Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3572 0 пікір 28 Қыркүйек, 2011 сағат 05:17

Қазақтың даласындай дархан ана

Қазақ халқы ежелден қызын әлпештеп, анасын ардақтаған. Соданда болар жүзіміз жарқын. Ойымыз асқақ. Хадистеде жұмақ ананың аяғының астында деп әспеттеледі. Ортамызда жүрген сондай аяулы аналардың бірі, немере-шөберелердің әжесі, тәжірибелі ұстаз, білікті ұйымдастырушы, қарымды журналист  Сәуле Мешітбайқызы екені даусыз. Бүкіл саналы ғұмырын оқу ағарту ісіне жұмсап, қазақ жастарын жанындай жақсы көріп, шұрайлы күндерінің шұғылалы болуына, бағыт бағдарларын айқындауына бар күш қайратын жұмсауының өзі мақтауға, мақтануға тұрарлық.

Қазақ халқы ежелден қызын әлпештеп, анасын ардақтаған. Соданда болар жүзіміз жарқын. Ойымыз асқақ. Хадистеде жұмақ ананың аяғының астында деп әспеттеледі. Ортамызда жүрген сондай аяулы аналардың бірі, немере-шөберелердің әжесі, тәжірибелі ұстаз, білікті ұйымдастырушы, қарымды журналист  Сәуле Мешітбайқызы екені даусыз. Бүкіл саналы ғұмырын оқу ағарту ісіне жұмсап, қазақ жастарын жанындай жақсы көріп, шұрайлы күндерінің шұғылалы болуына, бағыт бағдарларын айқындауына бар күш қайратын жұмсауының өзі мақтауға, мақтануға тұрарлық.

Тәуелсіз заманның өзінде тілдің көркеюіне тұғыр бола алмай, «табанының бүрі жоқтар» тайғанап жатқанда қамығасың. Ашынасың. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Бақай есептің «жемтігіне» айналған күрескерлерді аяйсың. Сондайда   Кеңес идеологиясының тар шеңберінен шығып, тіл жанашыры болған абзал ағаларымен, замандастарымен тізе түйістіріп қазақ тілінің келешегіне алаңдап, ер-азаматтардың қатарынан табылған  Сәуле Мешітбайқызының өмірлік ұстанымын ерлііке балағың келеді.  Сәуле апайдың  мейірім төгілген жүзінен рухтанып, аналық дархан махаббатынан күш алып қияға самғағандар қаншама? Қамыққанды жұбатқан, шаршағанды демеген кездерін сан тараптағы шәкірттерімен, әріптестері тамылжыта жазып жатыр. Құттықтау хаттар легінде шек жоқ.  Оған төменде өздеріңіз куә боласыздар.

Зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырмай, қазақ қоғамына, тәуелсіз еліне, ардақты тіліне үлес қосудан талмай келе жатқан Сәуле Мешітбайқызын «Abai.kz» ақпараттық порталының  ұжымы ғұмырының баянды беліне көтеріліп, қуанышқа кенелген мерейлі жасымен құттықтайды. Бала-шағасының ортасында, немере-шөбересінің  қызығын көріп, шәкіртеріне қамқоршы ана болып, ұлтымызға адал қызмет жасайтын  алаш азаматтарын тәрбиелей берсін дегіміз келеді.

Ертай Айғалиұлы. Қайсар Сәуле тәтенің үш ерлігі

 

Жұбанов мектебіндегі шайқас

Сәуле тәтеймен танысуымыз қызық та, ерекше еді. Ол кісімен мен қонақта немесе мамыражай сәттерде танысқан жоқпын. Жақынырақ айтсам, майдан алаңында, қадап айтсам, сот үйінің алдында таныстым. Иә, солай, қағыс оқыған жоқсыз. Соттың жан алып, жан беретін алаңына мені ертіп барып таныстырған марқұм Мұхтар ағам еді. Алып Мұхтар Әбділдабек ағатайымыз екеуіміз оған дейінде қазақ мүддесі, оның жаны тіл майданында талай рет қолдағы қару қаламмен шайқасып жүрген кезіміз болатын. «Сонымен Сәуле Мешітбайқызы есімді мұғалім тәтейіміз сотта неғып жүр?»деген заңды сауал қылаң беретіні сөзсіз ғой.

Ахмет Жұбанов атындағы қазақ саз мектебін білетін боларсыз. Білмесеңіз білгеніңіз жөн. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Дінмұхамбет Қонаев осы мектепті ашты. Бұл мектепте ауылдағы өнерлі, әнге, сазға бейімі бар балаларды шам алып, іздеп тауып оқытуға арналған арнаулы саз мектебі. Алғашқы жылдары Димаш көкеміздің бұл тамаша ойы ол кісінің тікелей қамқорлығымен жүзеге асты. Бірақ кейін мектепке көбінесе қала балалары алына бастады. Мұның басты себебі, мектепке орыстардың, орысшылардың келуіне байланысты еді. Мектептен қазақ рухы, тәрбиесі, салт-дәстүрі кете бастады. Тіптен қобызы, домбырасы шеттетілді. Міне, осы басқыншылыққа директордың орынбасары Сәуле тәтей бастаған топ қарсы бас көтерді. Мұхтар Шаханов тәрізді ұлт зиялылары да республикадағы жалғыз қазақ саз мектебіне жат үннің келуіне қарсы күресті. «Лениншіл жас» газетінде дабыл қаға шыққан өткір мақала қалың елді дүр сілкіндірді. Шайқас басталып, бұған жоғары жақ араласты. Сол майданның қызу ортасында Сәуле тәтей жүрді. Оның аяғы ол кісіні, оның жақтастарын қуғындаумен шектелді. Айтыс-тартыс, соттасу басталды. Мінеки мен осындай қиында тартысты кезде тәтеймен таныстым. Қарсы жақ көп еді. Мәскеудің өзінен нәр алған орысшылдар қазақтың қайсар қызын тұқыртып, өз дегендеріне жүрдіргісі, көндіргісі келді. Оларға бұл кісі бас имеді. Әрине, бас исе, ұлттық мүддеден бас тартса, Сәуле тәтейде  жақсы қызмет те, көп ақшада, мамыражай тыныштық та болатын еді. Бірақ ол ұлттық мүдде үшін әрі қарай шайқасуға шешті. Сот әрине, бірде жеңісті бұл кісіге, бірде аналарға бұрып отырды. Алма-кезек жеңіс пен жеңіліс он шақты жылға созылған шайқас пен күрес Сәуле тәтейді әбден титықтатты, денсаулығы нашарлады. Тіптен кейде ес-түссіз халде ауруханаға түскен кездері де болды. Тектілік, ата-бабаларынан келе жатқан батырлық, Алла тағала берген рух оны үнемі желеп-жебеп, біржола құлатқан жоқ. Тар жол тайғақ кешу жауларының аяусыз шабуылы мен түртпектеуі Сәуле тәтейді құрыштан шынықтырды.

Ол кісі әрине, жалғыз емес еді. Оның артында қарапайым жандар бар болатын.Ата-аналардың ішінде ұлттық рух үшін жанын беретін адамдар Сәуле тәтейді үнемі қолдап отырды. Ұстазға тағы да бір шексіз күш, қайрат және қуат беретін көңілдері пәк, болашағы зор, талантты, кішкентай-кішкентай жандар бар-тын. Олар оның шәкірттері екенін біліп отырған боларсыздар. Ұлттық рухтың дәндері енді-енді көкіректерінде көктеп келе жатқан олар Сәуле апайларының жан-жағына шуақ таратар отты сөздерінен нәр алды. Өмірлік қажетін алды. Олар орысшылдардың сызды да салқын, өздеріне шет тәрбиесін қабылдай алмады. Бұл кішкентай жандардың саны біршама еді. Кейін олар Сәуле апайдың нағыз төл перзенттеріне айналды. Мінеки, осы жандар Сәуле тәтейге үнемі жігер беріп, қасында жүрді.

Тәуелсіздігіміз келгенмен аталмыш саз мектебіне ұлттық рухтың болмашы сәулесі түскенмен толықтай ол идеология кіре алмады. Ақиқатын айтсақ, ол рух келсе, қызметінен шеттелетінін білген олар жанталаса күресті, жандарын аямай күресті. Олардың бұл ұйымшылдығы талайларды сансыратты. Ал Сәуле тәтей қызметінен бір шығып, бір кірсе де кеудесін көтеріп батыл түрде солардың арасында жүрді. «Таста сол мектебіңді. Басқа мектептен жақсы қызмет  тауып береміз» деп жаны ашығандарды ол кісі бірден қайтарып тастайтын. «Жоқ! Мен осы мектебіме қазақылықты келтірмей кетпеймін» дейтін ол. «Мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендей мектепке Бибігүл Төлегенова деген бір ауыз қазақша білмейтін директор келіп, жағдай одан сайын ушықты. Ақшаға құныққан ол тілін ғана сатпай, дінін де сатты. Мектепті діни секталардың ордасына айналдырды.

Міне, осы кезде мен Сәуле тәтеймен таныстым. Әрине, мен мектептің жағдайымен бұрында аз-кем таныс едім. Тәтейдің айтуымен мектеп өміріне етене ендім. Таныстым да шошыдым. Құйтақандай талантты қазақ балаларының рухани жағдайына, болашағына балта шабылып жатқанын сезіндім. Оларды қасқырлардың талауына беріп жатқанымызды, енді оларды қорғамасақ ертең кеш қалатынымызды ұқтым. Ұқтым да өзім істеп жүрген «Ана тілі» газетіне ащы мақала жаздым. Бұл мақала тек мектептің орысы мен еврейіне, орыс тілділерге ғана емес, өзгеде қазақты жек көрушілердің шымбайына қатты батты да, бізге дүр етіп қарсы лап қойды. «Караван», КТК тәрізді газет пен телеарнаны мінбер етіп бізді қаралауға тырысты, жаншып тастағысы келді. Осы кезде Сәуле тәтенің, оның жақтастарының, тіптен он екінші сыныпта оқитын балаларының қайсарлығына тәнті болдым.  Қасиетті тіліміздің осы жерде кепиеті барын білдім. Біз газетіміздің әр нөмірінен Жұбанов мектебінде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отырдық. Қалың ел ғана емес, бұған билік тарапынан    да зор назар аударылды. Әрине, сол кезде (2001 жылы) болған қым-қиғаш оқиғаларды талдап жазсақ ол бұл мақалаға сыймайтыны анық. Біз бүгін айтайын дегеніміз қазақтың қарапайым әйелі, анасы Сәуле тәтейдің осындай қиын-қыстау шақта елі, ұлты үшін нағыз батырларша шайқасуын, шексіз қайсарлық көрсетуін, ерлігін жеткізу еді. Ақыры жеңдік. Орыс тілді мектеп директоры жұмыстан кетті. Бірақ  мектеп өмірі қалыпты жағдайға түскенмен нағыз «қасқырларды» кетіре алмадық.  Ол жаңа келген директор да, әлгілерде  Сәуле тәтейді мектепке жақындатпады. Қазақ тілді директордың іші де орыс жанды болып шықты. Күрес қайта басталды...

 

Балалардың  апасы болған ана

«Мұның артында да бір қайнар бар» дегендей мен мектептегі осы жағдай арқылы ғажайып адаммен таныстым. Үлкен жүректі тәтемді таптым. Біз ол кісінің отбасымен араластық. Бауыр болдық. Тәтемді неғұрлым жақын танығаннан кейін ол кісінің адамгершілігі, ішкі имани болмысы күндей жарқырай берді. Сәуле тәтейдің ұлтын жанындай сүйетін қасиеті, адамдарды магниттей өзіне тарта білетіні, ұйымдастырушылық қабілеті, қайсар мінезі, сабырлылығы  өзгелерге де маған да үлгі-өнеге болды. Сәуле тәтей біраз жыл жұмыссыз болып, үйде отырып қалды. Жүрегі нәзік тәтеміз бар ауыртпалықты өзі қабылдаған соң ба қатты ауырды да.  Осындай қиын кезеңде   ол кісінің сағы сынған жоқ. Адамдар тіптен балалар ол кісінің үйіне іздеп баратын. Бір ғажайыбы қырық жыл ұстаздық еткен Сәуле тәтейдің өзінің төрт ботақанының сыртында ондаған сүикімді балалары да бар еді. Олар талантты да тәтенің өзіндей үлкен жүректі азаматтар болатын. Ауылдан келген, қорғанышы жоқ балалар апайларының бойынан аналық мейірімді тапты. Олар апайларын анасындай көрді. Апайларының басына бұлт үйірілгенде қайсар жүректі ол балалары оның қасында қасқайып тұрды. Мен оның тірі куәсімін. Қазір ол балалардың барлығы да өмір-өнер әлемінде жұлдыз болып жанып тұр!

 

Алып компанияға қан жүгірткен

Қанша ауырса да жаулары оны қанша тұқыртқысы келсе де Сәуле тәтей үнемі өсті, шыңдалды., биікке өрмеледі. Міне, соның бір айғағы «Қазақтелеком» компаниясында істеген кездерінде жарқырап көрінді. Бұл жерде де  Сәуле тәте ерекше қырымен, ұйымдастырушылығымен жарқ етті. Шынын айтқанда аузын айға білеген «Қазақтелеком» сияқты алып компаниялар түгілі мемлекеттік мекемелерде де осы күнге дейін мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес екенін жақсы білеміз. Міне, осындай алып компанияға  келген тәтеміз мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде ұлан-асыр еңбек етті, тер төкті. Тәтейіміздің екінші арналы тынысы ашылды. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі алыс байланыс нүктелеріне ерінбей барып қазақ тілінің шырағын жағып кететін. Осындай тынымысыздығы, білімі мен білігі, адамдармен жылы қарым-қатынасы компанияда ерекше рөл атқарды. «Қазақтелеком» компаниясы мемлекеттік тілді қолдану жөнінен республика бойынша үлгі етерлік ордаға айналды. Бұл Сәуле тәтейдің мен білетін екінші ерлігі еді.

Жүректе бұққан талант

Төртінші билік атанған қасиетті журналистика әлемнің табалдырығына келген адам аттай алмайды. Оның қазанында қайнаған таланттылар ғана осы әлемде өмір сүреді, қаламымен елді өзіне қаратады. «Қазақтелеком» компаниясынан зейнет демалысына шыққан Сәуле  тәтейдің аяғын жерге тигізбестен «Қазақстан-Zaman» газетіне қызметке алдық.  Жас та болса алыстан көре білетін, кадр тани білетін біздің бас директорымыз, баhадүр жігіт Ахмет Аляз ол кісіні өзінің бірінші орынбасарлығына таңдады. Сондай-ақ Астана шаhарындағы штабымыздың бастығы етті. Көп адамдар бұған күмәнмен қарады. Бірақ Сәуле тәтейіміз  бұл жерден де жарқырып жол тапты. Ұйымдастырушылық қабілетін бұлай қойғанда ол кісінің іште бұғып жатқан қаламгерлік, журналистік таланты өткір мақалалары газет беттерінде шыға бастады. Меніңше бұл тәтеміздің үшінші ерлігі дер едім. «Тіпә-тіпә» тіл-көзден сақтасын! Ұлтымыздың анасы Сәуле Мешітбайқызы тәтеміз алпыс пен жетпістің дәл ортасында отыр бүгін. Бір Алладан тәтемізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Аcхат Сәпиұлы Күзеков:

«Абыройы азаматтардан асып түсетін жан»

Сәуле апаймен апай мен іні ретінде достық қарым-қатынасты маған Алла Тағаланың берген бағы деп білемін. Бұндай адамдар аспандағы сәулесін шашып тұратын күн сияқты. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дегендей, ең біріншіден, Сәуле апамыздың бойындағы имандылығын айтқым келеді. Ол апамыздың кішіпейілділігі, мейірімділігі, адалдығы. Айналасындағы барлық адамдарды кең жүрегімен ана  ретінде қабылдап, барлығына жанашыр болуы.

Екіншіден, апамыздың бойындағы ұлтымыздың тектілігін айтқым келеді. Қазақтың батыр, ұлтшыл қыздарының қасиетін іздесеңіздер, Сәуле апамыздың бойынан табасыздар. Апамыз ұлтын жан-тәнімен сүйеді, сондықтан әрқашан халқына адал еңбек етеді. Үшіншіден, апамыздың ана тіліне деген махаббаты ерекше. Ал, ол ұзақ әңгіме. Сәуле апай «Қазақтелеком» АҚ 2003 жылы келді. Сол кезде босағасынан аттай алмай тұрған ана тіліміздің туын осы компанияның төріне қадады.  Қазақ тілін жүрегімен сүйетін апамыз болғандықтан ғана қазіргі уақытта компанияда мемлекеттік тіл қадырленетін дәрежеге жетіп отыр. Ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қабылдағысы келмеген өзге ұлт өкілдеріне ұлт екенімізді ұқтырып, біздің тілімізді мойындатты.  Филиал болып, аудан болып, орыс болып, қазақ болып қызметкерлер тілге бас ие бастады. Бұны сөз жүзінде емес, маңдай тер, табан етімен іске асырды. Ешкімнен жасқанбай, осы игі істің тізгінін өз қолына алып, бүкіл елдің түпкір-түпкірін аралап жүріп, әр қызметкердің көкірегінде тілге деген сезімін оятты. Апамыз «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамында қызмет істеген жылдарында қазақ тілін, қазақ ұлтын кемсітетін істерге, сөздерге төзіп тұра алмайтын. Жігерлі сөзімен қазақтың  рухын, намысын оятып жүретін. Халық алдында дариядай тасып-толқып сөйлегенін тыңдаудың өзі бір ғанибет еді. Сол кездер әлі есімде, айналасына ерекше сәулесін шашып тұратын. Директор да, қарапайым инженер де, механик те Сәуле апайдың әр сөзін сүйіп тыңдайтын, сағынып күтетін. Әр адамның жанын түсініп, әр қызметкерді, тіпті ешкім білмейтін бір түпкірдегі қарапайым монтердің отбасындағы қиындықтарын ойлап, телефон соғып қорғаштап, мәселелерін шешіп жүретін. Құдайға шүкір, қәзір әр филиалда өзі тәрбиелеген қыздары бар, біз оларды Сәуле апайдың қыздары деп үміт артамыз.

Құрметті Сәуле апай, бүгін бір межелі мерейтойыңызға да келіп қалыпсыз. Сізді осы тамаша тойыңыз күні шын жүректен құттықтап Сізге деген сүйіспеншілігімді жеткізгім келеді. Қазір Сіз халықтың үміті мен аманаты деген ауыр жүкті үлкен абыроймен арқалап жүрсіз. Ел игілігіне арналған қызметіңізде ұлт мерейін өсіріп, Алаштың рухын асқақтатып әлі де талай асуларды бағындыратыныңызға нық сенемін.

 

Қостанай облыстық телекоммуникациялар дирекциясының Бас директоры Қажымұрат Темірханов:

-  Менің аса құрметті әріптесім Сәуле Мешітбайқызының мерейтойына байланысты өзімнің ең шынайы құттықтауымды жеткізгім келеді. 2003 жылдары Қазақтелекомда мемлекеттік тілді енгізу жұмыстары басталған кезде Сәуле апаймен бірлесіп осы салада біраз іс атқардық. Тіл майданында игі бастамалардың басында болдық. Ол кезде осы бағытта ешқандай тәжірибе болмаған, тың игерген кез деуге болады. Сәуле апай Қазақтелекомда іс қағаздарына мемлекеттік тілді енгізу бағдарламасын әзірлеп, осы істің негізін қалаған жандардың бірі. Орталық аппараттың жасаған жобаларының көбі сол кезде Астанателекомның базасында іс жүзінде жүзеге асырылатын. Сондықтан Сәуле апаймен қоян қолтық жұмыс істедік. Біздің әріптестігімізді шығармашылық тандем деп атауға болады. Бірлесіп істеген жұмыстың нәтижесінде көптеген керемет дүниелер пайда болды. Қазақтелекомның іс жүргізушілерінің алғашқы семинарлары, байқаулары... Сәуле Мешітбайқызы өзінің идеяларымен, өзінің тілге деген сүйіспеншілігімен бізді қанаттандыратын. Сәуле апай - нағыз тіл жанашыры. Бірге әріптес болып қызмет атқарған уақытта ол кісіден рухани, имандылық жағынан тәлім-тәрбие алдық десек артық болмас. Сондықтан дарынды педагог, терең ойлап сөйлейтін осы бір жанның кейіннен туған бауырындай болып кеттім. Бүгінгі күні де жаңалыққа құштар, парасатты апамыз шығармашылық жолында қызмет етіп жүргенін көріп шын жүректен қуанамын, мақтанамын! Аса мейірімді, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, жаны жомарт, пейілі дарқан, ойы өткір Сәуле апай! Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға амандық тілеймін!

 

Айгүл Есенәлиева, Қостанай ОТД мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маманы:

-  Ұстаз деген есімді естігенде, жаның гүлдей құлпыра кетеді.Осындай ұлағатты, кемеңгер, асыл жандарды жаратқан Алла тағаламызға шүкірлік етеміз. Бұрынғы заманда мұсылман әлемінде ұстазға деген сый-құрмет жоғары болған екен. Өйткені білгенін басқаларға үйрету, адамгершілік пен имандылыққа баулу - ең сауапты істердің бірі. Оқу, білім, адамгершілік, әдеп, тәрбие - бәрін ұстаздан үйренген шәкірт ұстазды өз ата-анасынан кем қадірлемеген. Тіпті ұстазды қатты құрметтегені сонша - есігін қағудың өзін әдепсіздікке балап, сыртта тұрып, шыққанын күткен екен. Бүгінгі күні дәл осындай сезімімді менің Қазақтелекомдағы ең алғашқы Ұстазыма Сәуле Мешітбайқызына жеткізгім келеді.

Ақыл-ой, күш-қайратыңыз сарқылмасын, шығармашылықтың биігінде самғай беріңіз, самғай беріңіз! Ұлағатты сөздеріңізді сүйіп оқып, сүйсініп ұғатын, сөз қадірін білетін қасиетті халқыңыз аман болсын.

Ернар Мыңтаев, ұлы. Мемлекеттік Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартетінің жетекшісі «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Ерен еңбегі орденінің иегері, Бірнеше дүркін халықаралық конкурстың жеңімпазы

Мен анам арқылы қазағымды таныдым

- Анамның өжеттілігіне, табандылығына қайран қаламын. Ес жиып, ат жалын тартқалы қызу еңбек үстінде келеді. Бір сәтке ұлт мүддесін есінен шығарған емес. Мен анамның "ұлтым" үшін деп қайрауға салған отты сөзін өзіме қаратып айтқан сөз деп бағалаймын. Өйткені, анамның ел мүддесі үшін еткен еңбегі - маған берген тәрбиесі. Мен анам арқылы қазақтың боямасыз өмірін, намысын, ар-ожданын тани алдым. Бұл да, әсіресе, ақ жаулықтылар қатарынан көріне бермейтін аса дарындылық, асқан шеберлік!

Бастаған жұмысына кірісіп кеткенде ақырына жеткенше тынбайтын қажырлығы қандай десеңізші! Ойлап отырсам мүның бәрі жүйкеге соқтығып өтеді екен-ау. Дегенмен, ол кісі мұндай кедергілерді кесіп өтіп, ішіндегіні сыртына білдірмей жүре алатын жан. Анам қай жерде қызметте болса да абыройы асқақ. Оны әріптестері мен замандастары әрдайым мақтаныш еткенін көзім көріп келеді. Менің бүгінгі жетістіктерге жетуіме де анамның сіңірген еңбегі зор. Ол кісі болмағанда мұндай биіктерді бағындыруым мүмкін бе еді.

Мен анамды дарынды басшы, талантты ұйымдастырушы, көреген психолог десем артық айтқандық болмас. Бойымдағы тамшыдай таланттың көзін ашып қатарға қосқаны соның айғағы. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде қаншама дарынды жастарды жетелеп жүрді. Олардың көбі бүгінде елге танымал азаматтар. Ал менің жеке басымның жетістіктері - анамның еліміз үшін төккен тірінің бір тамшысы ғана. "Болашақ" бағдарламасымен шет елдің озық оқу орнында тәлім алуым да - үйдегі ұстазымның асқан еңбегінің жемісі. Бала күнімнен қиғаш қылықтарымды көрген анам: "қиыс кетсең де - қисық кетпе, тентек кетсең де - теріс кетпе" деп отыратын. Ал кейін өнеріме тәнті болған сәтте "ер бол, ер болсаң еліңе тұтқа бол" деген батасын айтудан жалыққан емес. 

Ұлан Қыдырбай, «Қазақтелеком АҚ-ның» - Ұйымдастыру Бақылау Департаментінің менеджері

- Сәуле апай Тіл мәселесіне сонау Кеңестер Одағы кезінде Шона Смаханұлы, Мұхтар Шаханов қатарлы елге танымал азаматтармен бірге бел шеше кірісті. Әлі күнге сол биігінен түскен жоқ. Сол дәуірдегі ана тіліміздегі мектептерді ашу үшін тер төккен жандардың бірі ретінде Сәуле Мешітбайқызының алатын орны ерекше. Кез келген жұмысты шебер ұйымдастырушы, халық ағарту ісіне мол тер төккен ұстаз, ұзақ жылдар республикалық деңгейдегі мектептерде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, басшы қызметтерін абыроймен атқарды.

Сәуле Мешітбайқызының ана тілімізге деген жанашырлығын мына сөздерінен аңғаруға болады: «Мен мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде шаршамаймын, ол менің тікелей жұмысым, азаматтық борышым деп түсінем. Кейде самолетпен, кейде пойызбен, енді бірде машинамен республикамыздың алыс аудандарына дейін  сапарға шығамын. Қасиетті ана тілімді өркендетуге еш аянбаймын. Ол үшін елді жаяу аралауға бармын. Шыным-осы».

Өтеуов  Мұхтар  Жамашұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы  атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Жамбыл атындағы Қазақ

мемлекеттік  филармониясының  директоры, (Жұбанов мектебінің алғашқы түлегі):

- Өнер  жолында жүргенде талай адамдармен  араластым.  Ал, енді  Сәуле Мешітбайқызымен кезінде, Ахмет Жұбанов мектебінде әріптес, қызметтес болдым. (Қосымша совместитель). Сөзімді бастамас бұрын мынаны айтқым келеді. Қазір «батыр» көбейген тәуелсіз елде тіршілік кешіп жатырмыз. Болмағанды болғандай қылып, төрге ұмтылып, өзін жарнамалап қалайда көзге түсіп қалуға тырысып жатқандар қаншама. Сәуле апайдың олардан ерекшелігі ондай қадамдарға бармауында жатыр. Әйтпесе тіл үшін не көрмеді ол кісі. Он жыл бойы денсаулығынан айырылып жұмыссыз жүрді. Алған бетінен қайтпай, ақыры өзінің ісінің ақтығын дәлелдеп шықты.  Жұбанов мектебінде ана тілінің қамын жеп қуғынға түсіп қамыққан кезі көз алдымнан кетпейді. Жиі барып тұратынмын. Өйткені ол кісі рухани жалғызсырап жүрген болатын. Кейін ғой жағдайдан хабардар болған қазақтың марғасқа ұлдарының демеп, қолдағандары. Өйткені бұл оқиға сол кездегі БАҚ -на күнде шығып тұрды. Кейін меніде Сәуле Мешітбаевамен араласасың деп «айыптады». «Араласпа»  деген талап қойды. Мен бұған шыдай алмай жұмыстан өз еркіммен кеттім. Ол ерлігіме бүгінде мақтанамын. Ер мінезді, ұлтжанды, тіл майданында сара жолы бар Сәуле, сонау бір  кеңестік заманның өзінде музыка мектебінің ішінде «Абай апталықтарын» ұйымдастырып, қазақ тілінің  жай-күйіне алаңдап жүруші еді.

Осындайда тіл ұшына "жақсыдан шарапат" деген сөз оралады. Алпыстың асқарына шыққан Секеңе, немере шөбереңнің қызығын көріп, шәкірттеріңнің ортасында марқайып, тынымсыз адал еңбектің мәуелі жемісін жеуіне тілектес екенімді білдіргім келеді.

Қостанай облыстық телекоммуникациялар дирекциясының Бас директоры Қажымұрат Темірханов

Менің аса құрметті әріптесім Сәуле Мешітбайқызының мерейтойына байланысты өзімнің ең шынайы құттықтауым мен ең игі тілегімді жеткізгім келеді. 2003 жылдары Қазақтелекомда мемлекеттік тілді енгізу жұмыстары басталған кезде Сәуле апаймен бірлесіп осы салада біраз іс атқарғанымызды мақтан тұтамын. Тіл майданында игі бастамалардың басында болдық. Ол кезде осы бағытта ешқандай тәжірибе болмаған, тың игерген кез деуге болады. Сәуле апай Қазақтелекомда іс қағаздарына мемлекеттік тілді енгізу бағдарламасын әзірлеп, осы істің негізін қалағандардың бірі. Орталық аппараттың жасаған жобаларының көбі сол кезде Астанателекомның базасында іс жүзінде жүзеге асырылатын. Сондықтан Сәуле апаймен қоян қолтық жұмыс істедік. Біздің әріптестігімізді шығармашылық тандем деп атауға болады. Бірлесіп істеген жұмыстың нәтижесінде көптеген керемет дүниелер пайда болды. Қазақтелекомның іс жүргізушілерінің ең бірінші семинарлары, ең бірінші конкурстары... Сәуле Мешітбайқызы өзінің идеяларымен, өзінің тілге деген үлкен сүйіспеншілігімен бізді қанаттандыратын. Сәуле апай - нағыз тіл жанашыры. Бірге әріптес болып қызмет атқарған уақытта ол кісіден рухани, имандылық жағынан тәлім-тәрбие алдық десек артық болмас. Сондықтан дарынды педагог, терең ойлап сөйлейтін осы бір жанның кейіннен бір туған бауырындай болып кеттім. Бүгінгі күні де жаңалыққа құштар, парасатты апамыз шығармашылық жолында қызмет етіп жүргенін көріп шын жүректен қуанамын, мақтанамын! Шәкірттеріне аса мейірімді, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, жаны жомарт, пейілі дарқан, ойы өткір апамыз! Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға амандық тілеймін!

ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗ, МЕЙІРІМДІ АНА

1986 жыл. А.ЖҰБАНОВ  Атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық музыкалық  мектеп-интернаты. Сабақ жүріп жатыр.

Дәріс беруші мұғалім - Сәуле Мешітбайқызы . Әншейінде жүзі жылы , өңі анық   апайымыз  бүгін көңілсіз, сынып іші жым жырт, біздер аң таң  ...

Ол кез Колбиннің Қазақстанға енді ғана бас хатшы болып келген кезі болатын. (Біз әлі баламыз, әрине небары 5 ші сыныпта оқығандықтан мән-жайды түсіне бермейміз),

- Не боп қалды екен , ә?   Е-е,  апайдың үйінде бір жағдай болып қалған екен ғой, - деп сыбырласып қоямыз.

Бір уақытта Сәуле апай басын көтеріп,күрсініңкіреп : - Балаларым- ау, елімізде қандай сұмдық жағдай болғанын білемісіңдер өздерің?-деп сұрақ қойды(бала болсақ та ананы -мынаны естиміз,қаладан қатынап оқитын оқушылар бар). Ана жер,мына жерден : «Иә , апай естідік, білеміз», - деген   жауаптар естілді.

- Айтыңдаршы , ғасырлар бойы қазақ халқының көріп келе жатқан азабы мен тауқыметі аз ба еді? Өз ұлтымызды өз ұлымыз неге басқармайды ? - деп,  есейіп келе жатқан қазақ  балаларының саналарын рухтандырып, әңгімені әріден қозғап, тарихта орын алған ұлт -азаттық көтерілістердің себептері мен сырларын ашып, жас жүректерде намыс отын  жандырып,  патриоттық жігерімізді жаныған адам - ол Сәуле апай болатын!

Аяулы Сәуле Мешітбайқызы, білемін, сіз бүгінде талмай, тынбай еліңіздің ертеңі үшін ақ адал еңбек етудесіз! Ендеше жасай беріңіз, ал мен  болсам сізден  алған  тәрбие мен білімімді тек тәуелсіз еліміздің өнерін өркендетудің жолына арнаймын деп ант етемін!

Құрметпен балаңыз, композитор,тележүргізуші ,  продюсер,республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты , ҚР мәдениет қайраткері Арман Дүйсенов.

Тамыршысы дәуірдің

Дәуірінің тынысынан сыр ұққан,

Сан күресте жаны күйіп шыныққан.

Ары таза-жас сәбидей былықтан,

Қанып ішкен мөлдір, таза тұнықтан,

Өзің едің апатай!!!

Күншіл тобыр қақсадағы тобықтан,

Жақсы адамдар періштедей-жолыққан.

Тіршілікте қамыққан Һам торыққан,

Дарындыны құшағынап ап жылытқан,

Өзің едің апатай!!!

Мейіріміңіз елжіреген-шуақтай,

Өмір, Өмір барады ағып сынаптай.

Тәліміңіз сарқылмайды-бұлақтай,

Тілдің туын келе жатқан құлатпай,

Өзің едің апатай!!!

Қыранға тән көк жүзінде қалықтау,

Ұстазға тән үйретуден жалықпау.

Жүріңізші алдымызда болып сау,

Ана деген асқақ атың-алып тау,

Аман болыңыз апатай!!!

Нағашыбай Қабылбек

.......................................................

 

0 пікір