Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Дат 6079 12 пікір 3 Наурыз, 2020 сағат 13:25

Министр Тұрғымбаев «еститін мемлекетті» естімеген бе?..

1 наурызда тағы да елішілік митинг өтті. Өтті деуге келмес, өйткені ақиқат іздеп алаңға барғандардың айтқан ой-талаптарынан гөрі, полицияның күшке салған көтензорлық әрекеттері көбірек әңгіме болды.

Полиция «қоғамдық тәртіпті, митинг өткізу тәртібін бұзды» деген екі желеу, бір сылтаумен бейбіт шеруге барғандарды да, бара жатқандарды да ұстап жатқанын көрдік. Олардың арасында өздерінің кәсіби қызметтерін атқарып жүрген журналистер де болды. Полиция қызметкерлері олардың сары жәкеттеріне де, қолындағы журналистік куәліктеріне де қарамаған. Полиция бөлімшесінде біраз уақыт ұстап отырып, кейін босатып жіберген.

Сол күні журналист Инга Иманбайға «әлдекімдердің» күш қолданғанын, соның салдарынан басынан ауыр соққы алғанын «Facebook» желісінде ресми тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамай хабарлады. Ал алаңға бара жатқан «Дат» гәзеттер жобасының жетекшісі, Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи да полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Алаңда ақпарат таратып жүрген бірнеше тілшінің полиция көліктеріне күшпен отырғызылғанын «Азаттық» сайты хабарлады.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 наурыз күнгі еліміздің бірнеше қаласында өткен митингте ұзын-ырғасы 80-ге жуық адам ұсталғанын мәлімдеді.

Картинки по запросу "тұрғымбаев"

«Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, кеше біраз азамат экстремистік ұйымдар үшін рұқсат етілмеген орындарда митинг ұйымдастырмақ болды. Полиция қоғамдық тәртіпті ретке келтіру үшін шара қабылдады. 80-ге жуық адам полиция бөліміне жеткізілді. Әңгімелесуден кейін барлығы жіберілді.

Төртеуі ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды: біреуіне айыппұл салынды, үшеуі әкімшілік қамауға алынды. Екі адам полицияға қарсылық көрсеткені, біреуі рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін қамалды», - деді ЕрланТұрғымбаев.

ЕҚЫҰ баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілдігі «Twitter» парақшасында алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады.

«Журналистер зорлық-қомбылықтан қорықпай, еркін жұмыс жасай алуы керек», деп жазды.

Осыған дейін «Amnesty International» Халықаралық құқық қорғау ұйымы 22 ақпанда өткен митингтегі полиция әрекетіне алаңдаушылық танытып, әкімшілік жүйені митингте қамалған азаматтарды босатуға шақырған.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Еститін мемлекет» концепциясын жүзеге асыру туралы айтқан болатын. Сол Жолдауда елдегі бейбіт митингтерге рұқсат беру керектігін де айтқан еді.

«Егер бейбіт шерулер заң бұзу мен халықтың мазасын алу мақсатында болмаса, шет жақтан емес, арнайы орын ұсынып, митинг өткізуге рұқсат беру керек. Конституцияға сай емес әрекеттер, бұзақылық акциялар заң аясында тоқтатылады», - деген Президент.

Бейбіт шеруге барған журналистердің ұсталуы – БАҚ туралы Заңды өрескел бұзу екені айтпасада түсінікті. Ал енді ә, дегенге әкіреңдік танытқан Тұрғымбаев полициясының әрекеттері Президент Тоқаевтың «еститін мемлекетінің» қағидатына қаншалықты сай? Біз «Дат» гәзеттер жобасының жетекшісі, Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи мырзаны сөзге тарттық, әңгіме құрдық.

Ермұрат Бапи, тәуелсіз журналист:

- Сол митингі болатын күні Алматыдағы Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысынан өткен кезде, мені полиция тоқтатты. Өңшең лейтенанттар мен сержанттар. «Алаңда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, өтуге болмайды» дейді. Ал Тәуелсіздік монументінің маңында біраз адамның, журналистер тобының жүргені көрініп тұр. Мен әрине қарсылық білдірдім: журналист екенімді және өзімнің кәсіби парызымды өтеуім керектігін айтып, ол үшін алаңға баруым қажет дегеніме қарамай, қолымды қайырып, «автозакқа» зорлықпен әкеліп қамады. Журналистік куәлігіме пысқырып қарамады. Алмалы аудандық полициясына алып келді. Сағат түскі он екі жарымнан кешкі бес жарымға дейін отырдым. Мені әуелде әлдебір қылмыстық іс қозғалып, соған куә ретінде апарғандарын айтты. Бірақ Алмалы аудандық полициясының тергеушісі, аға лейтенант – ол да бір отырған біреу – Тимур Қартбердиев іс Қылмыстық кодекстің қандай бабымен және кімге қатысты қозғалғанын айтудан бас тартты. Бірақ, тергеушінің сұрақтарының көбі М.Әбләзовтің «ҚДТ» қозғалысына қатысты болды.

Ал соңғы, 1 наурыздағы митингіге шақырған Әбләзов емес, соңғы кезде Қазақстанның саяси алаңында пайда болған жастардың саяси қозғалыстары еді. Жанболат Мамайдың партиясы мен Астанадағы Бэлла Орынбетованың «Республика» қозғалысы бастама көтерген болатын.

Билік сол митингке көп адам жиналады деген ойда болса керек. Бірақ, ол соңғы бір-екі күнде ғана хабарланды да, оған көп адам жинала қоймады. Бірақ, жоғарыдан жарлық болған сияқты: қалайда митингті өткізбеу керек деген. Содан «бұйрық қатты, жан тәтті» дегендей, полиция шектен тыс әрекеттерге барды.

Менің ойымша, полиция қызметкерлері өздерінің заңсыз және қылмыстық әрекеттері үшін жоғарыдан жарлық берген лауазымды адам жауап береді, ал біз «при исполненияда» жүрміз деп ойлайтын болуы керек. Әрине оларға команда берген – Ішкі істер министрлі Ерлан Тұрғамбаев пен ол бағынатын Қауіпсіздік Кеңесі екені мәлім.

Ал митингіге жиналғандар – журналисі қайсы, басқасы – кім, ештеңеге қарап жатпай, бәрін қамаудың әрекеті – биліктің агониясынан туған. Олар қайткенде митингті болдырмау, сол арқылы жоғарыдағы басшыларды тыныштығын қамтамасыз ету үшін осындай заңсыздықтарға, тіпті қылмыстық әрекеттерге баруға мәжбүр болған.

Полиция жоғарғы жақтың командасын орындауға мәжбүр болды деп, мен оларды ақтап отырған жоқпын. Егер олар «біз қызметімізді атқарып жүрміз, бізге жауапкершілік болмайды» деп ойласа, қатты қателеседі. Ертең, жаңа тарихқа ревизия жасалған кезде, анау Жаңаөзеннен, одан арғысы Алтынбек пен  Заманбектердің қазасынан бастап, күні бүгінге дейін елде болып жатқан саяси қылмыстардың, тіпті террорлық әрекеттердің барлығының кейіпкерлері аталған кезде, заңсыз команданы орындап, жендеттік жасаған полиция қызметкерлері де жазасын алатын болады. Қалай болғанда да, елдегі, қоғамдағы заңсыздықтарға қатысқан полицейлердің аттары аталуы керек. Бұл әлем тарихындағы транзиттен өткен елдердің барлығының басынан өткен жағдай.

Президент Тоқаевтың «еститін үкімет» концепциясы – бұл бос сөз, президенттің аузынан шыққан жалаң декларация ғана. Ішкі мәдениеті таза адамның қоғамда азаматтық қатынастар орнаса екен деген ниеті ғана. Бірақ, оның «еститін үкіметі»  әлі жүзеге аспаған идея.. Оны жүзеге асыру үшін – Тоқаев мырза мемлекет басшысы ретіндегі лауазымдық қызметін толық жүзеге асыра алатын деңгейге жету керек. Ал қазір, қоғам пікірі көрсетіп отырғандай, биліктің екінші басында экс-президенттің отыруы бұл мүмкіндікті тежеп отыр. Оның мысалы, кадр тағайындау мәселесі. Жоғарғы лауазымдық қызметтерге Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуынсыз ешқандай кадр тағайындалмайтынын біз түгілі шетелдік БАҚ жазып жатыр. Ал қазіргі Тоқаев Үкіметіндегі министрлердің барлығы дерлік кезіндегі Назарбаевтың кадрлары. Тіпті, Ішкі істер министрі, Қауіпсіздік комитетінің төрағасы секілді күштік құрылымдар тікелей Қауіпсіздік Кеңесіне бағынышты. Оларды тағайындау немесе қызметінен алуды Назарбаев шешеді. Бірақ, Жарлыққа Тоқаев қол қояды. Сондықтан «еститін үкімет» -  тұйықталған шеңбер іспетті жалаң сөз ғана. Оған осы митингі кезінде тағы бір рет көзіміз жетті.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1372
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1201
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 947
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1046