Дүйсенбі, 16 Желтоқсан 2019
Көршінің көлеңкесі 3351 26 пікір 29 Қараша, 2019 сағат 12:33

Ортақ одақ. Ортақ футбол... Ендігі кезекте ортақ азаматтық па?

Кеше Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде Атқару комитетінің отырысы өтті. Қатардағы көп жиналыстың бірі болса, бұны жазып сөз шығындамас едік. Алайда аладоптың айналысында жүрген шенділер қазақ футболына «қастандық» жасап жатқанын көре тұра үнсіз қала алмадық...

Аталған отырыста басы даудан арылмаған легионер мәселесін одан әрі ушықтыратын шешім қабылданыпты. Бұл туралы футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚФФ атқарушы комитетінің мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтары болып табылатын футболшылар үшін «Қазақстан футболының түлегі емес» мәртебесін жою туралы шешім қабылдады», - делінген федерацияның сайтында.

Бұл дегеніңіз ЕАЭО елері - Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанның футболшылары біздің елге келіп доп тепсе легионер саналмайды деген сөз. Демек, аталған елдің аяқдопшылары отандық ойыншылармен бірдей мәмілеге кенелмек.

Қазіргі қолданыстағы ережеге сай, Қазақстан Премьер-лигасында әр клуб маусымға 8 шетелдік ойыншы тіркей алады. Оның алтауы бір уақытта алаңға шыға алады. Егер ҚФФ-ға қажетті қаржысын төлесе 9-шы легионерді де тіркеуге рұқсат. Оған қоса, біздің елде дағдыға айналған өзге елдің екінші-үшінші сортты ойыншыларына азаматтық беріп, «жаңа қазақ» жасау үрдісі тағы бар.

Осылайша, әр командада онсыз да 10-нан астам шетелдік ойыншылар өнер көрсетіп жүрген. Енді оған қазақстандықтармен тең құқылы болатын ЕАЭО ойыншылары қосылмақ. Бұлардың санына да шектеу қойылады деп жатыр. Мүмкін 10, мүмкін 12. Ал есептей беріңіз, әр команда маусымға 8 легионер, 10 ЕАЭО елдерінің футболшысын тіркесе, командадағы шетелдіктер саны 18-ден 20-ға дейін жетуі мүмкін. Клубтың бірінші құрамында 25 футболшы болатынын ескерсек, өз ойыншыларымызға 5-7 орын ғана қалып отыр. Сонда Қазақстанның футбол клубтарында қазақстандық ойыншыларға орын табылмайтын секілді...

Бұл «дәнішпан» идеяның авторы ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков көрінеді. Бірақ Жақсыбеков бұл «көреген» шешімді өзі ойлап тапқан жоқ. Ресейден алды! Есінесе де, терістікке қарап есінейтін қазақ шенділерінің қашанғы әдеті ғой. Жақында ғана Ресей билігі футболдан, баскетболдан, волейболдан, гандболдан, су полосынан және хоккейден Ресейдегі бүкілресейлік жарыстарда ЕАЭО елдерінің спортшылары легионер ретінде саналмайтын заң қабылдаған. Бұл заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Аталған заң қазан айының соңында қабылданды. Осыны ести сала тынышы кеткен қазақ билігі бұл идеяға «ғашық» болып қалған. Халыққа пайдалы шешімдерді айлап-жылдап қабылдай алмайтын біздің билік, Ресейдің үлгісін бір айға жеткізбей, тура сол қалпында қолданысқа енгізіп отыр, міне.

Қазақ футболының қос тізгінін қолына алған қазіргі басшылық білмесе, біз айтайық. Бұл заң Ресей үшін пайдалы болғанымен, Қазақстан үшін мүлде тиімсіз.

Біріншіден, Ресей Премьер-лигасының деңгейі ЕАЭО елдері арасында ең жоғары. Демек, Ресей чемпионатына аталған елдердің ең мықты деген спортшылары ғана бара алады. Ал Қазақстан футболының хал-жағдайы бәрімізге белгілі. Бұл заң күшіне енген күннің ертеңінде-ақ бізге Ресейдің төмен сортты футболшылары қаптайды. Бұдан қазақ футболына келер көк тиын пайда жоқ...

Екіншіден, біздің елде футболшыларға төленетін жалақы өте жоғары. Ресейден өзге елдердің ешқайсысы футболға ақша бөлуден біздің алдымызға түсе алмайды. Демек, қазақ футболындағы ырғын ақшаға ықыласы ауған көрші елдің футболшылары көрпе-жастығын арқалап біздің елді бетке алары сөзсіз.

UEFA ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда Премьер-лига клубтарын қамтамасыз ету үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 30-40 миллиард теңге бөлінеді. Тағы бір мәлімет бойынша, елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Бұл орташа есеп. Бұлардың арасында айына 50-100 мың, жылына 1 млн долларға дейін жалақы алатындар да бар. Енді, осынша мол қаржы қаптаған қалың шетелдіктің қалтасында кеткелі тұр.

Мәселен, биыл Қазақстан Премьер-лигасында бақ сынаған 12 команда сапында 107 шетелдік ойыншы доп тепті. Оның 92-сі ресми легионер ретінде тіркелген. Ал қалғаны Қазақстан азаматтығына қол жеткізгендер. Қазақстан азаматтығын алған ойыншылар Қазақстанда өткізген аз уақыттан кейін келген жеріне кері оралады. Қайтадан өз елінің азаматтығын алады. Қазақстанның көк паспортын лақтыра салады. Қысқасы, көк паспорт көп ақша тауып алғанша ғана керек. Мысал үшін осыдан бірнеше жыл бұрын алматылық «Қайратта» ойнаған Михаил БакаевЗаурбек Плиев және Дмитрий Хомич деген ресейліктерді айтуға болады.

Айтпақшы, елімізде «легионер» ұғымының жоғалғанына да бес жыл болды. Себебі федерация 2014 жылы «қазақстандық футболдың түлегі» категориясын ойлап тапқан болатын. Бұл атау Қазақстан футболымен қандай да бір қатысы бар ойыншыларға елімізде легионер атанбауға мүмкіндік берді. Мәселен, Қазақстанда туып, кейін өзге елде ұзақ уақыт өнер көрсеткен ойыншылар елімізге қайта келсе, легионер саналмайтын жағдайлар болды.

Мысалы: өткен жылы «Тобылда» Беларусь құрамасының ойыншысы Михаил Гордейчук өнер көрсетті. Футболшы Қарағандының Саран қаласында дүниеге келген. Мансабын «Шахтер» сапында бастағын ол 19 жасында өзге елдің намысын қорғауға аттанды. 10 жыл бойы Беларусь құрамасы сапында өнер көрсетті. Осыдан кейін ғана Қазақстанға қайта келген. Бір қызығы, өзге елдің құрамасында 10 жыл өнер көрсеткен футболшы біздің елде легионер саналмайды екен! Гордейчук «қазақстандық футболдың түлегі» болып шыға келді.

Біздің шенділер шеттен футболшы шақыруға неге құмар деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Білетіндердің айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын үлкен мүмкіндік. Мәселен, еліміздегі футбол шенеуніктері аты белгісіз әлдебір шетелдік ойыншыны өз командасына шақырып, өте мол жалақы ұсынады. Әрі бұның белгілі мөлшерін өзі алатынын айтады. Өңі түгіл түсінде көрмеген ақша беріп отырған соң, жаңағы ортаңқол легионер бұл ұсынысқа қуана келіседі. Сөйтіп, біздің командада салпақтап бір жыл жүреді де, қалтасын қампайтып өз еліне қайтады. Өзінің ғана емес, жергілікті шенеуніктің де мұртын майлап кетеді. Бұл ел аузындағы сөз. Анықталмаған ақпарат, бірақ қисынға келеді...

Тағы бір айта кетерлігі, ЕАЭО - аты айтып тұрғандай тек қана экономикалық одақ. Ендеше, ол елдердің өкілдері ешқашан да Қазақстан азаматтарымен бірдей мәмілеге ие болмауы, ол елдердің спортшылары ешқашан қазақстандықтармен тең құқылы болмауы керек. Өйткені біз белгілі одақтың құрамындағы ел емес, Тәуелсіз мемлекетпіз.

Соңғы кездері Ресей тарапынан футболдан ортақ біріншілік ұйымдатырсақ деген ұсыныс жиілеп кетті. ЕАЭО елдерінің үздік командаларын жинап, одақ чемпионатын өткізу ойын ресейлік футбол шенеуніктері ғана емес, министр, депутаттары да айтып жүр. Бұған біздің елден үн қосқандар да табылды. Қазіргі таңда қазақстандық командалар хоккей, баскетбол, су добын Ресеймен бірге ойнап жүр. Енді осының қатарына футболды да қосып алмақ...

Оның үстіне, Ресейдің ЕАЭО елдеріне ортақ ақша енгізейін деп қылқылдап жүргеніне аз болған жоқ. Енді сол ортақ валюта ұранына ортақ чемпионат, ойыншылардың өзара легионер саналмауы деген мәселелер қосылып отыр. Осының бәрі болашақтағы ортақ саяси одақ деген түсініктің қазірден бастап сызылып жатқан картинасы емес пе? Бұның бәрі біздің тәуелсіздігімізге төнген қауіп екені айтпаса да түсінікті.

Анығында, бұл төрде отырған төрт шенеунік ақылдасып шеше салатын мәселе емес. Ең алдымен халықтың қалауын білу керек. Сосын парламент талқылап, президент мақұлдауы қажет. Ел бюджетінің майлы жілігін мүжіп отырған қазақ футболының тағдыры Жақсыбеков бастаған бір топ шендінің қолында тұрған жоқ. Сол үшін бұл шешімді қайта қарауды талап етеміз. ЕАЭО елдерінің ойыншылары легионер санатында қалғаны жөн!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

26 пікір