Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3489 0 пікір 29 Тамыз, 2011 сағат 12:19

Мұхан Исахан. Ата заңымыз Алашты ұшпаққа шығарса игі!

30-ншы тамыз - ҚР Конституциясының күні


Жылда сүмбіленің соңын ала бере жер-жерде Ата заңымызды ұлықтау іс-шаралары өтіп жатады. Жай күні көпшіліктің Конституцияға деген ілтипатын байқай бермегендіктен, бізге бұл күнді атап өту, құр әншейін еліміздің басты құжатының бар екенін еске түсіру үшін ғана керек сияқты әсер қалдырады. Әсілі, Ата заңымыз мемлекеттің мекемдігі мен халық бостандығын һәм қоғамның ұдайы жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін еліміздің ең басты құжат саналады. Десек те, Қазақстан Конституциясын қалың бұқараның қамын қамын жеп, алаштың арман-мақсатын мінсіз көксеген «қасиетті жарғы» деп айта аламыз ба? Әлбетте, «иә», немесе «жоқ» деген кесімді пікір айта алмаймыз. Себебі...

«ежелден орныққан тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін жалғастыра отырып»

30-ншы тамыз - ҚР Конституциясының күні


Жылда сүмбіленің соңын ала бере жер-жерде Ата заңымызды ұлықтау іс-шаралары өтіп жатады. Жай күні көпшіліктің Конституцияға деген ілтипатын байқай бермегендіктен, бізге бұл күнді атап өту, құр әншейін еліміздің басты құжатының бар екенін еске түсіру үшін ғана керек сияқты әсер қалдырады. Әсілі, Ата заңымыз мемлекеттің мекемдігі мен халық бостандығын һәм қоғамның ұдайы жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін еліміздің ең басты құжат саналады. Десек те, Қазақстан Конституциясын қалың бұқараның қамын қамын жеп, алаштың арман-мақсатын мінсіз көксеген «қасиетті жарғы» деп айта аламыз ба? Әлбетте, «иә», немесе «жоқ» деген кесімді пікір айта алмаймыз. Себебі...

«ежелден орныққан тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін жалғастыра отырып»

Біріншіден, Ата заңымыздың маңдайшасындағы: «Конституцияны қабылданған күні - 1995 жылғы 30 тамыз Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деген құқықтық ұғымды түбегейлі өзгерту қажет. Өйткені, преамбуладағы «Қазақстан халқы» деген түсінікте мемлекет құрушы ұлттың мүддесі көмескі тартқан. Біздіңше «Қазақстан халқы» деген ұғымның орнына «Қазақ ұлты және өзге диаспоралар» деген норманы енгізген жөн. Тегінде, бұл ұсынысымыз біздің дүниетанымымызға таңсық емес. Қазақстан Республикасы 1993 жылғы қабылданған Ата заңның кіріспесінде «қазақ ұлты және өзгеде халықтар» деген құқықтық тіркесті қолданған болатын. Мемлекет құрушы ұлтқа айырықша құқықтық мәртебе беру үшін бізге қайта осы сорапқа түсу керек. Ел аумағындағы негізгі ұлттың ерекше мәртебеге ие, болуы мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтауға зор ықпал етері сөзсіз. Осы себептен, преамбуланы ««Конституцияны қабылданған күні - 1995 жылғы 30 тамыз "Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақ ұлты және өзге диаспоралар» деп бастаған дұрыс деп білеміз.

Сонымен қатар, «байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып» деген жолдарда да нақты құқықтық дәлдік жоқ. Мұндағы «байырғы» деген сөз, Қазақстан Республикасы аумағының қазір қазақ жері емес екенін немесе қырылып жоқ болып кеткен байырғы үндістердің жеріне құрылған (АҚШ) деген мағынаны меңзейтін секілді. Бұндай жаңсақ түсінік орын алмас үшін «ежелден орныққан тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін жалғастыра отырып» деген құқықтық норманы енгізуді ұсынамыз. Қазақстан Республикасының тарихта бес ғасыр бойы салтанат құрған Қазақ хандығының жалғасы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әрі-беріден соң, бұл ұсынысымыз ешқандай да шовинистік пиғылды білдірмейді. Себебі, әлемде көптеген мемлекеттердің (Өзбекстан, Әзірбайжан, Литва т.б мем-де) Ата заңында дәл осындай құқықтық түсінік орын алған. Егер де, «ежелден орныққан тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін жалғастыра отырып» деген сөздің орнына «арғы тарихымыздағы Ғұн, Түрік,  одан бергі Алтын Орда империясын қалыптастыруды көздеп» деген тіркесті қолдансақ, әлбетте бұл түсінік әсіре ұлтшылдыққа жататын еді. Сондықтан, біздің бұл ұсынысымызды бағзы Қазақ хандығы мен қазіргі «Тәуелсіз Қазақ елінің» тарихи жалғастығын айқындайтын құқықтық табиғи атау деп түсінген жөн.

Зайырлықтың қазақстандық модельін жасауымыз қажет

Екіншіден, Ата заңымыздың алғашқы бабында «Қазақстан Республикасы өзiн ...зайырлы мемлекет ретiнде орнықтырады» деген норманың қашалып жазылуын қай жағынан алып қарағанда да дұрыс деп білеміз. Бірақ, аталмыш бапта зайырлылықтың нақты бір нұсқасы көрсетілмегендіктен, бұл мәселеде сын көзбен қарауды қажет етеді. Әсілі, зайырлылық түсінігі әр мемлекетте әрқилы болып келеді. Әлемде орын алған зайырлықты қысқаша клерикальді жүйеге жақын зайырылық, конкордато жүйесіне жақын зайырлылық, діндерге тең құқық беретін зайырлылық деп үшке бөліп қарастыруға болады. Клерикальдыға жақын зайырлы мемлекеттерге Түркия, Малайзия, Белоруссия секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Себебі, бұл мемлекеттер зайырлы мемлекет болып танылғанмен, өз терреториясы мен халқының тарихи танымында ерекше ролге ие бір дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Бірақ, дінді мемлекеттің саясатына араластырмайды. Егер, дін күшейіп келе жатса, оған шектеу қойып отырады. Конкордатоға жақын зайырлы мемлекеттерге Мысыр, Ауғанстан және Ливан секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Мәселен, Мысыр зайырлы мемлекет болып табылғанмен, Ислам дінінің өкілдерімен кейбір мәселелерде санасып отырады. Тіпті, Ислам дінін оқытатын оқу орындарын мемлекеттік қазынадан қаржыландырады. Ливан мемлекеті Хезболла секілді діни ұйымның өкілдерімен санасуға мәжбүр. Діндерге тең құқық беретін зайырлы мемлекеттерге посткеңестік елдердің көпшілігін, сондай-ақ, АҚШ, Франция, Германия, Бельгия секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Бұның ішінде біздің елімізде осы санатқа кіреді. Зайырлы мемлекет құрудың осы жүйесі мемлекеттің болашағы үшін аса қауіпті. Діндерге тең құқық беру демократиялық принцип болғанмен, діни сенімі мен ұстанымы бір-біріне қарсы келетін ағымдардың бір мемлекетте бір уақытта қатар өмір сүруі, қоғамдық бірізділікті жоғалтып, нәтижеде бұндай ырықсыз жүйе мемлекет іргесінің сөгілуіне әкеп соқтыратынын байқауға болады.

Конституциямызға жасалған түсіндірмелер мен 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңға қарап отырып, Қазақстан Республикасының ұстанған зайырлығының «мемлекеттік билікке діни бірлестіктердің араласуына жол берілмейді, мемлекеттік билікші органдар діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласа алмайды, діни бірлестіктерге партия ретінде құрылуына жол берілмейді, мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды, белгілі бір дінді мемлекеттің білім бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізуге болмайды, білім беру орындарында дінтану пәндері танымдық негізде өткізілуі мүмкін, адамдардың ар-ождан бостандығы мен діни сенімі қамтамасыз етіледі» деген анықтамаларының бар екеніне көз жеткіземіз. Еліміздегі діни ахуалдың тым шиеленісе түсуіне дін туралы құқықтық нормалардың солқылдақтығы салқынын тигізгені белгілі. Бұл заңда мемлекет мүддесін қорғаудың тетіктері тым әлсіз-тін. Зайырлылық нормалардың ең үлкен қателіктерінің бірі де еркіндік принциптері, яғни, діни бірлестік құруға рұқсат беру немесе діни қызмет жасауға мүмкіндік беру сипаттары басым еді. Керісінше, мемлекет мүддесін қорғау мақсатында діни бірлестіктердің қызметіне тиым салу, міндеттеу, мәжбүр ету принциптері жоқтың қасы-тын. Сондықтан, біз Конституцияның 1-ші бабындағы зайырлылық түсініктің нақты болуы үшін әрі діни еркіндік түсінігі мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтірмес үшін «мемлекет мүддесімен бірге халықтың менталитетіне жат пікірдегі діни бірлестіктердің қызмет етуіне жол берілмейді, ҚМДБ-ның ұстанымындағы Ханафия мазхабына және Қазастан православие қауымына ресми қолдау көрсетіледі, еліміздегі діни бірлестіктер әр жыл сайын мемлекеттік тексеруден өткізіліп, құқықтық кемшілікке жол берген діни бірлестіктердің қызметіне тиым салынады» деген құқықтық норманың сілтемемен енуін қажет деп білеміз.

Мемлекеттің басқару құрылымын жетілдіру қажет

Үшіншіден, Конституцияның 3 бабының 4 тармағындағы «Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады» деп қарастырылған құқықтық нормадағы мемлекеттік органдардың жүйесін демократиялық принциптердің аясында жетілдіре түсу қажет деп ойлаймыз. Шарль Луи Монтескье негізін қалаған мемлекеттік биліктің тепе-теңдік, тежемелік қағидасы бойынша заң шығарушы, атқарушы және сот органдары бір-бірінен тәуелсіз болуға тиісті. Биліктің үш бұтағының бір-бірін тең дәрежеде тежеп ұстауының түпкі мәні - деспоттық, диктаторлық және авторитарлық басқаруға жол бермеу. Мемлекеттік билікті бұлай бөлудің тиімділігін саяси-құқық ілімнің көрнекті өкілдері әлдеқашан бірауыздан мойындаған. Біздің мемлекетіміздің механизміне де тепе-теңдік, тежемелік қағидасы енгізілгенімен, мүлде басқаша сипатта өрбуде. Атазаңымыз қабылданғаннан бергі екі рет енгізілген өзгертулер мен толықтыруларда біз президенттік-парламенттік басқару нысанына өттік дегенімізбен, Парламент депутаттарының тұтастай құрамы Президент партиясынан құрылуы, заң шығарушы орган мен атқарушы орган арасында орнығуы тиіс тепе-теңдік, тежемелік қағидасының формалды сипат алуына әкеп соқтыруда.

Әсілі, Парламент депутаттары Үкімет бастамаларын жоққа шығаруға, соттарды тағайындауға келісім бермеуге, тіпті, Президентке сенімсіздік (импичмент) білдіруге де құқылы. Бірақ, Парламент депутаттарының тек Президент партиясынан сайлануы, заң шығарушы органның Үкіметтің немесе Президенттің өкілеттігін тежеуге қауқарсыздық танытатынын көрсетіп отыр. Мемлекет механизміндегі үшінші билік - соттардың да мәртебесі тиісті дәрежесінде емес. Президенттің үшінші билік өкілдерін де қызметке тағайындауы, соттардың Президент партиясының өкілдерін жазалауға кедергі келтіретіні - фактор. Яғни, Президенттің құзыретін шектен тыс нығайтқаннан  кейін, өзге органдар мемлекет ісіндегі әрбір мәселеде Бірінші тұлға мен Президент партиясынан тайсалады деген сөз.

Өтпелі кезеңде мемлекеттің қалыпты дамуы үшін авторитарлық жүйенің атқарары мол болғанымен, тек Президент пен оның партиясына телміріп қарап отыру мемлекет механизімін белгілі бір деңгейде мешеулікке ұрындыратыны белгілі. Таяуда ғана билік келесі Парламент шақырылымын бір партиядан емес, бірнеше партиядан құратынын хабарлады. Билік бұл бастамасын шын мәнінде демократиялық қадам екенін дәлелдегісі келсе, Парламентке оппозициялық партиялардан бір-екі депутат ғана емес, кемінде оннан астам халық өкілін жіберу керек. Ал, оппозициялық партиялардан бір-екі депутат ғана Мәжіліске жіберетін болса, заң шығарушы орган көп партиялы деген құр атты ғана иеленеді деген сөз. Парламентті нағыз саяси додаға айналдыру үшін оппозициялық партиялардың Мәжілістегі мүмкіндігін арттырған жөн. Яғни, билік оппозициядан сескене беруін қойып, олардың потенциалын мемлекеттің дамуына пайдаланғаны ләзім.

Заң шығарушы органды екі палатадын құру көбінесе федеративті мемлекеттерде орын алады. Тіпті, ұлттық құрамы аса күрделі мемлекеттер Парламентін үш палатадан құрған кездері де болған (ОАР). Күрделі мемлекеттерде Парламенттің бірінші палатасында заңдар қаралғанда белгілі бір топтар немесе этникалар мен діни конфессиялардың мүддесі ерекше қорғалып, әлеуметтік теңсіздікке жол берілген жағдайда, Парламент ондай заңның олқылығын қайта сүзгіден өткізу үшін екінші палатаға жүктейді. Яғни, күрделі мемлекеттердің заң шығару үдерісінде қос палаталы Парламент ерекше рөл атқарғанмен, біздің мемлекетіміз үшін қос палатаның заң шығару процесіне тигізер пайдасы шамалы. Себебі, Мәжіліс палатасында әлеуметтік жіктелуге әкеп соғатын заң қабылданған жағдайда, ол заңды Сенат палатасынан өзге Конституциялық Кеңесте теріске шығара алады. Жалпы, Парламент қабылдған заңды Конституциялық Кеңес мақұлдаған кезде ғана ол заңға Президент қол қояды. Сондықтан, Сенаттың заң шығару үдерісіндегі функциясын Конституциялық Кеңес атқарып отырғандықтан, бізге Парламентті тек бір палатадан құрған абзал. Ал, Сенат палатасына бөлінетін қаржыны басқа игі істерге жұмсаған жөн секілді.

Конституцияның 44 бабының 2 тармағы бойынша Президент «Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайтыны» белгілі. Бірақ, экономиканың өрлегенін және жалақы мен зейнетақының өскенін Елбасы жыл басындағы Жолдауында паш ететіндіктен,  келесі жартыжылдық немесе келер жылға дейін белгіленген өсімді инфлиция жеп қояды. Осы себептен де, Елбасы Жолдауының уақытын бюджеттің жобасы қаралатын күз айларының ішіне белгілеген жөн тәрізді.

Сондай-ақ, ұлттық мемлекетімізді қалыптастыру үшін мемлекеттік құрылымға қазақы атауларды беруіміз қажет деп білеміз. Мәселен, Украйнаның парламенті «Жоғарғы Рада», Ресей Федерациясының ұлттықт жиыны «Дума», Өзбекстандікі «Оли-Мәжіліс», Қырғызстандікі «Жогоргу Кенеш» деп аталады. Ендеше, неге біз Парламентімізді қазақшалап «Халық Кеңесі» немесе «Ұлттық Құрылтай» деп атамаймыз? Президентімізді бейресми тілде «Елбасы» деп атап жүрміз. «Елбасы» деген атауды неге Конституциямызда заңдастырмаймыз?

Ресми тіл деген ұғымды жою керек

Төртіншіден, еліміздегі соңғы жиырма жылда ең көп қоғам талқысына түссе де, әлі түбегейлі бір шешімін таппай келе жатқан жайттардың бірі тіл мәселесі екені көпшілікке мәлім. Ата заңымызда мемлекет құрушы ұлттың тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі (7 бап) берілгенімен, 7 баптың 2 тармақшасында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген құқықтық норма бәрібір қазақ тілінің өркендеуіне қолбайлау болып отыр. Академик С.Өзбекұлы «Тіл ғылымында ресми тіл мен мемлекеттік тіл ұғымы бір мағынаны береді. Мемлекеттік тіл мен ресми тілдің қайсысының күші жоғары екеніне көз жеткізу үшін екі тілдің біріне басымдық беру керек» дегенді жиі айтатын. Яғни, бұдан кейін екіұдай күй кешпес үшін мемлекеттік тіл және ресми тіл деген ұғымды қатар ұстануды доғару керек деп ойлаймыз. Осы тұрғыда Атазаңымыздың 7 бабының 2 тармағын «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ тiлi ғана қолданылады. Қажетті жағдайды аудармамен өзге тілдер  қолданысқа ие болуы мүмкін» деп өзгерту қажет.

Сонымен бірге, қайбір жылы Елбасмыз «алдағы уақытта 5 сыныпқа дейін мектептерімізде тек қана мемлекеттік тілде білім беруді қолға алуымыз керек» деген ой тастаған болатын. Елбасының осы пікірін жандандырып, бала-бақшадан бастап бастауыш мектепте біріңғай мемлекеттік тілмен білім беруді жүзеге асырғанымыз абзал. Задында, мемлекеттілік баянды болуы үшін ең бастысы қоғамдық бірізділік сақталуы тиіс. Ал, қоғамдық бірізділікті қамтамасыз ететін бірден-бір күш - тіл екені баршаға аян. Ендеше, мемлекеттік тілдің мәртебесінің өсуі, ұлт мерейін асқақтатып ғана қоймай, мемлекеттілігімізді де нығаята түсетіні даусыз.

Ең басты қазынамыз адам құқығы екенін ұмытпасақ

Бесіншіден, Ата заңның 1 бабында: «оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Сонымен бірге, 17 бапта «Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды», деп адамның моральдік құндылықтарының жоғары тұратындығы айқындалған. Атазаңымыздың 34 бабының 1 тармағында «Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi», деген нормалар да өз құқығыңды қорғаумен бірге, өзгенің де құқығына құрметпен қарауға шақырады. Конституциямыз адам құқығын осылайша әспеттегенімен, өкінішке орай елімізде адам құқықтары тиісінше қорғала бермейді. Сарапшылардың пікірінше, адам құқықтары көбінесе құқық қорғау органдары мен түзеу мекемелерінде аяққа тапталады. Осы себептен де, халықаралық ұйымдардың берген бағасы бойынша Қазақстан адам құқықтарын сақтауда әлемдегі алғашқы жүз  мемлекеттің құрамына да кірмейді екен. Демек, тек экономика бойынша ғана дамыған елу елдің қатарына кіруді мақсат етіп қоймай, адам құқықтарына да құрметпен қарайтын әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына кіруді межелеуіміз қажет. Құқық қорғау органдарындағы тергеу амалдары кезінде және түзеу мекемелерінде орын алатын заңсыздықтарды болдырмас үшін қатаң жаза өтімді тәрбие беруді жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз шарт.

Сонымен бірге, Ата заңымызда Республика азаматтары  жер және тұрғын үй (6 бап пен 25 бап) иеленуге құқылы болғанымен, мемлекет өз тұрғындарын жер телімі және баспанамен қамтамасыз етуде қауқарсыздық танытып келеді. Жай күнде ұлан ғайыр жеріміз бар, асты-үсті қазынаға толы жерұйық мекенде өмір сүреміз деп масаттанамыз. Алайда, қараша халық аядай жер мен құрқылтайдың ұясындай баспанаға зар болып, өз жерінде тентіреп жүр. Қалың бұқара үшін «жер мен үй» қалыпты өмір сүрудің ең басты кепілі. Сондықтан, Республика азаматтары заманға лайықты ғұмыр кешуі үшін олардың қажеттіліктерін Конституциямызбен қорғауға тиістіміз деп ойлаймын. Сонда ғана еліміз «жабысы мен тайын, жарлысы мен байын тең ұстаған» әлеуетті һәм әділетті қоғам құра алады.

 

Құқықтық мемлекет құру үшін санамыз сәулеленуі тиіс

 

Алтыншыдан, Конституциямыздың алғашқы бабында «Қазақстан Республикасы өзiн құқықтық мемлекет ретiнде орнықтырады» деп көрсеткенімен, әлі біздің санамыз құқық үстемдігін жоғары қоятын биікке көтерілген жоқ. Құқық теортиктері құқық бұзушылықты болдырмайтын динамикалық күш - жетілген құқықтық сана бола алатынын алға  тартады. Белгілі заңгер, профессор З.Кенжалиев біздің қолданыстағы нормативтік-актілердің рухани күші жоқтығын, қабылданған заңдардың материалдық мүддені қорғауға бейім екенін, тіпті, құқықты жетік меңгергенмен, рухани тұрғыдан дімкәс заңгердің өзі сауатты түрде құқық бұзушылық жасайтынын айтады. Біздіңше, жетілген құқықтық сананы қалыптастыру үшін халықтың базбір дәстүрлі құқықтық түсініктерін жандандыру керек секілді. Мәселен, бұрын қазақ халқы «құқық» деген терминді қолданған емес. Оның орнына «қақ» деген сөзді қолданған. Бір қарағанда «құқық» пен «қақтың» мағынасы бір болып көрінгенімен, бір мәселе бойынша «құқығым бар» дегеннен көрі, «қақым бар» деген талаптың рухани салмағы зор екені айқын сезіледі. Өйткені, біздің дүниетанымымызда «қақ» түсінігі табиғи құқықты көрсететін ұғым болып бекіген. Сондай-ақ, халықтың дүниетанымында «ақжүрек», «ақжарма пейіл» түсініктері орын алған. Бұл ұғымдар бойынша қылмыс саналатын әрекеттерді жасау былай тұрсын, оны ойлаудың өзін күнә деп есептеледі. Өйткені, адамның ішкі мәнінде, егер, күнә және қылмыс жасау туралы ой тұратын болса, ол ойды мүмкіндік туған шақта әйтеуір бір іске асыратыны белгілі. Сондықтан халықтың дәстүрлі «ақжүрек», «ақжарма пейіл» танымында қылмыс жасаудың алдын-алу үшін қара ниет ойдың адам санасына келіп орнықпауына қатты мән беріледі. Санаға жымысқы ойдың кіріп кетпеуі, осылайша жіті қадаланғанда, әлбетте құқық бұзушылықтың екі есе алды алынған болады. Яғни, «Қазақстан Республикасы өзiн құқықтық мемлекет ретiнде орнықтыруы» үшін заманауи құқықпен қатар дәстүрлі дүниетаным негізінде құқықтық тәрбие беруді қолға алуы шарт. Әйтпесе, қоғамымызда орын алып жатқан адам жаны түршігерлік небір рухани азғынданған әрекеттердің алдын ала алмаймыз.

Түйін

Ата заңымызға қатысты ой-пікірімізді осы жерден қайырғанымызды жөн көріп отырмыз. Себебі, айта берсек, жіпке тізе берсек дүниенің ісі бітпейді. Одан қалса, барлық мәселені Конституцияға әкеп тіреп қоюға да болмайды. Ең бастысы қабылданған жарғыларымызға пейіліміз оң болсын деп тілейік. Өйткені, пейіл оң болған жерде түсіністік пен татулық салтанат құрады. Ендеше, Құдай-Тағала пейілімізбен қатар, елімізді елдігінен, Алашты абыройынан айырмасын деп тілейік!

«Абай-ақпарат»

0 пікір