Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2900 0 пікір 4 Қазан, 2011 сағат 09:45

«Ақорда мемлекеттiк тiл мәселесiн шешпесе, алаңда бiз шешемiз»

Жексенбi күнi қалалық әкiмшiлiктiң арнайы рұқсатымен, Алматы қаласындағы "Сары­арқа" кинотеатрының маңындағы алаңда төрт мыңнан астам ұлт зиялылары, партия, қоғамдық ұйым мүшелерi, ақын-жазушылар, өзге де тiл жанашырларының қатысуымен "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясы өттi. Онда қазақ же­рiнде жетiм баланың күйiн кешiп отырған қазақ тiлi - мемлекеттiк тiлде қордаланып қалған күрмеуi көп қадау-қадау мәселелер көтерiлдi. Қоғам қайраткерi, ақын Мұхтар Шаханов жиынның шымылдығын ашып, сөз бастады.

 

"ШIРIГЕН ЖҰМЫРТҚА" СЫЙЛЫҒЫ КIМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Жексенбi күнi қалалық әкiмшiлiктiң арнайы рұқсатымен, Алматы қаласындағы "Сары­арқа" кинотеатрының маңындағы алаңда төрт мыңнан астам ұлт зиялылары, партия, қоғамдық ұйым мүшелерi, ақын-жазушылар, өзге де тiл жанашырларының қатысуымен "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясы өттi. Онда қазақ же­рiнде жетiм баланың күйiн кешiп отырған қазақ тiлi - мемлекеттiк тiлде қордаланып қалған күрмеуi көп қадау-қадау мәселелер көтерiлдi. Қоғам қайраткерi, ақын Мұхтар Шаханов жиынның шымылдығын ашып, сөз бастады.

 

"ШIРIГЕН ЖҰМЫРТҚА" СЫЙЛЫҒЫ КIМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Естерiңiзге сала кетейiк, жақында қазақ халқына және билiк басындағыларға қазiргi мемлекеттiк тiлдiң мүшкiл халiн баяндап, ұсыныс айтылып, арнайы ашық хат жол­дан­ған болатын. Онда көте­рiл­ген басты мәселе мынадай: Ата заңымызда мемле­кеттiк тiл - қазақ тiлi деп жазылған. Сондай-ақ "мемле­кеттiк ұйымдарда және жер­гi­лiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" деген тiркес енгiзiлген. Мұхтар Шахановтың айтуынша, бұл - дұрыс емес. 1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тiлiне мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлгенде мұндай тiркес жоқ болатын. Орыс тiлiнiң этносаралық, халықаралық тiл екенiне ешкiмнiң дауы жоқ. Дегенмен, орыстiл­дi БАҚ, сонымен бiрге кейбiр орыстанған ағайындар "орыс халқына, елiмiзде орыс тiлiнiң салтанат құруына қарсы шығуда" деп байбалам көтердi. Бұл - әдiлетсiздiк. "Өкiнiшке қарай, шала қазақтар ана тiлiн үйренуге құлықсыз. Орыс тiлi ресми тiл болғандықтан, мемлекеттiк тiл екеу деушiлер көбеюде. Әлемнiң барлық елiнде мем­ле­кеттiк тiл туралы арнайы заң бар. Ал Қазақстанда жоқ. Билiк басындағылардың бiрде-бiреуi күнi бүгiнге дейiн баласын, не немересiн қазақ балабақшасына, қазақ мек­те­бi­не берген жоқ. Керiсiн­ше, қазақты "қазақстандық ұлтқа" енгiзудi жоспарлап әлекке түстi. Бұған қарсылық таныттық. 4 мыңнан аса адам аштық жариялауға тiлек бiлдiргенде билiк аяғын тартты. Сөйтiп, "қазақстандық ұлт" тiркесi алынды, "Қазақстанның әрбiр азаматы мем­лекеттiк тiлдi бiлуi керек" деген сөйлем енгiзiлдi. Сөйте тұра билiк "қазақстандық ұлтты" қайта енгiзуге әлi де ниеттi екенiн байқатты". Одан әрi қоғам қайраткерi былай дедi: "Бiз билiктегi бiреудiң орнын алу үшiн емес, бар бол­ғаны ұлтымыздың тiлiн сақтауға жанталасып жүрмiз. Мемлекеттiк тiлдi қолдау қа­зақтың ғана емес, Қазақстандағы өзге ұлттардың да мiндетi. Өйткенi мемлекеттiк тiл - бiреу. Елдiк, ұлттық мүд­деден айырылсақ бәрiнен көз жазамыз".  Сондай-ақ Мұхтар Шаханов осыдан бұрын жарияланған "шiрiген жұмыртқа" атты республикалық сыйлық халықаралық деңгейге көтерiл­генiн хабарлады. Сөйтiп, қа­зақтың тiлiне, ұлтына қарсы шыққандардың ең таңдаулыларына жыл сайын "шiрiген жұмыртқа" сыйлығы бұйырады. Олар бүкiл халықтық деңгейде үлкен талқылаудан өтетiн болады.

 

ҰЙҚЫДА ЖАТҚАН НАМЫСТЫ ОЯТАЙЫҚ

Бұл жолы "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясына өт­кен жылғыдай небәрi 10 шақты ақын-жазушы емес, зиялы қауым өкiлдерi көп келдi. Кеңес Одағының халық жазушысы, қазақ әдебиетiнiң клас­си­гi Әбдiжәмiл Нұрпейi­сов те тiл жанашырларының қатарынан табылды. Ф.ғ.д., профессор Тұр­сын­бек Кәкiшевтiң ай­туынша, қазақ 40 жылдан берi қазақ тiлiн саудаға салуда. Тарихқа үңiлейiк. 1927 жылы Сәкен Сейфулин "Қа­зақ­ты қазақ дейiк, қатенi тү­зетейiк" деген мақала жазды. 1-2 айдан кейiн кеңсе iстерiн қазақ тiлiнде жүргiзейiк деп тағы мақала басты. Қазақ тiлi жөнiн­де бас-аяғы 9 мақала жариялады. Мемлекеттiк тiл болсын деген декреттi ал­дыр­ған да Сәкен Сейфулин сынды ағаларымыз. Осы уақытқа дейiн қазақ тiлiнiң мәртебесiн өсiру жөнiнде қанша рет айтылды, жазылды. Бiрақ ести­тiн құлақ та, оны орындайтын ынта да жоқ. "Қазақ тiлi кiмге керек?" дегенге жеткенiмiз өкiнiштi-ақ. "Бүгiнге Қазақстан әртүрлi одаққа кiруде. Ертеңгi күнi сорымызды қайнататын сол болады. Тәуелсiздiгiмiздi көр­сетiп жүрген теңгемiз қалтамыздан кететiн болса, рубль шыға келедi. Сол үшiн ел болайық, ұйқыда жатқан намысты оятайық. Бiр-ақ ұсынысым бар. Президент Н.Назарбаев парламентке келгенде орысша шүлдiрлегендi қойсын. Төренi сыйлап қалған халықпыз. Егер президент қазақша сөйлесе, шоқынған қазақтарға дейiн қазақша сөйлейтiнi сөзсiз", - дедi профессор тiл акциясында.

 

20 ЖЫЛДАН БЕРI ТIЛ МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛМЕДI. БҰҒАН КIМ КIНӘЛI?

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмадiлов "мәселенi қолдан жасап алып, әуре-сарсаңға түсетiн халықпыз, елмiз, мемле­кет­пiз" деп ақиқатты айтып салды. "Қабылданған заңдардың бәрi шалағай, шикi. Орыс тiлi қазақ тiлiмен қатар қолданылады деген тiркес о баста кiрмеу керек едi. Бiр сөз бiр қарын майды шiрiту­де. Билiктегiлердiң сауаты жетпедi ме, әлде құлдық санасы жiбермедi ме, дәл осы сөйлемдi кiргiздi. Оған да 20 жыл толды. Бұл Құранның сөзi емес, алып тастауға болады ғой. Қазақ ұлты - қазақ мем­лекетiнiң иесi, қожасы. Қа­зақтың ұрпағы қай тiлде сөйлейтiнiн өзi шешу керек", - дедi ол.   "Азат" ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбiлев: "Егемендiктi алғанда 20 жылдан соң қазақ тiлiн қорғаймыз деп ойладық па? Жоқ. Әлемде тәуелсiздiгiн алып өз ана тiлiн қорғай алмаған бiздей ел бар ма? Жоқ. Кеңес Одағына кiрген Кавказ, Балтық жағалауы, Орталық Азия елдерi тiл мәселесiн шешiп алды. Бұл мә­селе Қазақстанда ғана бар. Қазақ елi үшiн қазақ тiлi­нiң мәселесi өзектi. 20 жылдың iшiнде тiл мәселе­сiнiң ше­шiл­мегенiне кiм кiнәлi? Президент, билiк, парламент, "Нұр Отан" партиясы кiнәлi. Халыққа жаны ашымайтынның керi бұл. Қазақтар көп шоғырланған аймақтарды аралағанда елi­мiзде кедейшiлiк, жұмыссыздық, әдiлетсiздiк, жемқорлық сынды мәселелер қордаланып қалғанына көз жеткiздiк. Мұндай маңызды мәселелер шешiлмесе қазақтың ертеңгi күнi не болмақ? Маңғыстау, Жаңаөзенде 4 айдан берi қай­наған күннiң астында мыңдаған мұнайшылар қайсарлықпен билiкке талап қоюда. Оларды да ұмытпай, қолдайық». Белгiлi жазушы Смағұл Елубайдың пiкiрiнше, бү­гiнде Қазақстандағы орыс­тiлдi БАҚ-та қауiптi тенденция етек алды. "М.Шаханов бастаған ұлт патриоттары Қазақстанда ұлт араздығын тудыруда, бiрлiгiмiзге, тұрақтылығымызға қауiп төндiруде" дейдi. Өтiрiк. Жала. Шын мәнiнде ұлттық ауызбiрлiкке төнген қауiп мынада. Ағымдағы заң 20 жыл жұмыс iстедi. Орыс ұлтының миллиондаған өкiлi 20 ауыз қазақша сөз үйренген жоқ. Өйткенi, Ата заңда қазақ тiлi мен орыс тiлi тең деген сөйлем бар. Орыстiлдi қазақтардың өзi қазақ тiлiн үйренбедi. Осылайша бiртұтас халық екiге бөлiндi. - Ал бiздiң тiлек, - дедi ол өз сөзiнде, - бiр болайық, орыстанған қазақтар екi тiлдi бiлсiн, Қазақстан хал­қы мемлекеттiк тiл төңiрегiнде жиналсын. Ағымдағы заң екi тiлдi тең деп жариялағаны үшiн Қазақстан халқының бiрлiгiне зиян келтiруде.  

 

КӨК ТИЫНДЫҚ ҚҰНЫ ЖОҚ

Сондай-ақ, тiл акциясына бiрнеше аймақтардан делегация келдi. Семей өңiрiнен ат басын бұрған 85 жастағы зейнеткер Дәметкен Нұрғалиева Конституциядағы "орыс тiлi қазақ тiлiмен тең болсын" деген сөйлемдi алып тастайық деп қазақстандық аналар атынан ұран тастады. Украина президентiнiң "украин тiлi керек болмаса, Украин мемлекетiнiң керегi қанша?" деген сөзiн алға тартқан ақ жаулықты ана қазақ қазақша сөйлемесе мемлекетiмiз жойылады дегендi айт­ты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесi Асылы Осман қазақтың жан­айқайы да, ұлттың жаны, қоғамның тiрегi, мемлекеттiң өзегi де - қазақ тiлi екенiн қадап айтты. "Қазақ - мемлекет құрушы ұлт. Орысты орыс етiп отырған - тiлi. Қазақты қазақ етiп отырған да - тiлi. Тiлдiң адам өмiрiнде алатын орны ерекше. 70 жыл бойы желкемiзден ұстап жерге қаратты. 20 жыл бойғы тәуелсiздiк өзгенiң бетiне қаратты. Кiсi бетiн аяғанның өз бетi шиқандай болады. Қазақ өзгенi төрiмiзге шығарды. Одан қазақ кем болған жоқ. Бiрақ төбесiне шығармайық". - Әрине, Ата заңды қадiрлеймiз, - дейдi Асылы Осман. - Қазақ тiлi болмаса, Ата заң да болмайтын едi. Конституцияның 7-бап, 1-тармағын, яғни "қазақ тiлi - мемлекеттiк тiл" дегендi ту етiп, басымдық беру қажет. VIII ғасырда алып арабқа да, ХIII ғасырда тегеурiндi моңғолға да, ХIХ-ХХ ғасырдағы қаптаған орысқа да төтеп берген қазақ тiлi құруға тиiс емес.  

 

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI БIЛУДI МIНДЕТТЕМЕГЕНI ҮШIН БИЛIК КIНӘЛI

Кеңес Одағына кiрген республикаларда тiл мәселесiн әлi күнге көтерiп жүрген Қазақстан ғана. "Осының өзi адамның ар-ұятын, намысын таптаумен бiрдей, - дейдi жазушы, драматург Дулат Исабеков. - Мәселен, өзбек ұлт болып қалыптасты. Олардың бақыты сонау Мухиддиновтан бастап тек қана ұлт үшiн жұмыс iстегенiнде. Ендi өзбектiң мұртын балта шаппайды. Ал бiзде ше? Өткенде жолда немересiн жетектеп бара жатқан замандасымды көрдiм. Немересi қазақша сөйлеуде. Ал атасы оған орысша жауап қайтаруда. Бұл не деген сұмдық? Үйде қазақша сөйлемей, түзде бала қазақша сөйлемейдi. Әттең, мұның бәрi қазақтың санының аздығынан". Мiнберден сөз алған "Жас қазақ үнi" апталығының бас редакторы Қазыбек Иса былай деп жанайқа­йын жеткiздi: "Ата заңнан орыс тiлi туралы тармақшаны алып тастамай, мем­лекеттiк тiлдiң дамуы далбаса. Осы далбасаға 20 жыл сендiрiп келдi. Шыдамның да шегi бар. Ермұхамед Ертiсбаев президентке есеп бергенде бүй дедi: "Ашық хатты президентке, үкiметке емес, парламентке жолдау керек". Парламентке жолдадық. Оны оқуға президент кеңесшiсiнiң миы жетпегенi ме? Әттең, сексеннен асқан Бибiгүл Төлегенова жақсы қартая алмады. Бұл - оның трагедиясы. Қыдырәлi Болмановтың қазақша қуыршақтар жасағанын қолдаймын. Бiрақ оның билiкке қуыршақ болып кетуiн қолдамаймын. Өзге ұлт өкiлдерi мемлекеттiк тiлдi бiлмегенiне кiнәлi емес. Оған билiк кiнәлi, мiн­деттемегенi үшiн. Ендiгi жерде билiк былай деу керек: "Бiз сiздерге мемлекеттiк тiлдi бiлудi мiндеттеме­генiмiз, оны заңда көрсетпегенiмiз үшiн кешiрiм сұраймыз. Бұдан былай мемлекеттiк тiлдi бiлуге бағыттайтын құқықтарыңызды қайтарамыз. Ендi мемлекеттiк тiлдi бiлу - мiндеттi". Сондай-ақ, мемлекеттiк тiл үшiн күресiп жүрмiз. Күрессек, жауымыз бар деген сөз. Олар кiмдер? Ертiсбаевқа оппозицияның кейбiр өкiлдерi қосылды. Мәселен, Мұхтар Әблязов "қазақ тiлi түкке жарамайды" дептi. Қазақ тiлiне қарсы оппозицияның түкке керегi жоқ".  Мемлекеттiк тiлдiң жауларын анықтауда Қазыбек Иса мына екi сөздi айтатындарға мән берудi сұрады. Бiрiншiсi, "мемлекеттiк тiлдi дамытуға әлi ерте". Екiншiсi, "қазақ тiлi дами берсiн, бiрақ орыс тiлiн Конституциядан алмау керек". Ал кешегi ашық хат кiмнiң кiм екенiн анықтаған детектор болды. Тiптi Сенат төрағасы Қайрат Мәми мен Мәжiлiс төрағасы Орал Мұхаммеджанов орыстiлдi БАҚ-ты жинап алып, Конституция өзгермейдi деп ант еттi. 106 депутаттың екеуi-ақ Ата заңның 7-бап, 2-тармағын алып тастауға дауыс бердi. Атап айтайық, Нұртай Сабильянов пен Жарасбай Сүлейменов. Қазақша сөйлей бiлмесе, министр болуға ешкiмнiң құқы жоқ. Егер Ақорда мемлекеттiк тiл мәселесiн шешпесе, бiз алаңда шешемiз.  

 

МЕНСIНБЕГЕНДЕР МӘНСАПТАН КЕТСIН

"Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясында басқа да тiл жанашырлары сөз алып, ашық пiкiрiн бiлдiрдi. Қазыбек Иса айтпақшы, әлемде бiр-ақ ел бар төресi мемлекеттiк тiлде сөйлемейтiн. Бiр-ақ ел бар мем­лекеттiк тiл мәселесiн көтерiп, жиналыс ашуға Калинин мен Ленин ес­керткiшiнiң алдындағы саяси қоқыс алаңын беретiн. Тiл жанашырларының жолын кесетiн де, "оқудан қуамыз, жатақханадан шығарамыз" деп сту­денттердi, жастарды үркiтiп-қорқытатын да, тiптi алаң маңына қатынайтын қоғамдық көлiктердi тоқтататын да - Қазақ билiгi. Бұл не деген масқара?! Не деген сұмдық? Бұл жолғы "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясына әдеттегiден жұрт көп жиналды. Тiл жанашырлары ашынып ащы ақиқатты айтты. Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн өсiруге жұдырықтай жұмылу қажеттiлiгiн түйiп айтты. Билiк басындағылар мемлекеттiк тiл - қазақ тiлiне немқұрайлы қараса, менсiнбей мұрын шүйiрсе ел басқаруға құқы жоқ екенiн нықтап айтты. Қордаланып қалған мемлекеттiк тiл мәселесiн шешу үшiн тағы да арнайы үндеу қабылдады, оны билiкке жолдады. Егер бұл хатқа нақты жауап болмаса, 17 желтоқсан күнi республика алаңында жаппай наразылық шарасын ұйымдастыруға келiсiп, тарасты. Айтпақшы, митингiге қатысушыларды желтоқсаншы Қасен Қожахметов пен оның нөкерлерi көшеге шеруге шақырды. Мұны көпшiлiк арандату ретiнде бағалап, олардың соңынан ермедi. Дилара ИСА, Асылхан ӘБДIРАЙЫМ (фото) МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ҚОЛДАМАУ- ЕЛ БIРЛIГIН ҚОРҒАМАУ 2011 жылғы 2 қазанда Алматы қаласындағы "Сарыарқа" кинотеатры  маңындағы алаңда өткен, рұқсат етiлген «Мемле­кеттiк тiлдi қолдау» акциясына қатысушылардың Қазақстан Республикасының президентiне, парламетiне, үкiметiне м ә л i м д е м е с i "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясында, тiл төңiрегiнде көтерiл­ген қадау-қадау мәселелердi саралай келе билiкке, жалпы халыққа мына жайттарды мәлiмдеймiз. Қазақ тiлi Мемлекеттiк тiл мәртебесiн алған 1989 жылдың 22 қыркүйегiнен берi арада 22 жыл өтсе де, есте қаларлықтай 22 айшықты қадам жасалған жоқ. Қоғамдық ұйымдар Парламентте, Үкiметте қаншама рет дауыс көтергенiмен, билiк күнi бүгiнге дейiн Мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң ендiруге қарсылық жасау­дан танар емес. Кейбiр қабылдан­ған Бағдарламалар қазақ тiлiнiң өзiндiк орнын айқындау былай тұрсын мемлекеттiк тiлдi республикамыздағы өзге этностар тiлiне теңестiрумен келедi. Тiптi, мемле­кеттiк тiл конституциялық құзыры жоқ, "ресми тiлдiң" тасасанда қалып қойды. Оған билiктiң "қазақ тiлi өзге тiлдердi басып кетпеуi керек" деген жымысқы саясаты жол беруде. Сондықтан да Конститу­ция­ның 7-бабында "Мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi" деп бадырайып жазылып тұрса да, 2-тармаққа "орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" деген тiркес ендi­рiлдi. Елiмiзде орыс тiлi екiншi мемлекеттiк тiл бола алмайтынын Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi бiрнеше дүркiн дәлелдеп берсе де, сол бiр 7-баптың 2-тармағы жұртты әлi шатастырумен келедi. Бiз елiмiзде орыс тiлiнiң және барлық этностар тiлiнiң, олардың салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын бар кезде қолдаймыз және қуаттаймыз. Орыс тiлi этнос­аралық, халықаралық тiл ретiнде өз тұғырында қала бередi. Алайда бiздiң бұл ойымызды кейбiр орыстiлдi басылымдар мен ғаламтор сайттары көпе-көрiнеу бұрмалап, жала жабуда. Олар тiл жанашырларын әсiре ұлтшыл етiп көрсетiп, республикамыздағы өзге ұлт өкiл­дерiн бiзге қарсы айдап салуға тырысып бағуда. Кейiнгi жылдары кейбiр ми­нистрлiктер мен кәсiпорындарда, өзге де мемлекеттiк мекемелерде, қоғамдық орындарда мемлекеттiк тiл мәртебесiн кемсiтiп, оның қолданыс аясын қасақана тарылту фактiлерi айқын көрiнiс беруде. Мәселен, медициналық оқу орындарында биыл орыс сыныбын бiтiрген түлектердiң арасында 90 балл жинаған талапкер мемлекеттiк грантқа түстi де, қазақ сыныбын бiтiрген оқушы 97 балл жинаса да грантқа iлiге алмады. Сол себептi де кейбiр ата-аналар ұл-қыздарын орыс мектептерiне ауыстырып жатыр. Өйткенi оқу ақысы жыл са­йын шарықтап барады. Тiл төңiрегiнде бiз көтерiп отырған мәселелер - тiкелей мемле­кеттiң атқарар шаруалары. Демек, оның бүгiнгi қордаланып қалған мәселелерiнiң шешiмiн таппауына да тек билiк жауапты. Сондықтан бiз бүгiнгi "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясына қатысушылар атынан жоғары билiкке қаншама жылдардан берi көтерiп келе жатқан төмендегi талаптарымызды тағы да қоюға мәжбүрмiз: 1. "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасына "2012 жылдан бастап бiрте-бiрте мемлекеттiк органдарда мемлекет­тiк тiл пайдаланылып, iс-қағаздары қазақ тiлiнде жүргiзiлсiн" деген норма қосылсын; 2. ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тiлiне байланысты екiншi тармағы алынып тасталып, оның орнына "орыс тiлi - этносаралық, халықаралық тiл" деп жазылсын; 3. Қазақстанның кейбiр саяси күштерi мен қоғамдық ұйымдарының қатыстырылуымен жасалып жатқан Мемлекеттiк тiл туралы заң жобасы Парламенттiң биылғы күзгi сессиясында қаралып, 2012 жылға дейiн қабылдануын талап етемiз; 4. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын билiк Қазақстан Халқы Ассамблеясы арқылы бастауын "американдық ұлттан" алатын "қазақстандық ұлтты" ендiрмекшi болғанда, қоғамдық ұйымдардың үдере қарсы тұрғаны белгiлi. Бiрақ билiк үстiмiздегi жылы "Қазақстандық ұлтқа" қайта көшуiмiз мүмкiн еке­нiн әйгiледi. Олай болған жағдайда "Мен қазақпын", "Мен ұйғырмын", "Мен орыспын" деп айтсаңыз, жауапқа тартыласыз. Ұлттық, тiлдiк мүдделердi тiкелей жоюға алып баратын, бұл қадамға үзiлдi-кесiлдi қарсы екенiмiздi тағы да ескертемiз; 5. Соңғы жылдары билiк "Үш тұғырлы тiл" саясатын қайта-қайта мадақтаумен келедi. Сонда осы "Үш тұғырлы тiлдiң" қайсысы мемлекеттiк тiл? Бұл да негiзiнен орыс тiлiн мемлекеттiк тiл жасау саясатынан туған шара. Республикамызда жас жеткiншектерге үш тiлдi бiрдей үйрету аясында қызмет ете бастаған балабақшалар, мектептер, жоғарғы және арнаулы оқу орындары ашыла бастады. Мәселен, Жапонияда бала 12 жасқа дейiн тек өзiнiң ана тiлiнде тәрбиеленiп, бiрiншi кезекте ана қуатын бойына сiңiредi. Мұнан кейiн 100 тiл меңгерсе де өз еркi. Осылай еткен жағдайда ғана бүлдiршiн санасында елдiк, ұлттық, патриоттық сезiмдер берiк орын тебедi екен. Ал бiз оң қолы мен сол қолын анық ажырата бiлмейтiн 2 жасар сәбиге бiрден үш тiл үйрет­пек­пiз. Бұл әпербақан шара педагогика заңдылықтарына мүлде қайшы болғандықтан, бiз де оған қарсылығымызды бiлдiремiз; Бөгде ел және отандық ақпарат құралдарының шектен шыққан арандатушылық тұрғыдағы мақалалары Тәуелсiз Қазақстанның iшкi iсiне нұқсан келтiрушiлiк деп танылсын! Мемлекеттiк жоғарғы билiк органдары (Үкiмет) тарапынан мұндай басылымдар қаржыландырылмасын. Қазақстанның Ұлттық ақпарат қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн шаралар тез арада iске қосылсын; 5. Мәдениет министрлiгiнiң қарамағында Тiл комитетi қызмет етiп келедi. Турасын айтсақ, ми­нистрлiк аясындағы комитеттiң құзыры қордаланып қалған Мем­лекеттiк тiл проблемаларын шешуге дәрменсiз. Сондықтан "Мемле­кеттiк тiл агенттiгiн" құруды ұсынамыз; 6. Елiмiздегi қалалар мен елдi-мекендерде түгелдей дерлiк алабажақ жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олар орысша, ағылшынша, тiптi басқа тiлдерде көрiнiс табады. Қазақшасы сауатсыз, сақау жарнамалардан көз сүрiнедi. Мұн­дай мәнсiздiктi және басқа да проблемаларды реттеу үшiн "Тiл инспекциясын" құру қажет деп бiлемiз; 7. Қазiр әрбiр мектеп бiтiрушi түлек қай тiлде оқығанына қарамастан қазақ тiлiнен тест тапсырады. Алайда орыс мектебiн бiтiрген оқушылар үшiн ол тестiң көрсет­кiшi есепке алынбайды. Сондықтан мемлекеттiк тiлден тапсырылған тест барлық жағдайда Ұлттық бiр­ыңғай тест нәтижесiнде ескерiлуi тиiс; 8. Мемлекет басшылары мен лауазымды қызмет иелерi барлық отандық, шетелдiк ресми кездесулерде мемлекеттiк тiлде сөйлеуге мiндеттелiп, республика көлемiн­дегi мемлекеттiк iс-шаралар, мемлекет­тiк тiлде жүргiзiлсiн. Мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер iлеспе аударма қызметiн пайдаланатын болсын. Мемлекеттiк тiлдi мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар - мемлекеттiк қызметке алынбасын. "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясына қатысушы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар елдегi тiлдiк ахуалды үнемi назарда ұстайтынымызды, егер билiк жоғарыдағы талаптарды кезең-кезеңiмен орындауға ниет танытпаған жағдайда немесе "2012 жылдың екiншi жартысына дейiн орындаймыз" деп уәде бермесе, бүкiл республика көлемiнде басқа да саяси мәселелермен ұштасқан бiрлескен iс-шаралар өткiзетiнiмiздi, 2011 жылдың 17 желтоқсанында, яғни Желтоқсан көтерiлiсiне 25 жыл толған күнi Республика алаңына шығып, билiк­ке бұдан да ауыр талап қоятынымызды және әдiлеттi шешiмге қол жеткiзгенiмiзше бұл рухани күрестi тоқтатпайтынымызды мәлiмдеймiз.

 

(Мәлiмдеме "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" митингiсiнде бiрауыздан қабылданды.)

http://zhasalash.kz/sayasat/5567.html

0 пікір