Жұма, 26 Сәуір 2024
5217 2 пікір 8 Сәуір, 2020 сағат 13:10

Жаңа үнді киносы. Үздік - 20

Карантинде кино көрем деушілерге салақұлаш тізім қайдан болсын табылады. Байқасам, соның бәрі дерлік – америкалық фильмдер екен. Ресейдікі де жетіп-артылады. «Ендеше өзім жақсы білетін Болливуд өнімдерінен бір тізім жасасам қайтеді?» деген ой келді. Қазіргі үнді киносының да сол баяғы «Зита-Гита», «Танцор диско» сияқты екеніне сенімділердің әрі қарай оқымай-ақ қоюына болады, ал басқаларыңыз қол боста қарап шықсаңыздар, өкінбейсіздер.

1. НИРДЖА/ NEERJA (2016)
Өмірде болған оқиға желісімен түсірілген. 1986 жылғы 5 қыркүйекте стюардесса Нирджа Бханот ұшақты террористер басып алғанына қарамастан 359 жолаушыны құтқарып қалады. Бірақ өзі құтыла ала ма?

2. ДАНГАЛ/ DANGAL (2016)
Бұл да – нақты тағдыр. Балуан Махавир Пхогат Сингх өзі жете алмаған табысқа ұлым жетсе деп армандайды. Бірақ Құдай оған ұл бермейді. Төрт қызы болады. Бір күні Махавир екі үлкен қызының өздеріне тиіскен ұлдарды ұрып тастағанын естиді. «Неге қыздарымнан балуан шығармасқа?» деген ой келеді оған...

3. ТРИ ИДИОТА/ 3 IDIOTS (2009)
Екі дос кезінде бірге оқыған, бірақ кейін мүлде ұшты-күйлі жоғалған Ранчо есімді жігітті іздейді. Іздеу барысында баяғы қызық пен шыжықтың талайы еске түседі. Бірақ Ранчо табылмайды. Ол өзі кім еді? Ранчо оның шын аты ма? Қайда кетуі мүмкін? (бірге іздеңіздер)

4. ПОИСК/ TALAASH (2012)
Фильмде екі линия бар. Бірі – киножұлдыз Арман Капурдың жұмбақ өлімі. Оның ешқандай машина жоқ бос көшеде аяқ астынан рульді бұрып, көпірден суға қойып кеткені қалай? Полиция бұл құпияның сырын ашпақ болады. Екіншісі – полицейдің жеке қасіреті. Жалғыз ұлы мен досының баласы екеуі шомылып жүріп, суға батып кетеді. Жүгіре жеткен полицей анау баланы құтқарып қалады, ал өз ұлын құтқарып үлгере алмайды. Соған өзін кінәлі санайды. Бірақ кінәлі ме? Сыр соңында ашылады.

5. ПИКЕЙ/ PK (2014)
Басқа планетадан келген, адамзат қоғамындағы қалыптасқан стереотиптерден еш бейхабар ПиКей өзінің баладай аңғал сұрақтарымен, таза көзқарасымен бәрімізге де үлкен ой салады. Құдай біреу болса, онда дін неге көп? Бұл – ПиКей көтеретін мәселелердің тек біреуі ғана...

6. ПОСЛЕДНЯЯ НАДЕЖДА/ BLACK (2005)
Кішкентай соқыр қыз еш тәрбиеге көнбейді: тамақты қолымен мыжып, шашып жейді, т.б. Ешкімді тыңдамай жүргенде үйге бір қарт маман келеді. Ол қызды үстел басында дұрыс отыруға, үлкенді тыңдауға, жалпы тәртіпке үйретеді, ақырында тіпті оқып, жазып, жоғары білім алуға жеткізеді. Бұл қалай мүмкін болды? Күндердің күнінде сол шалдың өзі де психикалық дертке шалдығады. Ал оған кім көмектеседі?

7. СРЕДА/ WEDNESDAY (2008)
Полицияға біреу хабарласып, түрмедегі төрт террористі белгілі бір адреске жеткізуді талап етеді, әйтпесе бір мезгілде бірнеше жерде бомба жарылатынын айтады. Полиция оның талабын орындауға мәжбүр, бірақ бұл төрт террористі әлгі адам не істейді? Сол адам мен полиция инспекторының арасындағы керемет мазмұнды диалог үшін ғана көруге болатын фильм.

8. ТЕЛЕФОННАЯ БУДКА/ KNOCK OUT (2010)
Бүкіл фильм бойына телефон байланысы үзілмейді. Сол байланыс арқылы халықтың есебінен жеген мол қаражатты шетелдік банкке тыққан шенеуніктің тағдыры шешіледі. Шытырман оқиғалы детектив, ал финал тіптен тосын!

9. ЛЮБЯЩИЕ СЕРДЦА/ DIL CHAHTA HAI (2001)
Үш жігіттің тартымды хикаялары. Акаш бір қызға ғашық, бірақ оның жігіті бар екен. Самирға әке-шешесі үйленетін қыз дайындап қойыпты. Ал Сидтің жақсы көретіні – жасы үлкен әйел... Үшеуінің тағдыры қалай өзгереді? Достықтарын сақтап қала ала ма?

10. ЖИЗНЬ НЕ МОЖЕТ БЫТЬ СКУЧНОЙ/ ZINDAGI NA MILEGI DOBARA (2015)
Мұнда да үш жігіттің үш түрлі оқиғасы, болмысы, тағдыры қамтылған. Үшеуі демалысты Испанияда өткізеді. Сол жақта жүріп, әрқайсысының құпия сырлары ашылады. Әрі көңілді, әрі ойлы фильм.

11. БРАТ БАДЖРАНГИ/ BAJRANGI BHAIJAN (2015)
Кішкентай пәкістандық мылқау қыз анасы ұйықтап жатқанда әлдебір себеппен пойыздан түсіп, қайта міне алмай, Үндістанда қалып қояды. Оны өз Отанына, отбасына кім апарады? Қалай апарады? Жолда қандай кедергілер болады? Екі ел арасындағы күрделі ахуалды ескерсек, өте қиын жағдай. Бірақ сондай бір адам шығады. Өте мейірімді фильм.

12. КАБУЛЬСКИЙ ЭКСПРЕСС/ KABUL EXPRESS (2006)
Талибандар дәуірінен кейін Ауғанстанда түсірілген алғашқы фильм. Кейіпкерлердің әрқайсысын сол ұлттың өкілі ойнайды: ауғандық Хайберді – ауған актері Ханиф Хамгам, пәкістандық талибты – сол елдің актері Салман Шахид, АҚШ журналисі Джессиканы – америкалық актриса Линда Арсенио, үнділік режиссер мен операторды – үнді актерлері Джон Абрахам мен Аршад Варси ойнайды. Әрқайсысы өз елінің ұстанымының дұрыс екенін дәлелдеуге тырысады. Шын мәнінде, дұрысы қайсысы?

13. ВОЗВРАЩЕНИЕ НА РОДИНУ/ SWADES (2004)
АҚШ-тағы NASA ғарыш агенттігінің жетекші маманы Мохан екі аптаға еліне – Үндістанға барып қайтпақ болады. Баруын барады-ау, қайтуын айтсайшы. Оның туыстары тұратын ауылда жағдай қиын: жол быт-шыт, интернет байланысы нашар, жарық бірде бар, бірде жоқ, адамдардың тұрмысы төмен... Жұрт өкіметке сілтейді, өкімет халықтың өзін кінәлайды. Не істеу керек? Мохан қандай шешімге келеді?

14. МЕСТЬ ОБМАНУТОЙ ЖЕНЩИНЫ/ EK HASINA THI (2004)
Әйелді қорлама, ар-намысын аяққа таптама, оған сатқындық жасама. Әйтпесе айтқаныңнан шықпастай көрінген жуас әйелдің жүрегінде кек оты оянады. Сонда не болады? Сұмдық болады...

15. ГАДЖИНИ/ GHAJINI (2008)
Санджай тек 15 минут бұрын не болғанын ғана біледі. Одан арғыны ұмытып қалады. Сондықтан ол бүгін, ертең, арғы күні не істейтінінің бәрін қағазға, тіпті өз денесіне жазып алады. Бірақ мұның соңынан түсуші де аз емес. Бұл кім өзі? Ол іздеп жүрген Гаджини кім?

16. СТОЛИК Nо21/ TABLE No21 (2013)
Жас жұбайлар Фиджи аралына демалуға барады. Сондағы Хан есімді отель иесі оларды «21-үстел» деген ойын ойнауға шақырады. Ойнауға келіскен сорлылардың ақырында соры қайнайды. Неге? Хан кім? Бәлкім, бұрын жас жұбайлардың өзі бірдеме бүлдірген болар?

17. ИГРАЕМ РОК! / ROCK ON!! (2008)
«Магия» атты рок-группа туралы фильм. Бірақ музыка туралы емес, топтағы төрт музыканттың бөлек-бөлек мінезі, дарыны, тағдыры жайында. Табыс адамды өзгерте ме? Адам өз өмірін қалай өзгерте алады?

18. ИГРАЕМ РОК-2/ ROCK ON-2 (2016)
Бірінші фильмнің жалғасы. Мұндағы драмалық шиеліністер одан да тереңірек деуге болады.

19. ТРЕТЬЯ СТРАНИЦА / PAGE 3 (2005)
Журналистер туралы фильм. Үшінші бет – үнді баспасөзінде шоу-бизнес, кино, саясат жұлдыздарының өмірі туралы баяндайтын дәстүрлі бет. Мадхави үнемі осы бетті жүргізеді, жүрген жерінің бәрі – қонақасы, тұсаукесер, фотосессия... Шоу-бизнес өкілдерінің бәрімен дерлік таныс, дос... Бір күні әлдеқандай оқыс оқиға себеп болып, ол терең ойға батады: мен не істеп жүрмін? Осы ма мен аңсаған жұмыс? Жалпы нағыз журналистика деген қандай? Мадхави ақыры бір шешімге келеді. Нағыз қызық енді басталады...

20. ИНГЛИШ ВИНГЛИШ / ENGLISH VINGLISH (2012)
Ағылшын тілін төрт аптада үйренуге бола ма? Болатын шығар. Бірақ қоғамдағы орның, отбасындағы беделің жетекші тілді білу-білмеуіңе байланысты ма шынымен? Ағылшынша білмеген адам – адам емес пе? Ойнақы фильм, бірақ ойландыратын тұстары жетерлік.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір