Сенбі, 24 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110250. Жазылғандар — 105566. Қайтыс болғандар — 1796
Жаңалықтар 5346 0 пікір 31 Қазан, 2011 сағат 04:59

Ардақ Нұрғазыұлы. Қас батыр, Ван Гог және үш кісілік одақ (Басы)

(Жәркен Бөдешұлының «Жалғыз» поэмасы хақында)

Қай кезең екенін кесіп айту қиын, ақын бір кезеңде кемелділікке ұмтылады. Бұл төрт аяғынан тік тұрған, төрт тұрманы сай, қайталанбайтын дүние жазуға бет бұру ғана емес, онан да маңыздысы әлгі тиекке - сөздің бар болмысын ашып жіберетін тиекке қол тиген сәтке тура келеді. Бұл ақын өзі ұзақ іздеп келіп ақыры тапқан есіктің алдында сәл тыныстап тұрып, кілтті бұрап ашқандай - өзін де ашып жібергендей - соған дейінгі барлық сәттілік пен сәтсіздікті, кедергілер мен адасуларды артқа тастаған, жетпек мақсаттың соңғы баспалдағын басып тұрғандай өзгеше көңіл-күй. Құдыретті поэзияның да осы деңгейде өмірге келетінін айтпағанның өзінде, ақынның кемелділікке айналып кетер алдындағы толық бейнесіне байыздай қарап, түс тоқтатып қалудың өзі нағыз поэзияны тереңнен түсінудің өзгеше бір мүмкіндігі екені де шындық. Мұның өзіндік себебі де бар. Ақын өмір бойы сөздің кілтін іздесе, оқырман ретінде біз де тынбастан поэзияның кілтін іздейміз.

Қазақ поэзиясында өзін жаңа бір әлемге айналдырып жіберетін әлгі есікті іздеген ақындар болмады емес, болды. Бірақ олардың бәрі бірдей сол есікті ашты деп айта алмаймыз. Дегенмен, «Жалғыз» («Қазақ әдебиеті» №1, 2009 ж) поэмасымен қазақтың талантты, біртуар ақыны Жәркен Бөдешұлы сол есікті ашқан сыңайлы.

Поэма кіріспеден және алты бөлек жырдан тұрады. Соңғы алтыншы бөлек бүкіл жырдың текшесі, тұғыры сияқты. Ол текшеде тіршілікке, бұлқынған өмірге қажетті дүние - ауа, су, топырақ бар. Бұл тұрғыдан келгенде поэма терезенің алдында, күн шуағында тұрған гүл құмырасына ұқсайды. Көз алдыңызға Ван Гогтың «Күнбағыс» атты май бояулы суретін келтіріңізші. Айтпақшы, Ван Гог пен ақын Жәркен Бөдешұлының арасында сырлы бір байланыс бар. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында, ақын Ван Гог туралы өлең жазған.  Ван Гогпен қатар сол тұста ақынның назарына ілінген тағы бір тұлға бар. Ол - Шешенстанның тұңғыш президенті, аты әлемге әйгілі қас батыр Жоһар Дудаев. Бұл екі адам ақынға несімен ардақты болды дейсіз ғой. Бұл екеуі де дара туған жалғыздар болатын. Жоһар Дудаев - жарты әлемге үкімі жүріп тұрған Кеңес Одағынан  тәуелсіздікті талап еткен бірінші көсем. Бұл тіпті 1989 жылғы іс. Ол кезде тәуелсіздік туралы ой кейін Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан елдердің өңі тұрмақ түсіне де кірмеген кезең болатын.

Қас батырдың бейнесі, әсіресе, олардың құрбан болар шағындағы соңғы арпалысы замандардан бері адамзаттың көкірек көгінде мәңгілікке жанған шырақтай болып қалып келеді. Әлем әдебиетінде жанып тұрған сондай шырақтың бірі - Л.Толстойдың «Қажымұрат» повесінің соңындағы Қажымұраттың оқ тиіп құлап түсіп, жаны шығып кеткеннен кейін де, өзін жұлмалап, басын кесіп жатқандарды біліп жататын сол бір беттер. 1995 жылы Жоһар Дудаев та Қажымұрат сияқты сәтсіздікте, қастандыққа ұшырады. Ақын Жәркен Бөдешұлы, міне, осы кезеңде қас батырға арнап жыр жазды. Бұл батырлық пен жалғыздық туралы толғау болатын.  Ван Гогқа келсек, бұл адамның ақынды қызықтыратын себебі, Ван Гог соңғы екі ғасырдағы батыс суретшілерінің ішіндегі өнердің отына өзін-өзі итеріп жіберген ең бір айтулы тұлға. Онан да маңыздысы, Ван Гог сурет өнерінде адамның ішкі рухани дүниесін жеріне жете, үзілді-кесілді, қайталанбастай етіп жасаған, жарық пен бояу арқылы адамзаттың арыдағы көрінбейтін әлемінен бір үзік  жол ашқан өнер иесі. Ван Гогтың «Күнбағыс», «Тұқым себу», «Батар алдындағы күн», т.т. суреттері тап-таза рухани дүниені бейнелеуге арналған туындылар. Оларды өзінен бұрын ешкім жасай алмаса, кейін де қайталай алғандар болған жоқ. Бұл туындыларда рух пен тән өнерде үйлесім тапқан өзгеше бір өрнектің бар екені байқалып тұрады. Өнердегі мұндай ішкі келісімді біздің «поэзия» деп атауымызға да болады. Ақын Жәркен Бөдешұлын Ван Гогқа жақындатқан да суретшінің бойындағы осы поэзия. XIX ғасырдың соңында Ван Гог өз суреттерін қалай «дүлей» етіп салса, сол кезеңдегі Француз ақындарының дәл сондай «дүлей» жазғаны бізге белгілі жағдай.

Сонымен, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында үш жалғыздың басы қосылған. Олар: Жоһар Дудаев, Ван Гок және ақын Жәркен Бөдешұлы. Бұл энергияның өзгеше жиналуы еді. Бұл арада осы топырақта жер басып жүргеніне қарамастан, жарты ғасырдан бері Жәркен Бөдешұлының да жалғыз болғанын айта кеткеніміз жөн сияқты. Қылышынан қан тамған Кеңес Одағының әлі де дәурені жүріп тұрған кезеңде шекара жарып бері өткен ақынның 1990 жылға дейін желі оңынан тұрды деп айта алмаймыз. Идеологияға ең қатал қарайтын саяси жүйе ретінде Кеңес Одағы үшін Жәркен Бөдешұлы ең әуелі «қашқын», одан қалса «қазақ» болды. Енді бір сөзбен айтқанда, ол «қашқын қазақ» еді. Орыс та, тіпті қазақ та емес, «қашқын қазақ» болудың неден дерек беретінін сезіну үшін Кеңес Одағы кезін іздеп жатудың қажеті жоқ, оны бүгінгі өмірден-ақ сезіне салуыңа болады. Ол дегенің барлық жағынан қоғамның шеткері, алыс аймақтарына шеттетілу, көзге түсе бермейтін, елеусіз, ешкімнің алдынан көлденең өтпейтін, тек өзіңе-өзің ғана сыбырлап сыр ашатын міскін өмір. Жәркен Бөдешұлының 1970 - 1990 жылдарда жазған шығармаларына назар салсаңыз, туған жері Жәйіртауды жырға қосқан өлеңдерінен басқа да ақынның тұсаулы аттай кібіртіктеп, созылып шаба алмағанын бірден байқайсыз.

Жәркен Бөдешұлының жырдағы бағын ашқан 1991 жылы келген Тәуелсіздік болды.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында құрылған үш жалғыздың одағы араға он жылдай уақыт салып барып өз жемісін берді. Жинала берген энергияның түптің түбінде жарылмай қалмайтыны белгілі еді. Ол жарылыс мынау алдымызда жатқан «Жалғыз» поэмасы. Бұл арада «неге он жылдай уақыт қажет болды?» деген заңды сұрақ туады. Бұған біз поэманы бастап оқып алғанан кейін жауап қарастырып көрейік.

Жалғыз арқар.

Жалғыз оқ.

Жалғыз құздың басында -

Селт етпейді боранға,

Селт етпейді жасынға.

Мұңлы қоңыр жанары бір жанады, бір өшіп,

Ажалына сүйеніп, қатып қалған сіресіп.

Қос өкпесі деміксе - жусан исі бұрқырап,

Таңғажайып тағдырға тау тағысы тұр шыдап.

Жапанда жалғыз бәйтерек, айнала дауыл боратқан.

Жапырағын желге ол тонатқан.

Өз діңіне сүйеніп, шайқалса да жарықтық құламайды құрдымға -

Тамыры шынжыр болаттан.

Батыр Баян бабамыз ақ найзаға сүйеніп, ел қорғаған қасқайып,

Көкірегін кекті жас шайып.

Киелі қара шаңырақ, сүйеніп қызыл уыққа, уыққа емес рухқа.

Ана тіл ақ боз биедей оқыранып, жер тарпып,

Талқандап тұсау, кісенді ілінбеген құрыққа.

Ақ бесікке сүйеніп, әлди-әлди әндетіп апамыз бөбек тербеткен.

Әкем қырдың басында ақ таяққа сүйеніп ақтылы қой төлдеткен.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір