Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2962 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 04:31

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. Күйреу.

КСРО-ның ыдырауына қатысты пікірлер не дейді?

Атынан жер үстіндегі ең бір күшті деген мемлекеттеріңнің өзі үріккен, әлемдегі қуатты державалардың бірі болған КСРО-ның құлағанына да 20 жыл толды. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де осынау дүниені дүр сілкіндірген оқиға төңірегін­дегі пікірталастардың толастар түрі көрін­бейді. Біреулер Кеңес өкіметі әбден іріп-шіріп, құлауға дайын тұрған болатын, сол себептен де ол өзінен-өзі күйреп түсті десе, екіншілер, социализмге дұшпандық көзқа­раста болған сыртқы күштердің әсе­рінен құлады дегенді айтады. Дегенмен, қандай да бір тиянақты байлам жоқ. Ол болуға да тиіс емес тәрізді...

КСРО-ның ыдырауына қатысты пікірлер не дейді?

Атынан жер үстіндегі ең бір күшті деген мемлекеттеріңнің өзі үріккен, әлемдегі қуатты державалардың бірі болған КСРО-ның құлағанына да 20 жыл толды. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де осынау дүниені дүр сілкіндірген оқиға төңірегін­дегі пікірталастардың толастар түрі көрін­бейді. Біреулер Кеңес өкіметі әбден іріп-шіріп, құлауға дайын тұрған болатын, сол себептен де ол өзінен-өзі күйреп түсті десе, екіншілер, социализмге дұшпандық көзқа­раста болған сыртқы күштердің әсе­рінен құлады дегенді айтады. Дегенмен, қандай да бір тиянақты байлам жоқ. Ол болуға да тиіс емес тәрізді...

«Әрбір революция - сюрприз. Дегенмен, соның өзінде де соңғы орыс револю­циясы  таңғалдырмай қала алмайды», деп жазады Америка кәсіпкерлік институты­ның  ресейлік зерттеулер директоры Леон Арон. Оның айтуынша, 1991 жылға дейін бірде-бір батыстық сарапшы, ғалым, шенеунік немесе саясаткер Кеңес Одағының ыдыраудың алдында тұрғанын болжай алмаған. Тіпті, кеңестік диссиденттер мен революцио­нерлердің өздері де дәл осылай болады деп күтпеген. Автор өз ойын дә­лелдей түсу үшін «Қазіргі дәуірдегі халық­аралық қарым-қатынастар тарихы­ның»  жалпы бей­­несі туралы ойлана оты­рып,  «Ресей импе­риясы, кейінірек Кеңес Одағы сияқты ұлы державаның күтпеген жерден ыдырап, жоқ болып кетуінен өткен таңғажайып  әрі таңғалдырарлық оқиғаны  көз  алдыңда елестету қиын» деген «қырғи-қабақ соғыс­тың» америкалық стратегия­сын жасаушы­лардың бірі Джордж Кен­нанның сөзін де келтіреді.  Сол сияқты, дәл осы автордың көлденең тартқан дә­йегіне қарағанда, Ресей істері жөніндегі жетекші америкалық тарихшылардың бірі, елдің бұрынғы президенті Рональд Рей­ганның консультанты Ричард Пайпс те 1991 жылғы оқиғаны «күт­пеген» төңкеріс деп атаған екен. Осындай жәйттерді баяндай келіп автор Кеңес Одағы бұрынғы дағдылы қалпында өмір сүруін жалғас­тыра берер еді, әрі кеткенде, ұзақ жыл­дарға созылатын өздігінен өшу үдерісі басталар еді деген көзқарас­тардың көңілге қонымдырақ екенін алға тартады.

Леон Арон мұндай пікірді әншейін айта салмайды, өз ойын дәлелдеу үшін бір­қатар дәйектер де келтіреді. 1985 жылы, дейді ол, кеңес азаматтарының тұрмыс деңгейлері Еуропаның көптеген елдерімен салыстыр­ғанда төмен болғанына қарамас­тан, Кеңес Одағында содан он жыл бұрынғыдай табиғи және адами ресурстар болды.  Одан әрі ол кейбір азық-түлік түр­ле­ріне талон­дардың енгізілгенін, дүкен­дерде ұзыннан-ұзақ шұбатылған кезек­тердің болғанын айта келіп, Кеңес Одағы бұдан да зор қиындықтарды көрген және оларды жеңе де білген деген түйін жа­сайды. Оның үстіне 1985 жылға дейінгі шешуші эко­номикалық көрсеткіштердің бір­де-бірі апаттың соншалықты бір шап­шаңдықпен жақындап келе жатқанын білдірген жоқ. 1981 мен 1985 жылдардың аралығында елдің ішкі жалпы өнімінің өсімі 1960-шы және 1970-ші жылдарға қарағанда біршама баяулағанмен, орташа есеппен жылына 1,9 пайызға өсіп отыр­ған. Апаттық деп бағалауға келмейтін осындай шабан жүріс 1989 жылға дейін жалғасқан. Француз революциясынан бергі тәжірибеде туындап келе жатқан револю­циялық дағдарыс ныша­ны сана­латын бюджет тапшылығы да 1989 жылға таман 9 пайыздан төмен болып, ІЖӨ-нің 2 пайызына да жетпеген. Ал мұндай дең­гейді көптеген экономистер толықтай бақылауда тұрған жағдай деп есептейді. Сонымен бірге, автор халық­аралық ры­ноктағы мұнай бағасы құлды­рауының да кеңестік экономикаға соққы болып тигенін жасырмайды. Бірақ соның өзінде де Кеңес өкіметінің табысы 1985 жылы 2 пайыздан астамға өсіп, инфляцияға түзетулер енгізілгеннен кейін еңбекақы 1990 жылға дейін орта есеппен 7 пайызға артып отырған.

Тоқыраудың болғаны анық дей оты­рып, Леон Арон «созылмалы аурудың түптеп келгенде, ажалға соқтыруы міндетті емес» деген Уэльс университетінің про­фессоры Питер Рутладтың сөзін келтіреді. Ал енді револю­циялардың ең үздік зерттеушісі саналатын Андерс Ослундтің өзі 1985 пен 1987 жылдардың аралығы сон­ша­лықты бір үрейлі болған жоқ деп есептеген екен. Осы орайда автор ауған со­ғысына қатысты да көңіл аударарлық деректер келтіреді. 1980-ші жылдардың екін­ші жартысында импе­рияны ұстап тұ­руға, әсіресе, ауған соғысына қыруар қар­жының бөлініп жатқандығы туралы әңгі­мелердің өрши түскені белгілі. Біз әңгіме­леп отырған автор болса ауған соғысына қатысу Кеңес өкіметі үшін кедейшілік әкелетіндей ауқымда болған жоқ, 1985 жылы сол мақсаттар үшін бөлінген 4-5 миллиард дол­лар Кеңес Одағындағы ішкі жалпы өнімінің болмашы ғана бөлігін құрайтын дегенді айтады. Тіпті, Ангола, Никарагуа, Эфиопия сияқты елдерге қолұшын беру де Кеңес өкіметіне орасан ауыртпалықтар әкеле қой­маған көрінеді. Автор Кеңес Одағына 1956 жылы Венгрияда, 1968 жылы Чехословакияда, 1980 жылы Польшада орын алған жағдайларды «тыныш­тан­дыруға» тура келгенін де назардан тыс қалдырмайды. Осындай жәйттерді ескере келгенде, Кеңес Одағы әлемдік билік пен ықпалдың ең биік шыңында тұрған.  Бұл пікірді «Біз 1985 жылы ірі мемлекеттер үкіметтерінің  бірде-бірінің КСРО үкіметі сияқты билікте нық тұрмағанын, сонша­лық айқын белгіленген саяси бағыты болмаға­нын ұмытып кетуге бейімбіз» дей отырып тарихшы Адам Улам да қолдаған екен.

Біздің пайымдауымызша, Леон Арон­ның КСРО-ның ыдырау себептеріне қа­тысты  білдірген объективті пікірлері осы­мен тәмамдалатын сияқты. Олай дейтініміз, ол 1985 жылы басталған «қайта құру» тақырыбын қозғай отырып, «негізінен Горбачевтің қолға алған ісінің идеалистік болғанына еш талас жоқ: ол моральдық жағынан анағұрлым жетілген Кеңес Одағын құрмақ болды» деген ой білдіреді. Автордың сөзіне сенгің-ақ келеді, оның үстіне осыған ұқсас бірдеңелерді кезінде Горбачевтің өзінің де былдырақтатқаны бар. Сенейін десең сол жылдарда Одақ көлемінде орын алған оқиғалар мүлде басқа жәйт­терден хабар береді. Мысалды алыстан ізде­мей-ақ, 1986 жылдың желтоқсанында, яғни Горбачев билікке келгеннен кейін небәрі бір жарым жылдан кейін Алматыда болған қанды оқиғаны айтсақ та жетіп жатыр. Бейбіт шеруге шыққандарға қарсы қару қолдану Леон Арон айтқан «моральдық жағынан жетілген Кеңес Одағына» да, Горбачевтің өзі жиі қайталаған «Демократияландыру ұран емес, қайта құрудың мәні» деген сөзге де мейлінше кереғар. Горбачев КСРО-ны бас­қар­ған жылдары Таулы Қарабақта, Грузияда, Балтық бойы елдерінде орын алған, демо­кратияға мүлде сәйкеспейтін оқиғалар­ды да дәл осы санатқа жатқызуға болады. Елде тәртіптің барынша құлдырап, қылмыстың өршігені де дәл сол жылдар. Біз бұл жерде тіпті, жоғарыда америкалық сарапшының өзі айт­қандай, қалыпты жұмыс істеп тұрған экономиканың аяқ астынан тоқырауға ұры­нып, кәсіпорындар тоқтап, еңбекақы берілмегенін, дүкен сөрелерінің қаңырап бос қалғанын айтып та отырған жоқпыз. 1989-1990 жылдары, бас­қаны былай қой­ғанда, қашан көрсең өтпей тұратын грузин шәйі мен Душанбеде шығатын темекі бұйым­дары­ның өзі ғайып бо­лып, мекемелерге тізім бойынша ғана берілетін. Халық үй­ле­рінде жаппай самогон қайнатуға кірісті. Кеңес адам­дары арасында он­сыз да жақсы «жетілген» мас­кү­нем­дік одан бетер өр­шіді. Бұрын тәк-тәкпен ұстап келген бұзақылар мен қыл­мыскерлерге еркіндік берілді. Жұрт әрі-беріден соң түн­де үйлерінен шы­ғуға қорқатын бол­ды. Адамдар пә­тер­леріне темір есік­тер орнатып, терезелерін торлай бас­тады. Міне, Горбачев ор­натқан «моральдық жағынан жетілген Кеңес Ода­ғының» сиқы іс жүзінде дәл осындай болатын. Дәлірек айтсақ, осы­лардың бәрі «де­­мократия­лан­дыру» ісінің нақты «жемістері» еді.

«КСРО-ның ыдырау себептері - ау­қымы орасан зор тақырып. Оның ұжымдас­қан авторлардың көптомдық еңбектері арқылы 100 жылдан кейін ашылуы мүмкін. Біздің әрқайсымыздың өз тұспалдарымыз­дың бар екендігіне, ол туралы ойланбай және өзі­мізге қиын сауалдар қоймай тұра алмай­тынымызға қарамастан, осынау тарихи оқиғаның шы­найы мағынасы әзірге қазіргі заман адам­дарынан жасырын қалуда», деп жазады Оң­түстік-украин шекара бойы зерттеулер ор­талығының директоры, социология ғылым­дарының кандидаты Владимир Коробов. Осы сөзде белгілі бір шындық бар тәрізді. Өйткені, КСРО-ның құлау себептерін зерттеушілер ол жүйенің күні біткен бола­тын, тоталитарлық режімдегі мемлекеттің ұзақ өмір сүруі мүмкін емес деген сияқты мәселелердің төңірегінен ұзап кете алмайды. Ал осы мақаланың басында келтірілген адамдардың сөздері өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында  КСРО дәл күйреп түсетіндей күй­зелісті күйде емес еді дегенді айтады. Олай болса, Коробов айтқандай, әлемдегі ең алып державалардың бірінің жалп етіп құлап түсуінің астарында біз білмейтін бір «сырдың» бұғып жатқан болуы да әбден  мүмкін.

«КСРО-ның өмір сүруінің мәні Еуразия­ны шапшаң индустрияландыру мен фашизмді талқандаудағы Ұлы Жеңісте болып шық­ты, КСРО осы миссияны орындады да, өзінің одан арғы жердегі мағынасыз өмір сү­руін тоқтатты». Бұл да жоғарыда өзіміз келтірген Коробовтың пікірі. Оның айтуына қарағанда, кез келген жүйенің немесе адам­ның, яки қоғамның мағынасы мен мақсаты болады, мағына мен мақсатты жоғалту қоғамның құруына апарып соқтырады. КСРО 80-ші жылдары-ақ өзінің өмір сүруі­нің мағынасы мен мақсатынан қол үзген, ол дүниелерді Батыстан алуға талпыныс жасады, бірақ өлшемдер бірдей емес еді, осыдан келіп бәрі де бітіп шықты, дейді аталмыш автор. Бұл пікірмен де келісе салу қиын. Өйткені, кеңестік заманды көрген адам­дар коммунизм орнатамыз, жарқын болашаққа жетеміз деген ертегіге бергісіз мақсаттардың болғанын, тіпті «Біз коммунизмге бара жатырмыз» деген ұрандардың көше атаулының бәрінде дерлік ілулі тұр­ғанын өте жақсы біледі. Рас, бұл сияқты уәделерге халықтың бәрі бірдей сене бермеген болуы мүмкін. Оның өзі заңды да. Бірақ, сөйте тұрса да, бүкіл дүние жүзінде пролетариат диктатурасын орнатамыз деп ұрандаған және сол тұрғыда нақты іс-қимыл­дар да жасаған Кеңес Одағының ал­дында ешқандай мақсат болған жоқ деу, біздіңше, шындыққа жанасыңқырамайды.

Осындай жәйттерді ескере келгенде,  украиналық саясаткер, қаржы және эконо­микалық маркетинг жөніндегі сарапшы Владимир Беляминовтың «КСРО құлауының ақиқаты билікті меншіктеп алған партиялық құзырлы топтың уақытпен бірдей өзгере алмауында. КСРО-ның шектен тыс жабық­тығы мен «қайта құру мен жеделдету бағы­тынан» кейін лақ ете қалған сүзгіден өтпеген ақпараттардың тасқыны бәрін де: ұзақ уақыт әлемнен оқшаулана қызмет істеп келген ішкі экономиканы да, Батыстың жалған құнды­лық­тарымен алмастырылған идеологияны да, халықтың үкіметке және елдің қуатына деген сенімін де цунамише жайпап өтті» деген пікірі көкейге қонымдырақ көрінеді. Мемлекеттік идеологияның өзегін жұлып алып және «адам - мемлекет» ұғымына еш мағына берместен, қайта құру жолын ұста­нушылар ХХІ ғасырдың басында экономи­касы Еуропаның жиынтық ІЖӨ-сінен асып түсетін және бүгінде ең үлкен саналатын АҚШ экономи­касынан да ірірек болып шығатын елді жерлеп тынды, деген сөз де дәл осы автордың аузымен айтылған. Оның пайымдауынша, бүгінде әлемде Қытай иеленіп отырған орынды әділінде КСРО алуға тиіс екен. Әрине, осындай пікірлерді кезінде еуропалық саясаткерлер мен сарапшылар да айтқан екен деген нақтыланбаған деректер­дің бар екеніне қарамастан, мұндай ұста­ным­ның қаншалық­ты шындық екеніне баға беру өте қиын. Сонымен бірге, бұл көзқа­растың жоға­рыда өзіміз атап көрсеткен Леон Аронның мақаласында келтірілген пікірлерден онша алшақ емес екенін де мойындауға тура келеді.

«КСРО-ның ыдырауына бүгінде сирек еске алынатын оқиғалар негіз қалады... 70-ші жылдардың басында  «алтын стандар­тынан ажыратылған» долларды әлемдік валюта ретінде тануға үнсіз келіскен кезден бастап кеңестік экономика АҚШ-тың қарма­ғына ілінген-тін.  Яғни  өз ресурстарымызды негізгі бәсекелестің ештеңемен қамтамасыз етілмеген валютасына сатуға келіскен бетте-ақ біз мойнымызды тұзаққа тыққан болатын­быз», деп атап көрсетеді украиналық саясаткер Семен Уралов.   Осы саясаткер КСРО күй­­ре­уінің екінші маңызды факторын Одақтың идеологиялық тұйыққа тірелуінен көреді. Оның айтуынша, 70-ші жылдардың ортасынан бастап-ақ негізгі бәсекелестердегі сияқты тұтыну қоғамына бағыт ұсталған. Ал бар айырмашылық КСРО-да кредит емес, тапшылық тұтынуды реттеуші болған. Соған сәйкес 80-ші жылдардың басында-ақ  негіз қалаушы көсемдер белгілеп берген мақ­саттар бүтіндей бұрмаланған. Осылайша, идеоло­гиялық күйреудің соңы элита «елді тағдыр талқысына тастай салуға» болады деп санаған кезде, оны не үшін қорғауға бола­тынын түсінетін адамдардың табыл­мауына әкеліп соқтырған. Ес жию 1994-1995 жылдарға таман басталғанымен, ол кезде уақыт өтіп кеткен-тұғын.

Киевтік журналист Мирослава Бердник Одақтың ыдырауына кеңестік басшылықтың қате іс-әрекеттері түрткі болды, дей келіп, қайта құрудың басты ұранына айналған «әлеу­меттік және экономикалық дамуды жеделдетудің» салдарынан  алтын қорының 1985 жылғы 2500 тоннадан 1991 жылы 240 килоға кемігені, кеңес экономикасы өсімі ресми қарқынының  +2,3 пайыздан -11 пайызға дейін төмендегені, ал сыртқы борыштың 2 есе ұлғайғаны туралы деректер келтіреді. Кеңестік тоталитарлық режімді тек социализмді жетілдіру мүдде­лерін желеу ете отырып, жариялылық және партияның тота­литарлық тәртібі арқылы ғана күйретуге болатын еді, дейді автор. Сол жылдары бұрындары тыйым салынып келген ондаған кітаптардың жарық көруін де ол социализмді күйретуді көздеген әрекеттер санатына жатқызады.

«КСРО ескі тәртіпке балама ретінде Ре­сей империясының қираған үйінділе­рінің үстіне тұрғызылды. Пролетарлық интернационализм принципі сақталып тұрған кезде КСРО толығынан өміршең мемлекет бол­ды, ал ұлы державалық шовинизмге, мәскеушілдікке және басқа да империялық идеяларға қайта оралу бай­қал­ған сәтте-ақ  КСРО-ның ыдырау үде­рісі басталды», дейді АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын публицист, редактор әрі баспагер Михаэль Дорфман. Бұл пікір нақа негізсіз емес. Ұлы державалық шовинизм Одақтың ыды­рауына басты себепкер болмаса да, ондай көзқарастың сол Одақ­тың қол астында өмір сүріп жатқан және өздерін жетім баладай сезінген халық­тардың көңіл-күйлеріне кері әсерін тигізгені айдан анық. Осы орайда, «Бүтіндей алғанда КСРО өзінің соңғы жылдарында өз тұрғындарына қатысты  табиғи тұрғыда етене бола алмай қалды. Сондықтан да КСРО қажет пе деген сауал туындағанда халық қолдау көрсеткен жоқ. Дауыс беруін - дауыс берді, бірақ оны қорғауға ешкім шық­қан жоқ...» деген одессалық политконструктор Юрий Юрьев­­тің пікірін келтіре кетудің артық­тығы жоқ.

Ал енді Ресейде жарық көретін «Полярная звезда» желілік журналының жаңалық­тар қызметінің редакторы, журналист Игорь Богатыревтің пікірі жоғарыда келтірілгендерге мүлде қарама-қайшы. «Ақиқат себеп біреу - халықаралық капиталдан үрейлену. Егер КСРО күйретілмей, нақ­тылы реформаланғанда әлемнің қар­жылық билеушілеріне тіптен де жайлы бола қоймас еді. Бәлкім, оларды құрудың, со­ның ішінде нақпа-нақ тұрғыда да күтіп тұруы мүмкін еді. Бірақ ең нәзік адами сезім­дердің қылын шерте отырып, оларға қалайда КСРО билігінің жоғарғы эшело­нынан өздеріне жақтастар табудың сәті түсті. Яғни, 80-ші жылдардағы Кеңес басшы­ларының «қателіктері» емес, олар­ды батыстық капиталмен тікелей сатып алу жағдайлары орын алды», дейді жоға­рыда аты аталған журналист.

Ал енді украиналық саясаткер Николай Лагун  КСРО-дағы бірінші тұлғалардың елде ең болмағанда қытайлық үлгідегі сияқ­ты реформалауларды бастауына болар еді, бірақ, тарих көрсеткендей, Кеңес өкіметі басшыларының олай жасағылары келмеді, деп қазіргі посткеңестік «капи­тализм­нің» де әлі күнге дейін КСРО-дан қалған өндіріске арқа сүйеп немесе импорттық жабдықтарды пайдаланып отыр­ғанын тілге тиек етеді. «Бұл капитализм, дейді ол, жаңадан, тіпті оның нано­формасы түрінде де ештеңе құрған жоқ».

Ресейлік «Актуальная история» сайты­ның бас редакторы, тарих ғылым­дарының кандидаты Алексей Байков КСРО-ға екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі «қырғи-қабақ соғыс» барысында Ұлыбритания, Франция, Жапония, Италия, Канада, Дания, Норвегия, Нидерланды, Исландия сияқты дамыған елдердің ресурстарынан қолдау тапқан АҚШ-қа қарсы тұруға тура келгеніне, бұл орайда Кеңес өкіметі онша дами қоймаған Шығыс Германия, Чехословакия, Болгария, Албания, Румыния, Польша, Венгрия сияқты елдерге ғана арқа сүйеуге мәжбүр болғанына назар аударады. Сөйте тұра ол түптеп келгенде «ақылы тапшы» кеңестік бюрократия КСРО-ны тағдыр талқысына тастады, сталиндік басқарушы­лардың соңғы буыны сахнадан кеткеннен кейін елдің тағдыры іс жүзінде шешілген болатын деген күтпеген түйін жасайды.

Егер тізбелей берсек, КСРО-ның ыды­рау себептеріне қатысты айтылған пікірлер де, көзқарастар да өте көп. Кейбіреулер тіпті 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінді де  Одақтың ыдырауына ықпал еткен оқи­ға ретінде көрсетуге тырысады. Бұл, әрине, көпшілік үшін таныс тақырып. Сон­дықтан біз мақалада  осыған дейін онша естіле қоймаған әңгімелер мен оқыр­мандар үшін қызықты болады-ау деген жәйттерге көбірек көңіл аударуға тырыс­тық. Сөзімізді түйіндей келе мына бір мәселені назардан тыс қалдырсақ, ондай олқылық мақаланың бояуын солғын­дандыра түсер еді. Ол қандай мәселе?

Әңгіме 1991 жылы тамыз айында орын алған бүлік жөнінде болып отыр. Бүгінде Мәскеудегі Халықаралық уни­верситеттің проректоры, бұрын Ресейдің алғашқы үкіметінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған, соның ішінде Ресей Федерация­сының Мемлекеттік хатшысы болған Геннадий Бурбулис ГКЧП - төтенше оқиғалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің тамыз айындағы көтерілісіне қатысты мынадай ой айтады. «Та­мыздағы путчтің күйреуі бір мезгілде әрі күлкілі, әрі қасіретті болды, дейді ол. Одақты сақтап қалу үшін қажет сияқты болып көрінген төтенше жағ­дайларға бара отырып, көтерілісшілер оның ыды­рауын жақындатты. ГКЧП-сыз Одақтың сақталып қалуы мүмкін еді, рас, КСРО түрінде емес, Еуродақты еске түсі­ретіндей пішінде. Бірақ Мәскеуде үш күнге созылған қарсы тұрушылық ондай мүмкіндікті күйретіп кетті».

Бұл сол кездердегі оқиғалардың бел ортасында жүріп, бәрін өз көзімен көрген адамның пікірі. Әрине, арада 20 жыл уақыт өткенде болған іске баға беру қиынның қиыны. Сондықтан бұл пікірдің де дұрыс немесе бұрыс екенін бүгінде ешкім айтып бере алмайды. Өйткені, қолда тұрған дәйек жоқ. Ал дәйексіз айтылған пікір жайдақ сөз болып шықпақ. Бәлкім, ондай бағаның бүгінгі күні ешкім үшін қажеті де болмауы мүмкін.

Ең бастысы, КСРО сияқты алып империяның күйреуі оның қол астында болып келген 15 республиканың тәуел­сіздік алуына жол ашты. Иә, 15 - Ресей де өз егемендігіне қол жеткізді. Соның бір айғағы - бүгінгі егемен Қазақстан. Осыдан дәл жиырма жыл бұрын орын алған оқиғаның біз үшін маңызы да осында.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.

http://www.egemen.kz/311783.html

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2103
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2206
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624