Сенбі, 27 Сәуір 2024
2628 4 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 15:43

Ерболат Досаев: Еуразиялық одақ аумағында бірыңғай валюта енгізілмейді

Бүгін Мәжілісте Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағында бірыңғай валюта енгізілмейтінін айтты. Досаевтың сөзінше, ЕАЭО құрудағы басты мақсат валюталық емес, экономикалық одақ құру. Ал, одақ келісімінде бірыңғай валютаға көшу туралы мәселе қарастырылмаған дейді.

-Бірыңғай валюта туралы сұрақ әдейі әртүрлі формада ара-тұра қойылып отырады. Келісімде бірыңғай валюталық одақ құру және бірыңғай валютаға көшу қарастырылмаған. Келісімшартта бұл нақты жазылған. ЕАЭО-ның әр қатысушысы қаржылық суверенитетті сақтайды", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Досаев ұлттық банк қаржы нарығын реттеуші ретінде ақша-несие саясатын жүргізуге, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, дағдарысқа қарсы қажетті шаралар қабылдау саласында өкілеттікті толығымен қалдыратынын айтты.

Бұған дейін Ресейдің қаржы министрлігі ЕАЭО елдерінде (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения) трансшекаралық есеп жүйесіне бірыңғай электронды валюта енгізу идеясын қолдаған болатын.

Сол кездегі ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ЕАЭО елдерінде бірыңғай электронды валюта енгізуге қарсы екенін мәлімдеген еді.

Abai.kz

4 пікір