Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
11894 5 пікір 29 Сәуір, 2020 сағат 12:37

Оқу құралдарын жасаудағы Ыбырай Алтынсариннің дәстүрі

1867-1868 жылдардағы әкімшілік-территориялық реформалар, Ресей империясының ұлттық аудандарында халық ағарту ісінің дамуына өз әсерін тигізді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда ағарту ісінің төмендегі жүйесі қалыптасты. Бастауыш оқу орындары – приход мектеп кластары, толықтырылмаған гимназиялар, мұғалімдер семинариясы, мал дәрігерлік, ауыл шаруашылық, қол өнер кәсіпшілігіне шәкірттер даярлайтын арнайы мектептер, орыс-қазақ аралас мектептері ашылды. Патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүзеге асыратын әкімшілік-шенеуліктер мен тілмаштар даярлайтын орыс-қазақ мектептерін ашу күн тәртібінде тұрған қажеттілік болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазақ ағартушылық жолының өзіндік жүйесі қалыптаса  бастады.

Белгілі алаштанушы ғалым Д. Қамзабекұлы: «Біз Қазақ Ағартушылығын үш бөлікке топтастырдық. Олар: Бастапқы ағартушылық (1860-1890), Негізгі Ағартушылық, немесе Алаш Ағартушылығы (1890-1920) және Инерциялы ағартушылық (1920-1929)» [1, 5 б.], - деп қазақ ағартушылық тарихын үш кезеңге бөледі. Міне, осы 1860-1890 жылдардағы бастапқы Ағартушылық кезеңнің бастауында, ұлы педагог-жазушы Ы.Алтынсарыұлы тұрды.

Ол қазақ жерінде алғаш рет қазақ мектебін ашып, қазақ оқулығын жазып, ағарту ісіне барлық күш-жігерін жұмсады. «Алтынсарин прагматизмі, елі үшін батылдық жасағандығынан туған дұрыс-бұрыс қадамы ХХ ғасыр басында өмір жүзіне шыққан Алаш қайраткерлеріне сабақ болып қалды. Ыбырайды өзге тұстастарынан ерекшелендіретін қасиеті – ағартушы-практик болғандығы еді» [1, 27 б.], - дейді тағы да сол алаштанушы Д.Қамзабекұлы. Расында да, Ыбырай Алтынсарыұлы дегенде біз ең алдымен ұстаздың ағартушылық істерін есімізге аламыз.

Ыбырай Алтынсарыұлының еселі еңбегін айтпас бұрын профессор В.В. Григорьев пен шығыстанушы, педагог-миссионер Н. И. Ильминскийді тілге тиек етіп өткеніміз жөн болар. В.В. Григорьев  қазақ халқына шын жаны ашыған үлкен ақыл иесі болды. Ол Орынбордағы алғаш ашылған қазақ мектебінің өмірін жіті бақылап отырды. Оның көркейе түсуіне белсене ат салысты. «Татарландыру» идеясының бастау бұлағы конфессионалды мектеп екендігін тереңнен түсінген В.В. Григорьев, қазақ даласындағы (қазақ жеріне) жалпы білім беретін ақсүйектік (светских) мектептерді тарата отырып, олардың әсерін әлсірету қажет деп есептеді. Яғни, татар тілінде білім беретін мектептердің санын азайтып, оның орнына орыс тілінде білім беретін мектептердің санын көбейткенді құп көрді. Қазақ жазба тілін өркендету үшін, қазақ тілін татар тілінен оқшаулау қажет деп түсінді. Осыған орай ол орыс-қазақ мектептерін ұйымдастырудың жобасын ұсынады. Жоба бойынша бұл мектептерде дәріс сол халықтың ана тілінде жүргізілмек. Григорьевтің жобасымен Орынборда төрт мектеп ашылды. Түбі бір түркі жұртымен бірге мұсылман халықтарының басын қоспай, бір-бірінен ажырату керек деген миссионерлік саясаттан туындаған В.В.Григорьевтің бұл ойы – қазақ жазба тілінің өсіп өркендеуіне игі әсері мол болды.

Белгілі ыбырайтанушы А.Ф. Эфиров орыс оқымыстысы В.В. Григорьевтің қазақ даласында қазақ тілінің өрісі кеңейе түсуіне ерекше көңіл бөліп, соған сай жұмыстар атқарғаны туралы айтады. Сонымен қатар, «XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында орыс үкіметіне жазылған іс қағаздарының өзі татар тілінде (бұл жерде әңгіме қазіргі татар тілі туралы емес, «татар» тілі деген атқа ие болған араб-парсы сөздері араласқан қойыртпақ тіл жөнінде) жарияланып отырды. Мұсылман мектептерінде де дәріс осы тілде оқытылатын» [2, 150 б.],- деген мәліметтер береді ғалым А.Ф.Эфиров.

Біз профессор Григорьевті қазақ оқу ағарту жұмыстарына жасаған еңбегі мен атқарған оңды жұмыстарына қарап оны бағалаймыз, оған ілтипат етеміз. В.В. Григорьев ең алғаш қазақ тілінің «правосын қалпына келтіру» мәселесін көтеріп, оны ресми іс қағаздарына қолдана бастады. Бұл – оның қазақ халқының алдындағы зор еңбегі еді. Қазақ тіліне орыс алфавитін қолдану идеясы да Григорьевтікі болатын. В.В.Григорьев: «Қазақтарды орыс алфавитіне көшіру – орыс алфавиті қазақ тілінің татар тіліне сіңісіп кетуіне шек қояды, сонымен қатар қазақ алфавитінің қалыптасуына көмектеседі»,- дейді. Себебі, ХІХ ғасырда қазақта өзінің жазба тілі қалыптаспаған еді. Сол кезеңдегі мектептер мен медреселерде сабақ араб-парсы сөздері араласқан қойыртпақ татар тілінде жүргізілетін. Міне, «Қазақ ағартушылығы» тарихының осы тұсында дін таратушы миссионер орыс оқымыстысы В.В. Григорьевтің ықпал етуімен, қазақ мәдениеті мен таным-түсінігін терең білу мақсатында, миссионерлік бағыттағы оқымысты Н.И. Ильминский қазақ тілін еркін меңгеріп алады. Соның нәтижесінде, Ильминскийге Григорьев ресми іс-қағаздардың қазақ оқушысына қазақ тілінде түсінікті болуына баса назар аударып, қадағалауын сұрайды. «...Жастармен жақын араласа жүріп Ильминскийдің қазақ тілін еркін меңгеріп алғаны сондай, В.В. Григорьев енді оған ашылатын болашақ мектептерге арнап орыс тілінің (орыс және қазақ тілдерінде) оқулығын жазуды тапсырады. Бұл оқулықтағы қазақ текстері орыс алфавитімен берілуге тиісті еді. Ильминскийдің «Самоучитель русской грамоты для казахов» деп аталатын кітабы осындай оқулық еді. Бірақ мұнда Ильминский Григорьевтің орыс алфавиті жөніндегі талабын орындаған жоқ. Ол араб жазуының иісі түркі тілдеріне етене жақын екендігін ескеріп, өз оқулығын сол алфавитте жазып шықты» [2, 150-151 б.]. Яғни, ХІХ ғасырдағы қазақтар үшін орыс жазуы, яғни орыс әліпбиі түсініксіз жазу болып саналды.

1861 жылдың басында Алтынсарин Орынбор бекінісі маңайындағы Григорьевтің ашқан төрт мектебінің біріне бастауыш мектеп мұғалімі болып тағайындалады. Жинаған білімін, тәжірибесін өз елінің игілігіне жұмсағысы келген, бірақ, қай бағытқа жұмсарын ұзақ ойланған Ыбырай көпке дейін бір шешімге келе алмайды. Ақыры Ыбырай халыққа ғылым үйретуді жөн көріп, 1864 жылы қазақтарға арнап мектеп ашады. «Міне, көптен күткен мектептің ашылу сәті де келді», - деп жазады Алтынсарин 1864 жылы 16 наурызда Ильминскийге жазған хатында. «Оқыту әдісім өзіңізден үйренгендей: алдымен заттың атауы, яғни тек қана зат есімге қатысты сөздер, одан соң заттың сапасын білдіретін сөздер – сын есім, кейін заттың атауы мен жіктеу, септеу, сан есім, одан әрі «Самоучительден» соларға мысал ретінде ауызша аудармалар» [2, 156 б.], - дейді. Бұл жерде Алтынсарин Ильминскидің «Самоучитель  русской грамоты для казахов» атты кітабы жайлы айтып отыр. Ол әуелі мектеп ашқанда бірнеше жыл бойы Ильминскидің аталмыш  кітабын өз тәжірибесінде қолданған еді.

Сол кезеңдегі қазақ балаларына арналған мектептегі бағдарламасы мына төмендегідей болды:

  1. Орыс кітаптарын аударып түсіндіре отырып оқу;
  2. Түрлі заттардың орысша атауларын үйрену;
  3. Орысша әңгімелеу;
  4. Жеке тіркестер мен грамматикалық формаларды құрастыру, қиюластыру;
  5. Көркем жазу;
  6. Арифметика: қосу, алу, көбейту, бөлу.
  7. Жер шары, әлем бөліктері, Европаның басты қалалары мен мемлекеттері жөнінде мағлұматтар.
  8. Татар тілі (оқу, жазу).

Оқыту қазақ тілінде жүргізілді. Көріп отырғанымыздай бағдарламада орыс және татар тілі басты назарда болды. Бұл Ы.Алтынсарыұлының алғашқы жасаған оқу бағдарламасы еді. Ол алғашқыда Ильминскийлер қалыптастырған үрдісті сақтап, білімді орыс тілінде берді. Алайда, Ыбырайдың кейінгі оқулықтары мен еңбектерінен оның бұл бағдарламалық оқу жүйесінен бас тартқандығы байқалады.

Қазақ ағартушысы Ы. Алтынсарыұлы еңбек жолының бастапқы кезеңінен-ақ, қазақ оқушысы үшін бұдан бұрын жазылмаған, мүлдем басқа оқулық құрастыру туралы мәселенің шешімін іздей бастағаны аңғарылады. Ол орыс оқымыстылары құрастырған оқулықтар мен оқу-құралдарын негізгі бағдаршам ретінде пайдаланып, солардың негізінде қазақ оқулықтарын жазуға кірісті. Ұлы педагог оқулық құрастыруда орыс оқымыстысы Ушинскийдің «Детский мир» кітабын тәжірибе жүзінде де теориялық жағынан да жол көрсеткіш құрал ретінде пайдаланды. Ол туралы ағартушы: «Детский мир» маған өте ұнады, өйткені онда мен аударуға тұрарлық мақалалар баршылық. Моллалар, оқытып жүрген татар, араб, парсы кітаптары адамдарды ақ жолдан адастырады, барлық халықтар сияқты қазақтарға да ақыл-ой игілігін беретін өз тілдеріндегі түсінікті кітап керек. Тәуекел етіп «Детский мирдан» бір мақала аударып байқаймын да сынату үшін салып жіберемін» [2, 158 б.],- дейді Ы.Алттынсарыұлы Н.И.Ильминскийге жазған хатында .

Ы. Алтынсарыұлының біз білетін екі оқулығы бар. Ағартушының халыққа ғылым үйрететұғын екі кітаппен ғана шектеліп қалмай, бірнеше оқулықтар жазуды ниет еткені ақиқат. Алайда оған ұлы ұстаздың әлсіз денсаулығы мен сол замандағы солақай саясаттың да салқыны да өз әсері тигізген секілді.

Осы орайда төмендегі мына мәселеге де тоқталып өтсек...

Ыбырай алғаш өз мектебін ашқан тұста «Балқожаның шоқынған немересі», «шоқынды» деген сияқты жала сөздер қазақ арасындағы кейбір ауыл қазақтары тарапынан көп айтылды. Бұл сөз беріге дейін тыйылмай келе жатыр. Алайда, С. Сейфуллин «Ыбырай Алтынсарин» деген мақаласында ағартушы Ы. Алтынсаринді орыс миссионерлері өз мақсаттарына пайдаланбақ болғанын айтады. Мектеп ашып, халқын білімді елдердің қатарына қосуды армандаған Ыбырай олардан қашпай керісінше, оларды өз мақсатына пайдаланғанын жазады. Сол себепті де, ел арасында оны «шоқынды» деген талай өсектер таратылғаны жайлы  айта келіп Сәкен оны өз мақаласында толықтай ақтайды. Біз де С.Сейфуллиннің өз мақаласында айтқан дәл осы пікірімен толықтай келісеміз.

В.В.Григорьев, Н.И.Ильминскийлер қазақтың оқу жүйесі мен әдісіне өзіндік үлестерін қосты. Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Алайда олар дін таратушы христиан миссионерлері еді. Мәселен, Н.И. Ильминский қазақ жеріндегі оқу-ағарту –  христиан дінінің ұрығын таратушы қызметін атқаруы тиіс,- деп ойлады. Ол: «Жалпы білім беретін пәндер діни пәндерден қалған уақытта ғана жүргізілуі тиіс»,- деп үйретті. Ал, Ы. Алтынсарыұлы мүлдем басқаша ойлады. Оның пікірінше, мектептің негізгі міндеті – халықтың жалпы білім деңгейін көтеру. «Табиғи ақыл-ой –  айналаны танып білуге ғана қабілетті, ал оның қабілетін көз көрмейтінді танып білетіндей дәрежеге дейін дамытуға тек жоғары білім ғана жеткізеді. Біз бұны жақсы түсінеміз, сондықтан да балаларымызды орыс-қазақ мектептеріне беруге құлшына кірісіп жатырмыз» [2, 169 б.], - дейді ағартушы-педагог Ы.Алынсарыұлы. Қазақ халқына тек пайдалы ғылым ойлаған Ыбырай, Ильминскийдің оны өз пайдасына жұмсағысы келген пиғылын түсініп, білім берудегі өз бағытын дұрыс, жарқын жолға түсірді.

Ислам дініне байланысты, сол дінді насихаттайтын Ы. Алтынсарыұлының «Шариатул – Ислам» («Мұсылманшылдық тұтқасы»)  атты оқулығы бар. Бұл кітап қазақ жерінде сандаған жылдар «ұрып оқыту» әдісі, яғни төрт жыл оқып, нәтижесінде құран сөздерін жаттап алуды білім деп түсіндіретін қарабайыр түсінікті әлсірету үшін жазылған еңбек еді. Алайда, ұлы реформатор Ы.Алтынсарыұлы ислам дініне толықтай қарсы шықты деп ойласақ, біз біржақты бұрыс кетіп адасамыз. Ы.Алтынсарыұлы өз еңбегінде ислам дінін сынамайды, керісінше, ол сол діннің дұрыс емес, бұрыс насихатталып жатқандығын айтады.

И. Гаспринский 1891 жылы жазған «Орыс мұсылмандығы» атты еңбегінде: «Сауатты мұсылманның бәрі, ең құрығанда 50-60 пайызы білсе керек, бір кездегі Исламда ильми-тыбие (медицина), ильми-икмет (физика), ильми-кимья (химия),  ильми-набодат (ботаника), ильми-муджум (астрономия), ильми-эндесе (геометрия), т.б. пәндерді оқытқан медреселер болған. Халифаттық дәуірлеген шақта Бағдат, Кордова тағы өзге Шығыс қалаларында ақыл мен тәжірибеге қатысты ғылымдарды оқытқан 20-30 профессоры (мүдерис, мұғалім) бар медреселер туралы бұлыңғыр елес пен аңыз қалған. Бүгінгі татар медресесінің бағдарламасы – кітаби араб тілі, теология және схолостика. Оқыту әдісі – ұрып миға кіргізу және жаттатқызу, жаттатқызу және ұрып миға кіргізу» [3, 70 б.], - деп жазып, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ғылымды оқытпайтын схолостикалық діни медреселерді қатты сынайды. Өз тұсындағы медреселерде тек «ұрып миға кіргізуге» айналған әдісін қатты сынға алған Ыбырай мұсылман жұртшылығы, оның ішінде қазақ халқының білім беру жүйесі мен әдісін басқа арнаға бұру жолын таңдайды.

Ия, Ыбырай бұрынғы Халифаттық дәуірдегі оқыту әдісінен айрылып қалған, ғылым үйретпейтін, балаларды ойлануға мұрша бермейтін моллалардың ұрып миға кіргізу мен жаттау жолынан қашып, орыс ғылымы арқылы нағыз ғылымды үйрету жолын ұстанды. Ыбырайдың осы көзқарасын өзінің оқулықтарынан да анық байқауға болады. Оның ағартушылық-педагогикалық көзқарастары Ушинский, Корф, Толстой, Водовозов, Бунаков  сияқты орыс педагогтарынан нәр алып жатты. Ы. Алтынсарыұлы ұйымдастырған оқу орындары сапасы жағынан сол кезеңдегі озық орыс оқу орындарымен иық теңестіре алды.

Сауатты халық, білімді ел болу үшін Ы. Алтынсарыұлы бірінші кезекке мұғалімді қойды. Ол жөнінде өзі былай дейді: «Халық мектебі үшін басты тұлға – мұғалім, ең тамаша деген педагогикалық басшылық, ең жомарт деген мемлекеттік жарлық та, тыңғылықты педагогикалық бақылау да онымен теңесе алмайды» [2, 170 б.], - деп, мұғалімге баса назар аударады.

Ұлы педагог Ы. Алтынсарыұлы оқушыға өзге тілді үйрету туралы өз тәжірибесінен біраз ғылыми ойлар айтады. Ол орыс тілі пәнінің мұғалімі қазақша білуі керек, ал, өз кезегінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі орыс тілін білуі шарт деп есептейді. Яғни, оқушыларға тіл үйретерде өзі де сол аудиторияның тілін біліп, сол тілде сөйлей білуі маңызды. Себебі, сол халықтың тілін білмесең, мұғалімге тіл үйрету қиынға соғары анық.

Әдістемеші-ғалым Ы. Алтынсарыұлы оқу ісіндегі тұтастық пен бір жүйелілікке де мән берді. Бір мұғалімге жазған хатында: «Әрбір мектепте орыс тілін, жаратылыстану, жағрапия мен тарихты оқыту бір жүйеге, бір басшылыққа бағынуы керек... оқыту ісінде жүйе болмаса мұғалім бірден-бір пәнді дұрыс тұтас оқыта алмайды. Мұндай мұғалімдер шәкірттерін дұрыс жолдан адастырады»,- деп жазады Ы.Алтынсарыұлы.

Ыбырай Алтынсарыұлы 1876 ж. Н.И. Ильминскийге жазған хатында «Қазақ хрестоматиясына» байланысты: «Татар тілінде жазылған оқулықтардан құтылу үшін, қазақ тілінде оқуға арналған кітабымды кеше ғана бастадым. Мен оқулыққа мысалдарды енгізгім келмейді, себебі қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер болғанын құп көрдім. Мысалдарды (басня) қазақ балалары оқығысы келмейді, оқыса да ата-аналары: сауысқан мен қарға сөйлесе ма екен?» деп күлетінін өз тәжірибемнен білемін»  [2, 172 б],- деп жазады. Ы.Алтынсарыұлы өз оқулықтарындағы мәтіндерді неғұрлым қазақ оқушысының ұғым-түсінігіне сай ете отырып, оқушының ұлттық психологиялық ерекшелігін басты назарда ұстады.

Ағартушы Ы. Алтынсарыұлы екі оқулық құрастырады. Олар: «Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш құралы» («Начальное руководство к обучению казахов русскому языку») (1879), «Қазақ хрестоматиясы» (1879). Аталмыш кітаптар орыс алфавитімен жазылған алғашқы оқулықтар болды. Ы.Алтынсарыұлының «Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш құралы» атты оқулығы, орыс тілі грамматикасының қысқаша очеркі сипатында мынадай бөлімдерден құралады: 1. Зат есім; 2. Сын есім; 3. Сан есім; 4. Есімдік; 5. Үстеу мен шылау; 6. Предлог (шылау); 7. Етістік; 8. Қазақ тілінен орыс тіліне аударылатын мәтіндердің үлгілері. Ы.Алтынсарыұлының бұл оқулығы Орынборда орыс-қазақ мектептерінде орыс тілінен бес жыл сабақ беруінің нәтижесінде жазылған.

Бұл оқулық грамматиканың толық курсы емес, орыс тілімен алғашқы таныстыққа жолбасшы ғана болды. Оқулық авторының жазуынша: «грамматиканы оқушылар орыс кітаптарын еркін түсініп, оқитын кезде тереңдей үйренуі керек». Алтынсариннің бұл пікірімен толықтай келісуге болады. Осы орайда, бүгінгі Қазақстандағы білім саласы Ыбырайдың бұл методикасына мүлдем қарама-қарсы бағытта жұмыс жасап отырғанын байқамау мүмкін емес. Оқу министрлігінің бекітуімен, бірінші сыныптан бастап оқытылатын орыс тілі пәні сол алғашқы жылында-ақ грамматика үйретуден басталады. Оқушының «Зат есім», «Сын есім», «Етістікті» жатқа айтып бергеннен не пайда, ол тілді жақсы меңгеріп, өз ойын еркін жеткізе алмаса?! Өкінішке орай, бүгінгі таңда, он жыл бойы мектепте орыс тілі пәні жүргізілсе де, оқушылар өзінің өмірбаянын ауызша да, жазбаша да сауатты түрде жеткізе алмайды. Қазіргі Қазақстан мектептеріндегі шет тілін оқытудың жағдайы бұдан да төмен. Мысалы: жалпы білім беретін мектептердегі 5-11- сынып аралығында 6 жыл ағылшын тілін оқыған оқушы тірі ағылшынмен сөйлесіп, түсінісу былай тұрсын, ол сөйлеп тұрған ағылшынның не туралы айтып тұрғанын мүлдем түсінбейді. Мұның барлығының себебі: Ыбырайша айтсақ, ол – тіл үйретудегі жүйенің дұрыс құрылмағандығынан. Ал, Ыбырай шәкірттеріне әуелі орыс тілінде кітаптар оқытып, сөйлетіп, баланың тілін сындырғаннан соң ғана, грамматиканы үйретуді дұрыс деп санаған. Бұл әдісті еліміздің бүгінгі оқу саласына қолдансақ, сәтті нәтиже күтілетіні Ыбырай тәжірибесінен көрініп-ақ тұр.

Қазақ тілінде әдебиеттік оқу кітабын (хрестоматия) құрастыруды Ыбырай ерте ойластырды. Оған оқыған кезде – тіл үйіріп, ойды оятатын (құрғақ жаттауға негізделген араб-парсы тіліндегі кітаптарға қарсы) ана тілінде жазылған оқулық қажет еді. Оның құрастырған «Қазақ хрестоматиясы» осы талапқа лайық кітап болды. Ы. Алтынсарыұлының «Қазақ хрестоматиясы» («Киргизская хрестоматия») 1879 жылы, бұдан 140 жыл бұрын Орынбор қаласында жарияланды. Автордың бұл оқулығы екі ғасыр бойына өзінің өзектілігін жоғалтпаған асыл мұраларымыздың бірі. Бұл оқулықтар арқылы Ы. Алтынсарыұлы артта қалған қараңғы халқының ауруына ем іздеп, сол емінің шипасын тапқандығына көзіміз анық жетті. Ы. Алтынсарыұлы халық сауатын ашу үшін оқулық таптырмас қазына екендігін терең түсініп, соған өз оқулықтарын жазу арқылы тікелей атсалысты.

Кітапты құрастыру кезінде автор екі мәселеге тоқталады: 1. «Қазақ хрестоматиясының» алғашқы және жалғыз әдебиеттік оқу кітабы екендігін ескере отырып, оның мектепке де, ересектерге де жарамдылығын қамтамасыз ету; 2. Кітапқа қазақ халқының тұрмысы мен ұлттық психологиясына жақын материалдарды мол енгізу. Бұл хрестоматияға енгізілген шығармалардың көпшілігі Ыбырайдың өз еңбектері болатын. Оның шығармаларында оқуға, адамгершілікке, еңбекке баулуға шақыратын әңгіме, мысалдар молынан қамтылған.

Ал, хрестоматияның екінші бөлімінде халық аңыздарына негізделген қазақы әңгімелерден басқа жаратылыстану, жағрапия, жалпы тарих, техникалық өндіріс, іс жүргізу жөніндегі мақалалар енгізу көзделген. Бірақ, автордың мезгілсіз қазасы оны бұл мақсатқа жеткізбеді.

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында, тіпті беріге дейін (Тәуелсіздік жылдары) «Ыбырай орыс патшалығына қызмет етіп, орыстандыру саясатына қызмет етті, оларға көмек берді»,- деген пікірлердің белең алғаны рас. Әрбір халықтың жанашыр ұлт зиялылары өз халқын өркениетке жеткізу үшін, дамыған елден үлгі алады. Бұл – заңдылық. Сол сияқты, Ыбырай да орыс тілі мен ғылымы – ғылымды үйренетұғын даңғыл жол деп білді. Сол кездегі Ыбырайдың алдында халқына ғылым үйрету,- деген арман-мақсаттың болғаны анық еді. Оны біз Ыбырайдың Ильминскийге жазған хаттарынан, «Қазақ хрестоматиясы» сынды оқулықтарынан, сол оқулықтарындағы өлеңдері мен әңгімелерінен, сол сияқты қазақ ұғымына сай аудармаларынан – өз ұлты қазақ халқын миссонерлердің «орыстандыру» саясатынан арашалағанын анық көреміз. Ақиқатына келгенде, халқын отаршылдық езгіден құтқарып, ұлтын өркениетке жеткізу жолында «білім ордасы» – мектептер ашып, сөзімен де, нақты нәтижелі ісімен де Ы.Алтынсарыұлы секілді еңбек еткен бірде бір қазақ баласы жоқ. Бұл – ақиқат! Ыбырай сол кездегі гео-саяси жағдайды да, Ресей империясының отаршылдық саясатын да терең түсінді. Сондықтан да, ол халқының мойнына түскен «құлдық бұғауды» білім арқылы өзі ашқан «білім ордалары» – мектептер арқылы жұлып тастауға ұмтылды. Өзі таңдаған осы жолда, ол барлық саналы ғұмырын сарп етті.

Ал, бүгін оны біз қазақты орыстандыру үшін қызмет етті,- деп күстәналаймыз. Тарихқа тарихтың көзімен қарау керек. Ыбырай сол кездегі тарихи-әлеуметтік жағдайды бағамдай отырып, бірден-бір дұрыс жолды таңдады. Ол жол білім жолы еді. Ы. Алтынсарыұлы ұлты үшін осы білім жолына қызмет етті. Ол Ресей империясының «Орыстандыру» деп аталатын отаршыл саясатына жан-тәнімен қарсы болды. Бұған дәлел: Ы.Алтынсарыұлының артында қалған «асыл мұралары» – оқулықтары, қазақ балалары үшін ашқан ұлттық мектептері, қызмет пен мансапқа қызықпай, ұлты үшін еткен еңбегі.

Пайдаланылған әдебиеттер

  • Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: Фолиант, 2002. – 474 б.
  • Ыбырай Алтынсарин тағылымы: Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер // Құраст. М. Жармұхамедов. – Алматы: Жазушы, 1991. – 384 б.
  • Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры. – Алматы: Ел шежіре, 2008 . – 357 б.
  • Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 6 – том, 1 – кітап. Алматы. ҚАЗақпарат, – 376 б.

Әсем Өскен,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты

Abai.kz

5 пікір