Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Талқы 3520 4 пікір 23 Желтоқсан, 2019 сағат 10:54

Кинопрокаттағы қазақ тілінің тәуелсіздігі қашан орнайды?

Ақын Сараның ауызына «Келгенде Жиенбайға шықпайды үнім...» деп сөз салдырған Әріпше бізде ауыз ашып ешқашан сөз етпеу үшін «мәңгілік табу» салынған «отаршылдық құлдығының үш қамыты» бар: бірі – еліміздегі орыс шіркеулерінің Мәскеудегі Орыс православ шіркеуіне емес, Константинополь православ шіркеуіне қарауын көтертпеушілік, екіншісі – РФ жасалған орыс тілді дубляждің ел кинотеатрларынан аластатылмауы және дубляждың бағын жандыратын теледидардағы 50/50 үлесінің қайта қаралып, 80/20-ға ұластырылмауы, үшіншісі – орыс тілді мектептердің алаш құндылығын қадірлеуге бағдар ұстанған аралас мектепке айналдырылмауы әм 10-11 сыныптардың тек қазақ тілінде оқытылуының жолға қойылмауы. Біздің әңгімеміз бұлардың барлығы жайлы емес, тек кино мен телеарна және сайттардағы дубляжға қатысты.

Азаттық дегеніміздің бір қыры – жер мен ел иесінің ешкімге жалтақтамай, әлемдік құндылықтарға мәдени контент арқылы өз ана тілінде қол жеткізуі. Телехикая саласында еш кінәрәт жоқ. Музыка саласындағы телеарналар тамаша даму үстінде. Мәдени контенттің өзге бір саласы – жыл сайын аударылуға тиіс қазақша шетелдік фильмдер топтамасының тізбесі мен ұлттық киносайттардың жоқтығы ұлттық рухани дамудың аяғына тұсау болуда. Осылайша... Бар бәле шетелдік фильмдер топтамасына келіп тіреледі. Оған қандай кедергілер жасалап жатыр?! Басты кедергі – орыс тілді кинопрокат аждаһалығы. «Осы бір кинопрокаттық тәуелділіктен құтылудың жолы бар ма?» деген сауалдарға ел болып жауап іздейтін уақыт келді. Шет елдік фильмдердің орысша дубляжы РФ жасалып, Орталық Азияға, оның ішінде ҚР тоқтаусыз таралып отыр. Ол үшін Путин үкіметі қолдан келген жеңілдіктің бәрін жасауда. Біз неге өзге елден келген киноөнімге қосымша салық салмаймыз? Шет елдік киноөнім болғандықтан  билет бағасын аспанға шарықтата неге көтермейміз? Не біреу қолымызды қаға ма? Кезінде әлемге танымал орыс режиссері Станиславский «Театр киім ілгіштен басталады» деген болатын. Өзге елде аударылған «Жат тілдік» фильмді көрсетуді басқа бір тәуелсіз мемлекетінің мәдениет саласында дәстүрге айналдырып, басты орынға қоюшылығы бұрынғы империялық елдің өзінің бір кездегі отарына жасаған неоидеологиялық экспансиясы болып табылады.  

«Қазақ тілділер кино көрмейді» деп сылтауратудың еш керегі жоқ. Бизнеске қазақшаланған кино пайда әкелмейді деп зар жылауға да орын жоқ. Қазақша дыбысталумен бірге орысша субтирді қатар пайдалануға болады. Прокаттық киноны қазақтандыру бағытында не істеліп жатыр?  

“Өзіңнен баста” жобасының аясында “Болашақ” корпоратив қоры мен “Меломан” компаниясының бастамасы негізінде белгілі бір фильмдерді қазақшаға аударып, дубляж жасауды қолға алды. “Өзіңнен баста” жобасының жетекшісі Айымгүл Орынбаеваның айтуынша, “Болашақ” қоры қазірше қазақшаға 32-фильм аударған екен. Жұрт бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай фильмнің қазақша нұсқасын прайм-таймға қою сұранысқа қатысты дегенді жарыса сөз етеді. Бір жылда 53-54 апта бар дейтін болсақ, онда 8 айдың әр аптасына бір фильмнен келеді екен. Сонда жылына 150-200 фильмді қазақша сөйлетуге не кедергі? Бизнес пе, қазақ тілді жұрт па? 

Иә, дубляжға көп қарыжы кетеді. Бірақ қос дауысты әм бір дауысты кадрлық аударма бар ғой, сондай-ақ, ешбір дыбыстық аудармасыз-ақ, субтир арқылы қазақшалауға да болады емес пе?

Қайта Құру кезінде әлемдік киножауһарларын Алексей Михалёв, Дмитрий «Гоблин» Пучков т.б. орыс патироттары үй жағдайында күніне үш-төрт фильмнен аудару арқылы КСРО кинокөрермендеріне жеткізді. Қызыл Империя аумағындағы қаптаған бейнесалондардың иелері солардың аударған фильмдері арқылы шаш етектен пайда тапты. Ол кездегі үйкиностудиялары өте қымбат тұратын. Ал, қазір арнайы дубляж және субтирлік кампбағдарламалары кез келген аудармаға бейім қазаққа қол жетімді. Тек сол аударғанына мемлекет тарапынан қаржы төлену ғана қалып отыр. Жастар ОК мен ВК-да өздері аударған телекино өнімдерді ұсынуда. Олардың бұл патироттығын бағалап жатқан не үкімет, не бизнес жоқ. Бар қаржы еш керексіз орыс тілді БАҚ мен сайттарға аударылуда, не болмаса, ешкімге керексіз тіл үйрету орталықтарына дарақылана шашылуда. Ал, фильм мен телехикая тіл үйретудің бір амалы екені де ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Осы орыс тілді БАҚ ұстауға кеткен мемлекет қаржысын басы бүтін қазақ дубляжына жұмсаса көп нәрсе бүтінделер еді. Орыс тілділер өз еркімен ешқашан бас сұқпайтын «Тіл үйрету орталықтары» жанынан қазақша дубляж жасау бөлімдерін ашса кім қой дейді. 

Кезінде қазақ эстрадасы орыс попмузыкасының қанжығасында кетеді дегендер болды. Шындығында қазақ әні өзінің екінші тынысын алып, орыс әншілерінен аспаса кем түспейтіндігін таныта алды. Кино саласындағы аударманы да екіге бөлуге болады. Үй жағдайында бір не қосар дауыспен аударылған әм арнайы техникалық орталықта істелінген деп. Қазір өзімізде ашылған қаптап жатқан той орталықтары мемлекеттік тапсырма болса, кез келген фильміңді бір күн түгіл бар-жоғы 4 сағатта жәукемдей алады. 

Әртістеріміздің дауыстарының дыбыстық қоры бар сияқты, Қазақстан Жазушылар Одағының жанынан кадрлық және субтирлік аударма жасайтын шағын шығармашылық бірлестіктер ашса, онда ағылшын, француз, кәріс және қытай мен үнді фильмдерін тікелей аударатын топтың жұмысын қаламгерлеріміз редакциялай алу мүмкіндігіне ие болар еді. 

Ең құрығанда РФ сияқты RUSSKIJDUBLYAZH.RU сияқты ALASHDUBLYAZH.KZ cайты дүниеге келсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Әзірше қаржы көп кетпейтін ағылшын, қытай, кәріс, жапон және еуропа тілдерінен кадрлық және субтирлік аударма жасайтын шағын шығармашылық бірлестіктерді құрушыларға мемлекеттік қолдау керек. 

Қазақфильм тарапынан көп қаржы кететін дубляжды әзірше бір дауысты әм қос дауысты кадрлықпен алмастыруды өмір тәжірибесіне енгізетін болсақ, олар Жазушылар Одағы тарапынан құрылған киносайттарға орналастырылса, көп нәрседен ұтар едік. Бір немесе қос дауысты дубляжды жолға қойып алған соң, Қазақфильмдік көп дауысты сапалы дубляжға іркілмей көшуге болады. Орыс тілді киноның бүгінгі үстемдігінен құтылудың келесі жолы, шет тілдерін оқып жатқан студент жастарды қатыстырып, дыбыстық аударма жасамай таза субтир арқылы жұртқа ұсыну. Әрі Ресей кинопрокатымен біржола атқұйрығын үзісу керек. 

Орыстілділер әлемдік тұсаукесерлердің жиендік нұсқасын ол болғанға дейін қарақшы сайттардан көріп алады. Бар мәселе қазақ прокатына мемлекеттік бақылаудың болмауынан туындап отыр. 

«Орыстілділер бәрі қазақшаланса көре алмай қалады» деген байшыкештерге «қазақша дыбысталған фильмдерге орысша субтир енгізу арқылы дүниені ың-шыңсыз шеше аламыз» деп нық жауап беруге болады. Түрік және кәріс сериалдары отандық телеарналарымзда орыс тілді қазақ көрермендеріне субтир арқылы ұсынылып жүр емес пе? Елімізде орын алып отырған осы бір тамаша іс-тәжірибеден неге қашамыз? Әлемдік, құрылықтық және аймақтық тұсаукесерлерді қазақша көрсету үшін 2020 жылдан бастап мәдениет минстрлігі ірі кинокоманпияларымен шартқа отыруға кірісуі керек-ақ. Бұған қазақ тілді жұртшылық мүдделі. Тек билік қырын қарамаса болды!?

Сіз бұған қалай қарайсыз алаш көрермені!? 

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2178
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2578
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2484
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1676