Сенбі, 27 Сәуір 2024
Абай мұрасы 56098 6 пікір 10 Ақпан, 2020 сағат 12:59

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...»

(Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңіне түсінік)

«Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» (1894) – адамның болмыс-бітімін ұқтырған үш шумақ өлең. Алғаш рет 1909 жылғы тұңғыш жинақта басылған. Бірақ «Ғашықтық, құмарлық пен ол – екі жол» атты өлеңмен бірге, бір туынды ретінде берілген. 1954 жылғы жинақтан бері  олар бір бірінен бөлек, екі өлең болып басылуда. Алайда «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек»-тің жазылған жылы «1889 жыл» деп өзгеріссіз қала берген. Бұл қателік. Шындығында, өлең жазылған уақыт – 1894 жыл. 

Оған бұлтартпас дәлелдер кәне? «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп басталатын он жетінші қара сөз аталмыш өлеңге түсінік есепті. Бұл екі шығарма  мезгілдес – 1894 жылдікі деген сөз. Оған «толық адам» тақырыбы алғаш қозғалған «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі де осы жылдікі екенін қосыңыз. 

Сөйтіп, үш шығарма (екі өлең және бір қарасөз)  мезгілдес екендігі соқырға таяқ ұстатқандай анық.

 «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңі «Әсемпаз болма әрнеге»-ге ілесе жазылған дейміз. Өйткені, алдыңғыда екі қасиет (ақыл, қайрат) дамыта айтылып, мәнісі тиянақталған. Сондай-ақ, үшінші қасиет – «әділет-шапқат» дегені «ыстық жүрек» екені анықталған.   

Өлеңге түсінік беруден бұрын ой бөлісер тағы бір жәйт, таяуда «Абай.кз» сайты жариялаған «Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» деген мақала соңына жазылған бірер тосын пікірлер кездесті. Пікір білдірушінің бірі: «Абай – философ емес!» деп кеу-кеулесе, екіншісі: «Абай шығармалары ауыл абызының керенау баласына, оны кемсіте отырып, мендей бол деп айтқан өсиет кеңестері», – депті. Ол аздай, былай да күйінеді: «Абай философиясы бүкіл адамзаттың философиясы емес. Оны Данте, Гете, т.с.с. философиясымен салыстырып көр! Шектен шықпалық. Абайшыл әрекетіміз дарақылыққа айналып бара жатыр». Астапыралла, жетіскен екенбіз!

Бірақ бұл ортақ – кінә әрі күнә. Тылсым – жан әлемі туралы өлмейтін ілім, шын философия иесі – Абай. Мұны қазіргі ұрпақ қайдан білсін?! Кешегі кеңестік дәуірде Абайдың ойшылдық әлемі бұғатталып, сырын бүкті. Дүниенің көрінбеген емес, көрінген сыры туралы сүйкектетіп «жүйе» жазған ғалым атаулы «философ» делінді (бірде бірінің ілімі заманға ілесе алмады,  оларды өмірдің өзі жоққа шығарды). Ал «хакім» дегенді білмедік те. Соңғы отыз жылда Абайды ашуға асықтық па? Жоқ, қайта жылы жауып қойдық. Түсінік бермедік. Өз бетінше Абай сыры ешқашанда ашылмақ емес.

Сонымен, кемеңгердің кемеңгерлігі неде? 

 Абай: «Жүректің көзі ашылса, ...Адамның хикмет кеудесі» демей ме. Дүниенің көрінбейтін сырын, екінші түрде, түп хақиқатты тек жүрек сезеді. Хикметті көру, сезу – кемеңгерліктің әуелгі шарты (бұл жерде мен «илхам» делінетін тек жүрек арқылы Құдайдан келетін білімге меңзеп отырмын). Екінші, шарттың ең маңыздысы – сол тапқан асылды  халыққа жеткізетін ғажайып өнер иесі болуың керек. Осы екі шарттың тоғысуы қиынның қиыны, сол себептен жер бетінде «кеудесі хикмет» шын кемеңгер аз, тіпті саусақпен санарлық. Абайда осы екеуі де болған. Әлемдік рухани Эверестке шыққаны сол. Абайдың бір кітабы жүздеген томдардан асып түсетіні, неше ғасыр өтсе де, өзінің сирек кемеңгерлер шоғырында қала бермегі де осымен өз түсінігін табады. Бұл-бір. Екіншіден, тер төгіп, зерттеп-зерделемей-ақ «Аһ, Дантесі, Шекспирі, Гетесі!» деп Батысқа көзсіз бас ұру дертінен айықсақ жөн (бұл кешегі еуроцентризмнің зомбилегені бізді). Өзіңіз де ойлаңыз, олар діндердің отаны – Шығыстан нәр алғандар. Жантану ілімінде олардың Абайдан асып  сыр ашпағаны құрандай ақиқат. Әлгіде бірі – «Абай – философ емес», енді бірі – «Ауылдың абызы ғана» деп әулие хакімді өзгеден кем көрген сабаздарға айтарым осы. 

 «Адамды сүй, Алланың хикметін сез», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсақ, Алланың сүйікті құлының бірі боласың» сияқты жүздеп саналатын философия егесі болуға академик те, лауреат та шарасыз. Абайға абай болайық. Жеңіл-желпі сөйлемей, өсиетін көңілге тоқып алайық, ағайын. Әркімді алда бақ па, әлде сор тоса ма – осыған да байланысты!  

Осымен, өлеңге оралайық. Алғашқы шумақта бүкіл адамзаттың Абайы:

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, табанды шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек, – дейді. Ақыл «зерек», себебі – Алла тағала адам баласын ерекше ақыл иесі қылып жаратқан (бүгінгі күнгі адамзаттың таңғажайып жетістіктері – соның дәлелі). Бірақ ол ақыл әуелде «бір суық мұз» екен. Абай көпке «Қайтсек ол сәулелі, нұрлы болмақ – мұзы ерімек?» деген ой тастаған. Оған жауап екінші жолда. Жүрек – он екі мүшенің ең асылы. Ол тұла бойға қан таратады. Оның жылуынан ақыл да тыс қалмақ емес. Бірақ ақыл мұзын ерітудің жөні басқа. Ол үшін керегі – иман. Сонда ғана адамға адамшылық, яғни ес, сана, түйсік қонады. Төрт жыл кейінде Абай: «Ақылға сәуле қонбаса, Қайуанша жүріп күнелтпек» дейтіні сол. Сөйтіп, ақыл мен жүрек біріне бірі байлаулы. 

Енді үшінші қасиет – қайратқа зер салайық. Егер ақыл суық болса, онда қайрат та қатігез, онан қоғамға келер кесапат зор. Қайрат жақсылықты берік ұстанар болса, керісінше тиер пайдасы шаш-етектен. Мысалға адамның өзін-өзі жетілдіруі, тоқтау, сабыр қылып, мінезін түзеуі – осы қайраттың ісі. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» демей ме.  

Осы алғашқы шумақта үшінші жол бірде «талапты шыдамдылық», енді бірде «қалыпты шыдамдылық» деп басылуда. Екеуіне де сыни көзбен қарап, «табанды шыдамдылық» деп алғаш өзгерттім. Өйткені, Абай көнтерлілікті емес, алдыға қойған мақсатқа жетпей қоймайтын жігерлілікті кестелеп отыр. Осыны «талапты» я «қалыпты» сөзінен гөрі «табанды» дәлірек, күштірек жеткізетіні анық сияқты. Бірінші шумаққа түсінік осымен тәмам.

Екінші шумақта Абай: 

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек, – деп түйін түйеді. Әлгіде айттық, ақыл суық болса, зеректігінен не пайда, не қайыр? Қайратта қару көп, күш мол. Әйтсе де, жеке өзі жарытпайды. Ол ақылға көнсе жақсы. Абай: «Ер ісі – ақылға көнбек, бойды жеңбек» дейді. 

Үшеуі бірге жегілуі үшін керегі – Тәңірі үшін махаббат қылу. Сонда жүрек ақылдан нәрленбек. Қайрат бар күшін ғылым мен өнерге салмақ. Міне, Абай осыны ұқтыру қамында жарым естіге есті кісіні қарама-қарсы қояды.

Жинақтарда екінші жол «Сонда толық боласың елден бөлек» делінген. Дұрысы – бөлек пе, әлде ерек пе? Мінсіз сөз иесі Шәкәрім «Адамшылық» атты өлеңінде:

Кісіге адамшылық неге керек?
...Адам боп, қайуаннан болсаңшы ерек! – дейді. Абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай да өз ізденісінде «ерек» сөзі жөн деп дәйектепті. Жаңа үлгідегі екі томдық жинақта көкейге қонымды түзетуді қабыл алдық. 

Әсілі, кемелдік деген – үш қасиет (ақыл, қайрат, жүрек) үйлесімі. Үш қасиетті бірдей ұстау – есті адамға тән мінез. Құран аяты: «Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді» (7:198) дейді. Пенделік я «жарым ес» деген – осы. Абай «Есер, надан болудан қаш, кемел кісі, есті адам болуға ұмтыл!» деп үндеген.

Сөйтіп, «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңі Абайдың «толық адам» жайлы ізденісіне 1894 жылы кіріскенін аңғартады. 

Бұл пайымға жанама дәлел ретінде сыртқы жәйттерге көз сала кетейік.  

Өзі туралы «Ойға түстім, толғандым» (1893) өлеңінде «Осынша ақымақ болғаным, Көрінгенге қызықтым. ...Ақыл менен білімнен, Әбден үміт үзіппін» дегенді Абай жайдан жай айта салмаған. Бұл ғылым айдынына қайта оралу туралы шешімі. Келер жылдан ғылым сарасын қайта табады. Осы жылы шәкірті Әнияр Молдабаевқа Семейден еңселі үй сатып әперген, сонда кейде айлап жатып, ғылым-білім бастауына мықтап ден қояды. Ақынның өзі: «Аңсаған шөлде су тапса, Бас қоймай ма, бастауға?» демей ме. 

1890 жылдары Ресей мұсылмандары қауымында «исламшылдық үгіті» (Әуезов), яғни ислам идеологиясы қарқын алды. Бұған Семей шаһарынан да көз жеткіземіз. Сенсеңіз, кітапханасыз мешіт болмаған, Қазан баспасынан шыққан және қажылық сапардан әкелінген кітаптар мешіт ішіндегі сөрелерде иін тіресіп тұрған. Олардың арасында Әбу Әлі ибн Сина, әл-Бируни, Әбу әл-Мағри, имам әл-Матуриди,  имам әл-Ғазали сияқты әйгілі мұсылман философтарының еңбектері тұруы заңды құбылыс. Олардың көбісін Самарқант мен Бұқарада 12 жыл ілім үйренген татар ғалымы Шиғабутдин Маржани ғылыми айналымға қосқантұғын. Абай Шығыс қайнарын осылай тапты десек қателік бола қоймас. «Толық адам» идеясы мен әл-Фараби, әл-Ғазали, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Дауани ғұламалар айтқан «кемел адам» арасындағы сабақтастық осыған сілтейді.  

Көзі көргендер Абай қаладағы онға тақау мешіт-медресенің мүфти, имам, қазыларымен достық қарым-қатынаста болған деседі. Оған қажыға барған жүзмембет Жақия сынды қазақ байларын қосыңыз. Иман, тағат, Хақ жолы туралы ой-пікір алмасулар, мейлі, жалауына «Ғылым және ислам» ұранын жазған жәдидизмге қатысты бақаста дейсіз бе, бір анығы – Абай ойқастап озып, «ислам жүйрігі» атанған. 1898 жылы миссионер Сергий Жоғарғы Синод тапсырысымен дін мәселесін тексеруге Семейге келгенде, абыржыған жамағат қарсы дауға Абайды сайлағаны осының дәлелі. Жеке сұхбат соңында тысқа шыққан Сергий қасындағы поптарға: «Әй, қойыңдар, Ибраһим Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес!» деп Абайға зор ілтипатын білдіріпті (Көкбайдың естелігі).   

Мінеки, Абай «толық адам» танымын қашан, қандай жағдайда қолға алғанын естелік сөздер де байқата алады. 

Енді соңғы үшінші шумаққа келейік. Ондағы:

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, – деген түйінді ойын Абай қарасөзінде: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен», – деп қорытады. Бұл жерде «ғылым» сөзі заттық білім ғана емес, рухани болмыс да қамтылған толық білім, осыны ұмытпайық! Сондай-ақ, Абайдың «жүрекке билет» дегені мен әл-Фараби бабамыздың: «Жүрек – басты мүше, оны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше, бірақ оның үстемдігі бірінші емес» деген танымы тамырлас.   

 «Толық инсаният» үшін ең керегі – мінсіз мінез һәм толық білім. Ойшылдың үш қасиеттің «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз» екенін қайталап айтып, оларға ғылымды төреші еткені осымен өз түсінігін табады. 

Әлемдік деңгейдегі кемеңгер Абайға фәлсафаның шұғылалы шыңы қашан, қалай бағынған? 1894-1897 жылдар аралығы – Абай мұсылмандық Шығыстың әдебиетін шұқшия оқып, тереңдеп тексерген тұс. Сонан тапқан ілімінің бірі –  ортағасырлық «кәміл адам» концепциясы еді. Бірақ бұл ілімге Абай қанағаттанбаған. Неге? Үш қасиет түбі анықталмаған, бір, ғылым-білім заманына сәйкес емес, екі. Сондықтан «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) трактатына қалам тербеп, ондағы қилы ізденісі жөніменен аталған екі мәселенің түбегейлі шешімін табады (1898-1901 жылдар).  «Философ емес» дескен шіркіндер, «толық адам» да, «иманигүл» ілімі де – Абай жаңалығы. Әлемдік ой-санаға қосқан қомақты үлесі, мұны білмеу – ұят нәрсе енді. 

Түйін. Үстіміздегі ғасырда «толық адам», «иманигүл» сынды жүйелі философияға күллі адамзат баласы ынтазар, зәру. Демек, шағын өлеңнің құндылығы мен өміршеңдігі кеміген жоқ, тек арта түсуде. Күллі жаһандық рухани дерт – жүрекке билетпегендік. Жан тәнге бас ұрды. Суық ақылға күші мол қайрат қосылып, адамзат басын тауға да, тасқа да соқты. Болашақты жүрекпен көре білудің аты – әулиелік. Әулие Абайдың «Алдың – жалын, артың – мұз, Барар едің қай жаққа?» дегені келді, оған дәлел керек емес. 

 Асан Омаров 

Abai.kz

6 пікір