Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3164 0 пікір 21 Қазан, 2011 сағат 07:02

Жазушы мен «жазғыш»

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...». Кешегі талғам солай еді. Бүгінгінің ермегіне айналған әдебиет атты киелі шаңыраққа шамасы келсін-келмесін именбей бас сұғатындар көп. Жай бас сұқпайды, өзімен бірге күлді-көмеш қоқсығын ала кіреді. Яғни әдебиеттің ұлы миссиясын арзан ат шығарудың, «еліне елеулі, халқына қалаулы болудың төте жолы» деп түсінеді. Ұлттық эстетиканың ақсауының бір ұшы осында жатыр. Сонау 1991-жылдары марқұм Ғафу Қайырбеков: «Бұрын тек маңдайына жазушылық туа біткен, жазылған таланттар ғана әдебиетте жұмыс істеуші еді? Қазіргідей әйтеуір, кім көрінген жазушы емес еді, әркім өзінің неге икемдігін, орнын білетін заман еді», - деп, сол кездің өзінде шыр-пыр болып еді. Қазір Ғафу жарықтықты алаңдатқан жағдайдан да бетер кезеңге аяқ бастық. Бұның зардабы қаншалықты? Бас ауыртып жүргендер шамалы. Мүмкін Абай хакімның «Масғұт» поэмасындағы «жынды суға» ғарық болған адамдардай, көкірек көзіміз көлегейленген шығар. Ал ол дертке душар болғандардың шындықтың бетіне тура қарайтын халі нешік?.. Әңгімені осы арнаға бұрдық...

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын:

«БҰЛ - ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙТЫНДАРДЫҢ ЕНШІСІ...»

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...». Кешегі талғам солай еді. Бүгінгінің ермегіне айналған әдебиет атты киелі шаңыраққа шамасы келсін-келмесін именбей бас сұғатындар көп. Жай бас сұқпайды, өзімен бірге күлді-көмеш қоқсығын ала кіреді. Яғни әдебиеттің ұлы миссиясын арзан ат шығарудың, «еліне елеулі, халқына қалаулы болудың төте жолы» деп түсінеді. Ұлттық эстетиканың ақсауының бір ұшы осында жатыр. Сонау 1991-жылдары марқұм Ғафу Қайырбеков: «Бұрын тек маңдайына жазушылық туа біткен, жазылған таланттар ғана әдебиетте жұмыс істеуші еді? Қазіргідей әйтеуір, кім көрінген жазушы емес еді, әркім өзінің неге икемдігін, орнын білетін заман еді», - деп, сол кездің өзінде шыр-пыр болып еді. Қазір Ғафу жарықтықты алаңдатқан жағдайдан да бетер кезеңге аяқ бастық. Бұның зардабы қаншалықты? Бас ауыртып жүргендер шамалы. Мүмкін Абай хакімның «Масғұт» поэмасындағы «жынды суға» ғарық болған адамдардай, көкірек көзіміз көлегейленген шығар. Ал ол дертке душар болғандардың шындықтың бетіне тура қарайтын халі нешік?.. Әңгімені осы арнаға бұрдық...

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын:

«БҰЛ - ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙТЫНДАРДЫҢ ЕНШІСІ...»

-Юмор ма еді, сарказм ба еді, әйтеуір, көп ретте менің ойыма Есенғалидың өлеңіндегі «Азат халық болған соң қиын білем» деген жол жиі қайтып келе береді. Сөз бостандығы қазаққа, оның үстіне ақынжанды қазаққа, расында да, оңай тиіп тұрған жоқ. Бұған кітап шығару бостандығы қосылғанын ескерсеңіз, қазақтың қиын жағдайына одан әрман жаныңыз ашымасқа амалыңыз кем.

«Жазушы» мен «Жалын» баспаларының қазір зейнет¬кер¬лікте жүрген баяғы редакторлары, әр шумағыңызды былай қойғанда, әр жолға, әр сөзге шұқшиып отыратын шақтарын көзіміз көрген. Ақылымыз аздау бізге, студенттерге лекция оқыған, сөйтіп жүріп 40 мың жол өлең жазуға уақыт тапқан ағайымызбен қырқысып отыратын сол редакторлардың барлы¬ғына да қазір, ең болмағанда, бір-бір медаль беріп қойсақ та күнәлі болмас едік.

Кеше ғана «Қазақ әдебиетінде» жарияланған мақаласында Ғафу аға былай депті: «...Шәміл «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында менімен көп жыл бірге істеді. Менің қарауым¬да - одан өзге Тұманбай, Сағи да істейтін... Баспаның жоспарын әуелі өзімізде, одан Баспа комитетінде, одан Жазушылар одағында, ең соңында Орталық Комитетте қарайтын, бекітетін...».

Обалына не керек, соншама көп сараптан өтсе де, ол кезде де ортақол авторлардың олжасыз қалған кезі жоқ-ты. Бірақ мәшіңкедегі (компьютер жоқ кезең ғой) арық сөздер кітап бетіне шыққанда кәдімгідей қозы қарын сөйлемдерге айналып, қоң жинап қалатын. Мысалы, мен кей жинақтардың кей шумақтарынан сол кезгі редакторлар - Есенбай ағамның немесе Байбота досымның өзгелерге ұқсамайтын өз қолтаңбала¬рын анық танып қалып, мәз болып отырушы ем. Хош. Ол күндер өтті, кетті. Енді не істемек ләзім?

Арқа сүйеріміз болғандықтан ұлы Абайдан көмек күткені¬міз жөн болатын сияқты көрінді. Ал ол кісі «Жиырма алтыншы сөзінде» былай депті: «...Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтай¬ды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойла¬нып, өздігінен тоқтаған адамды көрмессің».

Ойбуй, өлгеннен сақтасын, іске алғысыз кітапсымақ шығар¬ғандар өле берсе, өзіміз өспей-өнбей жатқанда, тағы қанша қыруар (!) қазақтан айырылып қалмақпыз?!

Ал қорқыту жағына келсек... Біріншіден, бұл - демократия¬ға (соның ішінде әдеби демократияға да) қастандық жасаумен тең әрекет. Екіншіден, қазіргі кісілер бастықтан да, басқадан да ықпайды, және сонысын үнемі еске салып, «Мен құдайдан басқа ешкімнен де қорық¬пай¬мын» деп сызданып айтуды ұнатады.

Міне, осылайша бізге Абай атамыз айтқан екі жол¬дың да қол болатын түрі жоқ. Рас, қазақтың осыншама мол кітап шығаратын заманға жеткенін көрмеген Абай аздап бақытты да. Бірақ бұл - басқа мәселе.

Ал, негізгі әңгімемізді қайта жалғасақ, Үкіметтің де, Қазақс¬тан Жазушылар одағының да, тіпті оппозицияның да әлгі бір жеке қаржысына (немесе бизнесмендеу танысынан сұрап алған ақшасына) қойыртпақ кітапсымақ шығарушы¬лармен күресерліктей еш құрал-құжаты жоқ. Ақсақ қой да, қотыр ешкі де, көзін сүзетін тана да, қазір - қалың ұжымдікі емес, жекеменшік иесінікі. Бұқаны қайтіп бұзаулату, айғырды қалай сауу - әркімнің өз шаруасы.

Мейлі ғой. Бірақ әлгі шатпақтар (өлең дейін десең, өлеңге ұқсату мүмкін емес, алайда, кәдімгіше шумақтарға бөлініп жазылған бірдеңелер, немесе иесінің әуелде мақала құрас¬тыру¬ға ынталанғанын елестететін тоқ ішексіз топтама сөйлем¬дер, әйтпесе неліктен жазылып отырғаны, не жазылып отырғаны аса түсініксіз прозалық бытпырықтар, т.б.) әкелетін зардаптардың обалы кімге?

Үйімнің дәл қасындағы кітапханаға жиі бас сұғамын. Жас буынның кітаптар ақтарып отырғанын көріп риза боламын. Тек сол балалардың ту сыртындағы сөрелерге жақындауға қорқыңқырап тұратыным бар. Өйткені жергілікті баспаханалар шығарған «өзіміздің жергілікті өнімдер» һәм Алматы мен Астанадан «оптом» келетін жылтыр бет мұқабалар ырсиып қарайтын сияқты болып көрініп тұрады.

Әзірге бір шүкірі, кітапханалар - мемлекеттік мекемелер ғой. Ең болмаса, осындай мекемелерді (соның ішінде, ең алдымен, мектептерді, колледждерді, институттарды) әлгідей «арсыздау жүн-жұрқалармен» толтырмаудың ретін ойлас¬тыруға болмас па екен?

Ертеректе қазіргі Шәкизада өлеңмен қоштасқысы келіп:

Шіріді солай шабыттың шағын әуіті,

Пендемін басын қайттаған.

Жоспарың енді күймейді, қағаз зауыты,

Рахметіңді айт маған, -

деп жазғаны бар еді. Айналайынға лайық Шәкизаданың қағаз зауытына жаны ашығанда, тасқа басылған сөзге құлдық ұрып тұратын сәбидей сенгіш адал қазақтың, олардың балаларының санасына жаны ашитын ешкім қалмағаны ма?..

Омар Жәлелұлы,

Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы:

Рух қалыптастыратын ілім

-Кеңес одағы кезінде кітап шығару мәселесі қатаң жолға қойылған болатын. Ол кезде кітап баспаға қабылдану үшін, ең бірінші, ол мемлекеттік жоспардың тізіміне іліну керек болатын. Баспаның келер жылғы тізімін іліккен кітапты көркемдік кеңестің қатаң сүзгісі реттейтін. Бірқанша тәуелсіз рецен¬зенттердің қолынан өтіп барып баспадан шығатын. Қазіргі кезде бұның бірі де жасалмайды. Кімде ақша бар, кімнің жағдайы келеді, кітап шығару солардың ермегі мен ат шығарудың жолына айналды. Талғам төмендеп кетті. Жұрттың кітап оқығысы келмейтіндері де сондықтан ғой. Шығып жатқан кітаптардың түрі анау. Рулық шежіре, естеліктер, т.б тапсырыспен жазылған дүниелер. Түкке тұрмайтын нәрселер үшін қаншама қаржы желге ұшып жатыр. Бізде баспа ісі дұрыс жолға қойылмай отыр. Жақында бір кісімен сөйлестім. Ол кісі: «Бізде бұрын баспалар кітап нарығын қалыптастыруға мүдделі болатын. Олар өздері авторлар іздеп, сөйлесіп, ақшаларын төлеп, тапсырыс беретін. Кітаптың таралуын да мемлекет мойнына алатын. Қазір баспалардың барлығы гос заказға өтіп алды. Мемлекеттен ақша алатын болған соң тұяғын қимылдатпайды. Қандай кітап екендігіне бас ауыртып жатқан жоқ. Кім не жазады, оларды қызықтырмайды. Баспалар арасында бәсеке жоқ», - дейді. Шынымен де солай. Ақшасын төлемеген шығармасы үшін автордың күрескісі келмейді. Сондықтан үкімет өздері қаражат берген, тендерден өткен баспалардың өнімінің сапалы болуына баса назар аударғандары жөн. Сайып келгенде кітаптардың сапасы сенің болашақтағы қомақты қаржыңның алғы шарты болу керек. Өкініштісі - бүгін шығып жатқан кітаптардың сатылымы да олардың сапасына байланысты болмай тұр. Мәселе сонда. Заңдылық бойынша жазушы, ақын болсын өзінің жазған еңбегін, ақыл-ойын, эстетикалық талғамын сатып, күн көруі керек. Шетелде солай. Біздің де соған икемделгеніміз дұрыс. Жазушылық кәсіпке айнал¬мағандықтан да ол той-томалақтың, атақ шығарудың, басқа да келеңсіз құбылыстардың құралына айналып кетті. Жазу¬шылардың соңынан баспалар жүгіріп жүретіндей жағдайға жетсек, бәрі реттеледі.

Ал бұның бәрі реттелмесе, қоғамды рухани дағдарыстан құтқара алмаймыз. Рухани аштықтың түбі имансыздыққа, адамдардың жануарлық сипаты - ішіп-жеумен ғана шек¬телуіне, тіпті мемлекеттің ірге тасын шайқалтуға дейін апаратын жағдайларға тап болуымыз әбден мүмкін. Өйткені, адам шын мәніндегі адамгершілік ұғымын кітаптан алады. Қазір біз тек ақша табуға ғана әуес, рухани құндылыққа пысқыр¬майтын, мақтансүйгіш ұрпақ өсіріп жатырмыз. Олар¬дың бойынан романти¬калық идеалдар - ел, жер, отан деген ұғым¬дар бошалаған түйедей безе бас¬тады. Өйткені, олар кітап оқымайды. Оқыған қай¬сы¬бір кітаптары оларды қана¬ғат¬тандырмайды. Заман ағы¬мын зерделеген тұшымды дүние¬лер жоқтың қасы. Сол үшін шетелдік шығармаларды оқуға мәжбүр. Оның да зардабы бар. Түп тамырынан нәр алмаған жас өркен қалай қауашақ жаяды? Сол үшін ұлт жазушылары ұлт сұранысына лайықты кітаптар жазып, мемлекет рухани интеллектуалды еңбектерді өз дәрежесінде бағалауы шарт.

Егер біз баспа мәселесін (кітап шығару ісін) реттесек, жазушылар мен «жазғыштардың» ара-жігі анықталар еді. Әлбетте, жазушылар мен «жазғыштардың» текетіресі әлми¬сақтан келе жатыр. Оны жоя алмаймыз. Бірақ «бұл бұрыннан бар құбылыс» деп бойды кеңге салуға болмайды, реттеуші механизмдер іске қосылғаны дұрыс. Мемлекет әдебиеттің дамуына мүдделі болуы керек. Әдебиет деген не? Ол - ақыл-ой. Болашақ технологияның алғы шарттары. Олжас Сүлей¬ме¬нов: «Егер Шекспирдың құбылысы болмаса, ағылшынның тоқыма станогі дүниеге келмес еді», - дейді. Қарасаңыз Шекспир құбылысы ағылшынның эстетикалық көркемдік ойын дамытып қана қоймай, технологиялық өсуіне де себепкер болған. Біз қазір: «Жоғары технологияларды дамытамыз», - деп алашапқын боп жүрміз. Әуелі бірінші шартты естен шығармаған ләзім. Үкімет өзі бас болып, қорлар құрып, жағдай жасаса, ұтылмасымыз анық. Санасы, қиялы шарықтамаған адам технология да ойлап таппайды. Осыны сезінуіміз керек. «Бірінші экономика» деп қателесіп жүрміз. Бір жақсы сөз бар, қаперге сала кетейік. «Жан - рухты тудырады, рух - экономиканы жасайды». Бұл - адамзат аксиомасы. Ешкімнің де өзгертуге құдіреті жетпейді. Бүкіл нәрсені жеңетін адамның рухы. Рухты қалыптастыратын - кітап. Рухы бос адам ештеңе істей алмайды. Рухы бос адам ішіндегі өзегін суырып алған жеміс секілді. Ендеше жазушы мен «жазғыштың» қоғам үшін қаншалықты пайда-зияны осы тұстан менмұндалайтын шығар.

Дайындаған Ырысбек Дәбей

«Абай-ақпарат»

0 пікір