Сенбі, 11 Мамыр 2024
Алаң 5591 25 пікір 24 Желтоқсан, 2019 сағат 14:56

Шахановтың кеші һәм қазақ руханиятының бүгінгі күйі

Қазақ халқының рухани ахуалының мұншалықты құлдырап, рухани болмысынан ажырағанын дәл бүгінгідей сезінбеген едім. Оны сезіндірген де, мені шошытқан да қазақтың Ақиық ақыны Мұхтар Шахановтың Түркістан қаласында 23.12.2019 күні өткен шығармашылық ән-жыр кеші болды.

Бұрын да қазақ халқының өзінің рухани болмысынан ажырап, материалдық құндылықтарға ғана бас ұрып, азғындыққа ұшырап жатқанын көріп те, сезіп те жүрген болатынмын. Бірақ, қазақ қоғамы дәл мынадай деңгейге дейін түсті деген ойыма келмепті. Бұрындары руханият мәселесін тек діни үдерістер шеңберінде ғана қарастырып жүргендіктен, жалпы қазақ қоғамының белгілі бөлігі сау болар деген үмітте едім. Олай емес екен. Ұзақ жылдарға созылған деидеологизация үдерісі жеңіске жетіп, қазақ халқын рухани өзегі жоқ тобырға айналдырыпты.

Қазақ осындай рухсыздық деңгейіне дейін түспесе, алдарына келіп тұрған Мұхтардай ақынын төбесіне көтерер еді гой. Олай болмады. Селсоқтық, немкеттілік танытты. Әкімшілік тарапынан да осындай селсоқтық байқалды. Халқы анадай болған соң, олардан не сұрарсың? Әкімдер де сол халыққа ылайық болады ғой. Егерде Түркістан халқының рухани деңгейі жоғары болса, қала әкімі қалалық әкімшілікке Этнографиялық музейді тартып алар ма еді? Осыған қарап-ақ, біздің Түркістан қаласының халқының да, ол халықты басқарып отырған әкімдердің руханияттан жұрдай, нәсінің жетегіндегі жүргендігін көруге болады. Түркі дүниесінің Қарашаңырағы, түркінің төрт мыңжылдық тарихында Темірқазық болған жәдігер қала осылай өзінің рухани қуатынан ажырап, шөгіп барады.

Қалай шөкпесін, діндарлары соңғы мың жыл бойы бар түрік баласының рухани тірегі болған Қожа Ахмет Йасауидің рухани мұрасы мен оның басына Әмір Темір салдырған кесенесіне барудың өзін «Алланың алдындағы кешірілмес күнә» деп халықты үркітіп жатса, ол жерге қайтіп барып бас имек, әруақтарын еске алмақ. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі тұсында Құрбан айт сайын түркі дүниесінің төрт бұрышынан мыңдаған адам зиаратқа келіп, рухани қуат алатын. Ал, Түркістанның өз халқы болса, айт намазына барған жандардың 99 пайызы Әулиенің басына барып, Құран оқитын. Қазіргі күні мешіттердің «белсенді әрекетінің» арқасында намаздан шыққан 100, ары кетсе 200 кісі әулиеге барып, Құран бағыштайды. Қалғандары барайын десе Құдайдан қорқады. Себебі, Аллаға серік қосып қояды.

Қожа Ахмет Йасауидей әулиесіне барып, Құран оқып, әруақтарды еске алудың өзі халықтың рухани тұтастығын қалыптастырып тұрған рухани өзек, рухани-мәдени болмысының қайнар көзі болатын. Қазіргі қазақтың рухани-мәдени болмысындағы барлық құндылық осы Йасауи мәдениеті негізінде жасалған болатын. Қожа Ахмет Йасауи Исламнан бес парызды ғана алып, түркінің Тәңір дінінен қалған бар салт-дәстүрін қайтарып беріп еді. Сол Йасауи жолынан шегінген әрбір қадам Алтын Ордадан бастап, Қазақ хандығының ыдырауына дейінгі түркі мемлекеттігінің күйреуіне басты себебі болды. Қазіргі күні діндарлар сол өзекті үзіп, жеңістерін тойлап жатқан жайы бар.

Бүгінгі Мұхтар ағамызға құрмет көрсетілмеуінің астарында осындай қазақ халқының рухани болмысының күйреуі жатыр. Бұл бір түркістандықтар үшін емес, бар қазаққа қатысты екенідігін айтып өтуге тиіспін. Егерде қазақ рухы мықты болатын болса, ана Серікжан Біләш сияқтыларға Мұхтардай асылына тіл тигіздірер ме еді? Мұхтар ағамыз түгіл еліміздің киелі символы, Туымызды көк дамбалға теңесе де Серікжан Біләш десе жанын беретін жандар бар. Бұл да сол қазақтың руханиятының күйрегендігінің көрсеткіші. Мұндай деректерді тізе берсең қазақ жерінің бар өңірінен табылады. Жақында ғана қазақтың туын қорлап, аяққа таптап жатқан сақалды жігітті көрсетті. Ол жігітті ұстап, жазаға тартқан жан бар ма? «Неге таптайсың?» деп туға ара түскен жан бар ма екен? Жоқ.

Қазақ деген атымыз болғанмен, затымыз жоқ. Өйткені, біздің басымызды біріктіріп тұрған рухани қуат жоқ. Рухани қуат жоқ жерде – қазақ рухының тұтастығы туралы сөз айтудың өзі артық. Кешегі жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған халықтың ұрпағы азғындап, бүгін келіп тобырға айналуы негізінде сол ата-бабаларымыздың киелі рухынан айырылып жатқанын түсіне алар емеспіз.

Кешегі «Рухани жаңғыру» жобасы қабылданғанда, қазақтың руханияты енді оянар деген үмітте болдық. Қожа Ахмет Йасауи мұрасын кеңінен зерттеп, халық санасына жеткізетін мүмкіндік туар деп ойладық. Йасауи жолын түсінген жанның қазақ руханиятына бет бұратынына сеніміміз мол болды. Дайын тұрған зерттеу жұмыстары нәтижелерін жариялармыз, олар қазақтың санасында сілікініс туғызар деп үміттендік. Өкінішке орай, олай болмады. Керісінше, қазақ руханиятына қарсы күрес одан ары үдей түсті. Қазақтың дәстүрлі дінін қызғыштай қорғап жүрген Дін істері комитеті жанындағы «Сараптама және талдау» орталығы жабылып, ол орталықтың басшысы қуғынға түсті. Қазақ руханиятына іш тартатын мамандардың барлығы дерлік дін істері саласынан шеттетілді. Қазақ дініне қатысты зерттеудің барлығы араб дәстүршілдігінің орталығы болып отырған «Нұр-Мүбәрек» университетіне берілді. Олардың қай бағытты қорғайтынына, қазақ руханиятын талқандаудың небір қитүрқы жоспарларын жасайтынына күмәнім жоқ. «Арабтың шариғатын қабыл етпесең мүсылман емессің» деп қазақтың санасын осы күнге дейін улап келген Орталықтың, бұдан былай қазақ руханиятына қызмет етеді дегенге кім сенеді? Анығына келгенде ол жерде бірлі-жарым болмаса, қазақ руханиятынан хабары бар маман да жоқ. Ал, күштік құрылымдар мен Дін басқармаларында қызмет істейтін сарапшылардың барлығы дерлік уаххабилік-салафилік бағыт өкілдері екендігіне соңғы бір жыл көлемінде толығымен көзіміз жетті.

Дін бір жағынан, Батыстың адам рухын азғындататын музыкасы мен модасы т.б. адам рухын аздыратын түрлі айла-шарғысына есік айқара ашылып, жастардың рухын ыластаудың бар мүмкіндігі жасалды. Ғылым мен білімің де қазақ руханиятынан алшақтатылып, Ібілістің жетегінде кетіп, соған қызмет етіп жатыр. Мұндай жағдайда қаймана қазақтың рухани азғындыққа түспегенде несі қалды? Кешегі күні Мұхтар ағамызға түркістандықтардың көрсеткен «сый-құрметі» сол қазақтың рухани ахуалының азғындыққа ұшрағандығының көрсеткіші десе болады. Болмаса, Түркістан халқы мұндай емес болатын. Ақын Мұхтар десе Түркістан халқы өре түрегеліп, қызмет етуге дайын еді. 2007 жылы Мұхтар ағамыз партия құрамын деп, Алматыда құрылтай шақырғанда Түркістаннан 4-5 автобус болып барып, сол жиынға қатысқанымыз, қолдау көрсеткеніміз есімде. Сол жылдың желтоқсан айында Мұхтар Шахановтың сайлау алды кездесуінде университеттің Мәдениет сарайына кездесуге келген халықтың сыймай қалғанына куә болғанбыз. Сол халық бүгін жоқ! Қайда! Өлгені өлді, қалғаны сүйретіліп әлі жүр. Бірақ ол халықтың руханиатты іздейтін, Мұхтардай ақынын іздейтін шамасы жоқ. Бірі мойнына түскен кредит салмағынан басын көтере алмай жүрсе, екіншісі ашкөзденіп, «бірін екі, екісін үш қылсам» деп жанталасып, байлықтың соңында кетті. Баяғы заманда Йасауи бабамыз өз хикметінде айтатын:

Ұстаз, дінсіз құлдар болды хакім,
Менмендік дүкенін ашып, болды залым.
Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым,
Көпшілігі халықтың кәпір болды көргін.

Дінсіз ұстаздарға еш қауіп жоқ,
Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.
Ұшып қонып, өлімнен еш хабары жоқ.
Ол жанның дүние діні болды көргін! – деген заман біздің басымызға тағы түсті.

Олай болса, бұл жерде «Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы етеміз» деген мемлекеттің стратегиялық жоспары не болмақ? деген сұрақтың туындайтыны заңды. Ештеңе де болмайды. Қаланы құрлыспен қанша көркейткенімен, руханияты болмаса, Йасауидің ілімін тірілтіп, қайта жаңғыртпайтын болса, онда бұл жасалып жатқан бар жұмыстың нәтижесі нөлге тең болады. Түркістан өзінің руханиятымен, Йасауиімен Түркістан! Онсыз бұл жәдігер қаланың мәні де, құны да жоқ! Бірақ Түркістан руханиятын оятатын мүмкіндік те жоқ. Өйткені, 2010 жылы сопылырға қарсы ашылған соғыс тек, «зікіршілерді, Исматулла қариды ғана емес, бүкіл қазақ руханиятын Йасауиден бастап, Абай мен Шәкәрімге дейін түрмеге жабумен аяқталған болатын. Олардың қатарында Мұхтар Шаханов сияқты қазіргі қазақ руханиятының өзегін ұстап отырған ағаларымыз да бар. Содан бері қазақ руханияты түрмеде отыр. Әлі ақталған жоқ. Сондықтан мұндай жағдайда, «руханияттан жұрдай болыпсың» деп халықты сөгудің де, ренжудің де реті жоқ сияқты.

Сол зауалдан құтылудың жолы бар ма? Бар. Ол – халықтың руханиятқа қайта оралуы. Йасауидің рухани мұрасына қайта оралуы десем артық айтқандық емес. Өйткені, Имам Мәді «адамзат баласы өзінің рухани болмысына қайта оралып қана ақырзаман зауалынан құтылады» деп жар салуда. Ал, Имам Мәді ұстанымы мен Йасауидің рухани мұрасы арасында айырмашылық мүлде жоқ десе болады. Демек, әлі де болса, қазақ халқының алдында Тәңір Тағаланың қаһарынан құтылудың мүмкіндігі бар. Ол – Йасауидің іліміне, Түркістан руханиятына қайта бет бұру. Басқа жол жоқ! Қалғанын патша көңілдеріңіз білсін! Таңдау қазақтың өзінде.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1935
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2117
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1757
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1531