Дүйсенбі, 6 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 584. Жазылғандар — 42. Қайтыс болғандар — 6
3448 9 пікір 13 Ақпан, 2020 сағат 12:16

Алматы облысында 30 отбасы тегін пәтер алды

Ел тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту қызметі қарқынды жүріп жатқанына көп уақыт болды. Ел үкіметі арнайы бағдарламалар қабылдап, азаматтардың баспаналы болуы үшін бар жағдайды жасап отыр деуге мүмкіндік бар. Әсіресе қиыншылығы бар отбасылар мен көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жасалатын арнайы жеңілдіктер бар.

Өткен жылы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырма берілген күннен бері әр облыс, ауданда қоныс тойын тойлағандар саны артып келеді. Бұл тұрғыда билікпен қатар жергілікті бизнесмендердің де пайдасы ұшан-теңіз болды.

Атап айтар болсақ, жақында ғана Алматы облысында тұратын меценаттар Болат Әбілов пен Ораз Жандосов Қапшағай қаласында отыз бірдей отбасына су тегін пәтер сыйлады. Осы ақжолтай хабар баспаналы болуды армандап жүрген қаншама көпбалалы аналардың төбесін көкке жеткізді. Осы жолы баспаналы болғандар қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедек жандармен қатар, жетім балалар да бар екен.

Меценаттар сыйлаған баспана сертификаттарын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзі келіп, арнайы табыстады. Амандық Баталов осы күні баспаналы болған азаматтарды құттықтай отырып, Алматы облысында азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін өте ауқымды қызметтер атқарлып жатқанын жеткізді. Әрі бұл жұмыста мемлекеттік бағдарламалармен қатар осы аймақтағы жергілікті меценаттарының үлкен көмек көрсетіп отырғанын да мәлімдеді.

-Былтыр облыста 894 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп көрсеткіш. Халықтың аз қамтылған бөлігі мен тұрғын үй кезегінде тұрғандарды қолжетімді баспанамен қамтуда мемлекетпен қатар, жергілікті меценаттар да көп көмек көрсетуде. «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Бақытты отбасы» мембағдарламаларының арқасында 2443 отбасы баспанаға қол жеткізді, олардың 1779-ы – әлеуметтік аз қамтылғандар мен көпбалалы аналар. Ал бүгін біз облысымызда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнесмендердің өз қаржысымен көпбалалы жанұяларға, жетім балара мен мүгедек жандарға 30 пәтер сатып алып бергеніне куә болып отырмыз, – деді Амандық Баталов.

Біз сөз етіп отырған пәтерлер Алматы облысындағы «Teniz Towers» тұрғын үй кешенінен берілді. Бұл пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынған болатын. Осы тұрғын үйлерді бизнесмендер Ораз Жандосов пен Болат Әбілов басқаратын «Eneverse Kunkuat» жауапкершілігі шектеулі серіктестік өз қаражатына сатып алып, мұқтаж отбасыларға сыйға тартып отыр.

Баспаналы болған қапшағайлық тұрғындардың атынан көпбалалы ана Светлана Кеулімжаева мен «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләззат Салықова баспана сыйлаған бизнесмендер мен облыс басшылығына алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Ал облыс әкімдігі мен бизнесмендер баспаналы болған тұрғындарды жақында өтетін қоныс тойымен құттықтады. Бұл қоныс тойы мамыр айында өтеді. «Teniz Towers» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді мамыр айында қолданысқа беру жоспарланып отыр.

-Мен «Алтын алқа» иегері, көпбалалы анамын. 2008 жылдан бері мемлекеттік қор есебінен тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бүгін мен үшін аса қуанышты күн болды. Менің отбасым да үйлі болатын болды. Осы жердегі барлық көпбалалы аналардың атынан бәріңізге шексіз алғысымды білдіремін, - деді баспаналы болған көпбалалы ана С. Кеулімжаева.

Сөз соңында айта кетеріміз, отыз бірдей отбасыға пәтер сыйлап отырған «Eneverse Kunkuat» жауапкершілігі шектеулі серіктесті біраз уақыт бұрын Қапшағайдың маңынан 100 МВт қуатқа ие күн электр станциясын салған болатын.

Abai.kz

 

9 пікір