Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2966 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 03:44

Әбдіуақап Қара. Мұстафа Шоқайды қаралаушыларға жауап (басы)

Соңғы уақыттарда, атап айтқанда Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығы кең көлемді тойланып жатқанда, тәуелсіздік тарихының аса зор тұлғасы Мұстафа Шоқайға жала жабушылар көбейе бастады. Олар Шоқай сынды қазақ халқының мақтанышы болған тарихи тұлғаға нацисттермен бірге істескен, әсіресе Түркістан легионын құрып берген сатқын деген жала жабуға күш жұмсауда. Мұның шындыққа ешқандай қатысы жоқ екенін деректер көрсетіп отыр. Біз бұл мақалада Шоқай және Түркістан легионының қалай құрылғандығына деректер негізінде жан-жақты тоқталамыз.

Соңғы уақыттарда, атап айтқанда Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығы кең көлемді тойланып жатқанда, тәуелсіздік тарихының аса зор тұлғасы Мұстафа Шоқайға жала жабушылар көбейе бастады. Олар Шоқай сынды қазақ халқының мақтанышы болған тарихи тұлғаға нацисттермен бірге істескен, әсіресе Түркістан легионын құрып берген сатқын деген жала жабуға күш жұмсауда. Мұның шындыққа ешқандай қатысы жоқ екенін деректер көрсетіп отыр. Біз бұл мақалада Шоқай және Түркістан легионының қалай құрылғандығына деректер негізінде жан-жақты тоқталамыз.

ІІ. Дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлердің нацистік партиясының басқаруындағы Германияның соғысқұмарлығы Шоқайдың Париждегі күнделікті өмірінің толықтай өзгеруіне себеп болды. Неміс армияларының Польшаны басып алуы Еуропада соғысқа жетелейтін керістікті жағдайдың тууына жол ашты. Мұнымен тек Шоқайдың ғана емес, бүкіл Еуропа елдерінің, әсіресе Германияға көршілес Франция халқының тұрмыс-тіршілігі астаң-кестең болды. Осыған мезгілдес неміс армиясы мен кеңес армиясы жаулап өзара бөлісіп алған Польшаның астанасы Варшавада "Прометей Одағының" жұмыстарының тоқтап қалуы заңды еді. Алайда әлі соғысқа араласпай бейбіт жатқан Францияның өзінде аласапыран жағдай қалыптаса бастады. Соғыс қаупіне байланысты бұл елдегі босқындардың барлық шығармашылық іс-қимылдары тоқтап қалды. Олардың ішінде Шоқайдың 1929 жылдан бері үздіксіз шығарып келе жатқан "Яш Түркістан" журналы да бар еді.

Шоқай жиі-жиі Париждегі Ұлттық Кітапханаға барып, әсіресе саяси тарих пен философия туралы кітаптарды оқыды. Осы кітаптар арқылы Германия мен кеңестердің діттеген мақсаттарын және мұнда қаншалықты табысқа қол жеткізе алатындықтарын болжауға тырысты. Әсіресе екі мемлекеттің басшылары, атап айтқанда Гитлер мен Сталиннің әлемдік билікке құмарлықтарының адамзатқа қандай ауыртпалықтар әкелетіндігі туралы сауалдың жауабын іздеп шарқ ұратын.

Шоқайдың ойынша олардың екеуі де адасқан озбырлар еді. Олар жаратылысынан саясат пен зұлымдықта бір-біріне тең түсетін. Олардың арасындағы дара айырмашылық - біреуінің нацист, ал екіншісінің интернационалист болуы еді. Басқа бір сөзбен айтқанда Гитлер тек неміс халқының атасы, ал Сталин болса бодан халықтардың «атасы» еді. Шоқай бұлардың бірінің ажалы екіншісінің қолынан болады деген ойда еді. Егер олар әлемді билеу үшін ауызбірлік жасайтын болса, онда оларға ешкім қарсы тұра алмас еді. Бірақ Шоқай олардың достықтарының өткінші екендігіне сенді.[1]

Ал Парижде үнемі кездесіп тұрған Ресейлік босқындарының көпшілігі қаланы тастап кеткен болатын. Олардың көбі Франция мен Германия арасында бұрқ етуі ықтимал соғыстан бас сауғалап Португалия арқылы Америка Құрама Штаттарына қарай аттанған еді.[2]

Соғыс қаупін Шоқай да сезіп жүрді. Алайда Францияны тастап кетуді ешқашан ойламады. Өйткені ол қиын-қыстау күндерде өзіне құшағын ашқан Францияны туған отаны деп есептеді. Сондықтан оның пікірінше, соғыстан қорқып Францияны тастап кетуге болмайтын еді.[3]Ол елде бір соғыс өрті шыға қалған жағдайда оның қиыншылықтарына француз халқымен бірге төзуге тәуекел етті.[4]

Сөйтіп Шоқай Францияда қалды. Өйткені, онын жүрегінде Францияның ерекше орны бар еді. Ол оның тағдыр еншілеген екінші отаны еді. Франция ол үшін шынында да бостандықтар, теңдіктер және бауырластықтар елі еді. Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда көз жұмғанда тек қазақ халқы үшін емес, француз халқы үшін де құрбан болды деуге негіз бар. Өйткені сол кезде жансауғалап АҚШ-қа кетіп қалғанда нацисттердің қолына түспей аман қалар еді.

Ақырында соғыс Францияға шашырады. 1940 жылы сәуір айында алдымен Данияға және соңынан Норвегияға шабулдаған неміс армиясы мамыр айында Бельгия мен Голландияны жаулап ала бастады. Енді соғыс Францияның шекараларына таяды. Франция қосындарын неміс шабулдарына қарсы Мажинода шоғырландырып қорғаныс шебін құрды.[5]

Осындай жағдайда Парижді тастап, Бордо қаласына кетуге дайындық жасаған достары бірге кетуге қайта ұсыныс жасаса да, Шоқай оған келіспеді. Өйткені ол қандайда бір қасіретке душар болатын болса да, Парижден кетпеуге бел байлаған еді. Неміс басқыншылығына қарсы қолданған дара сақтық шарасы - архиві мен онша құны жоқ акцияларын бір банктің сейфіне сақтау болды.[6]

Бір күні ол күтілмеген бір шақыру алды.  Оны неміс өкіметінің қызметкері кездесу үшін   Берлинге шақырыпты.[7]Бұл шақырту Шоқайды қатты алаңдатты. Өйткені немістердің өзін Берлинге не үшін шақыртқандықтарын түсіне алмады. Немістер Польшаны басып алмас бұрын "Прометей Одағы" жұмыстары кезінде нацисттерге қарсы екенін айқын көрсететін мақалалар жазған еді. Сондықтан ол нацисттерге қарсы екендігімен танылған болатын. Сол себепті немістердің бұл кездесуде өзінен не сұрайтындықтарын немесе қандай салаға пайдаланатындықтарын жорамалдап білгісі келген еді. Бірақ ешқандай бір қорытындыға келе алмады. Екінші жағынан шақыртуды қабылдамай кездесуге бармайтын болса, Францияны қол астында ұстап тұрған немістер керек болған жағдайда оны өз ықтиярынсыз-ақ Берлинге алғыза білетін еді.[8]

Сонымен Шоқай Берлинге келді. Берлинде өзін шақыртқан неміс өкіметтік қызметкерлері Шоқайға Кеңестердің әскери күші туралы мәлімет сұрауға шақырғандарын айтты. Бірақ Шоқай бұл туралы ешқандай мағлұматы жоқ екендігін,  өзін тек Түркістан аймағы ғана  қызықтыратынын, кеңестер туралы одан артық ешнәрсе білмейтіндігін айтты. Шоқай Берлинде бір апта болғаннан кейін Парижге оралды. Енді көңілі орнына түскен еді. Өйткені немістердің өзімен ешқандай жұмысы қалмаған еді.[9]

Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылмады. Осы кездесуден шамамен екі ай өткен соң, атап айтқанда 1941 жылы 22 маусым күні Германия Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашты. Сөйтіп Шоқайдың өмірінің ең тыныш және жайбарақат күндері аяқталды.

Ол осы хабарды әрі тебіреніспен және әрі таңданыспен қарсы алды. Сонда алғаш ойына оралғаны неміс армиясында жас офицерлердің қарт офицерлерден басым түскені болды. Өйткені Шоқай Берлинде жүрген кезінде неміс армиясында Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашып-ашпау туралы тартыс болып жатқандығын естіген болатын. Жас офицерлер ағылшындармен болған шайқастарда ұшыраған жеңілістердің орнын большеуиктерге қарсы соғыста жеңіске қол жеткізіп толтыруды жақтады. Ал қарт тәжірибелі офицерлер болса, күш-қуаты туралы жеткілікті мағлұматтары жоқ Кеңестер Одағымен соғыспау керектігін алға тартты.[10]

Шоқай үшін немістердің кеңестерге қарсы соғыс ашуы күтпеген уақиға еді. Дегенмен ол мұны Түркістанның Мәскеудің бұғауынан құтылуына оңды әсер етеді деген пікірде еді. Сондықтан қатты тебіреніп, толқыды. Жұбайымен Париж орталығына бара жатып жол бойы дамылсыз сөйледі. Аракідік қолдарын аспанға көтеріп жазу жазған секілді ым-белгілер жасады.[11]Зайыбының айтуынша Шоқай маңызды шешім қабылдар алдында  үнемі осылай ететін еді. Шоқай бұл жағдайды пайдаланып қалу керектігін және бұл үшін жиналып мәселені талқылау керектігін айтып жатты.[12]

Осындай ойларға шомған Шоқай мен жұбайы қала орталығына жасаған серуендерінен үйлеріне қайтты. Үйлеріне кіргеннен сәл ғана уақыт өткен соң үш неміс әскері келіп Шоқайды тұтқынға алды. Сол күні Парижде тұтқындалған жалғыз ол емес еді. Парижде тұрып жатқан кеңестерге қарсы орыс босқындарының алда келген өкілдері де тұтқындалды. Олардың барлығы Компиен лагеріне қамалды.[13]

Негізінде бұл лагерьді абақтыдан гөрі немістердің үкіметтік қызметкерлерінің білімін арттыру лагері деуге болады. Лагердегі жұмыстар Ресейлік босқындардың кеңестер туралы мәліметтерінен пайдалануға бағытталды Немістер осы мақсатта босқындар арасында Кеңестер Одағы туралы конфренциялар мен талқылаулар ұйымдастырды. Шоқай да лагерьде Түркістан туралы бір баяндама жасады.[14]

Шоқайдың Түркістан туралы баяндамасы тыңдаушыларға өте ұнап, осы тақырыпта тағы бір баяндама жасауы сұралды. Шоқай мұны шын ықыласпен қабыл алды. Бірақ лагерьде екінші баяндаманы жасайтындай ұзақ уақыт қала алмады. Өйткені Шоқайдың баяндамасын жалғыз тұтқындар ғана емес, лагерьдің неміс басшылары да ұнатқан еді. Олар кеңестерге қарсы мұндай бір баяндаманы радио арқылы түркістандықтарға қарата жасауын сұрады.[15]Жалпы алғанда Шоқай бұл ұсынысқа оң қарағанмен радиодан сөз сөйлеуге бірден келісе қоймады. Өйткені оның ойынша, Түркістанның жергілікті халықына арнап сөз сөйлеу мен Түркістаннан тыс жерде шетелдіктерге баяндама жасау арасында үлкен айырмашылық бар еді. Түркістандықтарға өз отаны туралы баяндама жасайтын кезінде бар нәрсеге өте мұқият болып, әсіресе өлкенің саяси шындықтары туралы қателіктерге бой ұрмауы керек еді. Олай болмаған жағдайда баяндаманың пайда орнына зиян келтіруі мүмкін еді.[16]

Сол себепті немістерге тұтқынға түскен түркістандық әскерлермен кездесіп олардың ұлттық мәселелердегі ой-пікірлерін біліп алу қажет еді. Содан кейін ғана түркістандықтарға арнап бір баяндама жасауға болар еді.[17]

Шоқай Берлинге қарай аттанбас бұрын екі күнге үйіне соқты. Берлин сапары үшін керекті дайындықтарын жасады. Түні бойы жазу машинкасымен жазу жазды. Ол таңертең ертемен Парижге кетті. Келгеннен кейін тағы да жазды.[18]Ол шілде айының орталарында Парижден Берлинге қарай әскери көлікпен жолға шықты.[19]

Шоқай Берлинге бара жатқанында   кеңес дәуірінде өскен түркістандық жастармен алғаш рет кездестіндіктен өте толқып тұрған еді. Бұл кездесулер, әсіресе 1922 жылдан бері шетелде Түркістан туралы жазған мақалаларындағы тұжырымдарының дұрыс бұрысын анықтауға мүмкіндік беретін еді. Сол мақалаларында Түркістаннан шалғай жерде, Еуропаның кіндігінде тек кеңес баспасөзінде орын алған мәліметтерге сүйене отырып, қорытындылар мен тұжырымдар жасаған еді. Түркістанға бара алмағандықтан, олардың қанша дәлдікпен айтылғанынан бейхабар еді. Тұтқындармен сөйлескен кезінде осы мәселені анықтауға тырысатын еді. Сондай-ақ немістерге тұтқынға түскен түркістандықтардың толықтай кеңес жүйесінде білім алып өскен жастар болуы да оны қызықтырған еді. Сол тәрбиенің түркістандық жастарды қандай сипатта қалыптастырғанын байқау мүмкіншілігіне қол жеткізетін еді.[20]

Шоқай әсіресе олардың өзі туралы не ойлайтындықтарын білгісі келді. Бірақ жастардың өзі туралы білетініне күмәнді еді. Ол бұл туралы ойларын былай ортаға салады: "...Тұтқындармен кездесетін болғандықтан толқып тұрмын. Олармен түсінісетін ортақ бір тіл таба аламыз ба? Алайда сол жастар мен туралы еш нәрсе  білмейді. Еш нәрсе де естімеді. Менің шетелдегі іс-әрекеттерімнен де бейхабар. Сондықтан да өте толқып тұрмын."[21]

Бірақ Шоқай Берлинге келгенде соғыс тұтқындарымен бірден кездесудің мүмкіндігі болмады. Лагерлерге барып аралау үшін алты апатадай күтуіне тура келді.[22]Шоқайға лагерлерді көріп қайту үшін неліктен дереу рұхсат берілмегендігі туралы қолымызда ешқандай дерек жоқ. Дегенмен, бұған немістер басып алған кеңес территорияларын басқару туралы НСДАП[23] мен Сыртқы Істер Министрлігі арасындағы билік тартысының себеп болғандығы даусыз.

Кеңестерге соғыс ашпастан бірнеше ай бұрын аталған екі мекеме бір-бірінен хабарсыз Кеңес Одағына басып кіру жөніндегі дайындық жұмыстарын бастады. Бұл тұрғыда алғашқы жұмыстарды НСДАП-тың Сыртқы Саясат Кеңсесі бастатты. 1941 жылы 31 наурыз күні бұл кеңсеге қарасты "Шығыс Мәселелері Орталық Саяси бюросы" құрылды және оның төрағалығына Альфред Розенберг тағайындалды. 1941 жылы 20 сәуір күні Шығыс Еуропа аймағы мәселелерінің орталық атқару қызметкері деген лауазым атты алған Розенберг өзінің жұмыс тобын жасақтай бастады. Соның алғашқы қызметкерлері арасында профессор Герхард фон Менде мен Георг Лейбрандт секілді есімдер орын алды.[24]Сонымен Розенберг неміс армиясы басып алатын кеңес жерлеріндегі болашақ неміс билігінің жоспарларын жасай бастады.[25]

Розенберг басшылығындағы бюроның ресми бір мекемеге айналуы соғыс басталғаннан кейін, Шоқайдың Берлинге аяқ басқан күндеріне сәйкес келді. 1941 жылы 16 шілде күні Гитлердің қатысуымен бір маңызды жиналыс өткізілді. Бұл жиналыста Кеңестер Одағынан басып алынған аймақтармен айналысатын жаңа бір министрліктің құрылуы мен өкілеттіліктері туралы шешім қабылданды. "Басып Алынған Шығыс Елдері Министрлігі" деген ат берілген осы жаңа министрлікке ертеңіне Розенберг министр болып тағайындалды. Сөйтіп Шоқайдың аралауға тілек білдірген тұтқын лагерлерінен жауапты болған және қысқаша Шығыс министрлігі (Остминистериум) деп аталған бұл жаңа министрлік 1941 жылы 17 шілдеден бастап өз жұмсын бастады.

 


[1] M. (Mariya) Y. (Yakovlevna) Çokayoglı, Eşinin Ağzından Mustafa Çokayoğlı. Yaş Türkiystan Yayını Sayı: 22, İstanbul, 1972, 123 б.

[2] аталмыш еңбек, 124, 151 б.

[3] аталмыш еңбек, 124 б.

[4] Саадет Чагатай Шоқайдың журанлист ретінде Швейцарияға көшіп баруына болатынын, бірақ отаны ретінде көрген Францияны дұшпанға қиып кеткісі келмегенін айтады. Saadet Çağatay. Çokayoğlı, M. Y. "Eşinin Ağzından Mustafa Çokayoğlu" // Emel. Eylül-Ekim 1972.

[5] Ф. Армаоглы, ХХ. Ғасыр саяси тарих 1914-1980, Анкара, 1984, с. 367.

[6] Mariya Yakovlevna, 124 б.

[7] аталмыш енбек, 127-б.

[8] аталмыш енбек, 128-б.

[9] аталмыш енбек, 128-б.

[10] аталмыш енбек, 133-135-б.

[11] аталмыш еңбек, 134-б.

[12] аталмыш енбек, 134-б.

[13] аталмыш еңбек, 115, 135-136-беттер. Компиен-Рояллү лагері саяси тұтқындар үшін дайындалған бір үйрету лагері еді. Бұл жерді француздар немістер басып алмас бұрын әскери аурухана ретінде қолданды. Немістер Францияны жаулап алғаннан кейін бұл жерді алдымен ағылшын мен француз әскери тұтқындары үшін әскери лагерь ретінде қолданды. Кенес Одағына қарсы соғыс ашқаннан соң бұл лагерь саяси тұтқындар лагері ретінде қолданыла бастады. Лагердің бұл мақсатта қолданылуы 1944 жылдың 28 тамызына дейін жалғасты. Компиен-Рояллү лагері туралы көбірек мағлұмат үшін қараңыз: Gérard BOUAZIZ. La France Tortuvré F.N.D.I.R.P., Pariys, 1979, 273-285-б.

[14] Яш Түркистан (Молодой Туркестан), Париж 1949-1950, с: 8 (Марияның Шоқайдың туғанына 6о жыл толуына байланысты жариялаған кітабы); Mariya Yakovlevna, 138-б.

[15] Чокай, "Воспоминания", стр. 17. Немістердің Шоқайдан жасауын өтінген баяндамасының мазмұны туралы нақты мәліметіміз жоқ. Әйткенмен одан түркістандықтарды кеңес билігіне қарсы көтеріп, неміс армиясына жәрдемші болуға үндейтін бір баяндама жасауын сұрағанын жобалай аламыз. Мысалы, 1941 жылы 23 қазан күні неміс радиосынан Азербайжан аймағында Азербайжан тілінде берілген хабарда былай делінген болатын: "Азербайжандықтар! Мылтықпен, пулеметтермен қаруланыңдар! Жасырын ұйымдар құрыңдар! Жеңілейін деп жатқан дұшпандарың - большеуиктерге қарсы соғысыңдар. Олардан қорықпаңдар! Отандарыңды құтқару үшін соғысыңдар және сөйтіп ұлттық намыстарынның барын дәлелдеңдер!", Patrick von zur Mühlen, Gamalıhaç ile Kızıl Yıldız Arasında İkinci Dünya Savaşında Sovyet Doğu Halkları'nın Milletçiliği, Mavi Yayınlar, Ankara, 1984, 172- бет.

[16] Чокай, "Воспоминания", стр. 7.

[17] аталмыш мақала, 17 б.; Mariya Yakovlevna, 138-139.

[18] Мария Шоқайдың не жазғанын білмейді. Бірақ қайтыс болғаннан кейін немістердің Марияға тапсырған Шоқайдың жеке заттары арасынан Түркістанның әсіресе мәдени және ой-пікір әлемін таныстыратын бір орысша мақала шықты. Бұдан бұрын бір еш жерде жарияланбаған бұл мақаланың сол мақала болуы әбден мүмкін. Мария кейіннен ол мақаланы жариялады. Мақаланың орысша түпнұсқа мәтіні үшін қараңыз: Мустафа ЧОКАЙ, "Туркестан", Яш Туркестан (Молодой Туркестан), Парис, 1949-1950- с. 9-17.

[19] Чокай, "Воспоминания", стр. 17; Mariya Yakovlevna, 138-139.

[20] аталмыш еңбек, 133 б.; Чокай, "Воспоминания", стр. 18-19.

[21] Mariya Yakovlevna,  138.

[22] аталмыш еңбек, 139 б.

[23] Неміс тіліндегі толық аты "Nationalsozialistische Deutsche Arbeiterpartei" (Ұлттық Социалистік Неміс Жұмысшы Партиясы) деген Нацистік Партиясының атының қысқартылған түрі.

[24] Mühlen, с. 72.

[25] аталмыш еңбек, 38 б.

[26] аталмыш еңбек, 72 б; Johannes Glasneck, Türkiyye'de Faşist Alman Propagandası, Onur Yayınları, İstanbul (tarihsiz),с. 203.

Әбдіуақап Қара

Шоқайтанушы,

Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры,

«Абай-ақпарат»

Жалғасы бар

0 пікір

Үздік материалдар