Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
46 - сөз 5075 5 пікір 26 Желтоқсан, 2019 сағат 12:40

Қазақпын, руым "Актер"

Көбіне жөн сұраған қазаққа менің жауабым осылай. Біреулер күледі, ұғады, ары қарай қазбаламайды. Тырнап, шұқылап бара жатқаны болса "Құда болатын күн туса сұрасайық қалғанын, оған дейін осыны ғана біле тұр" - деймін. Шытынайды, "Қазақтың жөн сұрауына қарсымысың?! Осы "әртістер" бірдеме сұраса әулие бола қаласыңдар. Жөндеріңді айтпай, халықты менсінбей, көкірек кересіңдер! Халық емес пе сендерді өсірген? Кімсіңдер өйтетін?! Уа, шшшешшш..." - дейді. Төземіз.

Студенттік бес жылымызда облысын білсек те руын білмей кеткен достарымыз бар. Әлі де достық жалғасып келеді. Бір-екеуі Маңғыстауда, бірі Шымкентте, бірі Астанада... сөйтіп кете береді. Бір-біріміздің балаларымызды үйлендіріп, құдалығын атқарып, шапқылап жүреміз. Былтыр Астанада сондай бір досымыздың баласын үйлендіріп, құданы қасқайып қарсы алып тұрсам, бала кезден өзімді білетін Нарынқолдық шешелерім бастап келе жатыр құдаларды. Мәссаған! Менің намысын жыртып тұрғаным Зайсан мен Ақжарлықтар! Біресе ұл жақтан болып, біресе қыз жақтан болып қалжыңмен, қызықпен өткіздік соның бәрін. Нарынқолдықтарым да риза, Зайсандықтарым да мәз!

Зиялы қауымның басқа саладағы өкілдерінің атынан сөйлемеймін, біздер, артистер ХАЛЫҚТЫҢ АРТИСІ болғымыз келеді негізі. Өкіметіміз тұқымын құртқан сол атаққа ұмтылатынымызда сондықтан. Бізді кейде көрермен бөлгіш. "Көрермен" дегенімнің ішінде саналы, салауатты, сауатты ағайын жетіп жатыр. Қарапайым халық телевизордан көрген артисін "тірі" көргеніне мәз, шала шабылып, шарқ ұрып жатады. Ал, жаңағы зиянды-зиялылар туған жеріңді білсе болды, ішінен тон пішіп, "анау екенсің ғой" - деп, шыртиып қалады. Қазіргі жастардың ішінде көп ондай "бөлінгіштер". Кімнен жұққаны? Бізден-ау. Үлкеннен.

Жаңағы аузына ел қараған зиянды-зиялы ағалардан. Олар әкімшілікте де, жазушының, ақынның, театрдың, оркестрдің арасында да жүр. Бар. "Бөлінгенді бөрі жейді!" - дегенді солар көп айтады. Данышпан болып сөйлеп, бас мүжіп, құлақ таратып отырып шұнақ ойынан хабар беріп қояды. Күнде көріп жүрміз, естіп, оқып, талантына тамсанып жүрміз. Әлеуметтік желіде де бір азамат жалпы қазаққа ортақ ойды толғаса алдымен өз жақыны сөзін сөйлейді. Арасына кірісіп кетсең "Сіз де біздің жақтансыз ба?" - деген сұрақ алдымен қойылады...

"Оппозициялық" ойда жүрген кейбір ағалар да соның аттандап жүрген тақырыбын қозғап қойсаң, огородынан қауын ұрлаған бала сияқты сені төмпештей түседі. Олардың да халықтың алдында "абырой" жинап жүрген темасына қол сұқпау керек екен. Сенде ондай пиғыл тек сол айтқан соң, соның "арқасында" ғана пайда болуы жөн екен. Олар да сайлау кезінде, сын сағаттарда алдымен ағайын түгендеп, сосын халықты іздейді. "Өз ағайыны тас атқан, қамаған, атқызған, айдатқан" - деген өшпес хикаясы бар елміз ғой, ағайеееен. Елмен болуды ойлайық достар.

Кешелі бері "Найман" жайлы әңгіме басталып кетіп еді, мен әзіл-шыны аралас пікір білдірдім осында, ал, кей "дарынды" ағайын маскасын шешіп тастап, талантын "шашып" жіберді. Тоқтай қалайық. "Кім екенін білмесең тарихқа қара!" - деп жатыр. Тарихта арғы атасы батыр болмаған ел, ауыл жоқ қазақта. Руды тілге тиек етсе де арыстандай арғы ата емес, бақа-шаянға айналған бергі біздерге айтылған, ұсақталып кеткен бүгінгі "игі жақсыға" айтылған деп қабылдау керек те, белдесудің қамын ойламай елдесуге кірісейік.

Болдым. Данышпан шықпайды менен.

Асқар Наймантайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар