Сенбі, 27 Сәуір 2024
2902 0 пікір 10 Сәуір, 2020 сағат 11:13

COVID-19: FIDH түрмедегі құқық қорғаушылар мен саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерация (FIDH) әлем елдерінің үкіметтерін коронавирус пандемиясы кезінде түрмедегі құқық қорғаушылар мен саяси тұтқындарды босатуға шақырды.

Штаб-пәтері Парижде орналасқан ұйым 8 сәуірде мәлімдеме таратты.

"Әлемде жүздеген құқық қорғаушы жазықсыздан-жазықсыз түрмеде отыр" деп мәлімдеді FIDH төрайымы Элис Могве.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттың мәлімшеуінше, үкіметтер негізсіз қамауға алынғандар мен жазықсыз қудаланғандарды босатуы тиіс. Кәмелет жасқа толмағандар, мигранттар, босқындар, саяси бақталастар, журналистер, құқық қорғаушылар түрмелерден шығуы тиіс делінген мәлімдемеде.

Ұйымның веб-сайтында түрмеде отырған ондаған құқық қорғаушының есімі жарияланды. Олардың арасында қырғыз құқық қорғаушысы Әзімжан Асқаров та бар. Ол 2010 жылы елдің оңтүстігіндегі оқиғаға қатысы бар деген айыппен өмірлік түрме жазасына кесілген.

Коронавирус пандемиясы басталған уақытта әлемнің бірқатар елі, соның ішінде Түркия мен Бахрейн, түрмедегі тұтқындардың бір бөлігін босатты. Бірақ терроризмге қатысы бар айыптармен сотталғандар бұл тізімге кірмей қалған. FIDH қамаудағы құқық қорғаушылардың дені терроризмге қатысты жалған айыптармен отырғанын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір