Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2566 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 07:30

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». (жалғасы)

Осы бір бақталайсыз жанұяның тағдыры туралы Гүлнар Міжақыпқызы Дулатова:

«Дәрігерлік институтта оқып жүргенімде Елдес аға орыстарға қазақ тілінен сабақ беретін. 1935 жылдары жиі келіп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда, көз алдымнан бұлдырап, алыстағы сағымдай  қайта оралмас бақытты бала кезім елестеп өтетін. Әкемді көруге зар болған сағынышым одан сайын күшейіп, жүрегімді сыздататын. Мамам: «Елдестің семьсы берекесіз, неміс әйелінен - Эльза Адамовнадан қорлықты көп көрсе де, шыдайтын, - деп отырушы еді. Жас болғандықтан неге олай деп қазбалап сұрамайтын едім. Алпыс жылдан соң, 1989 жылы Райымжан Бөкейхановтан кейбір сырларын білгендей болдым. Оның Эльзаны сипаттауынан кейін мамамның жақуратып айтқан кейбір сөздері есіме түсті.

Елдес аға өзінің досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Смет Кеңесбаевқа: «Смет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын. Аяулы Міржақып Дулатовтың - жан жолдасымның дүние салғанын естідім. Менің сабағымды өзің өткізе сал», - депті. Мұны маған 1960 жылы Смет ағаның өзі айтты», - деп еске алады.

Иә, Эльза Адамқызы адамдықтың ала жібін жиі аттаған сияқты. Біз күмәнмен қараған біраз сұрақтардың астары мына естеліктен анықталып отыр. Баласы - әкесін ұстап бергеннен гөрі, «төсектесін» (сожительница - Е.Омаров) ұстап беру, әрине, әлдеқайда жеңіл.

Осы бір бақталайсыз жанұяның тағдыры туралы Гүлнар Міжақыпқызы Дулатова:

«Дәрігерлік институтта оқып жүргенімде Елдес аға орыстарға қазақ тілінен сабақ беретін. 1935 жылдары жиі келіп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда, көз алдымнан бұлдырап, алыстағы сағымдай  қайта оралмас бақытты бала кезім елестеп өтетін. Әкемді көруге зар болған сағынышым одан сайын күшейіп, жүрегімді сыздататын. Мамам: «Елдестің семьсы берекесіз, неміс әйелінен - Эльза Адамовнадан қорлықты көп көрсе де, шыдайтын, - деп отырушы еді. Жас болғандықтан неге олай деп қазбалап сұрамайтын едім. Алпыс жылдан соң, 1989 жылы Райымжан Бөкейхановтан кейбір сырларын білгендей болдым. Оның Эльзаны сипаттауынан кейін мамамның жақуратып айтқан кейбір сөздері есіме түсті.

Елдес аға өзінің досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Смет Кеңесбаевқа: «Смет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын. Аяулы Міржақып Дулатовтың - жан жолдасымның дүние салғанын естідім. Менің сабағымды өзің өткізе сал», - депті. Мұны маған 1960 жылы Смет ағаның өзі айтты», - деп еске алады.

Иә, Эльза Адамқызы адамдықтың ала жібін жиі аттаған сияқты. Біз күмәнмен қараған біраз сұрақтардың астары мына естеліктен анықталып отыр. Баласы - әкесін ұстап бергеннен гөрі, «төсектесін» (сожительница - Е.Омаров) ұстап беру, әрине, әлдеқайда жеңіл.

Мiне, қазақ жерi үшiн болған саяси күрес «Алашорда» көсемдерi үшiн осылай, түрмемен аяқталды. Бұл - сол кездегi қоғамның даму бағыты мен қоғамдық ойдың күресi тұрғысынан алғанда тарихи заңдылық едi. Кеңес өкiметi жаhангерлiк отарлаудың жаңа түрiне, ең қатыгез жолына түстi. Қандай қысымға ұшыраса да адамның санасындағы асыл ойды ешкiмде өшiре алмайды. Ұлттың басына осындай ауыр күн түскенде бар салмақты өзi көтерiп, «талша мойным қылша» деп ашық майданға шыққан азаматтардың табылғанына да шүкiршiлiк В. О. Ключевскийдiң:

«Халықтың өзiнiң сүйген көсемiне деген сенiмi - сол халықтың өзiне деген сенiмi мен рухани  күшiнiң қуаттылығының белгiсi»,- деп айтуында үлкен тарихи астар жатыр.

Қазақ ұлты да Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты өзiнiң ұлттық көсемi деп таныды, оның жеке басының қасиеттерi мен саяси бағытына, күрес жолындағы адалдығына сендi. Қадiрiн сездi. Оны кеңес өкiмет неғұрлым жеккөрiнiштi етуге тырысқан сайын, ұлты соғұрлым қатты сүйдi. Тiптi Сталин мен Голощекин сияқты дұшпандарының өзi оның қайраткерлiк қасиетін мойындады. Ақжүрек белсендiлер де Әлихан Бөкейхановты аузына алмауға тырысты. Бұл - оған деген iшкi құрметтi танытады.

«Алаш iсi» атты бұл тергеудегi жер мен қоныстану мәселесi жөнiндегi «қылмысты қосымша дерекпен әшкерелеп бергеннің» бiрi - сауда қызметкері Мирасбек Төлепов. Бұл кiсiге Жер жөнiндегi халық комиссариатындағы басшылардың басқан iзiн бақылау тапсырылды ма, жоқ, өзі белсенділік танытты ма, әлде шайханада бірге дәм татқанын білген тергеушілер оны да бопсаға сап дегеніне иліктірде ме, белгісіз, әйтеуір сол күндері М.Төлепов жолдас «коммунистік мiндетін» уақытында әрi «абыроймен» атқарыпты. Әсiресе, жер саясаты жөнiндегi «ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiне қабырғасы қатты қайысады» екен. Ол осы жаз айындағы жер мәселелері туралы оқиғаларға орай Әлихан Бөкейхановтың және өзге де мемлекет қайраткерлерiнiң үстiнен төмендегi мазмұнда тiкелей Голощекиннiң өзiне арыз жолдады.

«ВКП (б)-ның өлкелiк комитетiне

«ВКП (б) мүшесi М. Төлеповтен

Партиялық билет № ...

ҚССР-дегi бiздiң партиямыздың алдында шешiмiн күтiп тұрған аса күрделi бiр қатар мәселелер бар. Соның iшiндегi саяси және шаруашылық маңызы ерекше зор, шиеленiскен және ең қиын мәселенiң бiрi - жер мәселесi. Бұл туралы әр түрлi көңiл-күй қалыптасып, қилы-қилы «теориялар» мен «позициялар», «көзқарастар» орын алып отыр. Әсiресе, дәл қазіргі кезде бұл мәселе тіпті ушығып барады, оған кедейлер мен еңбекшi орташалар ғана емес, тегi бiздiң партиямызға жаулықпен қарайтын бай-кулактар мен эсершiл-алашордашылардың өкiлдерi де белсендiлiк танытуда. Соған қарамастан, бiздiң кейбiр жауапты қызметтегi жолдастарымыз тек қана партияның ішкі жұмысы болып табылатын мұндай күрделi мәселенi Әлихан Бөкейханов сияқты контрреволюциялық элементтермен бiрiгiп талқылауға дейiн барып отыр, сөйтiп партия қатарындағыларға бұл адамның ықпалының күшеюiне, бiздiң елiмiздегi шешушi мәселенiң бiрi - ҚССР-дегi ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленiстiрiп, қиындатып жiберуiне қолайлы жағдай жасалып отыр.

Өз еркiмнен тыс төмендегi партияға қарсы әрекетке куә болғандықтан да, бұл туралы Крайкомға хабарлауды партиялық борышым деп есептеймiн.

Осы жылдың шiлде айында Жер жөнiндегi халық комиссары Сұлтанбеков Қырымға кетiп бара жатып жолай Мәскеуде аялдады. Сол күнi, қонақ үйге киiм-кешегiн тастай салысымен Сұлтанбеков Әлихан Бөкейхановтың пәтерiне тұра жүгiрдi, өзiнiң ол үйге баратындығы туралы Жер жөнiндегi комиссариаттың қазақ өкiлдiгiнде тiркелген қызметкерi арқылы алдын-ала хабарлатып қойыпты, ол Әлихан Бөкейхановтың үйiнде түн ортасына шейiн болды. Әлихан Бөкейхановпен арадағы әңгiмеден кейiн ол Төреғожин мен Төлепов жолдастарға: «Әлихан Швецовпен сөйлесемiн деп уәде бердi, істі өзiмiз ойлағандай етiп шешетiн болды», - деп хабарлады. Әңгiме федеральдық мекемелермен арадағы талас тудырып отырған Қазақстандағы жер кесiмi мен бөлiсi туралы едi. Менiң ойымша, партияның iшкiiсi болып табылатын мұндай күрделi мәселенi «Алашорданың» көсемiмен бiрiгiп талдау - төзуге болмайтын жай. Мұндай жағдайда, большевиктер партиясына мүлдем жат идеологияның партия мүшелерiне ықпал етуi мүмкiн, сондай-ақ, Жер жөнiндегi комиссариат сияқты аса жауапты мекеменiң қызметкерлерi тұтастай, не жарым-жартылай аса реакцияшыл, жат пиғылдағы «Алашорда» идеологиясының шырмауында кетпесiне кiм кепiлдiк бередi, бұл бiздiң жұмысымызға тек кедергi жасайды.

Менiң ойымша, бұл мәселенi Бөкейхановпен және оның компаниясымен емес, тек қана жетекшi партия ұйымдарымен, тек қана партияның өз iшiнде талқылау арқылы ғана шешуге болады және солай ету керек.

23/Х - 27 ж.                                            М. Төлепов».

Бөкейхановтың жеке басы үшiн бұл «партиялық хаттың» пәлендей пайда-зияны шамалы-тын. Тек халық қамын ойлаған халық комиссары Ж.Сұлтанбеков орынынан алынды және оның әрiптестерiнiң жолын қиды.  М. Төлеповтiң бұл арызы «Алаш iсiнiң» індетіле тергелуіне себепкерлiк еттi. Мұндай ұтымды «айғақты» әккi Голощекин өте ұрымтал пайдаланды. Ол өзiнiң кезектi бiр мәжiлiсіндегi кезектi-кезексiз, керектi-керексiз сөздерiнiң бiрiнде «ақ жүрек» М. Төлеповтiң арызына сүйенiп:

«Қазақстанды қалай басқару керек екенiн, мысалы, Сұлтанбеков жолдас қасындағы бiрiншi басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегi Әлихан Бөкейхановтан ақыл сұрады», - деп мән-жайдың тонын өзгерте баяндады.

«Қужақтың» өршелене, өрекпи, елiре сөйлеуiнiң астары түсiнiктi еді. Ол қалайда жер туралы заңды жүзеге асыртып, 360 мың еуропалық қоныстанушыларды жылдам көшiрiп әкелiп, қазақ ұлтының тектiк тамырын келiмсектер тұқымымен будандастырғысы келдi. Ол үшiн ең алдымен қазақ зиялыларын түрмеде тұқыртпай «iсі оңға баспайтынына» көзi жеттi. Бұл жазалау саясатының ресми түрде басталу «рәсiмi» болатын.

Ескерте кетеріміз, әуелде Ә.Бөкейхановты тұтқындауға ұмтылған тергеушілер, ол ойларын жүзеге асыра алмаған соң, тергеуді уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болған. Сол жылы желтоқсан айында Д.Әділовтің ұсталуымен тергеу қайта жалғасқанда, уақыты жағынан ілгері болса да, "Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі» ІІ том ретінде қоса тіркеген. Соған орай 1929 жылы 27 мамырда, яғни, арада бір жарым жыл өткеннен кейін тағы да тергеуге тартылған Ә. Бөкейханов бұл оқиға жөнiнде мынадай мәлімдеме жасады:

«...Менiң жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келiп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жердi тең мөлшерде бөлiп беруге болмайды, өйткенi, орыстар жердi өңдеу мәдениетiн жақсы меңгерген, сондықтан да олар үнемi қазақтардан үстем түсiп отырады, ақыр-аяғында, қазақтарды ысырып шығарады. Мiне, менiң жер мәселесi жөнiндегi «ұлтшылдық» көзқарасым осы.

Ал ендi, менi Жер жөнiндегi халық комиссариатының жер туралы iсiне араласады-мыс деген қауесетке келетiн болсақ, онда мен мынаны мәлiмдеймiн: менiң бұған ешқандай қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ. Мысалы мен Голощекин жолдастың «Мәскеуге келгенде Голощекинге емес, маған жолықты», - деп Сұлтанбековтi айыптаған жаласын мойындамаймын, болған оқиғаның жайы мынадай.

Сұлтанбеков Мәскеуге республиканның Жер жөнiндегi комиссары ретiнде РСФСР-дiң Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне жер кесiмiнiң мөлшерiн бекiттiру үшiн келдi (1927 ж.). Ол кесiмдi мөлшердi бұдан бұрын қазақ үкiметiнiң мекемелерi бекiтiп қойған, кесiмдi жер мөлшерiн ұсынған және оны қорғап шыққан Швецов едi. Мiне, сондықтан да РСФСР-дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде әлгi жер кесiмiнiң мөлшерiн тағы да қорғау үшiн Швецовқа өтiнiш етпек екен, сол үшiн менiiздеп келiптi, олар менiң Швецовпен ескiден келе жатқан (34 жыл!) дос екенiмдi бiлетiн, егерде мен өтiнiш етсем оның бас тартпайтынын, ал Сұлтанбековтiң өзi айтса, онда Швецовтың бас тартуы мүмкiн екендiгiн баяндады. Менiң өтiнiшiмнен кейiн, шынында да, Швецов жер кесiмiн қорғауға келiсiмiн бердi. Ал, Голощекин ғой, Сұлтанбековке айып тағып, менiмен «кеңестi» деп байбалам салды», - деп Қуажақтың өзiн мінедi.

Бiрақ та түрмедегi түсiнiк төрт құбылаға түгел жетпедi. «Қуажақтың» көпiрмесi жарты ғасырдан астам уақыт бойы айыптау үкiмiнiң орынына жүрдi. Әрине, Әлихан Бөкейхановтың: «халық комиссариатының жер туралы iсiне... қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ» - деуi жай ғана тергеушiнi алдарқату. Азаматтарды айыпты етпеуден туған сақтық. Мұны түсiндiрiп жатудың өзi артық. ОГПУ-дiң тергеушiлерi ешкiмнiң де нағашысы емес екендiгiн ол жақсы бiлетiн. Әйтпесе, жер туралы жобаның барлық баптары Әлихан Бөкейхановтың ақыл - таразысы арқылы өлшенiп жүзеге асқандығын жоғарыдағы деректер толықтай дәйектесе керек. Өкiнiшке орай, заман қыспағына ұшыраған бұл жоба - сол жоба күйiнде қалды. Қазақ елi тәуелсiздiк алған кезеңде де жер туралы заң қабылдағанда iлгерiдегi тәжiрибе ескерiлмедi.

Жер - Отан. Ал Отан туралы Заң тек қана сол жердiң иесi атанған ұлттың мүддесiн көздеп, ар-ожданын, қадiр-қасиетiн қорғауы тиiс. Ата-бабаның сүйегiмен құнарланған топыраққа қасиетсiз дән мен усойқының тамыр тартпағаны лазым. Бiз бiр есемiздi жiберiп алдық. Қолымыздан бердiк. Сол жер заңы үшiн «Алашорданың» үкiмет мүшелерi мен қазақ мемлекетiнiң ұлтжанды қайраткерлерi өмiрiн қиып едi. Олар 1927 жылы күзде шетiнен түрмеге қамалды да соңынан ату жазасына кесiлдi. Голощекиннiң байбаламы Мәскеуге де жеттi. Түрмеге түсiре алмаса да Әлихан Бөкейхановты қызметтен шеттетiп, үй қамауына, яғни қазақтардың ұғымы бойынша «мырзақамаққа» алды. Қаншама жеккөрiнiштi көрсетуге тырысса да Әлихан Бөкейхановтың жеке басының ерекше қасиетiн жоққа шығаруға кеңес дәбiрлерiнiң дәтi жетпедi. Тергеуге iлiнiп, «мырзақамаққа» кесiлгенде оған бас редактордың орынбасары Велиновский:

«Азамат Ә.Н. Бөкейханов 1922 жылдың 14 желтоқсанынан бастап 1927 жылдың қазан айының 1 күнiне дейiн Мәскеу қаласындағы СССР халықтарының орталық баспасының қазақ бөлiмiнде әдеби қызметкер болып iстедi. Орталық баспада өзiн ғылыми және әдеби қызметкер ретiнде азамат  Ә. Н. Бөкейханов қазақтың тұрмыс-салты мен шаруашылығын, тiлдi (орыс тiлiн - Т. Ж.) түбегейлi бiлетiндiгiмен қатар өзiне тапсырылған мiндеттi орындауда ерекше парасаттылық танытты. Орталық баспаның қызметкерлерi санының қысқартылуына байланысты азамат Ә. Н. Бөкейханов 1927 жылдың 1 қазанынан бастап әдеби қызметкер мiндетiнен босатылды», - деп мiнездеме бердi.

Бұл оның өмiрiндегi соңғы қызмет орыны болды. Сол күннен бастап тура жыл бойы Мәскеуден ешқайда аттап шықпады. «Мырзамақта» жүрсе де түрмеде жатқан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев iспеттi мақсаттас, мұраттас достары мен iнiлерiнiң жетiм-жесiр қалған әйелдерi мен балаларына көмектесiп, қамқоршы атаның орынында жүрдi. Оған мысал да, дәлел де, дәйек те жеткiлiктi. 1937-жылғы түсiрiлген суретке қарап отырып, бетiндегi қатпар-қатпар қалың әжiм мен ағарған қайратты шашына, шалғы мұрты мен отты да ойлы жанарына көзiңiз түскенде-ақ, осынау ұлты үшiн ғұмырын бағыштаған қазақ ұлтының ұлы көсемiнiң қасиеттi тағдырын оқығандай боламыз.

Соңғы он жылы саяси қысыммен, тiршiлiктiң тәлкегiмен өттi. Оның қандай тауқыметтi күй кешкенi Елдес Омаровтың тергеушiлерге жазып берген түсiнiктемесiнде баян етiлген. Ұлт көсемiнiң өмiр сүруi қиынға айналған тұста сенiмдi серiктерi мен мұраттас шәкiрттерi оны естен шығармаған. Қаражат жиып, рухани тұрғыдан демеу жасаған. Тергеушiлер мұндай игiлiктi, имани қадамды мүлдем басқаға жорып, «Алашорда» үкiметiнiң құпия қорын құрды, «Алаш» партиясының мүшелiк жарнасын жыйды деген айып таққан.

Елдес Омаров математика оқулығын жазған алғашқы ғалымдардың бiрi. Мiне, осы алгебраның хатқа түскен формулаларын тергеушiлер «шпиондық шифр» деп белгiлеген. Әлихан Нұрмахамедұлының өзi: «Елiн сүйген Елдесiм!» деп еркелеткен Елдес Омаров та оған деген сүйiспеншiлiгi мен адалдығын түрмеде жатқанда да сақтап қалды. Ол өзiнiң ұлттық рухани ұстаздары мен саяси жетекшiлерiн үнемi құрметпен атай отырып, тергеушiлердiң қыспағы мен қорқытуына қарамастан оларды ақтап куәлiк берген.

Тергеушілер жанамалап А.Байтұрсынов пен Ә.Ермековтің З.Валидовпен қалай кездескенін суыртпақтап сұрайды. Оған Ә.Бөкейханов:

«Байтұрсынов пен Ермековке қатысты айтарым мынау. Олар 1920 жылы (жазда) Москваға келді. Мұнда Қазақ автономиялы республикасын жариялаудың ұйымдастыру комиссиясының жұмысына қатысу үшін келді. Олар мұнда Валидовпен кездесті ме, жоқ па, мен білмеймін, бірақ мынаны ескерте кетейін, мысалы Ермеков Қазақ республикасының құрылтайына 1920 жылдың қазан айында келді, ал Валидов 1920 жылы қыркүйек айында Баку қаласында өткен Шығыс халықтарының кеңесіне қатысты. Демек, олар Валидовпен ешқандай да байланыс жасаған жоқ деп ойлаймын. Қалай болғанымен де маған ол туралы ештеңе деген емес», - дейді.

Сөйтіп, Қазақстанның бүкіл тергеушілері: Ә.Бөкейхановтың құпия хатын Бұқарадағы З.Валидовке апарды дегенді дәлелдеу үшін жетпіс бір адамды тұтқындап, оларды бір жарым жыл бойы тергеп, сондай ұқыптылықпен жинаған айғақты Ә.Бөкейханов бір абзац көрсетіндімен жоққа шығарды. Ал Әлімхан Ермеков:

«Мен Заки Валидовтің контрреволюциялық көңіл-күйде жүргенін және оның мақсатын білдім (1920 ж.). Россияның Шығыстың езілген халқына қолданған саясаты оны қанағаттандырмайтын, олардың бірігіп, тәуелсіздік алуын көздейтін. Заки Валидов пен Байтұрсынов және басқалар қатысқан жиналысқа мен де қатыстым. Кеңес құпия дейтіндей жағдайда өтті, мен Қазақстанның тағы да бір сойқанға қатысқанын қаламасам да, Валидовтен және басқалардан іргемді бөле алмадым, ол кеңеске өзімнің және Байтұрсыновтың қатысқанын жасырып келдім», - деп жазды «Ашық хатында».

Ал осы 14 томдық тергеудің басты нысанасына айналған З.Валидов кім? Ә.Бөкейханов пен З.Валидовтің тағдырлары қалай тоғысты? Бұл мәселелерді толық білмей мұқым тергеу ісінің айғақтарын түсіну де мүмкін емес. Сондықтан да шағын өмірбаяндық мағлұмат бере кетеміз.

Анкеталық анықтама: Заки Валиди (Валидов) Тоған (1891-1970) башқұрттың суықлы қай-оңғұт-уақ тайпаларының құрамасынан шыққан, нағашысы қыпшақ. Қидандардың (кедендердің) тұсында Башқұрт (Бас бөрі) ұрандас жұртпен анда болған. Арғы аталары Күшік сұлтанның тұсында Көшім ханмен бірге орыс отаршылдарына қарсы соғысқан. Атасы Уәлид молла, әкесі Ахметшах медресе ұстаған дінбасы, патша армиясында әскери қызметін өтеген. Арабша, парсыша, орысша сауатты, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинаған және оларды аударған оқымысты әрі ауқатты адамдар болған. Шешесі Уммульхаят та араб, парсы қолжазбаларын таратып оқитын абыстай екен. Маржани мектебінің шәкірті Заки де жасынан руханият тарихына құштар, нақшбандия пәлсафасының ықпалымен тәрбиеленген. Араб, парсы, шағатай, орыс жазба тілін еркін меңгеріп өседі. Сондықтан да ғұламалық жолды таңдайды. «Қасымия» медресесінде түркі тарихынан дәріс береді. Тарихи тақырыптағы ғылыми зерттеулері тұрақты жариялана бастайды. Түрік халықтары мен мұсылман жұртының отарлау тарихын зерттей келе саяси көзқарасы қалыптасады. Қазан университетінің еркін тыңдаушысы бола жүріп, 1911 жылы «Түріктер мен татар тарихы» атты зерттеу еңбегін жариялайды. Алғашында башқұрт тілінде басылған бұл еңбек түркі зиялыларының арасында үлкен қоғамдық пікір туғызды. З.Валидов бұл еңбегінде мұқым түркі жұртының тумысын тұтас алып, ортақ тарих ретінде қарастырды. Ол, сөйтіп, исі түркі қауымына алғаш рет ғалым ретінде танылды.

1913-1914 жылдары көне қолжазбаларды іздестіріп Түркістанға ғылыми-іздестіру экспедициясына шығып, Ташкенттегі, Самарқандағы, Бұқарадағы, Ферғана ойпатындағы және Душанбедегі көне медреселерден сирек мұрағаттарды тауып, жеке адамдардың қолындағы жазбалармен де танысып, ғылыми айналымға түсіреді. Сол сапарда болашақ саяси әріптестерімен де, қарсыластарымен де танысты. Олардың қатарында гимназия шәкірті Нәзір Төреқұлов, Петербург университетінің заң факультетінің студенті Мұстафа Шоқаев, Мінауар қари, Убайдулла Хожаев, Шолпан (Әбділхамид Сүлейменов) болды. 1915 жылдан бастап саяси үйірмелерге қатысады. Қазақ хандарының тұқымы Ғалиасқар және Сәлімгерей Жантөриндердің 1905-1907 жылдар арасындағы саяси қозғалыс тұсында ұсынған «Аймақтық автономия» туралы кітапшасы оның болашақ саяси бағдарламасын анықтап береді. Ол бұл туралы өзінің 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Қатираларында» (Естеліктерінде):

«Мен ондағы айтылған идеялармен толықтай келісетінмін. Тура осындай көзқарас жақындығының нәтижесінде Әлихан Бөкейхановтың көмегі арқылы Сібір автономиясын жақтаушылардың бірі, Сібір казактарынан шыққан, Орталық Азия туралы зерттеуші Потанинмен таныстым... Менің Сібір автономисы туралы ықыласымды қарт ғалым іштей ұнатты... Сәлімгерей Жантөринге: Егерде Сібір автономисы құрыла қалса, одан бұрын Көшім хандығына қараған шығыс Башқортстанға орын табыла ма», - деп сұрадым. Ол: «Уақыты келгенде бәрін де көресің, ондай да мүмкіндік туып қалар... Россиядағы саяси қозғалыстардан толық хабардар болу үшін Петроградқа бар», - деп кеңес берді», - деп еске алады.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2112
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2525
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2219
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1626