Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2924 0 пікір 3 Қазан, 2011 сағат 05:10

Ғаббас Қабышұлы. Ұйқым қанбай жүр

О, түбі жоқ Аспан, домаланған  Жер! Екеуіңнің қайсыңа сырымды сарқа арыз айтсам екен?! Қайсың жадыратып жауап бересің? Әлде біздің жоғары-төмен билік-силіктегі шенеунік-менеуніктерше жауап қайтармай қаңғып жүресіңдер ме?..  Не деді?..  Қайсысы?..  «Шағымыңды шайқай бермей, әуелі айтып байқа» деді, ей?!.  Е, айтпағанда ше?!.  Айтқанда мен айтайын, ал тыңдаңдар:

О, түбі жоқ Аспан, домаланған  Жер! Екеуіңнің қайсыңа сырымды сарқа арыз айтсам екен?! Қайсың жадыратып жауап бересің? Әлде біздің жоғары-төмен билік-силіктегі шенеунік-менеуніктерше жауап қайтармай қаңғып жүресіңдер ме?..  Не деді?..  Қайсысы?..  «Шағымыңды шайқай бермей, әуелі айтып байқа» деді, ей?!.  Е, айтпағанда ше?!.  Айтқанда мен айтайын, ал тыңдаңдар:

Басыма бақ, астыма тақ берген кешегі анау кеңес өкіметі кезінде әр аптаның  бес күнінде  сегіз сағаттан қызмет істеп сілем қатса да,  ұйқым тәтті болды. Азаннан ақшамға дейін бес уақыт намаздың орнына бес рет тамақ ішіп аламын да, ұйықтай саламын. Ұйықтау дегенің бұ жарық дүниеде қарының сықа толғаннан кейінгі екінші сәпсем рахат қой!  Тыңқиып жатып түс көргенді айтсаңшы, шіркі-і-ін!..  Мен өзім, жасыратын не бар, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін түсімде көбінесе қыз-қырқынды көріп жүрдім. Қай ғұлама екені есімде жой, әйтеуір, шет елдердің бірінікі, біздердікіне  ондайды айту қайда,  сол  данышпан  айтқан екен, өңіңде не істесең, түсіңе сол енеді деп. Тұп-тура ғой, тұп-тура! Мен сенбі, жексенбі күндері әйеліме жоқ сылтауды құшақтатып, жылыстап кететінмін де, сұлулардың ізіне түсетінмін. Однако тәуелсіздіктің де обалы кәні, қазірде де сөйтіп жүрмін. Бүгінде, өздерің білесіңдер, керек еткен кісіге сылтау нөпір ғой. Советский сегізсағаттық жұмысы бар кеңсе жоқтың қасы. Төңірегің толы - тәуелсіздік, еще шетелдік компания. Екеуі де керек - еркің. Ал мен алыс-жақындағыны алас-күлес жекешелендіруге еркіндік басталысымен бұрын өзім он бір жыл директоры  болған зауыттың кіріс-шығысындағы тиын-тебенді тентіретпей басып қалдым. Рас, ондай күрделі операцияны, кім болсаң да, жалғыз өзің қатырып істей алмайсың, сондықтан мен де оның үштен бірін бұрынғы партком, кәсіподақ, бухгалтерия  жақтағы  үш сы-сыбай...  сы-сырласыма бөліп бердім. Өз үлесім өзімнің жекеменшік сауда-саттық компаниямды ашып алуыма әбден жетіп жатты және қалған копейкасына «Құрбанкті» сатып ала салдым. Өй, рахаттың рахаты болды-ау! Кеңсемде бір сағат отырамын ба, бес минөт отырамын ба, тіпті төбемді көрсетпей-ақ қоямын ба, - оны түгендеуге ешкімнің құқығы жоқ. Себебі  мен  - президентпін. Өзімнің компаниямның президенті өзіммін. Әзірше, Кейін жоғары жақты да көрерміз. Жұмысым жүріп жатыр, кірісім кіріп жатыр. Атқарушы директорым - Ди  деген кәріс жігіт. Таңдап тауып алғанмын. Пысықтың көкесі. Жердің жыртығын жамағанды қойып, аспанның тесігін бітей алар мәстірдің нақ өзі! О, айналайын Аспан, садағаң болайын Жер! Мынау сөзді аңдамай айтып қалғаныма ренжімегейсіңдер! Сендерде жыртық-тесік жоғын білем ғой, жақсы білем. Екеуіңе жалбарынып отырып... байқаусызда, аңдамай... шаршаған соң...  ұйқысы қанбаған кісі шаршамай қайтеді. Екеуіңе соны сыр етіп, жыр етіп айтпақ едім ғой. Енді көп созбайын, айтып берейін.

Түсіме бұрынғы қыз-қырқындарым сәпсем енбегелі екінші ай. Жылыстап кетуім жиілей түссе де, шетелдік данышпандар да шатысады екен, күндіз көргенім түнде түсіме жоламайтын болды. Ол реформа, егер мен де шатыспасам, осыдан екі жыл бұрын басталды. Біртүрлі. Түсіме түрлі-түрлі  орден-медаль, силық кіреді. Арғысы:  Америка, Азия, Африканікі, бергісі: Еуропанікі дегендей. Кіреді де, шықпай  қояды. Шала ұйқымнан оянғандай болғанымша. Талтақтап тұрып киінгенімше омырауымды, ал киінген соң қалтамды сипалай беретін болдым.

Әрине, құр сипалап жүре бермедім. Тірі емеспін бе?!.  Компаниям да қампайып барады. Желім оңынан соғып, Диім маған Мешокович деген менеджер тауып берді. «Менеджер», меніңше, қазақтың «мына жер» дегені. Мешокович қышыған жерімді «ана жерім, мына жерім» дегізбей тура табатын болды. Өзіміздің нелерімізді кімге, қашан, қаншадан  сатуды және олардың нелерін қашан, қаншадан алуымызды арифметиканың алу-қосу амалымен-ақ шешіп тастай береді. Іштен оқып туған ғой. Басқалармен айқыш-ұйқыш байланысты оп-оңай орнатты да тастады. Израильдің «Өлі теңіз» компаниясымен шап-шұп шарт жасасып, біз оларға маралдың мүйізін сатып жүрміз, олар бізге атақты көлінің он үш түрлі ауруға  шипа болатын батпағын сатып келеді.

Мен өз компанияма «Барыс - Табыс» деп ат қойып, өзімнің сызу-жобаммен «Барыс - Profit» деген  медальді таза қоладан құйдырғанмын. Жер-көкті ағылшын тілі жайлап алды емес пе, енді он шақты жылдан кейін қазақ та ағылшынсыз өмір сүре алмас деп болжап, «табыс» деген сөзімді әдейі ағылшын тілінде жаздырдым. Сөйтіп, мен еврей компаниясының президентін  өзімнің сол медаліммен марапаттап едім, ол мені өзінің, қазақшаға қотарып айтқанда, «Біздің теңіз» медалімен марапаттады. Содан соң біз Францияның шампан зауытымен байланысты бастадық. Оларға бал беріп, олардан шампан алып жүрміз. Мен олардың президентін де өзімнің  медаліммен нарградтап едім, ол менің омырауыма  «А ля шампань» деген медалін тақты.

Адам да, хайуан да тайраңдауды тәй-тәйләудан  бастайды, біз де сөйттік. Ди, Мешокович, Шотка, Ибштейн, Кинь, Михи, Кулиб сияқты  тарландарым есеп-қисапсыз күш жұмсап, тәй-тәйдан тез өтіп, тайраңдауға кірісіп кеттік. Өзіміздей отыз жеті компаниямен  шише тоқылып, нағашы-жиенше тоқайластық. Менің өнбойыма сән беріп жүрген отыз жеті медаль - соның тарихи куәсі. Е, ол ғана ма, шет жұрттардан мына атаған өкілдерім арқылы айырбасқа алдырған құрмет грамотасы, құттықтау-мақтау хат және  жүзік, бөрік, кездік, таяқ, тәспих, сағат, фотоаппарат, күлсалғыш, компьютер, қалтателефон дегендерің коттеджіме симай барады, сірә, мұрағатжай салдырып, сонда сақтамасам болмас. Алайда, жаңа айтқанымдай, менің ұйқымды екі ай бойы қандырмай жүрген проблема  бұлар  емес. Ол... мына қызықты қара... қызық па, қырсық... жо-жоқ, қырсық емес, оның беті ары, ол емес...  бейнет шығар, иә, не қызық, не бейнет, екеуінің біреуі. Әуелі  бейнет, ал қызық  одан кейін.  Бейнет, тіпті қатты болса, қалтамды сынап көрер. Мейлі.

Айтайын дегенім: Шотция деген елде жер бетіндегі қайраткерлерге  екі жылда бір рет қос жұдырықтай алтын силық беретін халықаралық комиссия бар дегенді естідім де, бір күні Мешокович пен Шотканы солай қарай жорғалатып жібердім. Олар барлап келіп, баяндап берді. Менің қалқаң құлағым дұрыс қаққан екен, Шоция да, силығы да, силығының Нобай деген күміс медәлі де бар болып шықты. «Нобайы» не деген сөз екенін екі досым біле салмапты. Әлде, орыстың «новыйы» ма? Бірақ Шоция орыстың елі емес қой, Ресей қайда, ол қайда?!. Әлде біздің «нобай» деген... кім білсін. Бұйырса, оны кейін анықтармын.

Обшым, ол Шоцияң сықпыты біздің облыстай ғана ел дейді. Мешоковичтің есептеуіне қарағанда, оны тотитып толайым сатып алуға менің екі-ақ қалтам жететін сияқты. Әне, ұйқымның қанбайтыны соны білген күні басталды ғой. Өй, қос жұдырықтай алтыны бар болсын, онысын комиссияның төрағасына силай салуыма болады, маған  медәлі керек, медәлі! Шотканың мәлімдеуінше, ол медәлді омырауының оң жағына таққан қайраткерге, мысалы: ауру-сырқау, өсек-аяң, пәле-жала жоламайды екен. Бұрын одан-бұдан артық-ауыс алып, ішіп-жеп қойғаның бойыңа жұғып, өзіңнің есіңнен де, өзгенің де есінен шығып  кетеді екен. Сөйткен соң адамның тұлабойы балқып, жаңарып, жасарып, кемінде жүз жасайтын көрінеді. Менің кемінде жүз жасағым келеді! «Ойбай, бұл Найқал Наубай - жемқор! Корруционер!» деп аттандап жүргендерді шаңыма шашалтып, орта жолда қалдырып кетсем деймін!

Сол медәлді алсам, бәлем, мені өзеурей  өсектеп жүргендер естерінен айрылар еді. Бірі: «Найқалдың Қырымда екі қабатты үйі бар!» деп, бірі: «Найқалдың Қапқазда  бір үйі, бір мейрамханасы бар!» деп, бірі: «Ойбай, Найқалдың Түркияда вилласы бар екен!» деп, тағы бірі: «Бұл Найқалды Найқал демеу керек, Нахал деу керек! Мәскеудің ең үлкен банкісіне біржарым миллион доллар салып қойыпты, сонша ақша әкесінен қалып па?!» деп, өй, жұртты жұлқындырып жүрген сволыштарға сауап болар еді! Менде солардың не шаруасы бар, ей, ә?!.  Өй, айтқандарыңның бәрі бар менде, бар, ал, не істейсіңдер?! Жәкем мен Сәкем аман-есенде мені ешбір жау ала алмайтынына көздерің жетіп жүріп, ақымақтар, ауыздарыңды жаппайсыңдар. Тоқтай тұрыңдар! Мен Нобайдың медәлін алып алайын, содан кейін Франциядағы анау атақты мұнараның жанына мейманхана, Американың теңіз жағасындағы анау әйел ескерткіші жанына бес жүз мәшін сиятын гараж салдырып, Лондонның оңтайлы жеріне жылқы фермасын орналастырып, Алманияда қымызхана ашамын! Вот, сендермен сонда, ұйқым қанатын болған соң, сөйлесемін, егер сөйлескім келсе!..

«Абай-ақпарат»

0 пікір