Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 5657 1 пікір 26 Желтоқсан, 2019 сағат 11:54

Қазіргі ауылдың жастары сауатты

Малшылық кәсіппен айналысқаннан бері ауыл жаққа қарай көп барам. Ауылдың азаматтарымен тілдесіп, пікірлесем. Ойы озық жастарды тыңдап танысуға тырысам.

Қазіргі ауылдың жастары сауатты және өздерін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Басым бөлігі өздерін арақ-темекі сияқты бәлелерден алшақ ұстайды. Біздің кезіміздегідей көшеде ләйліп жүрген дүбәраларды көп көрмейсің. Көбі өз кәсіптерін ашқысы келеді, идеяларымен бөліседі, рухани әңгіме тыңдауға тырысады. Негізгі кәсіптері - мал шаруашылығы. Барлығы дерлік, сөзіне берік, ісіне адал жандар.

Бірақ бір таңқаларлығы, ауылдарда жасы отыз-қырықтан асып кеткен сүр бойдақ жігіттер көп. Қасымыздағы 10 үйлік ауылдың өзінде оннан астам бойдақ жігіт тұрады екен. Басқа ауылдарда да жағдай осындай.
Сұрай келе мынадай басты себептерді анықтадым:
- Ауылда қыз балалар аз. Көбінесе, қыздар оқу және жұмыс қуып қалаға кетеді,
- Ал, жігіттер малшылықты кәсіп қылғандықтан ауылдан шыға алмай қалады. Мал үнемі қадағалауды қажет етеді.
- Қалаға үйреніп қалған қыз балалар ауылға келгісі келмейді. Қаланың қызы ауыл жігітінің ұсынысын қабылдамайды. Ауылдың тұрмыстық жағдайын ауырсынады.
- Бойдақ жігіттер ата-анасының жағдайын ойлайды. Той деген шығын, сондықтан отбасының қарызданғанын қаламайды. Сөйтіп жүріп уақыт өткізіп алады.
- Отбасының әлеуметтік жағдайы

Не болғанмен де бұл жігіттердің бәрі үйленгісі келеді және үнемі ізденісте, бірақ көбінің жолы болмауда. Ал, қалаларда бойдақ қыздардың көптігін байқаймын. Олар да отбасы құрып, бала сүйгісі келетініне күмәнім жоқ. Бірақ бір айтып, жөн сілтеу жетіспейтін сияқты. Ауылда жағдайдың бұрынғыдан әлдеқайда жақсы екенін, байланыстың, интернеттің бар екенін айтайық. Ауылды сүйдірейік, қорқытпайық.

Қалада бақытын кездестіре алмай жүрген қарындастарымыз болса, оларды ауылдың жігітімен отасуға, ауылға келін болуға үгіттейік.
Бұл көптеген әлеуметтік мәселені шешер еді.
Ауылдағы жұмыс күші, мектептегі бала саны, қылмыстың азаюы, ажырасу, т.б. сияқты көптеген әлеуметтік мәселе шешілер еді.

Абыл Сатайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар