Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3641 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 04:23

Болат Жүнісбеков. Елімнің «МЕН» деген екі МҰХТАРЫ

Болат Жүнісбеков,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Олардың талантты әрі тәуелсіз тұлғалары  ойға - өріс, қиялға - қанат
МЕН... «Мен, мен едім, мен едім...» Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Мағжан, Жүсіпбек, Қасым, Жұбан, Қаныш... Өнерге олар жан-тәнімен беріліп, осы жолда «жанпида» еді. Өздерінің тума таланттары арқылы туған халқының мәртебесін аспандатты. Бұл - ілуде біреудің ғана маңдайына жазылған тағдыр. Қазақта, шүкір, ондай біртуар тұлғалар баршылық. Аталған қайраткерлер сапы заманалар көшінде щоқтықтана түсумен келеді... Әнуар, Олжас, Мұқағали, Мағауин, Шаханов... Бұл - алты Алаштың абыройын өз МЕНімен асқақтатқан марқасқалардың бір шоғыры ғана.
МЕН де, әлбетте, пенде бап тілейді. Ол егер қоғамда лайықты бағасын ала алмаса, өзінің туа бітті табиғатын сақтап қалуы қиын-ақ. Талантың отбасына талғажауға татымаса, яки жабыға жабылған құрмет пен атақтан жұрдай қалсаң, амал не! Бұл - тұлпарға тұсау, сұңқарға сынға айналады. Бірақ сол пендешілік пен күнделікті күйбеңнен биік тұрған тұғырлы тұлғалар бәрібір әлдеқайда көп. Небір қысталаң шақта да өзінің МЕНінен айнымай өтетін мінезді азаматтар қаншама! Елімнің «МЕН» деген екі Мұхтарының - Мағауин мен Шахановтың тап сондай тұлпар тұлғалар екені Алаш мойындаған ақиқат. Олардың өнегесі ойға - өріс, қиялға - қанат екен.

АДАМДЫҚ МӘНІ

Болат Жүнісбеков,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Олардың талантты әрі тәуелсіз тұлғалары  ойға - өріс, қиялға - қанат
МЕН... «Мен, мен едім, мен едім...» Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Мағжан, Жүсіпбек, Қасым, Жұбан, Қаныш... Өнерге олар жан-тәнімен беріліп, осы жолда «жанпида» еді. Өздерінің тума таланттары арқылы туған халқының мәртебесін аспандатты. Бұл - ілуде біреудің ғана маңдайына жазылған тағдыр. Қазақта, шүкір, ондай біртуар тұлғалар баршылық. Аталған қайраткерлер сапы заманалар көшінде щоқтықтана түсумен келеді... Әнуар, Олжас, Мұқағали, Мағауин, Шаханов... Бұл - алты Алаштың абыройын өз МЕНімен асқақтатқан марқасқалардың бір шоғыры ғана.
МЕН де, әлбетте, пенде бап тілейді. Ол егер қоғамда лайықты бағасын ала алмаса, өзінің туа бітті табиғатын сақтап қалуы қиын-ақ. Талантың отбасына талғажауға татымаса, яки жабыға жабылған құрмет пен атақтан жұрдай қалсаң, амал не! Бұл - тұлпарға тұсау, сұңқарға сынға айналады. Бірақ сол пендешілік пен күнделікті күйбеңнен биік тұрған тұғырлы тұлғалар бәрібір әлдеқайда көп. Небір қысталаң шақта да өзінің МЕНінен айнымай өтетін мінезді азаматтар қаншама! Елімнің «МЕН» деген екі Мұхтарының - Мағауин мен Шахановтың тап сондай тұлпар тұлғалар екені Алаш мойындаған ақиқат. Олардың өнегесі ойға - өріс, қиялға - қанат екен.

АДАМДЫҚ МӘНІ

МЕН - жеке және дербес қана емес, еркін тұлға. Ол өз сөзіне сергек, айналасына адал, қолындағы шаруасын шыр дөңгелетіп отырған азамат. Өзіндік көзқарасы мен ой-пікірі бар және өзінің сөзі мен ісіне «МЕН» деп, қасқая қарап тұрып, жауап бере алады. Мұнсыз Сіз көп пенденің бірі ғана болып қаласыз. Көпшіліктің басындағы жай - осы. Ал Мағауин мен Шахановтың «МЕНі» ұлт мақтанышы және ұрпаққа ұлағат.
МЕНнің алайда қоғам қайраткері, танымал тұлға, қанатты өнер жұлдызы немесе белгілі басшы, яки ерекше дарын, бап пен бақ иесі болуы - шарт емес. Ол ең бастысы - тәуелсіз, парасатты, іскер азамат. Тіпті қайталанбас дарын иелерінің өздерінің де МЕНін сақтап қалу үнемі қолдарынан келе бермейді. Кеңес тұсындағы бір ғана 37-нің лаңы жетіп жатыр.
МЕН, олай болса, ең әуелі, Адамдық мәні. Өзіндік көзқарасы мен пікірі жоқ жанның «МЕН» үш ұйықтаса да түсіне кірмейді. Ол - шошымалы, әйтеуір көпшіліктің көлеңкесінде, көштен қалмай, елдің етегіне еріп, өмір ағысына ілескеніне мәз. Ондайлар - аса қауіпті, тыныш жүрмейді, құр босқа қопаңдағыш келеді. Сырттарын күжірейтіп, дәмелері зор. Шама-шарықтарына қарамай, білек сыбана бәсекеге түседі. Айлары оңынан туып, жолдарының болатын кездері де аз емес. Аянбайды, арамтер болады. Амал не, біздің көпшілігіміз үшін, өмір сүру - күрес. Тағдыр маңдайымызға жазған бір сәттік қана Нұр-сәуле - Ұлы Тірлік мәнін терең түйсініп, зерделей алмаған соң, шара жоқ. Ал Әуезов әлеміне самғаған екі Мұхтардың тағдырлары туған елінің арман-мақсатымен егіз. Олар табиғи дарындарын айналайын Алашына арнау арқылы Алла Тағаланың өздеріне деген асқан мейірімінің терең мұратын паш етуде.
МЕНнің жетегіндегілер болса, осынау жарық дүниеге, тіпті не үшін келгенімізді де ұғынбай, кеудеден «көкала үйрек қош» деп ұшқанда барып, жалғанды қимай жанталасамыз. Ол кезде бірақ бәрі де кеш. Себебі «тұрмыс билеген сана» қарынының тоқ, көйлегінің көк болғанына разы. Бұл жолда ештеңеден де тайынбайды. «Дауылпаз дауыл іздеп, шарқ ұрады» делінбеуші ме еді, әлгі бір бүлікшіл жырда. Жүректі тыңдамай, басқа құлдық ұрған соң, ындының кеуіп, бақай есептің жетегіне ересің. Қылышыңды жалаңдата суырып, күреске ізденесің. Жан жағыңнан жау іздеп, ұрынарға қара таппай, майдан ашасың. Тірлік мәніне бойламай, құрдымға кетесің. Жоқ, жақсылыққа ұмтылу, әлбетте - адами қасиет, бірақ жанталасу - қасірет. Ал заманынан озған - Мұхтарлардың жеке бастарын ұмытып, елдің мұң-мұқтажына араша түсіп, ұлт мұрасының жыршысы, намысының найзағайы болғалы қашан!
МЕНін тап сол екеуіндей ел мұратына арнау қолынан келмегенімен, былайғы жұрттың оны тым құрыса жоғалтып алмағанына не жетсін. Қателеспейтін жан жоқ, алайда өзіңнің болмыс-бітіміңді сақтап қалу екіталай. Ол тіпті екінің бірінің қолы жетпес шың, ойы бойламас шыңырау. Себебі үңгірді паналаған, күштіні жағалаған, ал одан асса, бір жанның екінші бір жанды дертеге жеккен заманның «қамыты» әлі күнге мойнымыздан түспей-ақ қойды. Еңсемізді қанша тіктемек болғанымызбен, еңбектеген төрттаған шағымыздан түрегеліп кеткеніміз шамалы. Сондықтан Көріпкелдер ақырзаманды қанша жақындатқанымен, біздіңше, адамзат өзінің сәби шағынан әлі де болса аса қойған жоқ.
МЕН тар құрсақтан шыр ете түсіп, дүние есігін ашқанда кеңістіктің соншалықты кеңдігінен, лап қойған телегей жарық пен алапат ауадан тұншыға жаздап, жаны мұрынының ұшына келеді. Шырылдап қоя бересің. Сәби шағында адамның хайуанның күшігінен еш айырмасы жоқ. Екеуі де нәресте, аса сүйкімді. Келе келе ғой, жаңағы бүлдіршін күрес іздеп, бірте-бірте сүйкімі қашады. Ал әзірге сәби де, жолбарыстың күшігі де соншалықты пәк, әрі бейкүнә. Айналасын екеуі де ауыздарымен тани бастайды. Қолына ілінгенді, сосын көзіне түскенді қақшып түсуге құмар-ақ. Қу қарынның қамы да. Таңғаларлық: көздері бар - көреді, құлақтары бар - естиді, мұрындары бар - сезеді. Алайда ақыл-есі аузы арқылы есейіп, сол «араны» арқылы толысады. Есін білге­нінше, жаңағы «қарын инстинктінен» арыл­ғанша, адамға асқазан - бас. «Тұрмыстың сана­ны билейтін» кезі де осы, бірақ қарынның «құ­рығы» ұзарып, құқайы созылып кетсе, не шара!
МЕН... тұрмыс тұқыртқан заманда ел тағдырымен егіз болу - тек Мұхтарлар сияқты санаулылардың ғана пешенесіне бұйырған. Ал көпшілігіміз үшін жаңағы қарынбай тірлік қайта топыраққа айналғанымызша иығымыздан түспей қояды. Алла тағала сана берген пендеңнен, енді МЕНін жоғалтып, менменсіген құр міскін, қуыс кеуде ғана қалады. Тірлік шартынан адасқан соң, өң мен түстің арасында күн кешесің. Кейбіреулер, тіпті пендешілігі асқына келе, қанағатты әбден ұмытып, бардың бағасын білуден қалады. Адамгершілік, ең әуелі туыстық сезім де, қарынның таразысына түседі. Ауыз дәм сезуден қалып, арақ-шараптың асқа айналатыны да - осы тұс. Қарын енді ар-ұятты да жұта бастайды. Бала-шаға қамын бетке ұстап, қам­пиған үстіне қампия береді...
МЕН - екінің біріне бұйырмаған тағдыр. Апыр-ау, ақылсыз да емес сияқты еді. Бірақ пендеңнің басы мүлде жоқ болса ше? Ондайлар да аз емес. Жаңағыдай молақ мойындардың бассыздығын талай көрген соң ғана бұған көзің жете түседі. Бірақ өзің секілді пенде болған соң, пендешілігі шығар деп, қолды бір сілтейсің де жүре бересің. Сөйтсе, басы жоқтар шынында да болады екен. Көздері мен құлақтарының тұғыры бар, тіпті тілі де - майда: жөн-жоба сілтеп, әлекке түседі. Бірақ бас болмаған соң, не айтқанын басқа түгілі өзі де онша ұға қоймайды және онысы бақайынан келмейді: дігірлеп, діңкелетуге дөкей. «Түк білмеймін» деп, құлақтарын қайшылап, жұтқыншағы ерсілі-қарсылы жүгіріп, тіпті киіз қазықты жерге қағудан дәмелі. Бірақ «тоқпағы» келіспеген соң, шаруаның берекесін қашырады. Күрескерлер де осындайлар. Қараптан-қарап майдан ашып, маңайының берекесін алады.
МЕН қарабастың қамы үшін өзінің екі иығын жұлып жемейді, ешкімге қарсы күреспейді, қайта өзін-өзі қатал сынға қайрап салады. Жан мен тән тазалығы үшін, туған елі үшін, ана тілінің тағдыры үшін жүрегі шаншиды. Рухын биік ұстайды. Олар - Мұхтарлар, әрине, өте аз. Өзгеміз пендеміз, өз МЕНімізді баяғыда-ақ ұмытқанбыз. Күнкөрістің құлдары. Бірақ «өмір - күрес» деген қағида бәрібір көңілге қона қоймайды. Не үшін және кіммен күресуіміз керек?!

ЕЛ ТІРЕГІ

МЕН - елінің қасиетін жалпақ әлемге мәшһүр етеді. Отаны үшін отқа түсуге даяр, халқына білімімен де, білегімен де қалқан. Елінің жан-жақты әлеуетінен қуат алады. Ұлттық рухтан айбындана және айдына түседі. Демек, МЕН - ел тірегі. Бұл - Мұхтарлар мен солар сынды биік мұрат иелері. Тұлпарлар мен сұңқарлар, адамның сырттандары олар. Ал бізге жауды сырттан емес, өз бойымыздан тауып, жеңе білсек, өмір де солғұрлым нұрлана түседі екен. Ондай адам үшін жау жоқ, қызғаншақтар мен күншілдер ғана бар. Бірақ өзінің МЕНін жоғалтпаған жан соның бәрінен де биік. Ұлы Абай бұл туралы осыдан бір ғасыр бұрын ашына жазды. «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көзін сүзіп, тіленіп адам саумақ - өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (5-сөзден), - деп аманат етеді данышпан. Өлмес өнер иесі Абай ешкімді де күреске шақырмайды, өзі де оған бейілсіз. Өзіңе-өзің сен де, қайратыңа сүйен - деген терең ұлағат айтады.
МЕН, демек, топтан оза шаппаса да, жеке және еркін тұлға. Ол жан-жағын зерделеп, іштей толысады. Шатақ іздеп, басқамен белдесу арқылы емес, өзін-өзі меңгеру, өзін-өзі рухани байыту арқылы есейеді. Айналасын шуағына орайды. Бірақ елімнің «МЕН» деген Мұхтарлары сияқты табиғаты таза азаматтардың жүрегінің жылуын күнделікті күйбең құйрығына маталған пенделер аңғара қоймайды. Шіркін, сәл-пәл ғана тағат тауып, жан-жағына зер салса, байқап, жаны нұрлана түсер еді-ау! Оған, өкінішке қарай, уақыт жоқ, қым-қуыт тіршілік көшінен қалмауға тырысып, қамшыны төпелейсің-ау, келіп.
МЕН, ол бәсекеге бейілсіз, бәйгеге түсіп, біреуден озып, алға шығуды мақсат етпейді. Жанталаспайды. Бірақ бәрібір «МЕН» деген тұлғалардың самғауына ешкім де, ештеңе де бөгет бола алмайды. Олар Көк жүзінде жүзіп, туған ұлтын ұлықтау және ұлықтату үшін жаратылған. Өзге «бауырымен жорғалаушылар» үшін... бәсеке өмір заңы. Табиғи құбылыс. Тіршілік атаулы да Күнге таласа-тармаса тыныстайды. Тіпті өсімдіктің биігі гүлдеп, аласасы бүрісіп қалады. Суға да тап солай, өсімдік атаулы жарыса тамыр жаяды. Пендең де тірлікте жақсылыққа ұмтылады. Тұрмыста да, қызметте де. Лайықты өмір сүр­гің келеді, бірақ оның өлшемі қайсы. Сосын көрпеңе қарай көсілуді де естен шығарасың. Алайда әділдіктен аттауға қалайша дәтің барады?! Өкінішке қарай, белден басатын бейбастақтар мен бейпілдер көбейді. Қаласаң да, қаламасаң да жаңағы Күнге бас иген халдесің. Әрине, бәсекенің де түр-түрі болады. Кейбіреулер үнемі жарысып, ұдайы жағаласумен өтеді. Қызметте, тұрмыста, той өткізгенде, тіпті қаралы күндерде де.
МЕН, егер ол бәсекеге сүлесоқ болса, кейбіреулер ойлайтындай, «ондай тірлік заңын түсінбейтін жаннан не қайыр?!» Жаңа­ғылардың фәлсафасы бойынша, бір-ақ рет берілетін өмірді «күйіп-жанып», маздап өткер­меген соң, ондай тірлікте не мән бар? Кей­біреулер үшін солай. Олар туралы ұлы Абай:
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«МЕНі» мен «МЕНікінің» айрылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» - деп, тән рақатының құлына айналып, жан ғұмырын ұмытқандарға ой салады.
МЕНге қарап тұрып, ой таластырмақ болатындар аз емес. Халық жазушылары екі Мұхтардың МЕН деген тұлғаларын, терең философиясын түсіне алмайтындардың пешенесіне жазылғаны - сол. Түсінбейтіндерін қойшы, ондайларға асыл сөзді қор қылмай, қолды бір-ақ сілтеуге болар еді. Бірақ жаңағы шіркіндер тапырақтап шауып, құр босқа шаңдатқандарының далбаса екенін, өздерінің соншалықты таяздығын мойындағылыры келмей, қараптан қарап қорланады, шабалана­ды. Ендеше Мағауиннің «МЕНі» Құдай ерекше дарын беріп, тамаша тағдыр жазған еркін әрі ерік-жігері күшті тұлғаның өзін-өзі жете меңгеріп, өнерді игеруі, яғни осы жолдағы азапты сапары туралы өзекжарды сыр. Әрине, жанға батырып, ащырақ айтатын тұстары да жоқ емес. Бірақ бұл - терең сыр мен қанатты жыр ешкімге қарсы бағытталмаған. Оның бар мұраты өз МЕНін, яғни өзінің өмірлік ұстанымын жария ету, адам рухын асқақтату.
МЕНнің жолы - аса ауыр, азапты сапар. Шіркін, әрбір адамның өмірі Мағауиннің МЕНіндей талмас ізденіс үстінде өтсе, арман не?! Мағыналы өмір, үзілмес ғұмыр. Әрине, МЕН душар болған «дүмше дүние», апақ-сапақ заман оның жанын арпалысқа салды. Отқа да, суға да түсті. Жанбады, батпады. Қайрала, қайраттана түсті. Елінің тарихын тауып, жауһар өнерін жалпақ дүниеге мәшһүр етті. Сол арқылы қайран елінің еңсесін көтерді, ел егемендігіне зор үлес қосты.
МЕН - қазақ әдебиетіндегі көрнекті, тұлпар тұлғалардың заман және адам туралы толғанысы. Алла тағала екі Мұхтардың «МЕН»-іне ерекше тағдыр жазды, біртуар дарын берді. Жаратушының сол аманатын олар ақтады да. Аянбай еңбек етіп, ұлт тарихы мен табиғатын жарқырата көрсетіп қана қоймай, оған жан-тәнімен қорған болды. Сонымен қатар бұл «МЕНдер» - адам қызығарлық, ұрпаққа өнеге боларлық тағдырлар. Тірлік мәнін күрестен іздемеген, өз МЕНін табуды мұрат еткен ұрпақ үшін, әрине.
«МЕН» деген Абайдан соң, қазақ әдебиеті Мұхтарлары мен Мағжан, Ілиястары, Қасымы мен Жұбанының, Олжас пен Мұқағалиы сияқты «МЕН» деген текті де тегеурінді ұрпақтың қажыр-қайратының жемісі. Ол тұлғалардың МЕНі - бұл жай ғана от емес, шапағы шартарапқа тарайтын, жол нұсқайтын нұр-сәуле. Біртуарлар ешқашан айдауға жүрмеді, алған бетінен қайтпады. Ғылымда да, көркем әдебиетте де, азаматтық сапта да.
МЕН дар алдында тұрса да өз миссиясын тайсалмай, абыроймен атқарды. Өз жолын, өз ізін қалдырды. Ол мұнафиктердің төбесінде жай отындай ойнап, жалпақ дүниеге бұл ел мен жердің иесі Қазақ екенін ұқтырды. Бұл МЕН-нің ғана қолынан келеді. Елге тірек болатын да МЕН деп, қауіп-қатерге қасқайып, қарсы тұра алатын еркін әрі ерік-жігері күшті ұрпақ. Демократия желігімен күпсінген, шала сауатты, өздерінің жалаң ұлтшылдықтың ұрда-жық тасынан тұрғызған төбелерін Олжастай тау тұлғалармен жағаластырмақ болып әуреге түсіп жүргендер МЕНнен садаға кетсін. МЕН туған ұлтын ұлықтай тұрып та, Адамға, тіпті көлеңкесін де түсірмейтін тұлғалар, қашанда заманынан ертерек туып, елін алға тартатын көшбасшылар.

ТІРЛІК ШАРТЫ

МЕН - елдіктің тірегі ғана емес, ол сонымен қатар тірлік шарты. Адам екенсің, азат рухтың иесі болу абзал. Әйтпесе, құр сүлде, қуыс кеуде боласың да қоясың. Тегінде, Компартия «жаңа адам» тәрбиелеймін деп, жанталасқанда сондай рухы биік адамды меңзесе керек. Бірақ адамға еркіндік бермейінше, ондай Тұлғаның қалыптасуы мүмкін емес еді. Сондықтан ол заманда «МЕН» боламын деу - менменсу ретінде қабылданды. «Заманымыздың ақыл-ойы мен ар-ожданы - Компартияның» алдына шығу, жұмсақтап айтқанда, билікті астамшылық ретінде тіксіндірді. Ал Кеңес халқының көшбасшысы «МЕН» деп, «менменсігендерді» тез-ақ тәубесіне келтіретін. Көрнекті ақын, ЖЕРді МЕНге табындырған Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ-сының» сабағы жетіп жатыр. Қайраткер ақынның МЕНіне бұл оңай соққы болмады.
МЕН үшін ел тағдыры мен тіл тағдыры егіз. Бірақ осы ащы шындықты Горбачевтің қайта құруынан кейін ғана ашық айта алдық. 85-тегі сәуірдің самалы тұрмыс түгілі санадан өшуге айналған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртты. Қоғамда зор серпіліс туды. Еркіндік қаламгер қауым, оның ішінде журналистер үшін шығармашылыққа тың шабыт берді. Жариялылық БАҚ басына қонған бақ еді. Туған тіліміздің тағдырын ойлап, қалам тартқанда ол шіркін қанаттанып қоя берер еді. Осыдан 21 жыл бұрын сол тіл жанашырлары сапында «Оянған өлкем ойлантқан, есінеме енді, елім!» - деп, жар салдық. Талай уақыт намысы тапталып, шерменде күй кешкен ағайын егемендіктің жемісін қашан көргенше асықты. Оны, тіпті ешкіммен де бөліскіміз жоқ болатын. «Биыл Семейдегі небәрі екі мектепте, яғни 16-шы мен 5-ші қазақ мектептерінде бірінші класс бұрынғыдай бір-бірден емес, бес-алтыдан ашылыпты, - деп қуанышымыз ерекше. - Шіркін, халқымыздың Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сияқты қаһарман ұлдары жалпы адам атаулыға бас ұрып, жалпыадамзаттық апат - атом азабы мен есірік экологияға, тіпті арал болса да, жандары шырқырағанша, ең алдымен Ана тілінің жоғын жоқтамас па?!» - («Семей таңы», 1989 ж.) Асыққан екенбіз, әйтпесе, Мұхаңдардың да солай ойлайтындарына күмән қайсы?! Шаханов «Намыссыз дарын сатқындығы немесе бірінші мен оныншы кезекті істі шатастырғандар» деп, ел намысы үшін күреспейтін мәңгүрттерді сойып салды: «...Ел басына төнген шақта ұлы сын, Өз ұлтымен бірге алмасы тынысын, Әрі оның намысы үшін, тілі үшін, Күреспесе ондай дарын құрысын!».
«МЕН» деген қазағымыздың дарабоз дарындары ана тіліміздің айбарына айналды. Тілдерді дамытудың 2020-шы жылға дейінгі бағдарламасының жобасын талқылауға қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері Амангелді Айталы, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Айтбаев, Уәлихан Қалижан мен Мырзатай Серғалиевтарды тұсаукесу рәсіміне қатысушылардың терең ризашылықпен тыңдағандары есімізде. Ал ақындық дарынын қайран қазағына басы бүтін арнап, осы жолда аянбай майдан ашқан Мұхтар Шахановтың үні асқақ естілді. Сонау Желтоқсанда да айбарлы ақынның алаш намысына бірінші болып ара түскені баршаға мәлім. Етектен тартқан «ергежейлілер» қанша көкезулегенімен, «қазақты қазақ десе, мақтанатын да, алыстан Алаш десе, аттанатын да» осындай марқасқалар емес пе?! Сонау 1991-ші жылы Желтоқсандық үш жігітті ақтау жолында «Халықтың қайсар рухы» болып, жарқылдаған тағы да осы Шаханов еді («Халық кеңесі» 1991ж, 13 желтоқсан.)
МЕН - тегінде, қазақтың өзінің табиғаты болатын. Ешкімді де, ешқашан да менменсітпейтін, ерекше тағдырлы «Мен» деген қаһармандар туған халқын қай заманда да төбелеріне көтерумен келеді. Олар «дарын елесін» қуған кейбіреулер сияқты көшеде көсемсімей, елдіктің сөзін алқалы бас қосуларда қасқая тұрып жеткізуде. Шаханов аталмыш Бағдарлама жобасын талқылаған жиында да өз ойын ащылау болса да ашық айтты. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед ақын ағаны ілтипатпен тыңдай отырып та дауылпаз намыс селдете ақтарылғанда, оның ернеуінен асыңқыраған тұстарын інілік терең ізетпен арнасына салды.
МЕНнің, Ана тіліміздің абыройын асқақтату үшін елімізде атқарылған шаруаға сын көзімен қарауы заңды. Рас, 1989-1990 оқу жылында 910 мың оқушы қазақша білім алса, қазір олардың саны 1,5 миллионнан асыпты. Халықаралық мектеп олимпиадаларында жеңімпаз атанып жүргендердің де 64 пайызы сол қазақ мектептерінің оқушылары. Республи­ка бойынша ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі қиындықпен болса да межесіне жақындап келеді. Таяуда толық басылып шығатын және ана тіліміздің 150 мың жауһарын жинақтаған қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігі мәдени өміріміздің асыл мәйегі екені де айқын. Бірақ ол жайната жинап қойып, тамсана қарап отыратын «көрсеқызар» дүние емес. Ол - иісі алашқа ата-бабаның қасиетті аманаты. Ол сондай-ақ ұлы даланың ұрпақтан ұрпаққа ауысар асыл мұрасы және өздерін осынау досқа - дархан, жауға - жансауға елдің перзентіміз деп білетіндердің - мемлекеттік тілі. Алайда Ана тіліміз сахнада ажарланып, том-том кітап болып толысып, техникаға «бас білдіргенімен», амал қайсы, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуге асыға қояр емес.
«МЕН» деген елжанды ерлерді мемлекет­тік тілдің «момын мінезінің» ереуілдетуі де содан. Егемендігімізге жиырма жыл толғанда арнайы бағдарлама дайындалып, алдағы он жылдың міндеттерінің нақтылануы аса қажетті шара, бірақ жанашыр қауымды оның қажытатыны да шындық. Мұның сонымен қатар қазақтың өз басындағы олқылығының орнын толтыру мақсатынан туғаны да анық. Әрине, мемлекеттік қазақ тілі туралы жеке заң да қабылданар, бірақ халықтың өзі қарекетке көшпесе, оның да қағазда қалуы мүмкін. Қазақпыз десек, туған тілімізді ерекше қастер тұтып қана қоймай, оның айбындана түсуі ақын-жазушы Мұхтарлар мен министр Мұхтардың ортақ арманы. Сондай-ақ баршамыздың перзенттік парызымыз.
АЛАШ АРМАНЫ

«МЕН» деген Алаш арыстары елді азамат соғысының оты шарпыған аласапыран шақта уақыттың қолға тиген мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысты. Тіпті егемен ел болуға қай үкімет бейіл танытса, соны қолдады. Жарымжан қоғамның төңкерістерден көз ашпайтыны белгілі. Оның түбіне жететін де осы төңкерістер. Дамудың табиғи үрдісінен жаңылып, «дауылпаз» дімкәсіне шалдыққандардың маңдайының соры - бұл.
«МЕН» дейтін ерлері жоқ елдің болашағы бұлдыр. Елді алға тартатын да сол біртуар арыстар. 1917-нің ақпан төңкерісінің монар­хиялық патша үкіметін құлатып, қоғамды реформалар арқылы эволюциялық жолмен өзгертуді көздегені белгілі. Бірақ Ресейді тұралатқан әлеуметтік-экономикалық ахуал әбден ушығып, билік демігіп қалған еді. Меңдеген дертке шипа табылмады. Бірінші жаһандық соғыстың апаты ауруды одан бетер асқынтып жіберді. Большевиктер «кісеннен» басқа қимайтын ештеңесі жоқ, жалаңаяқ пролетариатты көшеге арандатты.
МЕНменсіп, «дауыл іздеген» дүлей күш сол жылғы күзде тағы да төңкеріс жасады. Бұл - отарлық езгідегі алаш жұртына да зор қасірет әкелді. «МЕН» деген қайсар халықтың беті қағылды. Осы орайда жазықсыз жазаланғандар «бірін-бірі ұстап беріпті, сатыпты» деген сөз ұшқары айтылған, жалған қауесет. Үкіметтің қырына іліккендердің өз қолдарымен жазып қалдырған түсініктемелеріне зер салсақ (мәселен, Д.Аманжолованың «На изломе» зерттеуі, 2009 ж.), Алаш «МЕН» деген арыстарының өздеріне таңылған айыпқа мүлде сенгілері келмегенін көреміз. Олар жазықсыз жалаға үзілді-кесілді қарсы шықты, кінәсіз күймейтіндеріне үміттерін үзбеді. Ал ақталу кезінде азаматтардың өз тағдырларына қатысы бар таныстарын айтпай тұра алмайтыны белгілі және ауыздарынан шыққанның бәрі «қаралауға» айналатыны қаперлеріне кірмеді.
«Мен» деген зиялы қауым Алашорда мен Түркістан автономияларын құру жолында ерекше қажыр-қайрат танытты. Олар тіл мәселесінде де өз саясаттарын батыл жүргізді. Кеңес құрылысы жөніндегі 1925-ші жылғы Бүкілқазақтық мәслихаттың материалдары мұны тағы да діттей түседі. Еліміздің автономиялы облыстан автономиялы республикаға айналып, өзінің тарихи атауын иемденуі тап сол жылдың еншісіне тиеді. Аумалы-төкпелі заманның өзінде-ақ, туған тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, мемлекеттік мекемелердің аппараттарын қазақыландыру мәселесінің көтерілуі «МЕН» деген аға буынның рухына әлі сан мәрте бас игізеді. Олардың бар ой-ниеті мен арманы ұлттық мемлекет құру болды. Сол жанпида әрекеттері арқылы өз бастарын қалай оққа байлағандарын да білмей қалды. Бүгінгі Қазақстан - сол жазықсыз жапа шеккен елжанды арыстардың орындалған арманы.
МЕНнің бірі - Шаханов халықтың сө­зін айта­ды, арзан абырой жинау үшін айтпайды. Ол - орданы отызында-ақ бұзып, қырық жасына жетпей-ақ қамал алған қаһарман. Мұхаңдай тұлпармен жабылар ғана жағаласуы мүмкін. Бірақ біз білетін Мұхаң, сонау Желтоқсанда найзағай боп жарқылдаған, кейін Арал болып ақтарылған ақын аға біреулерге ұнау үшін күресіп жүрген жоқ. Алла тағаланың өзіне жазған таланты мен тегеуірінін туған халқына арнаудан жазбайды.
«МЕНімен» сол бір кержақ заманда-ақ қазағын асқақтатқан Олжас та, екі Мұхтар, Асанәлі мен Ақселеу де сондай елді ерен дарынымен алға тартқан, халқын жат жұртқа танытқан қаһармандар екеніне сөз бар ма?! Шаханов айтпақшы, кейбіреу тілдің адаммен бірге жаралатын егіз құбылыс екенін білмейді. «Шетелдің бір перзентханасында үш түрлі ұлттың дүниеге жаңа келген сәбилерін бір палатаға жинап арнайы сынақ жасапты, - дейді Мұхаң. - Сонда олар өз ана тіліндегі «айналайынға» ғана уілдеп, үндестік танытқан көрінеді». Демек, ана тілінен айырылу туған ұлтыңнан, ататегіңнен көз жазып қалу деген сөз.
МЕНнің қазір күні туды. «Қазақстан Рес­публикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілігінің құқықтық, тарихи жалғыз дара мұрагері және оның саяси, мемлекеттік құрылымының табиғи жалғасы», мемлекеттік тілді меңгеру «...әркімнің парызы мен міндеті» - деп, «Ұлт бірлігі» доктринасында тайға таңба басқандай етіп, жазылып қойылған. Ендігі міндет - осы қағиданы қазақстандықтардың бүгінгі ғана емес, келешек ұрпағының да санасына мықтап сіңіру болып табылады. Мемлекетіміздің барша азаматы көптеген қайғылы оқиғаларды бастан кешіп, аса ауыр сынақтардан аман өте отырып төл мемлекетін құрған қазақ халқының тарихи миссиясын сөзсіз қабылдауы және оның төңірегіне топтасуы парыз.
МЕН қай заманда да жауапкершілікті өзіне ала білді және өзін-өзі сынға қайрап салды. Жаһандану заманы елдер мен ұлттарға аса қатал талап қойып отыр. Осы тұста өз құндылықтарын, туған тілін жоғалтпайтын, бәсекеге дайын ұлт қана өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қала алады. Ғалымдардың пікіріне қарағанда, қазір дүниежүзіндегі тілдердің 40 пайызы құрып кетудің алдында тұрса, әрбір екі апта сайын соның біреуі жоғалады екен. Сондықтан Елбасы айтқандай, ең алдымен қазақтардың өздері бір-бірімен қазақша сөйлесуі қажет. Себебі енді он жылда қазақ тілімен онсызда бәсекелес орысшаға ағылшын тілі ағайындаспақ болып отыр. Аса қиын да жауапты міндет: қазағымыздың сарытап шыдамын сарқып алмай, үміті ақталуы тиіс.
МЕН... елінің «мен» деген егіз Мұхтары­ның арман-мақсаты да осы, қазағының бақыты! МЕН сонымен адамдық мәні, ел тірегі, тірлік шарты, Алаш арыстарының арманы. Жарық дүниеге адам боп келген соң, өз МЕНіңді тапқаннан асқан бақыт жоқ. Бірақ ЕГЕңді (өзіңе-өзіңнің иелігіңді), яки ЕГЕ...МЕНіңді сақтап қалу қиын-ақ. Сондықтан МЕНнің тамыр жайып, өріс ашуына қоғам қамқор болуы тиіс. Себебі қоғамның дамуында, елдің өркениеттен лайықты орын алуында МЕНнің атқарар миссиясы ерекше. Бірақ оның, тағы да қайталап айтамыз, ерекше тұлға болуы - шарт емес, ол - тәуелсіз, парасатты, іскер азамат. Елдің тірегі де, сүйеніші де, келешегі де осындай қарапайым, бірақ ешкімге бас имейтін, құлдық қамытын кимеген азаматтар.
МЕН бала жастан қалыптасады. Әйтпесе, кештік етеді. Алайда МЕНнің қалыптасуына қай-қайсымыз-ақ әбден атсалыса алар едік. Айталық, бір ғана нашар әдеттен арылуға, мұны ұрпақтың санасына ерте бастан сіңіруге болады. Қоғамды жайлап, пенделерді ерттеп мініп алған дерт аз ба? Дүниеқоңыздық, жағымпаздық, маскүнемдік... Соның біреуінен ғана бас тарту арқылы ұрпаққа тым құрыса, бір өнегені аманат етсек, қандай!
МЕН елдің өсіп, өркендеуі мен гүлденуі­нің кепілі, Алаш арыстарының арманы, демек...
Адамдық мәні - МЕН.

http://anatili.kz/?p=7274#more-7274

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2106
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2210
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625