаматтар  қуғын-сүргінге түсірілген. Үлкен террор жылдары солардың баршасы, халық шаруашылығы, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлері, тіпті республикамызды басқарушы саяси элитаға дейін жойып жіберілген. Біріне бірі ұласқан осындай қасіреттер үрейі сананы мықтап шырмаған ахуалдан қазақ халқы енді ғана ес жиып келе жатқан. Осындай жағдайына қарамастан, ел шетіне жау тигенде, жұртымыз айрықша дүр сілкінді...

Соғыс өрті тікелей өз жерін шарпымағанмен, қазақ халқы екі дүниежүзілік соғыстан да сырт қалмаған. Өйткені жаһандық айқастардың алғашқысында – Ресей империясының, екіншісінде кеңестік империяның құрамында еді. Тиісінше, әлемдік шайқастардың негізгі ойыншылары болған екі империя да қазақ халқының үлкен отаны деп есептелетін. Сондықтан да сол кездердегі соғысушы империялардың екеуінің де қорғаныс шараларына мал-жанымен атсалысқан. Алғашқысының соғыс мұқтаждықтары үшін қазақ елі қора-қора ұсақ тұяқ, үйір-үйір жылқысын, қорғаныс құрылыстарын салуға сан-мың жігітін берді. Екіншісіне де, бұл дәуірде «одаққұрушы тәуелсіз социалистік мемлекет» санатындағы кеңестік қазақ республикасы атанған еліміз, тап сондай сала-сала үлесін Отан қорғау ісіне артығымен қоса отырып, жылы орнынан соғыс өрті қуған жұртқа жомарт көңілмен құшағын ашты, күллі жер-суын майданның еңбек тылына айналдырды.

Бүгіндері екінші жаһандық соғысқа республикадан 1 миллион 200 мыңдай адам қатысқаны, елге оның жартысы ғана аман оралғаны айтылады. Яғни Отан қорғауға жіберілгендердің  600 мыңдайы опат болған. Көрнекті демограф Мақаш Тәтімовтің зерттеулерінен мәлім, 1931–1933 жылдары өткен соңғы сұрапыл ашаршылық апатынан селдіреп тірі қалған қазақтың соғыс алдындағы мөлшері екі жарым миллиондай ғана еді, майдан далаларына солардың жарты миллионға жуығы  аттаныпты, яғни шамамен барлық әскерге алынған қазақстандықтың 39-40 пайыздайы. Осындай мөлшерде Отан қорғауға алынған қазақтардың үштен екісінен астамы соғыс құрбаны болды. Бұл барлық қазақстандық халықтың соғыстағы жалпы шығынының тең жартысы. Басқыншылармен шайқастарда қаза тапқан сол боздақтардың жалпы қазақ санына шаққандағы пайыздық мөлшері өзге халықтар өкілдерінің тап сондай шығындық көрсеткіштерімен салыстырғанда, майдан далаларында пайыздық үлес жағынан ең көп қан төккен белорустардан кейінгі екінші орынды алады екен.

Тарихи еңбектерден, әдебиеттен, соғыс кезіндегі майдан жазбаларынан, әскери публицистикадан баршаға мәлім – қазақтар ерлікпен шайқасты. Мыңдаған жауынгер ұл-қыздарымыз түрлі орден-медальдармен марапатталды, жүзден астамына батыр атағы берілді. Қаза тапқан боздақтардың жерленген орындары анықталып, ескерткіштер қойылды, есімдері ардақталып келеді. Соғыстың ұмыт қалған деректері әлі де табылып, ашылуда, кейбір бұрмаланған ащы шындықтары, жасырылған ақиқаттары айқындалуда. Дұшпанның тұтқиылдан басқыншылық шабуыл жасауы, совет жауынгерлерінің әскери дайындықсыз соғысқа салынуы, нашар қарулануы, тағы басқа толып жатқан себептері салдарынан басқыншының жойқын соққысына ә дегенде төтеп беру мүмкін болмады. Соғыстың алғашқы айында миллионнан астам советтік жауынгердің тұтқынға түскені, екі-үш айдың ішінде бұл көрсеткіштің 3,8 миллиондай болғаны бүгінде көпшілікке мәлім. Зерттеушілер неміс қолына түскен соғыс тұтқындары санының 5,7 миллионға дейін жеткенін айтады. Бас қолбасшының оларды «біз үшін тұтқын емес, Отанын сатқандар» деп жариялағаны, әйгілі қолбасының да солдат қауіпсіздігін ойлап бас қатыра қоймағаны белгілі. Шайқасқа кірген бөлімшелер соңынан бөгет-жасақтар қойып отырған. Олар шабуылға шыққандарды кері шегінген жағдайда өздері-ақ қырып салудан тайынбаған.  Қоршауда қалғандардың соңғы оғы қалғанша атысып жатқанына куә бола тұра, алдағы жоспары үшін оларға көмек жібермеген деректер де орын алған. Не керек, жауынгерлерінің күші артық дұшпаннан көз алдында қаза табуына қиналмаған. Атақты әскербасы «солдаттарды аямау керек, қатындар тағы туып береді» деп айтқан тұжырым-жұбату көпшілікке совет заманындағы атышулы фильмнен жетті...

Турасын айтқанда, совет өкіметі ұлы соғыста тұтқынға түскен мың-сан азаматтарынан үзілді-кесілді бас тартты. Соғыс тұтқындарының құқтарын белгілеген халықаралық конвенцияларды мойындамады. Осылай басты құндылықты – жауынгер өмірін, адам өмірін мейлінше сақтауға, қорғауға тырысуды советтік әскери жүйе ойына да алмаған еді. Сондықтан да соғысуды ұйымдастырудағы орашолақтықтары салдарынан дұшпан тұтқынға түсіргендердің бәрін сатқын деп есептеп, фашистік лагерьлердегі миллиондаған  аш-жалаңаш, ауру-сырқау солдаттарына қандай да бір гуманитарлық, санитарлық жәрдем беру желілерін пайдалануға бармады. Сонда оларға көмек қолын созған – саяси эмигрант Мұстафа Шоқай болды. Ол 1941 жылғы тамыздан  желтоқсанға дейін концентрациялық лагерьлерді аралап, тұтқындардың жағдайын зерттеген, түркістандықтарға да, өзге ұлттар өкілдеріне де мүмкіндігінше түрлі жәрдем берген. Бұл мәселені қарастыруға көрнекті зерттеуші-ғалым Көшім Есмағамбетов (1938–2016) ерекше көңіл бөлді. (Ол Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне терең зерттеу жүргізген, он екі томға жинақтап шығармаларының толық жинағын шығарған тарихшы). Арнайы кітап дайындады, бірақ жариялап үлгермеді. Бұл жұмысты шәкірттері (ғылым докторлары Аққали Ахмет, Ғарифолла Әнес) аяқтап, 2019 жылы «Арыс» баспасынан оның «Түркістандық әскери тұтқындар. Туркестанские военнопленные» атты құжаттар мен материалдар жинағын бастырды. Міне осы жинақтан Мұстафаның Польша жеріндегі концлагерьлерге барғаны, кеңес армиясына Түркістан (Орта Азия мен Дала өлкесі) аумағынан алынып, Қызыл армияның миллиондаған солдаты қатарында соғыстың алғашқы айларында-ақ тұтқынға түскен қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік жауынгерлердің жағдайымен танысқаны, көп материал жинағаны жайындағы маңызды деректермен танысуға болады.  Ол лагерьлер бойынша түркістандық соғыс тұтқындарының тізімін жасап, онда олардың ұлтын, туған жылын, армияға шақырылған уақытын, білімін, мамандығын көрсеткен. Кітапта бұлардың бірқатарының қолмен жазған түпнұсқасының ксерокөшірмесі де келтірілген. Тұтқындар ашық аспан астындағы лагерьлерде (оларды өте төмен көріп, кемсіту өз алдына, адамшылықпен тамақтандыру да ойластырылмай) іс жүзінде аштан-аш қамалып жатқан. Тек бір ғана Дебис концлагерінде совет солдаттарының ауру мен аштықтан шыбынша қырылғандары сондай, 40 мың түркістандықтың 1941 жылғы қазанда (Мұстафа келген кезде) 25 мыңдайы ғана тірі болған екен. К. Есмағамбетовтің зерттеулеріне қарағанда, «екі-үш айдың ішінде ол қыруар жұмыс атқарды, жүздеген түркістандық тұтқындардың жағдайын жақсартуға көмектесті». Тұтқын Қарес Қанатбайдың естелігінен мәлім, Мұстафа Шоқай Сувалки лагерінде жерлестері алдында толқып сөйлеген сөзінде: «Сендердің әрқайсыңды біздің болашақ отанымыз Түркістанның құрылысына қажет мамандық алу үшін түрлі арнайы жұмыстарға орналастыру – менің ең қажетті, ең кезек күттірмейтін маңызды шаруам болады», – деген еді. Ол уәдесінде тұруға тырысты. 1941 жылдың 9 қарашасында 80 түркістандық түрлі мамандықтар алу үшін Люкенвальд қаласына жіберілді. Мұстафа Польша аумағындағы оккупациялық режим жетекшілерінің бірі штурмбанфюрер Пауль Отто Гейбель комиссиясына 471 адамның тізімін мамандықтары бойынша түрлі жұмыстарға орналастыру үшін 1941 жылғы 10 қарашада тапсырды. Зерттеуі барысында К. Есмағамбетов оның Лемберг, Ярослау, Дебица-Кочановка, Деба-Майдан, Офлаг-325 лагерьлерінен 1592 тұтқынды мамандықтары бойынша бөлек-бөлек тізім жасап, жұмысқа орналастыруға ұсынғанын анықтаған. Мұстафа Шоқай лагерьлердің әрқайсысындағы  білімді тұтқындарды жеке есепке алған екен. «Жиырма шақты адам насихатшылар тобын құрайды, – деп қорытты бұл орайдағы зерттеуін К. Есмағамбетов. – Олар 1942 жылдан бастап қазақ, өзбек және басқа да ортаазиялық халықтардың тарихы мен мәдениеті жөнінде материалдарды жариялаумен айналысқан «Милли Туркестан», «Туркестан адабиети» деген журналдар шығарды. Қысқаша айтқанда, М. Шоқай тұтқындарды бейбіт мамандықтарға ғана ұсынады, ол бірде-бір адамды әскерге ұсынған жоқ. Түркістан легионына тұтқындарды іріктеу 1942 жылы басталады, ол кезде Мұстафа Шоқай тірілер қатарында болмайтын». Мұстафаның  бірқатар лагерьден жасаған тізімдері мұрағаттағы қағаздары арасында сақталмаған боп шықты. Ол, өкінішке қарай, лагерьлерді аралағанда жинаған материалдарын өзінің сүзек ауруына шалдығуына байланысты толық қорыта алмады, жүзеге асырмақ жоспарын аяқтап үлгермеді (1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлинде ауруханада қайтыс болды).

Соғыс тұтқындарын Түркістан легионына алу 1942 жылдан бастап ерікті сипат берілген  мәжбүрлеу жолымен жүзеге асырылды.  Бұл ретте зерттеуші К. Есмағамбетов 1978 жылы Түркияның Измир қаласында кездескенінде легионда болған Атабек есімді қазақтан естігенін еске түсіреді: «22 жасыңда өліп кету оңай ма?! Тұтқындарды қатарластыра тұрғызып қойып, бас тартқандарды көзімізше атып тастап жатты немістер», – деген еді ол. Шынында да, түркістандық соғыс тұтқындары легионерлер қатарына лагерь азабынан құтылу үшін, тірі қалу үшін барды, яғни легион атты әскери құрылымға өз еріктерімен кірген жоқ. Және олар совет армиясына қарсы шайқастарға қатыспаған да.  Берлиндегі бір ғимараттың екі қабатына орналасқан «Түркістан» және «Еділ-Орал» («Идель-Урал») ұлттық комитеттерінің қызметкерлері неміс әскери басшылығы пұрсат берген ауқымда Түркістан және Еділ-Орал легиондарында «өз халқының ұлтшылдық сезімін өрістетумен» шұғылдана жүріп, әр қаладағы бөлімдерді, лагерьлерді  аралағанда, комитет ішінен құпия жағдайда құрылған Қарсылық ұйымдарының антифашистік пікірлерін таратты. Еділ-Орал комитетіндегі қазақстандық (Петропавлда туған) татар жігіті Ғайнан Құрмашев басқарған жасырын ұйымға кірген татар ақыны Муса Мустафович Залилов (Джалилов, Мұса Жәлил) өзіне тапсырылған мәдени-ағарту бағытындағы міндеттері бойынша лагерьлерді аралап, белсенді түрде астыртын үгіттер жүргізді. Түркістан комитетіндегі жасырын ұйымды қазақ ақыны Мәжит Айтбаев басқарған. Мәжит Қызылорда облысының тумасы еді. Қазақ педагогика институтын бітіріп, 1937–1939 жылдары Қызылорда педагогика институтында оқытушы, студенттер даярлау курсының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі қызметтерін атқарған. Өлең, әңгімелері мерзімдік баспасөздерде, жинақтарда жарияланып тұрған. Көркем аудармамен айналысқан. 1939 жылы әскери қызметке шақырылып, батыс шекарада қызмет етті. Германдықтардың тұтқиылдан жасаған жойқын шабуылы барысында тұтқынға түсті. 1918 жылы большевизмнің қарулы күшімен құлатылған Түркістан автономиясының премьер-министрі, жиырма жылдан бері бөтен жерде азаттық үшін күрес жүргізіп келе жатқан эмигрант, өздерін концлагерьдегі өлімші тіршіліктен құтқарған Мұстафа Шоқайды бұл да барлық легионерлер секілді ұлы адам, ұлт көсемі санады. Түркістан ұлттық комитетінің әдеби-іліми бөлімінде қызмет етіп, шығармашылықпен және астыртын саяси жұмыстармен шұғылданды. Легионерлердің орайы келген сәтте совет әскері жағына өтіп кетуге әрекеттенуіне осындай жігіттердің құпия насихаттарының әсер еткені күмәнсіз...

Түркістан комитетінің соғыс кезіндегі Үшінші рейх астанасынан шығып тұрған баспасөзін жүргізушілер неміс командованиесі тапсырмасын өз ұғымымен кеңейтіп, газет-журналдар мен кітаптарының беттерінде қазақ тарихы мен мәдениеті жайынан көп жазды. К. Есмағамбетовтің зерттеуіне қарағанда, қазақтың ұлттық мүддесіне жауап беретін туындыларды «Милли әдебиет» журналының редакторы Қобызшы Қорқыт (Мәжит Айтбаев), «Милли Түркістан» журналының редакторы Ғали Алтай (Хакім Тыныбеков), «Янги Түркістан» газетінің қызметкері Сайран  (Хамза Абдуллин) және Үсен Қошалақов, Саттар Әлмәмбетов, Мәулікеш Қайбалдин (Асан Қайғы), Ғайпен Бейісов (Б. Ғайып) секілді ақын, жазушы, журналистер, басқа да өнерпаздар беріп жатты. «Қобызшы Қорқыт» деген әдеби лақап аты болған Мәжит Айтбаев Абылай хан туралы дастан (бүгінде Абылай ханның баршаға мәлім портреті тұңғыш рет сол дастанмен бірге дұшпан астанасында жария болған деседі), Абай өлеңдерінің құрылысы мен көркемдік ерекшеліктері жайлы зерттеу жазды.  1943 жылы Берлинде дастандары, бір топ өлеңі, Гете мен Шиллер туындыларынан жасаған аудармалары топтастырылған «Абылай хан» деген жинағы жеке кітап болып басылып шықты. «Милли әдебиеттің» 1944 жылғы бір саны түгелдей оның отыз  жылдығына арналды. Шерлі ақын шығармаларында Қорқыт болып күңіреніп, алыста қалған елін сағынды, туған жерге тәуелсіздік туын тігуді армандады. Сағынышын сарнаумен сездіріп, тәуелсіздік жолында қан төгуді қасиет деп білді. Ақын Хамза Абдуллин туған жерге деген сағынышты жырлар жазды, Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанын қазақшаға аударды. Хакім Тыныбековті қазақ тілінің тағдыры  толғандырды. Легионер-өнерпаздар күшімен Австрия астанасы Вена қаласында 1944 жылғы 10 мамыр күні ірі мәдени шара жасалды. Вена опера және балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты екі актілі пьесасы ойналды. Бұл бір аса маңызды оқиға болған-тын. Қазақтың атақты ұлт батыры Сырым Датұлы бастаған азаттық күресін арқау еткен спектакльді сахнаға Мәжит Жақсылықов қойыпты. Музыкасын Вена консерваториясында оқитын Ғалым Әбсәләмов пен Түркістан легионында көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп жүрген скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев жазған екен. Сырым батыр рөлін әнші Мұхамбетқали Батыргереев ойнаған көрінеді. Түркістан легионының фототілшісі ретінде спектакльді Венаға арнайы барып көрген Ғайпен Бейісов сахнаға бір жас қыздың көзі көрмейтін қарияны жетектеп шыққанын, қарттың: «Мұнар да мұнар, мұнар күн, Сәулесіз меңіреу қара түн. Қара түнді қақ жарып, Қазақтан шығар енді кім?!.» – деп күңіренген сәтін есінде ерекше сақтағанын жазыпты. Соғыс тұтқындарының жат елде  еңсе түсірмей, елінің азаттығын армандауы, болашағына сенуі тебірентерлік құбылыс еді. Б. Ғайып (Ғайпен Бейісов) сол кезеңде жарық көрген «Жауынгердің күнделік дәптері» деген кітабында: «Ері өлсе – елі жоқтайды, елі жоқ ерді кім жоқтайды» деп жазған екен. Туған жерінен жырақтағы соғысқа алынып, дұшпан қолына, тағдыр тәлкегіне түскен жігіттердің жалпы көңіл-күйін білдіретін, көкіректерін қарс айыра күрсіндіретін қайғылы тұжырым. Осы сөздерді Сайран (Хамза Абдуллин) өзінің «Жолтай» деген поэмасына эпиграф етіп алыпты...

Түркістандық қазақ легионерлерінің жан-дүниесін отаншыл Мәжит ақынның соғыс пен өмір мәнін толғаған көркемдік қуаты зор мына бір балладасы танытады: «Қан майданның кезінде, қарсы алып кешкі іңірді, Жанымдағы жолдасым жүрегін басып жығылды. Жүректеп аққан қызыл қан ағып жатты тамшылап. Жүректен аққан сол қанды көріп тұрды-ау жан шыдап! Жұбайынан айрылған жалғыз қаз сипат жас жаным, Аялдадым амалсыз, досымның сүйеп бас жағын. Ақтық сөзді айтсам да, өңірдің төніп түнегі. Үндемеді ол, көз жұмып, тек қана соғып жүрегі. Қанша сөзді айтсам да, білдім де жолдың болмасын, Ақтық сөзін айтар деп, дедім: «Жандай жолдасым! Қарашы, әне, ата-анаң басыңа келіп жылап тұр, «Не болды саған, қозым?» – деп, сөйлеуіңді сұрап тұр...» Жұмылған көзін ашпады жығылып жатқан жолдасым. Дедім тағы, білдім де бұл сөзім ем болмасын: «Қарашы, қалың орманда күтіп тұр сені жұбайың, еш назарды салмасаң, тартады жарың уайым. Есіңде ме, ертеде жағалап Сырдың жағасын, Айлы түнде аялы аралап орман арасын. Құшақтап нәзік белінен, кұмарта сүйіп ерінін, Алмап па едің сол түнде жарыңның қымбат сенімін!» Жұмылған көзін ашпады жығылып жатқан жолдасым, Дедім тағы, білдім де, бұл сөзім ем болмасын: «Көке! – деп көзден жас төккен, қарашы, әне, ұлыңды, Өзіңнен шыққан ұлыңнан көресің жақсы кіміңді? Ертеңгі күн ол ержетіп, «Көкем не деп кетті? – деп, – Ел үшін және мен үшін қандай қызмет етті?» – деп, Сұраса ұлың, сол кезде не деймін мен ұланға, Арманыңды айта алмай, мүдіріп сонда тұрам ба? Ата-ана және сүйген жан болса да шет сен үшін, Ұлыңа біраз сөзіңді айт, болашақ үшін, ел үшін!» Жығылып жатқан жолдасым сол кезде көп күш қылып, Зор кеудесіп көтеріп, үш жығылды, үш тұрып. Жұмылған көзін ашты да, ақырын ғана сөйледі, Ақырын ғана айтса да, ақылын ғана сөйледі: «Тірі болсаң, достым-ау, ұлыма қайғы жегейсің, Егер ұлым сұраса, елі үшін өлді дегейсің. Түркістанның жолында қиындықты көрді де, Түркістанның жолында майданда шейіт болды де!» – Деді-дағы жолдасым, көзін жұмды тағы да, Жүрегінен ағылған тоқтады енді қаны да. Алтын арай сол кезде ұяға кірді қызарып, Өмір шіркін осылай өте берді ұзарып»...

Сол қорқынышты соғыс аяқталғалы да 75 жыл болыпты. Соғысқа үлкен империяның бір бөлшегі ретінде қатысқан республикамыз тәуелсіз ел атанғалы отыз жылға айналып барады. Майдангер қазақтың ажал құшар алдында тірі қалған жолдасы арқылы: егер ұлы сұраса – «Түркістанның жолында майданда шейіт болды де», «елі үшін өлді дегейсің» деп еліне жолдаған аманатына терең мән беріп қарауға, еліміздің басты құндылығын айқын ажыратып, әділ бағалай  білуге жеткілікті уақыт. Татар ақыны Мұса  Жәлилдің Еділ-Орал легионындағы астыртын қызметі әшкереленіп, «Құрмашев және басқа он адам» ісі бойынша 3-ші рейхтің Екінші Империялық соты шешіміне сәйкес 1944 жылы гильотина қолдану тәсілімен басы кесілсе де, жауынгер серіктері өлеңдері жазылған қолжазбаларын соғыстан кейін елге жеткізгеннен соң, қаза тапқаннан кейінгі мәңгілік екінші өмірі басталған-ды: әскери және әдеби қызметтері лайықты бағаланып, 1956 жылы Совет Одағының батыры, 1957 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атақтары берілген. Ал Түркістан легионерлерінің басты міндеттерін ұғындыру жолында күрескен азаматтардың ешқайсысы елінде құрметтеле қоймады. Мәжит Айтбаев 1945 жылы одақтастар бомбасынан қаза тапты, елге оралған басқалары түрлі мерзімге сотталып кете барды. Түркістан легионы мәселелерін жан-жақты зерттеп, салмақты еңбектер жазған кәсіби журналист және ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері Амантай Кәкен «Егемен Қазақстан» газеті тілшісіне (17.04.2020): «1947 жылы сәуір айында Алматы қаласында Түркістан әскери округінде Түркістан легионына қатысқан 49 адамның қылмыстық ісі қаралып, түгелдей жаза жүктеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1995 жылы еліміздің Бас прокуратурасы жоғарыдағы 49 адамның № 5221 қылмыстық ісін қайта қарап,  2 шілде күні ресми қорытынды шығарды. Онда: «Бұл адамдар Отанын сатқандар, соғыс жағдайында басқаларға қол ұшын бергендер. Сондықтан ақтауға ешқандай негіз жоқ» делінді. Тіпті 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң талаптары легионерлерге жүрмейді деген үкім айтылды. Соған қарағанда легионерлердің бүгін-ертең ақталатын түрі көрінбейді», – деген екен. Дегенмен Түркістан легионында болғандарға 1947 жылы үкім Қазақстанның совет империясының отары жағдайында шығарылғанын есте ұстау керектігіне назар аударғымыз келеді. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол кезгі парламент қабырғасында дүниеге келген заң да, совет империясының отары ахуалынан құтылып, тәуелсіз аталған елдің Бас прокуратурасы қайта қарағандағы қорытынды да  қазақ елінің мүддесін түбегейлі көздейтіндей әділ шықпағанына қазіргі отыз жыл тәуелсіз даму биігінен қалтқысыз көз жеткізуге болады. Яғни олар қайта қаралуға тиіс.

Жалпы, жоғарғы биліктің мына жәйтке де жіті назар аударғаны жөн: совет өкіметі ұлт мүддесіне қиғаш қарайды деп есептегендіктен саналы ғұмырын эмиграцияда өткізіп, шетелде дүние салған мұсылман қозғалысының атақты қайраткерлері Мәмед-Әмин Расулзаде мен Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған бүгінде ресми түрде әзірбайжан және башқұрт халықтарының ұлттық батырлары деп мойындалғаны әлемге мәшһүр, тап сондай ресми мойындауға ешқашан совет мемлекеті құзырында болмаған, шетелдегі жиырма жыл ғұмыры бойғы күресінде кеңестік жаңа империя құрсауындағы халықтардың азаттығын көксеген саяси эмирант, 2-ші жаһандық соғыстың аса ауыр шағында әскери тұтқындарға көмек қолын созып, сол жолға жанын пида еткен ұлы ұлттық қайраткер Мұстафа Шоқайұлы Шоқай да күні бүгінге дейін мұқтаж.  Күні  бүгінге дейін ресми мойындау, лайықты құрмет көрсетілмегендіктен де, пиғылы таза емес түрлі тоғышарлар тарапынан «Шоқаев немістерге, бөтен елдердің барлау қызметтеріне  қызмет еткен сатқын» делінетін, мәселенің байыбына бармайтын  жалалы ғайбат сөздер айтылып жүр. Мұндайларға үзілді-кесілді тосқауыл қоюдың  жолы – оған жоғарғы дәрежеде саяси баға беру, алыс елде тыншу тапқан сүйегін туған еліне қаралы-салтанатты түрде алып келіп, өз топырағы қойнауына беру. Бұл – 2-ші дүниежүзілік сұрапыл соғыс аяқталғалы бері оны ардақтайтын азаматтар күн тәртібінен түсірмей айтып келе жатқан мәселе, бірнеше ұрпақ мойнындағы қарыз, енді соны бұдан әрі де соза бермей, тездетіп орындау – бүгінгі буынның парызы...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

24 пікір