Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Ғибырат 3465 0 пікір 20 Наурыз, 2020 сағат 12:02

Бақыт байлықта ма?

Өткен жылдың көгілдір көктемнің әдемі бір жанға жайлы маужыраған айында оңтүстітегі суы шипалы «Сарыағаш» шипажайында  болдық. Тарихы жарты ғасырдан асқан осы бір емдеу-сауықтыру орнына кімдер ат басын бұрып, кімдер денсаулығын емдеп, жанына шипа таппаған десеңізші. Емдік қасиеті жағынан асқазан-ішек, бауыр, бүйрек ауруларын емдеуге Жаратқан ием «Сарыағаш» жипажайын біздің қазақтың пейіліне сәйкес бере салған емес пе? Жеті қабат жер астынан шығып жатқан шипалы нәр судың емдік қасиетіне тең келетін біздің елде ешбір санатория жоқ-ау, тегі. 

- Жылдан жылға демалушылар саны көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Мына біздің Көктеректегі санаториялар саны жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп барады. Бүгіндері олардың саны ұлттық компаниялар бар, жеке кәсіпкерлер бар 20-дан асты. Судың шипалық қасиеті көптің аузында болғандықтан келушілер легі көбейе түсті, әрі олар әр өңірден. Олардың басым көпшілігі еліміздің батыс аймақтарынан. Тәубе, бұл бізе Тәңірдің берген бір сыйы болар. Айналаңызға зер салып қараңызшы, ғимараттардың  көркі, дизайны бірінен бірі асады. Соған байланысты оның бағалары да әрқалай. Қалтасы қалың байшыкештер еш қиналмай қымбат люкс нөмірлерге жүздеген мың теңгелерін тастап жүре береді. Ал, қарапайым жұмыс адамдары «көрпеңе қарап көсіл» деген принциппен арзандауын паналайды», - дейді санатория дәрігер-курортологы, тартымды әңгімелерімен газет-журналдарда көрініп жүрген қаламгер, көптен таныс әріптесім Айтбай Тәсілов бізді қазіргі шипажай жайымен таныстыра отырып.  

Шыныда да жыл өткен сайын шипажай төңірегі көріктеніп, көгеріштеніп, жаңа гүлзарлар мен субарақтар орнатылыпты. Көлеңкесі мол жаңа ағаштар егіліп, газондар мен жаяу жүретін жолдар жаңартылып, әр жерге жайлы орындықтар орнатылыпты. Оны көріп «тәубе, есімізді жиып, емдеу-демалу ісіне көңіл бөле бастағанымыздың куәсін осы жерден ақ байқауға болады емес пе?» дейсің  көңілің марқайып.

...Түске дейін дәрігер тағайындаған әртүрлі қажетті ем-домыңды  алып, түскі астан кейін аздап болса да мызғып алып, ыстық басыла санаторияның жасыл-желек жамылған саябағын серуендеп, субарақтар маңына келіп тыныс аласың. Бұл шипажайға келген көпшіліктің күндегі  үйреншікті әдеті десек те болады. Қарап отырмай, әңгіме-дүкен құрып, еліміздің әртүкпірінен келіп жатқан жандармен танысасың, хал-жайын сұрайсың. Әңімеден әңгіме шығып соңғы естіген әлемде болып жатқан жаңалықтармен, саяси ахуалдармен алмасып, оларға ой-пікір  қосып гу-гу әңгіме қызатын ортада отырасың. Әркім өз ойын бүкпей айтатын, ашық пікір білдіретін жер де осы сәт.

-Бүгінгі заман белі бесіктен шықпай-ақ, қанаттары қатаймай жатып дүниеқоңыздық деген дертке шалынып, мансап қуған жағымпаздардың, ардан безген тойымсыздардың, қалтасы қалыңдардың,  мына жалпақ дүниені белінен басқан байшыкештердің дәуірі болып тұр ғой, қарағым. Оны кімнен, неге жасырамыз.., - деп қалды сөз реті келгенде қалтасынан бет орамалын алып, жіпсіген маңдайының терін сүртіп жатқан қартаңдау келген демалушы қария. Содан, қураған қамысқа от тигендей әңгіме желісі қазіргі қоғамда қалыптасып келе жатқан адам психологиясы, жастардың ұлттық  дәстүр-салтқа, өмірге деген көзғарасы төңірегінде пікір алмасу басталып кетті. Әркім білгенін айтып, сөз жарыстыруда. Олардың әңгімесіне құлақ аса отырып, менің ойыма халық арасында сиректеу болса да айтылатын мына бір аңыз-әңгіме келді.

...Ерте дәуірлерде мансаптың барлық түрін тәрк етіп, тесік бөшкеде тұрған, аты аңызға айналған грек ойшылы Диоген халық есінде сақталып қалыпты.  Оның өмірдегі ұстанымы соңғы кезге дейін көпке өнеге болып келеді.

Бірде Диоген апатқа ұшыраған аралдан қашқан халықпен кемеде келе жатады. Адамдар ең қажет деген дүниесін арқалап алған, бәрі көтеріп алған заттарын қымбат дүние деп біледі.  Кенет сол көптің ішінен біреуі Диогеннің мүлде бос келе жатқанын байқап:

-Ұстаз, сіздің жүктеріңіз қайда? Бір жерде ұмыт қалдырып кеткенсіз бе, әлде, дүниеңіз жоқ па?- деп таңырқай қарайды.

-Менде дүние-мүлік деген болмайды. Мен байлықты басыма жинаймын,- деп жауап беріпті Диоген. – Басында ештемесі жоқтар оның орнын басқамен толтырғысы келеді.

Ұлы ойшыл қалай тауып айтқан? Асылы, зиялы кісі дүние-мүлікке аса  қызықпайды. Байлық адамның пейілінде, білімінде, адамгершілік қасиеттерінде емес пе? Қазіргі бар ойы қалай байыймын деп дүние қуған, тойымсыз, қанағатсыз жандардың іс-әрекеттеріне қарап жағаңды ұстайсың. Дүние аласапыран болып, құндылықтың  қадірі кеткен, беделің байлығыңмен бағаланатын мына заман бізді қайда алып барар екен?..  

Ел аузындағы Диоген туралы тағы бір философиялық мына әңгімеге көңіл аударайықшы: 

Әлемнің жартысын жаулап алған әмірші-император Зұлхарнай (Александар Македонский) кезекті бір жорықтан мол олжамен оралады. Өзімен салыстырғанда тым кедей тұратын ұстазы Диогенеді жарылқамақ болып, оны іздейді емес пе. Сөйтсе, Диоген теңіз жағасындағы жағажайда күнге қызыдырынып жантайып жатыр екен. 

-Диоген мырза, сәлем бердік! Кезекті жорықтан аса табысты оралдым. Сіздің жаныңызға не керек? Бәрін орындауға сақадай саймын. Тіпті, тұла бойыңызды алтынмен көміп тастауға бармын, еш қысылмаңыз, ашық ойыңызды айтыңыз, - дейді  Македонский байлығымен мақтанып, масаттанып. 

-Аса мәртебелім, пейіліңе дән ризамын, рахмет! Маған ештеңің де керегі жоқ. Тек, күннің көзін қалқаламай былайырақ тұрсаң болғаны, - дейді ұлы ойшыл Диоген келесі бүйіріне аунап түсіп. 

Сөйтіп, тәкаппар, данышпан Диоген байлығымен мақтанып, делбесі қозып, лепіріп тұрған әміршінің астамшылдығын су сепкеней  бір сәтте басқан екен.

Осы айтылған ағыз-әңгіме көпке сабақ болуы керек-ақ. Бірақ, ой-санасы таяз, қарақан басынының ғана қамын ойлап, әрүрлі теріс істерімен (біреуді алдап, екіншісін арбап, үшіншісін қоқан-лоқылықпен қорқытып, үркітіп және де басқа жолдармен) жан салып жинаған байлығына өзі риза болып терісіне симай, кеуіп-пісіп жүрген кеуделі қазіргі байшыкештер оған мән бере қояр ма екен?! Әттең, одан олар тым алшақ-ау... Бір сәт болса да санасын оятып, ойланбайды ғой. Оған олардың уақтысы жоқ. Дүниеқоғыздық деген кесепат көздерін торлап, миын улап, айдаһардай арбап, бүкіл бойын билеп алды емес пе...

«Жер бетінде алшаңдама, таяғыңмен жерді оя алмайсың, биік таулармен теңесе алмайсың», - деп жазылған екен Құранның 17-ші сүресінде. Өкінішке орай, осы айтылған ойлы сөзді ұмытып кеткендер ортамызда аз ба?

Даналардан қалған мынадай бір өсиет бар: «Сен кім болсаң да, мейлі тіпті көр қазушы болсаң да, ол істің шебері болуың керек» деген. Ел арасында «Торғай сойсаң да, қасапшы сойсын» деген де қанатты сөз бар. Ал, АҚШ-тың президенті Л.Джонсонның  мектеп бітіріп жатқан ұлы әкесінен:

-Әке, мектеп бітіргесін қай мамандықты таңдағаным жөн? – деп ақыл сұрайды емес пе. Сонда әкесі: «Қарағым, етікші болсаң да өз кәсібіңнің жақсы меңгерген маманы бол. Осыны есіңе ұстай отырып болашақ мамандығыңды өзің таңда, балам», - деген екен.

 Рас қой, адамның шын таза пейілімімен, икеміне қарай, жүрек қалауымен атқарған ісінің кем-кетігі аз болады. Қолынан келмейтін іске ұмтылмау да ерлікпен пара-пар, әурелікке салынбау, жаныңды қинамай, алтын уақытыңды селтең-қылтаңмен бос өткізбеу. 

Осындай кезде әлдебір кітаптан ба, немес газеттен бе екен оқыған Голландияда ертеректе орын алған мына бір оқиға еске түседі: «Әйелін өлтірді» деп күнін әрең көріп жүрген қарапайым наубайшы жігітке айып тағып, айтқанына еш сенбей, ең ауыр жаза - өлімге кесіп жіберіпті. Жаза мезгілінде орындалады. Сөйтіп, арада көп уақыт өтпей әйелдің тірі екені, көрші қалада емін-еркін, аман-есен жүргені анықталыпты. Содан бері Голландияның сот мекемелерінде «еске салып тұратын» жаңа арнайы қызметші тағайындалыпты. Сот мүшелері соңғы шешім шығару үшін кеңесетін арнайы жеке бөлмеге кетіп бара жатқанда ол арттарынан зор дауыспен: «Наубайшыны еске алыңдар!» - деп ұдайы ескертіп тұратын жақсы үрдіс бар екен. Ой таразысына салсақ, онысы да дұрыс болар. Күнәсіз адам негіссіз қамауға алынып, абақтыда қайғы-мұңға батпағаны, қасірет қыспағына түспегені жөн ғой... Дәл қазір әділеттің жібін үзбей, ар алдында жауапкершілікті сезіну әркімнің қолынан келе бермейтін асыл қасиеттің біріне айналғаны шын-ау.

-Біздің кезімізде адамдар дүние қуып, тоймсыздыққа салынып, ақшаға осыншама құнықпайтын. Елдің бойында туған жерге, Отанға деген патриоттық сезімдері ерекше болатын. Туыстық, бауырмалық сезім де керемет еді. Көршілердің сыйластығы қандай еді?! Қазіргі өмір басқаша өрбіп, белгісіз, бұлынғыр бағытқа бет алып бара жатқаны өкінішті. Адамдардың пейілі өзгеріске ұшырап барады-ау деп қауіптенем» - деді көптен сыйласатын ардагер ағамыз бір кездескенімізде сөзден сөз шығып. Қарияның бұл сөзі мені де ойға қалдырды, толғандырды.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Туған жеріңе туыңды тік!» деген үндеуі әр аймақта қолдау табуда. Тіпті, кейбір өңірлерде арнайы «Туған жер» бағдарламасы жасалған. Біраз кәсіпкерлер туған жеріне мектептер, балабақшалар, көпірлер салуды, аулаларды абаттандыруды  және де басқа көпшілікке арналған шаралар атқаруды жоспарлап отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, белгілі кәсіпқой боксшы Генадий Головкин Қарағанды қаласында балалық шағы өткен Майқұдық микроауданында өз қаржысына жаңа спорт сарайын салдырып берді. Ал, белгілі кәсіпкерлер Кеңес Рақышев пен Әсель Тасмағанбетова 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсап, Ақтөбеде жетім балар үшін «Мейірім» жастар үйін пайдалануға берді. Алматы облысында жеке шаруашылығын жандандырып жүрген кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров туралы да жылы лебіздер аз емес. Оның әсіресе елбасының қолынан Алтын жұлдыз белгісін алып тұрып, мықты деген отандық кәсіпкерлерге арнап: «әрбіріміз бір-бір ауылды қамқорлығымызға алып, ауыл тұрғындарын қолдайық» деген үндеуі ерекше есте қалыпты. 

Жамбыл облысындағы «Шәушен» шару қожалығының жеткешісі Сайрамбай Дөненбаев өзінің ауылы Жерлысуда балаларға арнап интернат, балабақша, мешіт салып, көше жолдарына асфальт төсетіп, Тараз қаласының саябағына қымызхана ашып және де басқа да  қызметімен көптің алғысын алып жүрген қолы ашық, атымтай жомарт азамат. 2018 жылы оның ерен еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Бірең-сараң меценаттар басқа өңірлерден де бой көрсетуде. Елбасының үндеуін қолдап, жер-жерде арнайы бағдарламалар жасалып, соның аясында жүректі жылытатын жағымды, қайырымдылыққа негізделген іс-шаралар жүргізілуде. Шүкір, тапшылыққа кезіккендерге қолұшын беріп, мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, әлдебір себептерден қиындық қыспағына түскен жандарға меценат-демеуші (пәтер сатып алып беріп, қаражаттарымен қарайласып және т.б.) болып жүргендер сиректеу болса бар. Олардың біразы көпшілікке жасаған жақсылығын ел алдында ұрандатып, дақпырттап жарнамалауды, тіпті, кейде атын шығаруды жарата бермейді. Олардың бойындағы қарапайымдылық, игілік істері, адами қасиеттері басқаларға жұғысты болса екен деп тілейсің. Осындай жан мәрттігі мол  азаматтардың ісі бизнесте жүрген белгілі жандарға сабақ болып, қолдау тауып отырса, шіркін!  

Мемлекеттік қызметке дәнігіп, аяқ астындағыны көрмей, терісіне симайтындай  шалқақтап, төменгі жандарды менсінбей, барынша араны ашылып, қорқау қасқырдай ашкөз, «түйені түгімен жұтып», халықты сүліктей сорып жүре беретін тойымсыз, қанағатсыз жандарға «Қызметіңе адал бол!», «Қанағатшыл бол!», «Елден үлкен емессің!», «Арыңды таза ұста!», «Абырой-атақ шын еңбекпен келсін!» деп ұдайы еске салып тұрғанымыз да жөн болар еді. Ойланайықшы, бақыт байлықта ма? 

       20.03.2017 жылы  миллиардер арасында ең ұзақ жасаған әлемге аты белгілі американдық Дэвид Рокфеллер өзінің денсаулығына байланысты жеті рет жүрек, екі рет бүйрек алматыру отасын жасатып 101 жасында, соңғы жүрек алмастыру операциясынан кейін ұйқтап жатып, дүниеден озды. Айтушылар, ол соншама байлық иесі бола жүріп, көпшілікке көмек қолұшын беріп, жәрдемдесуді еш ұмытпаған екен. Атап айтсақ, оның қаржысы Рокфеллер атындағы медицина институты, Чикаго инситуты, Нью-Йорктағы Біріккен Ұлттық Ұйымның (ООН-ның) штаб-пәтері, қатерлі ісік ауруларын емдейтін ең ірі онкогоспиталы, бірнеше қарттар үйінің құрылысына және де басқа игілікті шараларға жұмсалыпты. Гуманитарлық және қаржы факультеттернің білімгерлерін қолдау мақсатында  жыл сайын орта есеппен 100 миллион доллар көлемінде демеушілік жасап келген. Атасының бастаған дәстүрі бойынша ағайын-туыстарына жылына 8-10 мың доллар қаржы бөліп отырған. Олардың саны 10-20 емес, жүзден асып жығылған  екен. 

«Я уверен, что материальные вещи могут сделать жизнь приятнее. Но если у вас нет друзей или родственников, жизнь будет пустой и печальной, несмотря на всё материальное», - деген Дэвид Рокфеллердің пікірімен келіспеуге болмас, сірә. «Жарлы болма, арлы бол» демей ме қазақ атамыз. 

Әрине, қазіргі жастар армандағандай, бай болған, қиыншылық көрмеу жақсы да шығар. Өйткені, ақша материалдық игілік қана емес, ол өмірдің қуаты, өзегі, тірегі. Қалтаңда ақшаң болмаса, азығың да жоқ. Азық болмағаннан кейін күш-қуатың да, күйің де жоқ. Қандай ақылды, парасатты бола тұрып кедей болсаң саған ешкім пысқырып қарамайды, есептеспейді, сыйламайды, тіпті, бұрылып сәлем де бермейді де. Рас, дәл қазір ақшаның беделі өсіп, әлгі халық аузындағы «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» болып тұрған таразыдай қалт-құлт еткен дүрбелең дәурен ғой. Жеке адамның беделі мен мәртебесі байлығымен, тіпті, құрметті атақ, мемлекеттік награда қалтасындағы ақшасымен өлшенетін түйсігі мол, саналы кісінің түсінуіне қиын алмағайып кезең болып тұр. Несін жасырамыз, бұл күндері ағайын-туыстардың арасындағы қарым-қатынас, дос-замандастары арасындағы  сыйластық ақшаңа байланысты. Қазіргі «жаңа қазақтар» «сай сайға, бай байға құяды» деген принциппен өзі тәрізді қалталы байлармен араласады, сыйласады, бірі-бірімен ғана сырласады.  

Маған кейде қазіргі «Рухани жаңғыру» деген сөздің мәнісін біраз ел-жұрт терең түсінбей жүрген сияқты болып сезіледі. Асық ойнаса да, көкпар шапса да, айтыс өткізсе де, жиналып алып концерт ұйымдырса да, кітап тұсаукесері болса да және т.с.с. шараларды рухани жаңғыру деп шатастырып жүргендер жоқ емес. Жастар жағы еңбекті қадірлемей, сыйламай, жеңіл-желпі селтеңдеген өмірге ақсаусақтыққа бейімделіп бара жатқандай. Жас балаға «Кім болғың келеді?» деген сұрақ қойсаң, «Әнші боламын!» дейтіндері көбейді. Өйткені, теледидарды қосып қалсаң «сахна жұлдыздары, яғни эстрада жұлдыздары» жарысып концерт беріп жатады. Сол «жұлдыздардың» біразының іліп алар жүректі лүп еткізетін, сезіміңді дір еткізіп ой салатын керемет бір әні жоқ екенін, көбісінің «бір күндік ән» екенін  ұғатын кез жетті емес пе?! Осылай ненің күл екенін, ненің гүл екенін білмей өте береміз бе? Шындыққа келгенде бұл біздің сауатсыздығымыз емес пе? Ел құрметтейтін, тіпті, кейде өзіміз қосылып айтатын сазды, жүрек тербететін ойлы әндер қайда кетті? Сол «жұлдыздарды» аяқтарын жерге тигізбей тойдан-тойға арнайы шақырып, мыңдаған долларға жалдап, оларды қомпитып, байытып жүрген біз бен сіз емеспіз бе? Қазір жақсы автокөлік мінгендер де, жеке коттедж үйлері барлар да, шетелдік айтулы курорттарға барып демалатындардың басым көпшілігі де әлгі «жұлдыздар». Соны көрген жастар ақша табудың, баюдың жеңіл жолы ән айту екен деп санасына құяды. Олардың арасында шын таланттар жоқ емес, бар. Бірақ, фонограммамен, компьютердің көмегімен өтірік әнші болып жүргендері де аз емес. Ойланатын жай...

Еңбек - адамның негізгі кәсібі. Адал несіп – адал еңбекте. Еңбек болмаса экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай жақсарады деу қиын. Еңбектің құдіретін ұқпайтын жастар өсіп келеді. Біздің елде осы мәселе бүркеленіп, көлеңкеде қалып бара жатқанын мойындағанымыз жөн. Қай өңірді алмаңыз, жұмыс іздеп, сарылып жүрген жандарды кездестіресіз. Алысқа бармай-ақ мысалға біздің Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласын алайық. Кеңес заманында бұл шаһарда алып 3 химиялық завод, «Кожобувькомбинат», ПОШ (шүн жуу) фабрикасы, «Заводзапчасть» заводы, резина заводы, шиша заводы, ет комбинаты, сүт комбинаты, спирт-арақ комбинаты, қант заводы, үй-құрылыс комбинаты, элеваторлар және де басқа ондаған майда-шүйде кәсіпорындар әжептеуір қызмет етіп тұрды. Оның әрқайсысында бірнеше жүздеген, кейбірінде бірнеше мыңдаған жұмысшы-қызметішілер еңбек етті. Қазір солардың арасынан бар болғаны «Қазфосфат» бірлестігі ғана «тірі». Басқаларының барлығы «жұмғанның жұдырығында, тістегенің тұмсығында» кетті. Тіптен жойылып, тып-типыл болғандары да аз емес. Қала тұрғындарының біразы напақасын табу үшін қыр асып, Алматы, Астана, Атырау қалалары мен басқа облыстарға вахталық еңбекке «жегілді», тіпті, базбірлері  Ресей, Корея, Германия, АҚШ сынды шет елдерге кетті. Ауыл тұрғындарының тіршілігі де мәз емес, жастар туған ауылын, атамекенін тастап, қалаға үдере көшті. Тіпті, депрессияға ұшырып, «болашағы жоқ ауыл» қатарына қосылғандары да бар. Тоз-тоз болып, бір кезде гүлденіп тұрғандар ауыл тіптен жоқ болып кеткенін кім есептеп жатыр. Сөйтіп халықтың тұрмыс-тіршіліктері күрт нашарлады, отбасылар күйзеліске түсті. Шетелдермен салыстыра отырып, билік басындағылар «біздің қоғам әлемде болып жатқан үрдіс - урбанизацияға бет алды» деп мәз-мейрам болып жүр. Бұл дегенің біздің елге, халыққа кері әсер етіп жатқанын, ауыл тіршілігін құрдымға апаратынын олар ұғар ма екен? Қалаға барған қазақты қай көкесі құшақ жайып қарсы алады? Қалада «жұмыссыз қазақ» санын көбейткеннен не ұтамыз? «Қазақстан – кеңбайтақ: жерінің асты да үсті де бай» деп кеуде соққанмен, елімізде неге жұмыссыздық жайлап барады? «Құдай береді, үкімет өлтірмейді» деп көктен жәрдем, көмек сұрап жүре береді біздің тепсе темір үзетін қазіргі жастар? «Еңбек – бәр қиындықты жеңбек!» деген қанатты сөз желге ұшты ма? Әттең... Санаңа салмақ салып кейде күйінесің. Біз сонша неге сорлы болып барамыз? Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия мен Сингапур халқы еңбектің арқасында жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Тіпті, мына көрші Өзбекстан қалай жағдайын түзеп келеді? Ия, ел-жұрт болып бізде ойланатын дүние көп... Еңбек қағидасын өмірімізге енбізбесек, еңбекқорлықты жастардың бойына сіңірмесек келешегімізден үміт күту бос тірлік. «Ұлт ретінде әлемдік қауымдастық көшінен қалмаймыз десек, сөзуарлықтан – сөз ұғарлыққа, еріншіктіктен – еңбекшілдікке көшуіміз керек» деген белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіптің сөзін толық қолдаймын. Адам еңбектен бақыт табуы керек. 

Ия. Қазіргі қоғам тым күрделеніп барады. Адамдардың пиғылы өзгеріске ұшырауда. Еліміздің теледидарына құлақ ассаңыз, қаржыдан қиналған қаншама дімкес жас балалар тиісті ем ала алмай көпшілікке қол жаяды? Қаншама көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, жеке басты қарттар баспанасыз халдері мүшкіл жайда қиналып, шырғалаңнан шығудың жолын іздеп қабырғалары қайысып, тағдырларына налып, «қан жұтып» күйзеліп жүр?  Бар жиған-терген қаржыларын шетелдік банктерде мұртын бұзбай сақтап отырғандары да бар. Демеушлік деген істі олар ұға бермейді, тіпті, өздерінен қызғанады, баюдың үстіне баи берсем деген ойдан, пиғылдан шыға алмай жүр. Оның орнына шетел асып, Дубайға барып тәулігіне 25 мың доллар төленілетін таңғажайып қонақ үйіне орналасып, немесе туған күнді шартерлік ұшақпен таңғажайып теңіз жағасында достарымен өткізіп, әдемі демалып, жан рахатына  батқанды жөн санайды...  

Ойды-ой қуады. Осындайда еріксіз таяуда болған мына бір оқиға еске оралады.  Корановирус деген тажал бүкіл адамзатты дүрліктіріп жатқан күндері Германиядан жеке ұшақпен бір топ достарымен, жекжаттармен «қыдырып» қайтқан алматылық шиновник біздің елге алғашқылардың бірі болып короновирусты алып келді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Е.Біртанов пен қызметерлері «оллахи, быллахи, Құдай алдында жауап берем, біздің ел қауіпті вирустан таза» деп 12.03.2020 ж. дейін  елді өтрік ақпармен тыныштандырып келді. «Өтірік – орға жығады» дейді қазақ бабамыз. 13.03.2020 жылы таң атысымен «міне, көптен күткен короновирус та бізге, Қазақстанға келіп жетті» деп сүйінші сұрағандай әлемге хабар таратып жіберді. Ол науқастар 9 және 12 наурызда Германиядан ұшақпен келіпті. Күнде теледидардан жарысып «бізде елде алдын алу шаралары жоғары денгейге қойылған, аэропорттарда, вокзалдарда қатаң қадағалануға алынған» деген желбуаз сөдері кімге керек, егер шетелден келген адамдарды дер кезінде қадағалауға алып, көпшілікпен бірден араласпайтын шектеу қойылмаса? Енді не болды? Қазақта «Жау кеткеннен соң қылышыңды боққа шап» деген әділ айтылған сөз бар.  Шуылдақ Денсаулық сақтау минстрлігінің қай сөзіне енді халық сенеді? Жауапкершілік кімде?

Реті келгесін эмоцияға беріліп кеткенімді байқамай қалыппын. Негізгі сөз онда емес, әлгі жеке ұшақпен әлемді кезіп жүрген қатардағы шиновник үлкен қаржыны қайдан тапты екен? Егер таза, адал еңбегімен, маңдай терімен тауып жатса әңгіме жоқ? «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген осындайда айтылған болар. Ия, гәп, сол байлық қандай жолмен келді? Ой таразысына бір сәт болса да салып көрелікші. Әлгі байлық таза еңбекпен, маңдай термен келіп жатса айналайын ғой. Ірі қызметте  отырып, қазынан қаржысын қымқырып, біренен соң бір сотталып жатқан ашкөз шенеуніктер өздерін бақыттымын дей ме екен? Біреуді арбап-алдаумен, үркітіп-қорқытумен келген ақша әлгілердің шекесін шылқ еткізер ме екен? Бүгін «бақыттымын», «баймын» деп май шайқап жүргенде ертең аяқ астынан сүрініп, заң алдында жауапқа тартылып, абақтыға тоғытылып, бір сәтте-ақ жинап-терген дүниесі желге ұшуы әбден мүмкін емес пе. Ондай оқиғаларды мына дүрбелеңге толы сайқымаазақ өмірден көріп те жүрміз ғой. Ал біздің білмейтініміз қаншама... 

Құдай, бізді сондай теріс жолмен, арам пиғылмен жиналған байлықтан сақтасын. Барымызға береке беріп, пейілімізге қанағат ұялап, басымыздан бақ, ырыс, ынтымақ таймасын!

Сағындық Ордабеков

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1489
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1235
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1210