Жұма, 17 Мамыр 2024
Ақмылтық 4592 18 пікір 11 Наурыз, 2020 сағат 12:34

Қазақстанда моноұлттық мемлекет қашан құрылады?

Қазақ мономемлекеттілігі туралы әлемдік және посткеңестік геосаясатта жаһандық пікір қалыптастыру әзірше амал нешік орыс тілді әрі ресейшіл, әрі батысшыл әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың қолында. Мәселен «Қазақстанда ұлттық мемлекетті қалай құруға болады?» деген сауалға кімдер тарапынан қандай жауап, әм қалай беріліп жатыр. Осы төңірегінде ой толғап көрейік. 

Полиұлттық мемлекет үрдісінен арылып, деотарсыздану дәуіріне енді ғана өтіп, бірінші рет өз моноұлттық мемлекетін құруға талпынған ұлтымыз туралы жағымысыз пікір қалыптастыру бағытында орыс тілді батыстық және ресейлік зерттеу орталықтары қауырт жұмыс істеуде. Еліміз бен ұлтымыз жайлы жасалып жатқан сараптамалар мен зерттеулердің бәрі бір жақты. Әрі қазақ тілді әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың қатыстырылуынсыз жүргізіліп келеді. 

Елімізде орын алып жатқан, келешекте болуға тиіс моноұлттықтың әлеуметтік және саяси мәселелеріне қатысты жаңаша мазмұндағы «дискутеймент» үрдісі белең алуда. Таяуда Алматыда Фридрих Эберт қоры ұлтымыз бен отандастарымызды екіге жаратын «Құндылықтар және қазақстандықтар: өзге жаққа бұрылыс...» тақырыбына «дискутеймент» ұйымдастырып, оған қатысушылардың басым көпшілігі ұлтсызданған сипаттағы өз ойларын ортаға салды.  

Қордай оқиғасына дейін жүргізілген сауалнамалар бойынша қазақтар арасында алаш дәстүрі ең маңызды құндылық деген пікір 89% болса, орыс тілділердің 35%-ы ғана (қазақстанды мекендеген түркі халықтарының өкілдері деп ұғыңыздар) қазақ дәстүрімен сананасады екен. Осылайша елімізді жайлаған ұлт пен ұлыстардың 65% қазақи дәстүрді керек етпесе, қазақтың 11% өз дәстүрінен өзге мәдениет пен бөгде тілдік ортаның пайдасына бас тартуда. 

Орыс тілділер мен қазақ тілділердің өз ортақ үйлеріндегі ұлттық құндылыққа қатысты пікірлері екі бөлек. Бұл – енді дау тудырмайтын дүние. 

Тәуелсіз сарапшы Ғалым Жүсіпбек осы құндылықтар тәрбие, білім беру мен бейресми институттар үлгісі негізінде қазақ және орыс тілді жастар арасында түрлі деңгейде қалыптасуда деген өз пікірін жайып салады. 

Қазақ құндылығының қалыптасуына қатысты орыс тілді әлеуметтік ортада және өзге тілді биліктің сойлын соғушы қазақи зиялы ортада «архаикалық феодалдық құндылықтар» орнығып жатыр, бұл қоғамымызды кері тартады деген зиянды көзқарас үстемдік етіп, РФ барлауының дем беруімен берік қалыптасып отыр. Орыс тілді ішкі және сыртқы БАҚ кең көлемді антиқазақтық кертартпа насихаттарының арқасында Ұлттық Қайта Өрлеу көбіне «қазақ ұлтын орта ғасырлық деңгейге құлдырататын ХІХ ғасырдағы құндылықтар орнығу үстінде» деп қабылдана бастады. Бұл дертке әзірше қазақ тілді қазақтардың ішінде ақпаратты көбіне орыс тілінде алатын 15 пайыз интеллегенциямыз шалдыға бастады. 

Орыс тілділер арасында тек 66% отандастарымыз ғана өзге ұлттар арасында қазақ ұлтымен жарасымды бірлік бар есептесе, 80% астамы қазақ моноұлттығын қасақана көзге ілмей, елімізді тек көпұлтты деп қана ұғынады. Осы әлеуметтік топқа жататындардың 10%-ы ғана этникалық бірегейлікті мойындап, Қазақстанды қазақ тілді мемлекет деп санаса, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз берік сақталған Батыс пен Оңтүстік өңірлердегі қазақтану мен деотарсыздану үрдісін тек отандастарымыздың 5,9% ғана құптап, қалғандары бұл аймақтардағы қазақылықты этноресейшіл модельге көлеңке түсіруші қазақстан азаматтық қоғамын артқа сүйреуші кертартпа ұлттық-фашистік феномен деп санайды. 

Орыс тілді қазақтардың 99%-ы керек кезінде азаматтық қоғамнан этникалық бірегейлік маңызды десе, өзге орыс тілді отандастарымыздың 70%-ы «қазақ тілді қазақсыз Батыс пен Ресей құндылығы басты орында тұратын азаматтық қоғам» құру керек деген идеяның жетегінде.

Олардың пікірінше орыс тілінің үстемдігі сақталып, елімізді мекендеуші барша ұлт орыс тілінде сөйлейтін ұлтсызданған қазақстандықтарға айналуы керек. Ал қазақтану процесі орта ғасырға бастап апратын жол деп есептелінетін сана өзге ұлттардың 80 пайызы арасында және өз ұлтымыздың 12 пайызында берік қалыптасып отыр. Бұл еліміздің 5 млн таяу тұрғыны яғни 25 пайыздан аса отандастарымыз «Қазақ ұлттық мономемлекетінің құрылуын» мүлдем керек етпейді деген сөз. 

Олардың пікірінше этникалық мемлекет құруды көксеушілер  – фашистер. Орысша сөйлеушілер – мәдениеттілер, қазақша сөйлеушілер – жабайы тобыр. Қазақ тілі мәдени контент жасауға жарамсыз. Ғылым мен білім тілі бола алмайды-мыс. 

Түйін. Қазақстанның ұлттық мемлекет болып қалыптасуына қарсы 5 млн-ға таяу отандастарымыз өз ішінде 50%-ы ресейшіл және 50%-ы батысшыл болып іштей екіге бөлінеді. Ұлтымыздың саясатта жүрген азаматтары осылардың ішіндегі батысшылармен тіл табыса білсе, 2,5 млн ресейшілдерден төнер қауіп азайар еді. Ең қауіптісі биліктің ұлттық мемлекетті құруға талпынушы 75% қазақстандықтың мүддесін аяққа әлі күнге дейін таптап келе жатқаны жаныңды күйзелтеді. Қазақ билігі ұлтсыздануды көздеген орыс тілді азшылықтың саяси амбициясынан бас тартып, ұлттық мемлекет құруды аңсаған қазақ тілді көпшілікті солтүстіктегі көршімізге жалтақтамай қашан таңдайды деген сауал басы ашық қалуда.

Қазақ үшін «Мономемлекет идеясы» жолында күресу саяси қозғалыс пен партия құрудан да маңызды бірінші кезектегі дүние. Осыны қазақ тілді, орыс тілді деп бөлінбей, тіліміз бен мәдениетімізді қастерлейтін өзге ұлттарды бауырымызға тарта отыра, пікірі жаттарға ашық соққы беруде бір ұлт, бір мүддеге бірігетін кезіміз келді. Өзге тілді қазақты бір күнде қазақ қыла алмайсың? Сондықтан орыс тілді қазақ бауырларымыз осы бағытта Орта Азиялық орыс тілі мен қазақстандық латынға негізделген орыс жазуын өмірге әкелу үшін жазудағы бірлікті сақтауда ұлтымен бірге болуы шарт. Әзірше «Бір ұлт – Бір жазу» ұраны көтеріліп, орыс тілді қандастарымыз қолданатын қазақстандық орыс әліпбиі де латын жазуына көшуі керек. Орыс тілді қазақтар осыны қолға алса, моноұлттық мемлекет құрудың ілкі қадамы төл жазу идеясының іргетасы қаланар еді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2109
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2217
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625