Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Ғибырат 5239 13 пікір 20 Желтоқсан, 2019 сағат 14:01

Шәкіртке мұқтаждық - шынайы ұстаз парызы

Расында да, «Мен шәкіртке мұқтажбын!» деген шынайы ұстаздан ғана туындайтын сөз. Ғұлама Жүсіп Баласағұн: «Көктен қара жерге түсті сөз» десе, данышпан Шәкірім: «Сөз Алладан шыққан бу» деген еді. Сондықтан, ұстаз аузына салған сөз Алланың буы дегенге баладық. 

Ендеше, сөзіміз жастайынан білім алып, ой түйіп, білімін жастарға ілмек етіп келе жатқан ұстаз, абайтанушы, сенатор, академик, ұстаз Ғарифолла Есім туралы болмақ.

Ұстаз деген ұлағатты сөз де, ұлағатты іс те. Ұлағаттылық  тек білім беруге ғана қаратылып айтылған сөз емес. Ол ұстаздан шәкіртке берілетін ұлттық тәрбие рухына қатысты болуы керек. Өйткені, ұлағаттылық ұстаз бен шәкірт арасындағы қатынасқа тиесілі ұғым. Ұстаз бен шәкірт бір-бірінсіз мәні, болмысы, ұшқыры ашылмайтын жұптық ұғымдар. Ұшқыры дегеніміз бірінсіз бірі ұшталмайтындығы. Ұшқырдың үш қыры бар. Бірі ұстаздың - сөзі, екіншісі  - өнегесі, тәрбие ісі, үшіншісі – ісі. Міне, осы үшеуі кісілікке бастар харекеттер.  

Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей деген халық даналығы бар. Ұстаз Ғарифолла Есім білгенін, көргенін, түйгенін көміп қоятын кісі емес екенін ел-жұрт біледі демекпіз.

*****

Ұстазда да ұстаз болады

Еліміздегі ұлт газеті болып саналатын «Ана тілі» баспасына берген бір сұхбатында ұстаз Ғарифолла Есім: «Бала кезімде Есім атам мен үшін кемеңгер, дана адам көрінетін. Сол кісі көп ақылды сөздер айтып, әр нәрсені оймен топшылап отырады. Сонда жұрт кәдімгідей құлақ қойып, ұйып тыңдайтын. Бұл маған ұнайтын» -дегенді. Ұстаздың осы бір сөзінің төркіне мән беріп қарасақ, «кемеңгер», «дана», «ой топшалау», «маған ұнайтын» деген сөздерді аңғарамыз. Осы бір ұғымдардың табиғатының өзі-ақ, үлкен бір даналықты паш етеді. Ал оны аңғарған Ғарифолла Есім өз болашағын үлкен ғылым мен ұстаз иесі етіп көреді.  Міне, осы бір анықтылықты Есім ата іші де сезген болар.  

Ұстаз Ғарифолла Есімнің «маған ұнайтын еді» дегені философияға деген ғашықтықтың бастауына айналып, «Есім атам мен үшін кемеңгер, дана адам» - деп, Есім атасын еріксіз өзіне ұстаз еткен. Бұл философия біліміне әрі қарай бойлауға себеп болады. 

Ғарифолла Есімнің  әдебиеттен білім алуы – кездейсоқтық емес, қажеттілік. Оны өзі де кейін қажеттілікке айналдырған. Атадан естіген ақылды сөздер мен даналы ойларды әдебиеттен ести бастаған. 

Расында, қазақ даналығын түсіну үшін қазақ әдебиеті туындыларын жетік білу керек болды. Ол бүгінде де үнемі өзінің шәкірттеріне кітап оқуды үндеп отырады. Тіпті, кітапты қалай оқу керек екендігін қызықты етіп түсіндіреді. Өзінің шетел, орыс, қазақ әдебиетінің туындыларын тауысып оқығанын үнемі айтып жүреді.

Институттың әдебиет мамандығын бітіре салысымен үш мамандықпен жұмыс жасауға мүмкіндік алады. Бірі – педагогика, екіншісі – өзі тәмамдаған әдебиет кафедрасы, ал үшіншісі – философия кафедрасы. Ұстаз Ғарифолла Есім сөз жоқ, ойланбастан философия кафедрасын таңдаған. Осы жылдар бойы «Не себепті таңдадыңыз?»,  «Өкінбейсіз бе?» –деген сауалдарға, «Өкінбеймін, мені философия қызықтырды. Кейін философия мені Абайға бастап келді» - деп, жауап беріп келеді.   

Студенттік кезеңге дейінгі «маған ұнайды» деген іштегі үлкен бір жас толқын, леп біртіңдеп «мені қызықтырды» деген жігерлі ұстанымға өте бастайды. 

«Философия факультетін бітірмегендіктен  қосымша көп оқу керек болды» - дейді, бір сөзінде Ғарифолла Есім. Расында, ол заманда философияны оқып-үйрену үшін К.Маркс пен Ф.Энгельсті, В.И.Ленинді білу керек. Оларды білмесен философ бола алмайсын деген міндет қойылады. Осы міндет оны 1978 жылы «диалектикалық және тарихи материализм» бойынша кандидаттық диссертация қорғауға алып барады. Қорғау керек болғасын, қорғалады. Кәсіби философ ретінде қалыптасу жолындағы міндеттілік осымен аяқталғанға ұқсайды. Өйткені, міндеттілік – жалдамалы адамның ісі. Ғарифолла Есім өзін ол жолда көрген еместі. Екінші жағынан, Маркс, Энгельс, Лениндер ұстаздық иесін аңқыта алмады. Мойындау керек, сол заманда өздеріне сол тұлғаларды ұстаздық еткен қаншама адамдар болды. Таң қалдыратыны, бүгінде күннің өзінде де оларды ұстаз ететіндер де жие кездеседі. 

Ғалымның тар тынысын кеңейткен –Тәуелсіздік болды. Тәуелсіздікді әр адам әртүрліше қабылдағаны белгілі. Бірақ ойшыл үшін ең алдымен ой тәуелсіздігі еді. Өйткені, жастайынан жастық астында жасырын оқитын қазақ әдебиеті туындыларын оқуға мүмкіндік арта бастады. Ең бастысы, Абайға бір қадам жақындай түсті. «Маған даналық ұнайды» - деген Ғарифолла Есімнің өмірлік жолы алдына Абай даналығы бет-бетімен ашыла бастайды. Есім атаның «ақылды, дана сөздері маған ұнайды» дегені, ендігі кезекте «Абайды оқу маған ұнайды» дегенге ауыса бастады. Абай даналығы таң қалуды өрбіте түседі. Оны өзі де іштей сезе бастады. Есім ата ұстаздығы ендігі кезекте біртіңдеп Абайдың ұстаздығына ауысты. Абай – рухани ұстазға айналады.  Ішкі леп, күш-қуат арта түседі. 

Абайдың даналығы негізінде қазақтың даналығы. Сол даналықты философия білімінің обьектісіне айналдырып, 1994 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. «Хакім Абай» кітабын жарыққа шығарады. Енді, міне қазақ философиясы қандай болуы керек, немен шұғылдану керек, оның ерекшелігі неде?- деген қордаланып тұрған алуан сұраққа жауап іздеуге білек сыбанып кірісіп кетеді. Қазақ философиясымен бірге қазақстандық өркениет тұжырымдамасын өрбіте түсті. Анахарсистен Абайға дейінгі біртұтас мәдени – тарихи кеңістік концепциясын жасады. Йоллығтегін, Қорқыт, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, А.Яссауи, Асан Сәбитұлы, Бұқар жырау т.б көптеген ғұламалардың философиялық ой-толғамдарынан қазақ философиясына құнды мәліметтер береді. 

Социализмнің күнәларын моншақтай тізіп, елдіктің төл дүниетанымын түгелдеп «Сана болмысы» көп сериялы кітаптары жарық көреді. Бүгіңде бұл кітаптың 18-нші кітабы баспаға дайындық үстінде. 

Ұлттық дүниетаным мен философиясының ұғымдары мен түсініктері тізбеленген «Адам-зат» атты кітабы қазақ философиясының сөздігіне айналған еңбегі. Онда Жан, Тән, Нәпсі, Ақыл, Көңіл, Рух, Шайтан, Періште, Ниет, Әке Күнә, Әйел, Мін, Кінә, Күнә, Неге, Керек, Рух, Қате, Сәби, Күдік, Ұят, Түсінік, Тағдыр, Жаратылыс, Құдірет, Тылсым, Ризық, Құдай, Нүкте, Анық, Жар, Мүмкіндік, Ғашықтық т.б. көптеген ұғымдарға түсініктер берілген. 

 Хакім Абай –даналықтың, ғылымның, таусылмас білімнің ізін салушы. Тәуелсіздік жылдары оның шығармашылығын әр қырынан зерттеушілер көп болды. Көптеген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалынды. Дегенмен Абайды білушілер көп болғанымен оның жанын түсінушілер аз болды. Ол үшін Хакім Абайдың ой ізіне дөп басып жүру қажет болды.

Ұстаз Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай» еңбегі Абайдың сол бір ой ізін дөп басқанының нәтижесі. Ой ізімен жүре берсен ол бәрі бір өзінің ой тізбегімен жүргіздіреді. Сол тізбек ұстазды Мұхтар Омарханұлына апарды. Ол кісінің кемеңгерлігіне таң қалды. Ұстаз шығармашылығы «Кемеңгер Мұхтар» еңбегімен толықты. Хакім Абай ой тізбегіне жүре берген сайын тұңғиыққа батырып жібереді. Оны Абай шығармашылығына үңілгендер жақсы біледі. Үңілгендердің көп бөлігі диссертацияларын қорғап, сөйтіп өз шаруаларын бітіре сала хакім есігін жәй жаба салғандарда болды. 

Ұстаз Хакім Абайға Шәкәрім арқылы кіре отыра, «Данышпан Шәкәрім» кітабын шығарды. Оның діни-философиялық білімді қажет ететін «Үш анық» еңбегін түгелдеп шықты. Данышпан Шәкәрімнің 1912 жылы «Айқап» журналына шыққан «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген сұрағына өз жауабын берді.  Бүгінде ұстаз Ғарифолла Есім «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім», «Кемеңгер Мұхтар» кітаптарын біріктіріп, үлкен етіп «Ғұлама-наме» триологиясын жарыққа шығарды. Хакім Абайды білгісі келетін жан иесі осы бір үш кітаптың мазмұнымен танысқанда ғана Абай әлеміне шынайы ене алады, ел жағдайы мен ұлт тағдырын түсіне алады демекпіз. 

*****

Шәкіртке мұқтаждық - шынайы ұстаз парызы

Ұстаз Ғарифолла Есім бүкіл саналы өмірін білім саласында өткізіп келеді. Оның сөзі- дана, ісі –ұстаздық. Ұстазымыздың ұстазы Хакім Абайда түгелдей ұлттың ұстазы болып, дана сөздерін қара етті. Ұстаз рухани ұстаз болғанда ғана ұлағаттылық туындайтынын үндеді. Еліміздің барлық білім ордаларында айтты. Жоғарыдан естісің деп, билік төріне шығып та айтты. 

Ұстаз Ғарифолла Есім Абай болыстай ел мүддесі үшін сенаторлық қызмет атқарды. Билікке араласты. Білім, ғылым, мәдениет мәселелеріне атсалысты. Бірақ та бәрі бір бір бүйрегі ұстаздыққа, ғылымға бұрып тұрды. Сенаторлық қызметтен босай салысымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасына келді. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы  академикпен толықты. Ғылымға серпін берді, осы серпін өз толқынын республиканың түкпір-түкпіріне жетті. 

Жастар - жаңаша және инновациялық ойлаудың иелері. Ел ішінде, оның саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық өмірінде оңтайлы өзгерістер орын алса, ол тек жастардың инерциялық күшімен ғана жүзеге асатынын естіртті. 

Ұстазымыздың  «Жаңаша және инновациялық ойлау философиясы» деп аталатын арнайы курсының «Жаңаша және теріс ойлау» деген үшінші тақырыбында: «Жаңаша ойлайтын – жастар. Жаңаша ойлау – ұрпақтың тәжірибесі. Жастарға кімдер әсер етіп жатыр дегенде:

63-90 жас аралығындағылардың пайдалы әсер коэффициенті қандай (ПӘК). ПӘК – өте аз. Себебі, Маркс, Сталин, социализм, колхозды айтады. 100% - дың 5% - ПӘК. 

50-63 жас аралығындағылар –  комсомолдар. Бұлар коммунистік заманның ұрпақтары, өздері де коммунистер.  Жастарға берер үлгілері өте аз. Олардың дүниетанымы негізінен, коммунизм ілімімен уланған. Бұл жастағылар Үкімет басында қызметте. 

40-50 жас аралығындағылар – қола ұрпақ. Осы жастағылар Үкімет басына жаппай келсе деп ойлаймын. 

30-40 жас аралығындағылар – күміс ұрпақ. Билік басына келгенде, елдегі жағдай мүлдем басқаша болады. Күмісті суға салғанда тазартады. 

20-30 жас аралығындағылар – алтын ұрпақ. 

1- 20 жас аралығындағылар – бриллиант ұрпақ. Бұл ұрпақ билік басына келгенде, дүниежүзі бойынша мықты мемлекетке айналамыз. 

10 жыл сайын құндылықтардың жүйесі ауысып отыр. 10 жас үлкен адамдармен әңгімелеріңіз жарасады ма, оны ойланыңыздар! 

Біздің болашағымыз, қазақ елінің бағы, көркі, келешегі, осы «күміс» ұрпаққа, «алтын» ұрпаққа және «бриллиант» ұрпақтарға тікелей қатысты. Бұл ұрпақтар арасында жаңаша ойлайтындардың үлесі мол болмақ деп тілейміз»- деп, ой қорытты. 

 Жастарда облыстардан ағыла келіп, Ғарифолла Есім ұстазға шәкірт болу армандарын айқындылыққа айналдыра бастады. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде жалпы саны 43 докторантты қабылдап,  оның 18-і өзінің ғылыми жетекшілері етіп академик Ғарифолла Есімді таңдады. Қазірдің өзінде 3 докторант өздерінің ғылыми диссертацияларын қорғап, PhD докторы атағына ие болды. Жастардың ұстаз Ғарифолла Есімге қызығушылықтарының себебі неде десек, олар бірнеше факторлардан көрініс табады. Біріншіден, философия мамандықтарының бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде білім алушыларға арнап өзінің жеті авторлық курсын енгізді. Олар: «Дәулет философиясы»;  «Іскерлік философиясы»; «Дәстүр философиясы»; «Қазақ қызы идеясы»; «Сабақтастық идеясы»; «Жаңаша және инновациялық ойлау философиясы»; «Жақсы қазақ идеясы және философиясы». Бұл дегеніңіз, еліміздің өңірлік жоғары оқу орындарындағы философия саласында екпінді өзгерістердің болмауы. Ал албырт жастарға екпінді өзгерістер қажет. Екіншіден, академикпен енгізілген арнайы курстар албырт жастардың ой өрісін жаңа біліммен толықтыра алды. Бұл курстар көптеген докторанттар үшін ғылыми диссертациялары тақырыбын таңдауға негіз болды. Ғарифолла Есім бірбеткейлі, бір жақты ойлайтын жастарды жаңаша ойлау жүйесі рельсіне сала бастады. Мәселен, жаңаша және инновациялық ойлау жүйесі курсы мазмұнындағы теріс ойлау, жақсы қазақ идеясы, инновациялық ойлау – жастардың жетістікке жетудегі керемет мотивацияға айнала бастады. Үшіншіден,  ұстазымыз өте қарапайым жан иесі. Ұстазы Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» - деген сөзін, жанының жалауы, өмірлік манифесті етіп бекіткен жан.

Бүгінде ұстаз қасына бір топ жас, ғылым ұршығына бірінен кейін бірі келіп иірілген жіптей иірілуде. Олардың барлығы дерлік талаптары таудай жас иерімдер. Атап өтсек, мәдениеттану мамандығының докторанттары Айдос Мақұлбековке «Қазақ аудиториясы: мәдени-философиялық талдау»; Еркебұлан Татиевке «Ежелгі түркі дәуіріндегі иеороглифтер: мәдени-философиялық талдау; Бағлан Аралхановқа «Қазақ болмысындағы домбыра феномені»; Жазира Байсаринаға «Абай ағылшын тілді мәдени контексте»;  Гүлнар Найзабаеваға «Қазіргі замандағы мәдениет ұғымы» тақырыптары, философия мамандығының докторанттары Рауан Кемербайға «Асан Қайғы: қилы заман философиясы»; Джамила Аязбековаға «Ұлттық киноматографтың философиялық дискурсы: аксиологиялық контекст»; Сымбат Шакировке «Әлеуметтік дау-жанжал және әлеуметтік медиация»; Жылбек Жаңабаевқа «Қазақ фәлсафасындағы құт мәселесі»; Талғат Тұмашбайға «Ұрпақ уақыты: әлеуметтік-философиялық талдау»; Сайра Шамахайға «Құпия шежіре: мәдени-философиялық талдау»; Салтанат Мақатаеваға «Абай мәдени мұрасының кеңістік және посткеңістік кезеңде зерттелуіне салыстырмалы талдау», Самал Джалмағамбетоваға «Сана пәлсапасы: ғылыми-методологиялық талдау»; Әнел Есжановаға «Блезь Паскаль мен Абайдың рухани сабақтастығы (Б.Паскальдың «Ойлары», Абайдың «Қара сөздері»); Тұрдықұл Шаңбайға «Қазақ пәлсапасы»; Қаршыға Мұқышқа «Дәулет –философиялық категория ретінде»; Асан Амангельдиевке «Сан философиясы» тақырыптары ұсынылған болатын. Міне, біз осы жастар қауымы бүгіңде ұстазымыз Ғарифолла Есімнің үндеушілері, қорғаны мен тіреушілері болатынына кәміл сенеміз.  

Сөзіміздің соңында, ұстазымыздың 70 жылдық мерейтойы қарсанында семейлік журналист Мақсат Жарылқасынұлына берген сұхбатынан: «Менің жетекшілігімен қорғаған ғалымдар бүгінде еліміздің әр облысындағы жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерде тіпті басшылық жұмыстарда жүр. Санын айтпай-ақ қояйын, көп және әр қайсысы өз биігінде. Әлі де талай жасты қанағаттандырсам деп ойлаймын»- деген болатын. 

Ия, расында ұстаз Ғарифолла Есім – харекетшіл жан.  Ол үнемі толғаныста, ізденісте жүреді. Сол бір толғаныс сәтінде, ұстаз «Сіз, неге мұқтажсыз?» -деген, шәкірттерімен қойылған сауалға  «Мен шәкіртке мұқтажбын!» - деген жауап алған болатынбыз. «Мен шәкіртке мұқтажбын!» - деген ұстаз аузынан еріксіз шыққан сөз расымен де Алладан шыққан бу еді деп ойлаймыз.  

Жылбек Жаңабаев

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2175
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2576
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2473
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672