Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Әкімнің ісі 3844 8 пікір 6 Мамыр, 2020 сағат 11:42

Шенеуніктер неге шіренеді?

Бізде осы неге екені белгісіз, қандай да деңгейдегі шенеуніктердің қалай өмір сүріп отырғандығын, кейбіреулерінің әлемнің түкпір-түкпіріне еркін қыдырып жүруін, сөйтіп шалқып та шалқайып жүргендігін тексеруге келгенде тым ұялшақ болып қалады. Активтерін қайдан алды, олар айлығына сәйкес келмейтін қымбат дүниелерге қалай ие болған деген сауалдар қоюға мүлдем батылы бармайтын секілді. 

Мәселен, елімізде активтері өздерінің заңды табыстарының көлеміне сай келмейтіндігі туралы талай айтылып келе жатқандығы, онымен табанды түрде күресу үшін мұны жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға арнайы бап қылып енгізгенде ғана нәтижеге жететіндігімізді мықты-мықты деген заңгерлеріміз де мойындаған. Алайда бізде сөз жүзінде айтылғанмен, іске келгенде мүлдем басқаша болып шығатындығы қалыптасқан дәстүр емес пе.

Бұл жолы да дәл осылай болып шықты. Бұл мәселені қаққан қазықтай етіп нормаға айналдырып, заңға енгізу туралы Мәжіліске ұсыныс жасалғанда бұл депуттарымызға мүлдем ұнамай қалып, алынып тасталған. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева қынжыла отырып баянадады.

- Бұл мәселе өте өзекті. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі осы механизмге заңды сипат беру жолында 15 жыл бойы алысып келеді. Ал бұл норма өркениетті, дамыған елдерде жемқорлыққа қарсы күрестің қаншалықты нәтиже беретіндігін айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады, - дейді.

Ал біз неге үнсіз отырмыз? Егер жемқорлыққа қарсы күресте табысты нәтиже беретін құрал табылса, оны пайдалануға неге қарсылық қатты? Олар неге сүйеніп, қырсығып отыр?

«Бақсақ бақа екен», дегендей мұның өзіндік бір құйтырқылық дүниесі бар жұмбақ болып шықты. Біздегі «кінәсіздік презумпциясы» деген, конституциялық принцип деген ұғым жаңағыдай байлығын ешкімнен жасырмай, шалқып жүрген, яғни бетімен кеткен шенеуніктерді қылмыстық жауапқа тартуға тікелей кедергі келтіретін көрінеді. Алайда егер «кінәсіздік  презумпциясы» деген ұғым болса, онда «кінәлілік презумпциясы» деген ұғым да болуы керек қой. 

Иә, ондай да бар. Алайда ол тек азаматтық құқықта ғана пайдаланылады. Міне, осы жерде ғана өзінің заңсыз байығандығын дәлелеп шығуы керек. Ал, бір өкінішітісі, қылмыстық істе «кінәсіздік презумпциясы» дегенді сылтауратып, қандай да байшыкештер «мықты болсаңдар, менің байлығымның негізсіз екендігін бұлтартпай дәлелеп беріңдер. Әйтпесе, менің халық алдындағы аса жауапты ісіме кедергі келтірмеңдер» деп шалқайып отырады.

Енді бірдеңе деп көр. Өзің жауапқа тартыласың. Ал егер ол азаматтық құқықтағы «кінәлілік презумпциясын» осы қылмыстық кодекске енгізілсе,  қалай әндеткенін көрер едік. Алайда, біздің депуттар ондай «ерлікке» баруға жүректері дауаламай отыр. Әлде оның астарында өзгеше бір сыр бар ма екен?

Егер біз көздеріне шел бітіп, өздерін халықтан әлдеқайда жоғары санаған шенеуніктерді өркениетті елдердегі секілді заңды қатайтып, қылбырауға салмасақ, осы таз қалпымыздан жақын уақытта таймасымыз қанық. 

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2170
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2453
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672