Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Абай мұрасы 13511 1 пікір 8 Мамыр, 2020 сағат 11:38

«Өлсем орным қара жер...»

Халқының болашағына күмәнмен қарап, қайғыға берілген мұңды Абайға 1891 жылы жақсы көретін інісі Оспанның қайтыс болуы үлкен қайғы әкеледі. 

Кешегі Оспан ағасы,

Кісінің малын жемепті.

Мал сұраған кісіге

Жоқ, қайтемін демепті.

Адалдық үшін алысып,

Жегішке ақы төлетті,- деп басталатын бұл жоқтау өлеңдер Абайдың жеке басының үйішілік қайғысы секілді көрінсе де, қазақ поэзиясында көп кездесетін көңіл шері, мұңды жоқтау сарындарында жазылып, Абай ақындығының өзгеше үлгісі, бұрын шықпаған шеберлік шыңы іспетті. Оспанды жоқтаған Абай өлеңдері, ескі жоқтау сарынында жазылса да арамызда жоқ сол қайтыс болған жанның өмірде қандай адам болғаны, өлеңнің тұтас болмысында жақсы аңғарылады. Жаны күйзеліп, інісін жоқтаған, жаны жаралы аға «бай едің», «бағлан едің» деп емес, «адам едің», «адамдық қадірің басқадан бөлек еді» деп жоқтайды.

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай.

...Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей,

Жағалай жайлау дәулетің,

Жасыл шөбі қурамай.

...Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің япыр-ай!- дейді ұлы Абай, жақсы інісіне арнаған аллитрациялық жолға құрылған жоқтауында.

Өлім – бұл философиялық ұғым. 

«Сәбидің өмірге аттаған алғашқы қадамы, өлімге аттаған алғашқы қадамы» - дейді ұлы Фирдоуси. Өлімнің жолында жас сәбиді де аяп отырмаған секілді. 

«Өмір – мәңгілік ұйқы алдындағы кешкі серуен» - деген Гете, өлімнің атын атап, түсін түстемесе де, Фирдоуси ойын қуаттап тұрғандай. 

Мені де өлім әлдиле,

Әлдиле, өлім әлдиле,- деген Мағжан ше? Өлімді сағынып отырған секілді. Түсініксіз. «Өлім барда қорлық жоқ» деген ұлағатты сөзді айтқан халық арасынан шыққан Абай:

Жайнаған туың жығылмай,

Жақсы өліпсің япыр-ай!- деп жазған уақытта, өлімді ойлай бастағаны ақиқат! 

Әлде, ол да ұлы ақын інісіндей өлімді сағына бастады ма екен? Қалай болғанда да, ұлы ой алыптары – данышпандардың, біз философиялық категория деп жүрген өлімге өз көзқарастары болғаны анық!

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айырылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес,- деген Абайдың өлім туралы ойы басқаларға ұқсайды деп айтып көріңізші. Ақын ұғымында «мені» мен «менікі» бұл – жан мен тән. Жан мен тәннің екіге айырылуы, Абайдың пікірінше, ол – өлім емес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,- деген Абай, «өлмейтін сөз» яғни өшпейтін сөз, ұмытылмайтын ой еңбегін, өнер мұрасын қалдырған адам мәңгі жасайды дейді. Қалай келіспейсің. Ұзаққа бармай-ақ қой, ұлы Абай сөздері әр қазақтың, ұлтына қарамай әрбір адамның жүрегінде жазулы емес пе?

Осы Абайды, болмаса адамзат тарихында өшпес сөз қалдырған ұлы данышпан ой иелерін қалай өлді дейміз?! 

Абай поэзиясы – оқырманын ойға шақыратын философиялық поэзия. Оны жеңіл көзбен, жүрдім-бардым оқи алмайсың.

1895 жылы Абайға Оспан өлімінен де ауыр тағы да бір қайғы жабысады. Ол – өзінің үлкен үміті, орысша көп оқып, ойдағыдай тәрбие мен білім алған Әбдірахман деген баласының қазасы. Әбдірахман ауырған 1894-1895 жылдарда көп қайғы нала шеккен Абай, оған көптеген өлеңдер арнайды.            

Я, Құдай бере гөр,

Тілеген тілекті.

Қорқытпай орнықтыр

Шошынған жүректі,- деген қамқор әке, ақын Абай науқас ұлының амандығын зар тілекпен құдайдан мінәжат етіп сұрайды. 

Кейін Әбдірахман қайтыс болғанда, Абай:

Жаңа жылдың басшысы – Ол,

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

Сүйекке тиді, қарт едім.

Қайғы болды күйгендей,

Ол қуатым еді рас.

Көзге қамшы тигендей

Шыр айналды артқы жас,- деп жазады. 

Ұзақ оқып, мол білім алып, енді еліне жемісін берер кездегі Әбдірахман өлімі бұл кезде ұлт ұстазына айналған хакім - әкеге де, кейінгі жастарға да қатты  батады.

Тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты қазақ халқы киесі мен обалынан қорқып, малды көзге ұрмайды. Кейде бір оқыстан көзіне қамшы тиген мал, айнала дүниені сезуден қалып, бір орнында шыр айналады.

«Жыл басы», ендігі жас қауымның басшысы Әбдірахманның қазасы соңынан ерген жастарға тағдыр соққысындай қатты батқан қайғылы күйді, көзіне қамшы тиіп, есеңгіреп, есінен айырылған түлікке теңеген ақын «Көзге қамшы тигендей, шыр айналды артқы жас», - деп суреттейді. Артқы жас бір орында шыр айналады. Өйткені жол нұсқар ешкім жоқ. Ой мен сезім тұтасып келіп, сурет сараланып тұр. Әрбір қазаққа түсінікті, тайға таңба басқандай айқын, ұлттық бояуға толы нақышты сурет. Осы екі шумақтан-ақ «ескінің соңы» Абай мен «жаңа жылдың басшысы» Әбдірахманның сөзбен салынған образы көзге айқын көрініп, олардың кім болғанын біз анық ұғамыз.       

Абай «Жаңа жылдың басы»,-деп тек қана баласы Әбдірахманды ғана емес, сол заманда енді қалыптасып келе жатқан, жаңа толқын, жақсы леп, жан-жақты білім иелері, ұлтын жан-тәнімен, шын жүрегімен сүйген, халқын бодандықтан құтқарып, тәуелсіз мемлекет етуді армандаған, сол жолға өмірін арнап, басын бәйгеге тіккен, шын мәніндегі ұлт зиялылылары, жаңа жылдың алғашқы қарлығаштары, Әбдірахманның замандастары Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынұлын, Жақып Айтбаев, Халел және Жиһанша Досмұхамедовтерді, Санжар Асфендияров, Мұхаммеджан Тынышбаев секілді Алаш ардақтыларын айтып отырғандай. 

Болашағынан үлкен үміт күттіретін осындай жаңа леп, қуатты толқынның өсіп келе жатқанын біліп, көреген ақын Абай оларды «Жыл басы», «Жаңа төл», -деп атаған секілді. Ақын үміті алдамады... 

Егер Абайдың оқымысты ұлы Әбдірахман мезгілінен ерте қайтыс болмағанда, сөз жоқ, өз замандастары, Алаш ардақтыларымен бірге ұлт болашағы, ел игілігі үшін халқына адал қызмет еткен болар еді, - деп ойлаймын. Өйткені, жақсы үмітті халқымыздың болашағы жастардан күткен ақын арманы алдамайды. 

Халқының болашағын ойлап, халық мұңын мұңдаған, тәрбиеші-ұстаз, ақын Абайға өзінің жақсы көретін інісі Оспаннан, көп үміт күткен оқымысты баласы Әбдірахманнан айрылу оңайға соқпайды. 

Жайнаған туың жығылмай,

Жақсы өліпсің япыр-ай,- деп, інісін жоқтаған ақын, өмірдің өріне жетіп, оның артта қалған қиыр жолдарына мұңдана көз салып, мәңгілік-ғұмыр өлімді ойлай бастайды. Өмірінің осы тұсында ақын қазақ поэзиясында мәңгі өлмейтін «Өлсем орным қара жер»,- өлеңін жазады. 

 “Өлсем орным қара жер” өлеңі – Абайдың заманы мен өмірінен мол мағлұмат беріп қана қоймайды, ол – сонымен қатар Абай өмірін зерттеушілер үшін жол нұсқар - бағдаршам. Бұл жыр өлім жайлы толғанады. Жырда ақын келешекпен, келешек ұрпақпен тілдесіп, бар өмірін, шерлі сырын соларға айтып отырғандай. Өмірден әбден қажыған ақын, ешкімге шағынбайды. Болашақ оқушысымен жәй сырласып отырғандай. Ақын оқушыға өзі туралы, заманы, халқы туралы имандай шынын айтады.  

Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма,

Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма.

Махаббат, ғазауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!

 

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма,

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма.

Асау жүрек аяғын шалыс басқан,

Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма!

 

Сонда жауап бере алман мен бишара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе,

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

 

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

 

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ,

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етек басты көп көрдім елден бірақ.

 

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!

 

Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей.

Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын айта бермей.

Бұл – ақынның өзі мен қоғамы, заманы туралы, өзге емес, өзі айтқан жан сыры. Ақын болашақты болжай білгендей. Ол өзінің болашақтың ұлы ақыны екенін білді ме екен? Білген секілді. Әйтпесе, ақын Абай өзі туралы осылай жазар ма еді?

Кез-келген ұлы ақынның өмірі, заманы кейінгі ұрпақ үшін, тарих үшін аса құнды тарихи мұра екені белгілі. «Асау жүрек» аяғын шалыс басқан жерін кейінгі ұрпақ дұрыс түсіну үшін, өз өмірін өзге емес, ақынның өзі айтып отыр. Араб тілінен еніп, біздің тілге сіңісіп кеткен «махаббат» сөзі ол түсінікті, «мейірім», «сүйіспеншілік» мағынасында. Ал, «ғазауат» ше? Ол – зұлымдық, дұшпандық деген мағынада. 

Сонда, басқа жәй пенделер секілді, Абай ақынның жүрегінде де махаббат пен зұлымдық қатар орын алған екен-ау! Абай ештемеден қысылмай, тайсалмай ақиқатты айтады. Ол сонысымен де сыйлы һәм құдіретті. Оның бір жүрегінде махаббат та, зұлымдық та орын алған. Ұлы Шекспир: «Махаббат пен зұлымдықтың арасы бір-ақ қадам»,- деп еді-ау. «Асау жүрек аяғын шалыс басқан жерін» Абайдың өзі айтқысы келіп отыр. Сонда Абай, зұлымдықпен күн көрген пенде болды ма? Олай емес секілді.

«Екі күймек бір жанға әділет пе?» дейді. Демек, ол бірінші рет өзін-өзі жерлеп, қатты сынап, күйінген. 

Ақын: «Енді екінші рет, болашақ ұрпақ, сенің күйдіргенің әділет пе?»-дейді. Болашақтан ақын әділет сұрайды. «Қаны қара бір жанмын, жаны жара». Әділетсіздікке барсам да, сол үшін күйінген жаным жаралы, деді-ау ақын. Ол тіршілігінде өз жанын өзі жегендей ар жазасымен күн кешкен. 

Имандай шынын айтқан ақын, енді оқушысымен сырласады. Ақталып, түсініскісі келеді. 

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Иә, айналасы үшін Абай жұмбақ жан еді...

Оның бір басында ақындық ұлы дарын, ғұлама ғалымға тән ақыл-білім,  әрбір пенде армандайтын байлық, билік, атақ, даңқ – бәрі болды. 

Бірақ, ол өте бақытсыз еді. Сондықтан да ол айналасына «Жұмбақ адам» болып көрінетін. Бір басында жәй пенделер армандайтын бақыт пен бақтың бәрі бола тұра, Абайдың бақытсыз болуының себебін, сол феодалдық-патриархалды мешеу қоғамда ақынмен қатар өмір сүрген сауатсыз да қараңғы оның замандастары түгіл, атом, компьютер, жаһандану заманында өмір сүріп отырмыз, білімдіміз, жоғарғы оқу орнын бітірдік дейтін менің замандастарымның өзі толық түсінген жоқ. Түсіне де алмайтын шығармыз...

Данышпан ақын, ғұлама ғалым, хакім Абайдың жұмбағының сыры тым тереңде.

Абай шығармаларының сыртқы түр-келбеті қандай қарапайым, түсінікті болса, оның ішкі мазмұны соншалықты терең, күрделі де, сан қилы, түсініксіз. Сондықтан да Абай әлемі – мәңгілік ғалам, сыры терең жұмбақ. 

Біз «Жұмбақ адамның» сырын – ол өмір сүрген қоғамды жан-жақты саралап, зерттеп, зерделей отырып, тек қана оның шығармалары арқылы түсіне алсақ керек. Тек қана шығармалары арқылы ғана! Басқаша болуы мүмкін емес. Осы шумақтың соңғы екі жолында ақын:

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма,- дейді. 

«Түсінсеңші» - деген ақын заманына шағынғандай да болады. Ақынның «мыңмен жалғыз алысқаны» түсінікті. Халқы қараңғы, мешеу, надан еді. Бар саналы ғұмырында ақын солардың «көкірек көзін» ашып, халқына   өркениеттің, болашақтың жарқын жолын нұсқағысы келді. 

Ал, «соқтықпалы, соқпақсыз» жерді қалай түсінеміз? Ол қандай жер? «Соқтықпалы» дегенде ағылшын физигі Браун ашқан молекулалардың ретсіз қозғалысы еске түседі. Кез-келген денедегі молекулалар ешбір заңға бағынбай, осындай «соқтықпалы» түрде ретсіз қозғалады. Абай өмір сүрген кездегі орыс империясына отарланған қазақ қоғамы осындай «соқтықпалы» күйде өмір сүрген екен-ау! Қайран, ақын аға! Қараңғы, надан халқыңмен бірге, белгілі заңы, жолы жоқ қоғамда өмір сүру сен секілді данышпан, хакім Ақынға қандай ауыр болғанын түсінеміз. 

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етек басты көп көрдім елден бірақ,- деген жолдарда Абай өмірінің таза шындық ақиқаты жатыр. Ақынның «албырт, жас» кезінде ел басқарғаны рас, ал ел басқаруда әкесі Құнанбайдың үлгілі шәкірті болып, «айлаға да, ашуға да шырақ жаққаны» тағы да рас.

Кейін, оқу-білімнің арқасында өз басында ой-пікір өзгерістері болған, санаткер-ұстаз Абайдың еліне өркениет жолын көрсеткісі келгені тағы да шындық. Қараңғы, надан елінің ұстаз Абайдың айтқанына көніп, соңынан ермегені бұл да  ақиқат! 

Ерте оянып, жете алмаған ақын: «Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті» - деп, еліне деген өкпелі ызасын да жасырмайды.

Мен қолымнан келгенінің бәрін де жасадым. Бірақ, түк өндіре алмадым. Осыны түсін. Сандалмамен күн кештім,- дейді. Менің бұл жолыма енді сен түспе! Басқа жол тап дегендей. Осылай ғұмыр кешкен мен бейбақты, сен есірке, тыныш ұйықтат,- дейді ұлы ақын. 

Ол өз өлеңін әзілмен «өсекші» дейді. Ішімдегі сырымды ашып, жеткізуші сен боларсың-ау деп, өлең сырласына наз айтып тоқтайды. 

Ол өмір-тірлікке лағынет-қарғыс айтпайды. Дана ақынның кең, сабырлы мінезімен тіршілік есігін ақырын жауып шығып кеткендей. Ол болашаққа үмітпен қарайды, күдіксіз сенеді. 

Нұрғали Махан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1962
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2288
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1875
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1552