Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2613 0 пікір 23 Тамыз, 2011 сағат 06:17

Ауыт Мұқибек. Қытайдан келетін қазақтың жолын ашатын күн туды!

Қазақстан Республикасының президенті

Нұрсұлтан Назарбаевқа

Қытайдан келетін қазақтың жолын ашатын күні туды!

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Осы үстіміздегі тамыз айының 8-күні Қытайдан келетін қазақ көшінің тоқтап қалғанын айтып, Сіздің атыңызға арнайы хат жазған едім. Бүгін сол хатыма орай «Сіздің 2011 жылғы 17 тамыздағы №ЖТ-М-12163, 1 ҚР Президентінің Әкімшілігіне келіп түскен арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер Министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының президенті

Нұрсұлтан Назарбаевқа

Қытайдан келетін қазақтың жолын ашатын күні туды!

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Осы үстіміздегі тамыз айының 8-күні Қытайдан келетін қазақ көшінің тоқтап қалғанын айтып, Сіздің атыңызға арнайы хат жазған едім. Бүгін сол хатыма орай «Сіздің 2011 жылғы 17 тамыздағы №ЖТ-М-12163, 1 ҚР Президентінің Әкімшілігіне келіп түскен арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер Министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімі 010000, Астана қаласы, Үкімет үйі» деген жауап алдым. Демек, менің хатым Сіздің қолыңызға тимеді деген сөз. Қу ішім біліп тұр, бұл хат ҚР, ІІМ-і Қ. Қасымовтың да алдына бармастан, хат-хабар басқаратын бөлімнен Көші-қон Комитетінің төрағасы Ғибратолла Досқалиевке жөнелтіледі. Ол кісінің хаты маған баяғыда келіп болған. Негізінде мен бұл шаруамен айналысқалы үш жылдан асты. Хат дегенді қарша боратып жазып келемін. Бәрі діттеген кісіге жетпей, осындай домалақ жауаппен тынды да отырды. Соның бір будасының көшірмесін осы жолы Сізге қоса жібергем. Сөйтіп бер жағыңыздағылардан түк өнбеген соң тіке Өзіңізге шыққан түрім ғой бұл.  Сонымен, жалпы халық хабар тапсын деп, хатымды Abai.kz ақпараттық порталы арқылы  жариялағанды жөн көрдім.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

 

Көші-қон қара бастың қамын ойлап, бір елден екінші бір мемлекетке жан бағу үшін, байлыққа кенелу мақсатында ағылатын бақайқулықты құбылыс емес. Қайта, тағдырдың жазуы, заманның ызғарымен, алып империялардың өктемдігі, ашкөздігі салдарынан бір-бірінен бөлініп қалған, жылдар бойы көрсіуге зарығып, жәутеңдеп, көзтүрткі болып жүрген бейуаз жандардың шұғылалы сәт туғанда Атамекеніне қайтуына, туыс-туғандарына қосылуына, тыныш өмір сүруіне, өз Отанына еңбек сіңіруіне арналған, халқаралық сипаты бар, гуманистік, кісілік құқық мәселесі. Соны аса көргендікпен ерте байқап, дүниенің қырықтан астам еліне бытырап кеткен қандастарыңызға, әлемдегі үш елдің бірі болып, қамқорлық саясат ұстанғаныңыз үшін де халқыңыз Сізге дән риза.

Қазір Көші-қон жұмысымен Қалмұханбет Қасымовтың құзырындағы Көші-қон Полициясы комитеті айналысады. Бір қызығы, 2006 жылдан бері Қытайдан келетін қазақтардың көші тоқтап қалды. Мұны осы биылғы дүние жүзі қазақтарының ІV құрылтайында «соңғы кездері белгіленген квота толмауда» деп, Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз де ашық айттыңыз.

Оған себеп, арғы бетте тұрып жатқан туыстарымызды Қазақстан Республикасына шақыртатын біздің елде заңды құжаттың (Көші-қон шақыртуының) 2006 жылдан бері тоқтатылғандығы. Менің  арғы бетте тұратын өз туыстарымнан, құда-жұраттарымнан, ауылдастарымнан құралған 138 отбасын (600 адам) елге көшіріп әкелем деп жүгіргеніме, міне, биыл табаны күректей үш жыл болды. Ондағы ойым осы тоқтап қалған көшті қайта жалғастыру еді. Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннен бастап, К. Мәсімовке, Қ. Саудабаевқа, О. Мұхаметжановқа,  Г. Әбдіхалықоваға, Қ. Тоқаевқа, Н. Нығметуллинге, Б. Тілеухановқа жеке-жеке хат жаздым. Бәрі бірыңғай жауаппен бұрынғы Көші-қон комитетіне сілтеді. Ол Комитеттің төрағасы Х. Әбішев ҚХР-на, Еліміздің Пекиндегі елшілігі арқылы, осы 138 отбасын көшіріп беріңдер деп хат жазумен шектелді.

Біз бұлай шақыртудың халқаралық заңдарға қайшы болатынын, бір елдің азаматының отбасын екінші бір елге шақыру үшін, жеке тұлғаның нотариалды расталған кепілдігінің керек екенін, оған тұрғылықты жердегі Көші-қон басқармасының келісімі беріліп, мөрінің басылатынын, СІМ - нің де таңбасының керектігін сан мәрте айтып, түсіндіре алмадық.

Негізінде, Өзіңіз білесіз, барлық елдің азаматының қолында бар, шетелге шығатын төлқұжат ҚХР-ның халқына бұйырмаған. Нақтылап айтсақ, Қытай үкіметі өз азаматтарына тек ел ішінде жүруге болатын азаматтық куәлік береді де, шетелге шығатын Төлқұжат ұстатпайды.

Ондағы қазақтар басқа елдердегі қандастары секілді қонышынан басатын, қалаған мемлекетіне кете беретін жағдайда емес. Бар қиындық осыдан туындап отыр. Біржолата көшіп келуге кедергі болып отырған да осы мәселе. Сондықтан да, Қытайдағы қандастарыңыз біздің елдің, жоғарыдағы айтылған, «Көші-қон шақыртуына» тәуелді. Қытайға тек, сол «Көші-қон шақыртуы» барған соң ғана, қатысты орындардан қолдарына, шетелге шығатын Төлқұжатты кезексіз ала алады. Үрімжідегі біздің Консулдық қызмет те, кезек күттірмей, бір жолата көшіп келуге яғыни ҚР-сында тұрақты тұруға виза береді. «Халықтың Көші-қон заңындағы» «Кеден iсi мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган: мүлiктi шекара арқылы кеден төлемдерiн алмай өткiзеді» деген 29-4-баптың 1-тармағына сай, кеден салығынан босатылған жеңілдікпен кеденнен барлық жүгін бері алып өтеді.

Әсілінде, Қытайдағы қазақтардың қолында шетелге еркін шыға беретін Төлқұжаты жоқ - осынау ерекше жағдайын ескере отырып, 2000 жылдардың басында, Сыртқы iстер министрлiгiнiң бiраз қызметкерi, олардың iшiнде кәсіби дипломат Қоңырбаев Уәлихан бар, осы «Көшi-қон шақыртуын» ұйымдастырып, оған қатысты мекеменің мемлекеттiк мөрiн басатын еткен. Бұл «Шақыртуды» Қытай тарапы да кері қайтарған емес. Соның арқасында, елімізге ҚХР-нан неше мыңдаған қазақ отбасы көшіп келіп, қоныстанды.

Сөйтіп жүргенде, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы бұрынғы Көші-қон комитеті таратылып, жоғарыда айтқанымыздай, қазір Қалмұханбет Қасымов басқарып отырған ІІМ-не біріктірілді. Сосын, осы мәселені жан-жақтылы түсіндіріп, аталған жаңа Комитеттің төрағасы Ғибратолла Досқалиевке де осы жылдың мамыр айының басында  хат жаздым. 138 отбасының тізімдігін, манағы тоқтатылған Көші-қон шақыртуының ескі үлгісін қоса жібердім. Құдай атқанда, «...Сонымен қатар Сіздің жеке өтінішіңіз бойынша аталған шақыртуды Көші-қон көмитеті қайтадан жаңалап, «Нұрлы-көш» Бағдарламасы аясында жүзеге асыру мақсатында 2010 жылы Сыртқы істер министрлігіне Қытай тарапымен келісіп, көмек көрсету үшін хат жолдаған болатын. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін аталған шақырту Қытай тарапынан ешқандай қолдау таппай, жауапсыз қалып келеді...» деген, Ғ. Досқалиевтің қолы қойылған жауап хат алдым. Бұл да баяғы ескі сарын. Х. Әбішевтің жауаптарының айна-қатесіз көшірмесі. Ғибратолла Ермекұлы қол ұшын тигізбестен, тексеріп-зерттеместен бұрынғы Комитеттен ауысып келген «мамандар» дайындаған хатқа, ойланбастан сүйкектетіп, қолын қоя салған. Арғы беттегі қазақтардың жеке өзіне шақырту жіберудің орнына, бұл төрағаның да Қытай үкіметіне хат жазғанын, қазақтарды жіберіңдер деп сәлем айтқанын түсіне алмадым. Шындап айтсақ, бұл Еліміздің беделін түсіретін, депломатияға жат, өзі басқаратын саласының жұмысын толық білмейтін сауатсыздық қой. Біржолата көшіп келуге шақырту жіберіп, оған Қытай жағы қазақтарды жібермей жатса, онда бір жөн. Қытай үкіметі не деп жауап беруі керек бұған?! Аталған хатта (8-8-21/а-166) Досекең тағы: «2006 жылға дейін Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі мен ҚР, СІМ Консулдық қызмет департаментінің келісімімен Қытайдан ағайындарды жеке шақыртулар (манағы «Көші-қон шақыртуын» айтады-А. Мұқибек) арқылы жүзеге асырып келген болатын. Бірақта, аталған шақырту Заңсыз  деп табылып, кейінінен тоқтатылды» дейді.

Соншама қазақты өз Отанына шақыруға сондай тиімді болған оснау «Көші-қон шақыртуының» қалайша заңсыз болғанын, оның кімнің қолымен, қандай қаулымен, қашан тоқтатылғанын тіс жарып айтпайды. Қытайдағы қазақтың Қазақстанға енді қалай көшіп келетінін қаперіне де алмаған. Бір сөзбен айтқанда, олардың ертеңгі тағдырымен, көші-қон үрдісімен санаспаған. Содан бері де бес ай өтті. Біз Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханға шығып, сол кісі арқылы жалғасты қузап отырдық.

Бекболаттың ұсынысы бойынша, манағы 138-отбасының қағаздарын, дәл Мұхаммед(с.ғ.с)ның туған күні, сол ескі Көші-қон шақыртуының үлгісімен, өзімнің және мұндағы бірқатар туыстардың кепілдігі арқылы нотариуспен куаландырып, Астанаға жібергем. Бес ай бойы ол құжат Бекболат пен Ғибратолланың арасында қыдырдып жүріп алды. Естісек, екі мықты Есілдің екі жағасында отырып алып, бұл шаруа жайлы бір-біріне факспен хат жазысып, телефон соғысып отырыпты. Басқа-басқа, Бекболат Қанайұлының бес жылдан бері тоқтап қалған Қытай қазағының осынау көшіне бір дем беруге шамасының жетпегеніне, Көші-қон шақыртуын қайта қалпына келтіріп, оның сыртына құзырлы орынның оймақтай екі таңбасын бастырып бере алмағанына, Алтайдың арғы бетінде жатқан сол қандастарыңыздың қыл үстінде тұрған қиын тағдыры жөнінде Сізге қасыңызда жүріп бір ауыз сөз тіс жарып айтпағанына, айтыңызшы, мен сорлы кімді сендіре алармын. Арт жағында арыстандай айбатты Өзіңіз тұрғанда Тілеухан кімнен қорқады, салғырт, сауатсыз, Президент жарлығын орындауға құлықсыз басшыларды Парламетке шақырып алып, екі аяғын бір етікке тығуына әбден болды ғой! «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дейді дана халқымыз. Мен бұл пікірлерімді, ащы да болса, оның өзіне, тура бетіне айттым. Оған өкпеледім!

Айтпақшы, биыл осы Астананың тойының қарсаңында  депутат Бекболат Тілеуханнан хабар келді: Көші-қон комитетінің төрағасы Ғ.Досқалиев бұйырды, ШҚО-тық Көші-қон полицсиясы басқармасынан мөр бастыратын болдың, СІМ-нің таңбасын Астанадан өзім қойғызып берем деп. Алып ұшып, Астанаға барайын. ІІМ, Көші-қон полициясы комитетінен әлгі шақыртуларды ала салып, Өскеменге тарттым. Шығыс Қазақстан облыстық Көші-қон полицсиясы басқармасының бастығы Нұрлан Мұқаев Ғ.Досқалиевтың жазбаша бұйрығын әкеліңіз деп, келісім беруден, мөр басудан бас тартты. «ҚР, ІІМ-нің 2004 жыл, 9 сәуірдегі №215 Қаулысын» алға тартты. Ол Қаулыда тек «Жеке сапардың» ғана шақыртуы қарастырылған. Жеке сапармен де қазақтар келіп-кетіп жатыр. Бірақ, оған Қытай Үкіметі оқу жасындағы балаларды жібермейді. Мектеп құшағындағы баланы 18-ге келгенше күтуге тура келеді. Екінші бір жағынан, Кеден заңы бойынша, әрбір адам 50 кг-нан артық жүк алып өте алмайды бұл жаққа. Дегенмен, Өскеменнен олжалы қайттым деуіме әбден болады. Сіздің тапсырмаңызбен қандастарға арналып «Нұрлы-Көштің» аясында Бердібек Сапарбаев салып жатқан әсем ауылды өз көзіммен көріп, қатты тебірендім.

Шыны керек, 2004 жылдан бері де көп жыл өтті. «№215 қаулыны» бірлесіп шығарған ҚР-ның Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі баяғыда тарап кеткен. Көші-қон саласымен айналысатын орган содан бері бір емес, екі рет өзгерді. Қытайдың Көші-қон заңында да түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар болды. Шетелге жеке сапармен шығатын, біржолата көшіп кететін азаматтарына сол елден қандай шақыртудың керек екенін, оны кім жіберу тиістігін, Ғ. Досқалиевтың білмей жүргені болмаса, Аспан асты елі тайға таңба басқандай етіп, ашық жазып қойған.

Міне, кеше ғана Өзіңіз қол қойған, біздің Еліміз де жаңадан «Халықтың Көші-қон заңын» қабылдады.  Қазақстан халқы кезектен тыс сайлау өткізіп, өз таңдауын жасау үшін «Ата-Заңның» өзін екі рет өзгертіп, толықтырған жоқпыз ба? Сондай шешім керек болды, жасадық. Одан ұтылғамыз жоқ. Бағымызға қарай, Сіз басым дауыспен қайта сайландыңыз. Оның қасында «№215 Қаулы» дегеніңіз не!? Енді Көші-қон қарқынын тездету, Қытайдан келетін қазақтың жолын ашатын күні туды. Соған сай, біздің жаңа жасақталған Көші-қон комитетінің төрағасы болған адам да қарап отыра бермей, Сізге өзекті мәселені аңыс етуге хақылы емес пе? Сосын, Қытайдағы әріптестерімен де диалогқа шығып, біз көшіріп алушы ел болған соң, қандай құжат қажет екенін сұрап, бір харекет жасауына болады ғой!

Еліміз демократиялы, өзіміз қаламгер болған соң, Сіздің сәлиқалы саясатыңзды қолдай отырып, осы мәселелерді аңыс етіп, «Егемен Қазақстанға», «Аbai.kz» сайытына мақала жарияладым. Білсін, түсінсін, көмектесейік деп комитет төрағасына телефон соқсам, рахмет айтқанның орнына, мені жамандадың деп, әуелі, айбар шегеді. Астыртын сені қырам - жоям деп айғайлайды. Бандит па, басшыма, біле алмай, дал болдым. Тіпті, шошып та қалдым. Ондай газетті оқымайым деп тағы дүрсе қоя береді. О заман да, бұ заман өз мемлекетінің бас газетін оқымайтын үкімет қызметкерін көргенім осы екен. Жағамды ұстадым.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

«Ашығын айтар болсақ, Қытай қазақтарының тағдыры шын мәнiнде қыл үстiнде тұр. Мәселе ол жақтағы қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгi құлдырап, өмiр сүруiнiң қиындап кеткендiгiнде емес. Керiсiнше, нарыққа шындап бейiмделген қандастарымыз Қытайда ел қатарлы тiрлiк кешуде. Материалдық-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсы және тұрмыс-тiршiлiгi күн өткен сайын жоғарылап келедi. Сауаттылық деңгейi де ҚХР-ын құрайтын 56 ұлттың iшiнде алғашқы бестiкке кiредi. Бiздi алаңдататыны - ендiгi жерде олар ұлт ретiнде өмiр сүре ала ма, жоқ па деген қорқыныш» (Р. Айыпұлы. «Түркістан газеті»)

«Әлемдегі қазақтың жалғыз ғана Отаны бар. Ол тәуелсіз Қазақстан!». Я, біздің де «Екі дүниедегі жалғызымыз - осы Қазақстан!»

Осындай алапаттан шеттегі қандастарыңызды бірден-бір құтқаратын жол - ол Сіз жолға қойып отырған Қазақ Елінің Көші-қон саясаты.

Тағы бір жағынан, бес құрлыққа шашырап кеткен бес миллион қазақты Қазақстанға түгел шақырып алу да, әрине, мүмкін емес. Деседе, келем дегендерінің бетінен қақпай, шақырып алуға қажетті заңды құжаттарын жасап, жолын ашып қойғанымыз жөн еді.

Қытай үкіметі қазақтардың өз Отанына қотарыла көшуін тежегенімен, халықаралық заңнамалардың талабына сай, тарихи себептермен бөлініп-жарылған ағайын-туыстың бір-біріне қосылуы үшін, қоныс аударуына аса қарсы емес. Бұл мәселені де, 1995 жылдың қыркүйек айында, Пекинде болған сапарыңыз кезінде, Өзіңіз майдан қылшық суырғандай етіп, өте жақсы шешкенсіз. Оны Қ.Тоқаев «Беласу» деп аталатын кітабының 212-бетінде: «Дегенмен, бұл мәселе жөнінде де принципті уағдаластыққа қол жеткіздік: Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетін ұлты қазақ ҚХР азаматтарына Қытай үкіметі тарапынан ешбір кедергі жасалмайды. Бұл маңызды келісім Қытайдан көшіп келем деген оралмандар санын арттыра түсуге жәрдемдесері анық» деп аса тебіреніспен жазғанынан білеміз. Алып көршімен болған осы келісіммен-ақ біраз шаруаның басын қайыруға болады ғой. Ә десе, екі ел арасында көші-қон шарты жоқ деп жүргендерді түсінбеймін. Бұдан артық қандай келісім керек енді.

Соның арқасында, көші-қон саласында еліміздің жеткен жетістіктері жаман болған жоқ. Қазірге дейін, Құдайға шүкір, Қытайдан 84 мың адам, жалпы шетелдерден бір миллионның үстіндегі қандасымыз Отан құшағына оралыпты. Бұл егемендігін енді ғана алған жас мемлекет үшін, әрине, аз көрсеткіш емес. Дегенмен, ана бес миллион қазақтың әлі де жат жұртта жүргенін ескерсек, біз атқарар жұмыстың үлкені тағы алда екенін бірден байқаймыз.

Қайталап айтайын, әу бастан мемлекеттің ұстанған саясаты өте дұрыс, Сіздің де беріп отырған бағыт-бағдарыңыз айқын.

Биыл Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы. Біз үшін бұл жыл шынында орны ерекше мереке. Мереке ғана емес, өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын бетбұрыс кезең. Қазақ көші де осы екі он жылда ауыр сыннан өтті.

"Елге ел қосылса - құт" дейді қазақ. Ауыр сыннан өткен қазақ көші еселеніп, еліміз өркендей берсе екен.  Біздің тілек - осы.

 

Ауыт МҰҚИБЕК

«Балдырған» журналының  қызметкері.

Алматы қаласы.

08.08.2011 ж

«Абай-ақпарат»

0 пікір