Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Бірлігіміз жарасқан 6878 2 пікір 1 Мамыр, 2020 сағат 15:05

Әлемге тараған індеттер...

Қытай вирусы жер-жаһанға тарағалы «Пандемия» деген сөзді бірінші рет естігендей, әлемді, қоғамды үрей басты. Бірақ, бұған дейін жұқпалы аурулардың бар екенін, қанша адамның обадан қайтыс болғанын естісек те, көзбен көрмегесін, көп тереңдемедік. Ал, елімізде короновирус пандемиясы алғаш анықталғанда-ақ, айналамыздан өлім үрейін сезіп, әр естіген сандарымызға шоши қарадық. Ақпарат ықпалының күштілігі сондай адамзат тарихында дәл осы Covid-19 сияқты бұрын-соңды жойқын індет болмағандай жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Бұл пандемия шынымен де біз ойлағандай қорқынышты ма? Әлем статистикасы аталған індеттен қаншалықты жапа шегіп отыр?

Ғалымдардың есептеуінше жұқпалы індеттер жүз жыл сайын адамзатты қан қақсатып қайталанып отырады екен. Яғни – «короновирус», «испания тұмауы», «тырысқақ», «шешек» т.б. Адамзат тарихында болған қай пандемияны алып қарасақ та орны толмас орасан қасірет алып келгенін көреміз.

«Юстиниан обасы»

547-750 жылдары Византиядан етек алып, дүниежүзінде 90 миллион адамның өліміне себепші болған пандемия – «Юстиниан обасы». Деректер бойынша оба император Юстинианның есімімен байланысты. Пандемияның таралуына бірден-бір себепкер болған сауда-саттық екен. Бүкіл Еуропа елдері, Орталық және Оңтүстік Азияға, Араб елдеріне таралады. Эпидемияның тез тарағаны соншалық, Константинопольдің өзінде бір күнде 5 мың адамнан қайтыс болған. Аурудың көзге түсе қоятын айырықша белгілері де болмаған. Өйткені, сырт көзге сау болып көрінген адам сол күні ауру белгілері білінгенше ажал құшуы әбден мүмкін екен. Ғасырға созылған обаның неден тарағанын зерттеушілер тек 2013 жылы анықтайды. Олар - пандемияны таратушы бүргелер мен кеміргіштер деген болжам жасаған.

«Қара өлім»

Тарихтағы алғашқы індеттердің бірі «Қара өлім» деп аталады. 1346-1353 жылдары аталған індеттен Еуропаның 30-60 пайыз халқы қайтыс болған. Болжам бойынша, ол Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан басталып, Еуропа мен Солтүстік Африкаға тараған. Қауіпті дерт «Yersinia pestis» оба таяқшасынан басталған. «Қара өлім» тіркесінің ауру белгілеріне қатысы жоқ. Алайда 1346-1351 жылдары обаның бұл түрін жұқтырып, қайтыс болған адамдардың денесі қарайып кететін болған екен.

«Эбола»

Эбола – геморрагиялық қызба жұқпалы ауруы. Бұл вирустың ошағы Заирдегі Эбола маңында тұратын елді-мекендерде байқалғандықтан, осы өзеннің атымен аталған. Эбола безгегінің белгілері негізінен Марбург вирусына аса ұқсас. Эбола адамдарға аң-құстардан тараған. 1976-2012 жылдары әлемді 23 рет шарпыған. Жұқтырған адамдардың 50-80 пайызы өлім құшқан. Вирусқа қарсы әсер беретін вакцина әлі күнге дейін табылмады. Сондықтан емі жоқ індет. Таралу жылдамдығы тез болуымен қауіпті. Науқастың емделіп кету мүмкіндігін пайызбен айтсақ, бар-жоғы – 10-ақ пайыз. Соңғы рет 2014 жылы Африка елінде қайтадан шықты.

«А тұмаулы вирус»

А тұмаулы вирус жайлы естуіңіз бар ма? Жай ғана тұмаудың бір түрі екен деп қарай салуыңыз да мүмкін. Бірақ А тұмаулы вирусты да ғалымдар пандемияға жатқызып отыр. Жалпы тұмаудың үш түрі бар: А, В және С. Осылардың ішіндегі ең жойқыны 1948 жылы жаһанды жалмаған H1N1 атаулы А тұмауы. Әлемде 50 миллион адамның қазасына себеп болған. Бұл пандемияны «шошқа тұмауы» деп те атайды. Әлемнің 160 еліне таралған. Вирус шошқа арасында аэрозольдар арқылы, тура немесе жанама қатынаста жұғады, сонымен қатар жұқпаның еш белгісі білінбейтін тасымалдаушылар арқылы да таралады. Шошқалардың арасында жұқпа жыл бойы болуы мүмкін, жайлы климат жағдайында күз және қыс айларында ауру өршиді. Көптеген елдерде шошқа тұмауына қарсы оларды егу шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Шошқа тұмауы адамға аса қатерлі. Қатерлігі сол – аз ғана уақыттың ішінде жаңа штамм тудырып отырған. Оның нақты емдеу тәсілі әлі жоқ, алайда алдын алуға болады.

«ВИЧ вирусы»

СПИД тудыратын ВИЧ вирусы. Ғалымдар осыдан 30 жыл бұрын СПИД дертіне себеп болатын вирустың не екенін анықтады. 1983 жылы мамырдың 20-сы күні «Science» журналында жарияланған екі мақала алғаш рет IDS-ке (иммун тапшылығы синдромына) ұқсас симптомы бар науқастардан жаңа ретровирус бөлінгенін сипаттады. Бұл вирус кейін ВИЧ деген атқа ие болды. Қазір әлемде бұл ауруды жұқтырған 34 миллион адам өмір сүреді. Қазақстанда олардың саны 20 мыңнан асқан. Оның инкубациялық уақыты коронавирустағыдай 14 күн емес, 8-9 жыл. Демек, оны жұқтырған адам аурудың ешбір белгісін сезбей осынша уақыт сап-сау адамдай жүруі мүмкін. СПИД-тің пайда болғанына неше жылдар өтсе де, тек симптомдарды жеңілдететін дәрілер болмаса, оны емдейтін дәрі-дәрмек әлі күнге дейін жоқ. Пандемияның бұл түрі адамзат арасына әлдеқашан сіңіп кеткендей таралып келеді.

«Шешек»

Шешек (оспа) ауруы. Бұл адамзат тарихындағы ең жұқпалы ауру саналады. Шешек ауруымен бүкіл әлем ауырған. 16-17 ғасырларда шешек ауруынан Еуропада 500 мың, Азияда 800 мың адам мерт болған. Бұл індеттің қазаққа әкелген нәубетін жақсы білесіз... Ал 18 ғасырда тек Еуропаның өзінен 150 миллион адамды жалмаған. Шешек санаулы күндерде денеге көптеген жара шығуымен сипатталады. Бұл ретте тек ауа-тамшы жолымен ғана емес, сонымен қатар киім, төсек-орын, қоздырғыш жарадан түскен ыдыс - аяқ арқылы да жұқтыруға болады. Тарихта шешектен әрбір сегізінші адам өлген. Шешектің соңғы соққысы 1871-73 жылдары Еуропада өлім-жітім бір ғасыр бұрынғы деңгейге дейін көтерілген. Соңғы науқас шешек 1977 жылы Сомалиде тіркелді. Бүгінгі күні шешек табиғатта жоқ — вирустың үлгілері АҚШ пен Ресейдің екі зертханасында ғана сақталады.

«Марсел індеті»

1970 жылы Еуропада «марсел індеті» деген атпен ауру тарала бастады. Таралу ошағы Жерорта теңізінің Марсель бұғазынан шыққан. Қызу сауда орталығында орын алған алғашқы өлімдерді билік дүрбелең тудырмау үшін және саудаға зияны тимеу үшін жасырып ұстаған. Бұл пандемия 100 мыңға жуық адамның қаза табуына себепкер болған. Көне деректерде індет адамға тышқан, егеуқұйрық сияқты кеміргіш жәндіктер арқылы жұққан деп көрсетіледі. Аталмыш вирус – кеміргіш жәндіктің терісінде 23 тәулік, азық-түлік заттарында 2-4 ай, ауырған адамның қанында 165 күнге дейін сақталған. Аурудың белгісі – температура көтеріледі, бұлшық еттер шошынып ісиді, салғырттық пайда болады. Ауру жұққан адам құсады, кеуде тұсы қысады, қанды қақырық түседі.

«Тырысқақ»

1820 жылы дүниені дүрбелеңге салған пандемия – тырысқақ. Бұл ауру адамзатты апатқа ұшыратуда обадан кейінгі екінші орынды алды. Алғаш Индияда ластанған суды ұдайы тұтынудан пайда болып, сауда тасымалдайтын су жолы (кемемен) арқылы Еуропаға жеткен. Дерт әуелі Лондон қаласына тарағанымен, індет кіндігі ретінде Ньюкасль қаласы апат ошағына айналды. Тырысқаққа шалдыққан адамның бойынан сұйықтық азаяды. Осының салдарынан: асқазан, бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе қызметі бұзылады да, өлімге душар етеді. Дерт аз ғана уақыт ішінде 100 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған екен. Бұл пандемия Филиппин, Индонезия, Тайланд бастатқан Азия елдеріне де орай соққан көрінеді.1817 жылдан 1926 жылға дейін жер шарының халқы тырысқақпен алты рет жаппай ауырды.

«Испан тұмауы»

1920 жылы әлемді «испан тұмауы» деген атпен пайда болған пандемия жайлады. Екі жылдың ішінде дүние жүзінің халқының 29,5 пайызына жұғып, 50 миллион адам ауырған. Шамамен бұлардың 70 мыңнан астамы бақилық болған. Пандемия тарихын зерттеген мамандар бұл індет «H1N1» вирусі негізінде бірінші дүниежүзілік  соғыстың соңғы жылдары пайда болып, 1920 жылы әлемге тараған дейді. Ауруға бір миллион адам шалдыққан. Әсіресе, 20-40 жас аралығындағы зіңгіттей қыз-жігіттерді баудай түсірген. Дерттің белгісі: адамның бет-әлпеті көгеріп, оттегі жетіспейді. Қан аралас қақырық түседі. Өкпе қабынады. Көп жағдайда адамдар ауру жұққан күні-ақ өкпесінен қан кетіп өле берген. Бұл індет аса көп адамды өлімге душар еткен тажал ретінде тарих парағына тіркелді.

«Малярия обасы»

Келесі пандемия ұрғашы малярия масаларының шағуы арқылы таралған оба. ХХІ ғасырдың бас кезеңінде малярияны жылына 350-500 миллион адам жұқтырып, оның 1,3-3 миллионы қайтыс болған. Алдағы 20 жылда адам өлімінің саны екі есе ұлғаяды деген болжамдар да айтылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша, малярия плазмодиясын жылына 124-283 миллион адам жұқтырып, оның 755 мыңға жуығы қайтыс болған. 2000-2013 жылдардағы көрсеткіш бойынша, маляриядан қайтыс болған адамдардың саны 47 пайызға қысқарған. Аурудың бұл түрімен Оңтүстік Сахара аймағының 85-90 пайызы ауырған, көбіне 5 жасқа дейінгі балалар жұқтырған.

Жалпы, пандемия сөзінің өзі аурудың әлемге таралуын білдіреді. Бұл аурудың қауіптілігінен бұрын оның таралу ауқымын білдіреді және жұқпалы ауруларда ғана қолданылады. Аурудың таралу ауқымы мен жұқтырғандар саны арта түссе, эпидемия пандемияға айналады. Биылғы жыл әлемді дүр сілкіндірген коронавирусты да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияға жатқызып отыр. 200-ге жуық елге тарап, қазіргі күні 3 миллион 300 мыңнан астам адам жұқтырған. Ең алғаш Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына кіретін Ухань қаласының Хуанань жануарлар мен теңіз өнімдері базарында тіркелген. Алайда аталмыш вирустың адам баласына қандай жануардан жұққаны әлі күнге нақты дәлелденбей отыр. Сондықтан да вирусқа қарсы вакцина ойлап табу да ғалымдарға қиынға соғуда. Негізі адамзат тарихында оба, сібір жарасы, тырысқақ сияқты індеттердің көптеген түрі болған. Пандемияның тарихына үңілдік, жеке-жеке тоқталдық та. Жоғарыда аталған пандемиялардың статистикасымен салыстырсақ та коронавирустың таралуы қалыпты деңгейде. Бірақ қазір ақпарат кеңістігі ашық. Бүкіл адамзатқа қол жетімді болғандықтан да үрей мен қорқыныш басым.

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1806
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1809
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1520
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1411