Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Бір сауал 8754 6 пікір 24 Желтоқсан, 2019 сағат 11:41

Отан сөзін бас әріппен жазу не үшін қажет?

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының 2019 жылғы 11 қазанда «Маңдайшаларды латын қарпіне көшіру мәселелері» жөнінде өткізген онлайн семинары барысында «Алматыкітап» баспасының бас редакторы Өмірзақ Әбдішүкірұлы: «Отан сөзін бас әріппен жазамыз ба, әлде кіші әріппен жазамыз ба? «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөйлемде сөздің бәрі бас әріппен жазыла ма? Жауап беріңіздерші» деген өтінішін тастаған болатын ғалымдар ортасына. Сұрағыңызға жауап берейін деп сөз алған едім. 

Ең алдымен осы сұрақтың сұралғанына ризашылығымды білдіремін. 

Қазіргі жаһандану үдерісі тұсында тілдердің бір-біріне әсері тұрғысынан көптеген батыс ғалымдарының өте қызықты деп тауып айналысып жүрген тақырыптарының бірі тілдердің бірінің соңынан бірі тез қарқынмен ізім-ғайым жойылып кетіп жатқандығы жөнінде болып отыр. Ғаламдық деңгейде бір ғана ағылшын тілінде жарық көріп жатқан зерттеулерді тізбектеуге болады. Солардың бірі әлемге танымал Уэльстен шыққан ағылшын тілді лингвист-ғалым Дэвид Кристал. Ол өзінің «Тілдің жойылуы» (Language death. David Crystal. Cambridge: Cambridge University Press, 2000. Pp. 208.) деген үлкен зерттеу-еңбегінде «Әр екі аптада бір тіл соңғы сөйлеушісімен бірге өліп кетіп жатыр, ... ол тілдерді ағылшын тілі шаңсорғыш іспетті жұтып жатыр» деген мәлімдеме жасайды да, «бұл мәлімдеме шындықтан алшақ жатқан дүние емес» деп тағы шегелейді.   

«Көп тілдерге ортақ қандай да бір сипат бар ма?» дегенде, «Олар өліп жатыр» деген жауап береді екен осы саладағы ғалымдарымыз. Әу баста тілдердің саны 31 000-ның айналасында болған деген деректер бар (https://www.uh.edu/engines/epi2723.htm). Осы қарқынмен өліп кете берсе, бүгін өмір сүріп отырған 6 мыңның төңірегенде қалған тілдердің, енді бір ғасырда тең жартысы, не одан көбі жоқ болады деген болжам айтылады («According  to a UNESCO report,  out of the 6,000 languages,  which are currently spoken in the  world, about 50-90% may be superseded by the dominating ones by the end of this century» деп, көз жеткізу мақсатында тікелей дереккөздерден де ақпарат көрсетіп қоялық). 

Жоғалып кетуіне қауіп төніп тұрған тілдердің белгілері сипатталғанда оған қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі толығымен сәйкес келетініне көзіміз жетті. Себебі, тілдің жоғалуының ең басты белгілерінің бірі – сөйлеушілер өз тілінде сөзі мен сөз тіркесі бола тұра орнына үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қолданып сөйлейді екен. Бірақ Д. Кристал мұндай тілдерді сақтап қалудың жолдарын да санамалап айтады, тілді сақтап қалудың ең бірінші амалы ретінде «сол тілде жазу мен оқу өте оңай болу керек және ең қажетті ақпарат қолжетімді, (мәселен, ғаламторда) дөңгелеп жүріп тұру керек», «арнайы құрылған командалар жұмыс істеу керек» дейді, тілді сақтап қалудың осындай тағы бірқатар жолдарын көрсете келе, «дегенмен де, егер бұл тілде сөйлейтін ұрпақтың патриоттық сезімі болмаса ол ұлттың тілі бәрібір өліп тынады» деп қорытады. 

Осындай зерттеулердің нұсқауына қарағанда біздің де ұлтжандылықты көтерудің ірілі-ұсақты қандай амалдары бар болуы мүмкін болса да, солардың бірін қалдырмастан іске қосуды қажет ететін уақытқа келіп, тіреліп тұрғанымыз анық. Бұл жәй бір айтуға жақсы көркем сөз емес, ұлттың ұлт болып тыныстауына ауадай қажет амал. 

Латын қаріпті әліпбимен емле ережелеріміз қайта құралып жатқан тұста, расында, пысықтап алуды қажет ететін кішігірім сұрақ көрінгенмен, маңызы айрықша мәселелердің бірі – бас әріптің қолданысы. Отан сөзі – жалқы есім емес, жалпы есім. Жалпы есімдердің кіші әріппен жазылатыны, әрине, балаға да түсінікті ереже. Дегенмен де, Отан деген үлкен сөз үлкен әріппен жазылуы керек. Неге? Отан сөзі оқыған баланың көз алдында әрдайым бас әріппен жазылып тұрса, жазған бала оны бас әріппен әспеттеп жазуға дағдыланса, осы сөздің жәй қарапайым сөз емес екенін, аса қасиетті ұғым екенін бала көзін ашып әліпті таяқ деп танығалы бері білетін болады және бұл тәсілдің ұлтжандылықты қалыптастыруға міндетті түрде себі тиеді. 

Біз өзіміздің ұтатын жеріміз бен ұтылатын жерімізді таразыға салып бағамдап көрсек, «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөйлемдегі әрбір сөздің бас әріппен жазылғанынан неге қорқуымыз керек? Керісінше, мұндағы талайларға сан ғасырлар бойы қол жетпес арман күйінде қалып отырған әрбір сөзіміздің қадір-қасиетіне жете білгендіктен, қанша жұртқа бермесе де, бізге беріп тұрған Жаратқанға сансыз шүкіршілікпен осындай қасиетті сөздерімізді көтеріп жазып отырмыз. Түсіндіріп жатудың өзі артық.

Әріптесіміз Өмірзақ Әбдішүкірұлының жоғарыдағы сұрақтарын ғалымдар қауымына жолдауы тегіннен емес, әрине, баспа мен баспасөз жазу-сызу ісінде нені қалай қолданып жатқандығы жөнінде сұраққа алынып жатады. Сол себепті, орайы келіп тұрғанда жазарманымыз, оқырманымыз, ғалымдар қауымымыз бар, бәріміз бірлесе келісіп-пішіп, осындай маңызды сұрақтарымыз хақында ортақ бір мәмілеге келіп алғанымыз жөн болады ғой деп ойлаймыз.  

Қайда барсақ да осы бір ғана ұлтжандылық деген сезімнің жетіспеушілігінен орын алып жатқан орынсыз жайттарға кезігіп келеміз. Бәріміздің білуімізше, ұлттың құндылықтарын ұлттық рухтың ақ туын биік ұстаған ұрпақ қана аялай біледі. Жалпақ даласын, біртұтас ұлтын сүйген сондай ұланы бар болса қазаққа қажеттінің барлығы өздігінен түгелдене бермес пе еді? 

Ұлтжандылықты қалыптастыру деген сөз, ұлтшылдықты өршіту деген сөз емес. Екеуі екі басқа нәрсе, біздің айтып отырғанымыз, кәдімгі имани сүйіспеншілік. «Отанды сүю иманнан» деген хадисіміз де бар, ендеше сол бір ғана отансүйгүштік сезіммен бұл дүние тұрмақ, мәңгі дүниенің де, бұйырса, жұмағына кіретін есігіне де жол тауып кетуге болатын тәрізді.  

филол.ғ.к. Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2175
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2576
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2471
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672