Жұма, 26 Сәуір 2024
Деп жатыр 5211 0 пікір 21 Маусым, 2016 сағат 09:19

МҰХТАР ТАЙЖАН: ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ

Ең алдымен 1,5 ай бойы жер тағдырына алаңдап, маған уатсап, ФБ арқылы төте байланысқа шығып, кездесіп, ақыл-кеңестерін берген, тәжірибелерімен бөліскен барлық адамдарға – шаруаларға, ғалымдарға, заңгерлерге, кәсіпкерлерге, ауылшаруашылық мамандарына, қарапайым азаматтарға алғыс білдіремін. Маған, қала тұрғынына, бұл өте маңызды және құнды көмек болды. Сондықтан, төменде айтылғандар - ұжымдық ой мен ұжымдық тәжірибенің нәтижесі. Менің әрбір адамның сұрағына жеке жауап беруге, әрбір нақты жағдайға қатысты анықтау жүргізуге физикалық тұрғыдан шамам келмеуі мүмкін, бірақ мен барлық мәселелерді жүйелеп, бүгінде біздің Комиссия аясындағы әрі қарайғы әрекетіміз қандай болуы керектігі туралы қорытындыға келдім.

1. Бүгін біз АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРДІ КІМГЕ БОЛСА ДА (заңды тұлға, жеке тұлға барлығына) ЖЕКЕ МЕНШІККЕ САТУДЫ ТОҚТАТУЫМЫЗ КЕРЕК!
Мен жердің нақты жағдайымен, түрлі кездесулердегі жүздеген адамдардың пікірімен танысқан соң, осындай шешімге келдім. Мен жеке тұрғын үй құрылысы (ИЖС), бау-бақша шаруашылығы (ЛПХ), бақша, саяжай қажеттілігі (10, 20, 30 сотық), зауыт, өндіріс базалары (1-5 гектар) үшін жерге жеке меншік беруді жоққа шығармаймын. Бірақ, ауылшаруашылығы масштабында (мыңдаған гектар) жерді жеке меншікке беруге құқығымыз жоқ. Неге?

Осы дау басталғанда мен азаматтық туралы, неке туралы заңдарды, Азаматтық кодексті , ЖШС туралы заңдарды күшейтіп, латифундистерге, шетелдік заңды, жеке тұлғаларға заңды тосқауыл қойған жағдайда біздің шаруаларға жерді жеке меншікке беру керек деп ойладым. Онда олар несие алады, жердің құнарлылығын арттырады, өзін уақытша пайдаланушы емес, сол жердің қожайыны санайды, шенеуніктердің тәлкегінен сақтанады деп ойладым.

Бірақ, қазір менің көзім жетті. Ол тым идеалистік түсінік екен. Біз қазір бұл процесте әділдік пен адалдық қамтамасыз ете алмаймыз. Қазір көп мәселе жабық есік жағдайында, жемқорлық схемалар бойынша шешілетінін барлықтарыңыз білесіздер. Сондықтан, қазір біз жер сатып алуға мол мүмкіндік беретін болсақ, онда барлығы сол бұрынғы «дәстүр» бойынша жабық жағдайда, жемқорлықпен, әділетсіз түрде жүзеге асады. Халық бұған дейін мұнайсыз, газсыз, урансыз қалғаны сияқты жерсіз қалады.

Жерді сатуды жақтайтындардың негізінен ірі жер пайдаланушылар екенін байқадым. Соларды әкімдік бір столға жинап, сөз беріп отыр (Бұл әсіресе Алматы облысындағы жиында қатты сезілді). Бірақ маған олардың үлкен жерлерді қалай алғанын тәптіштеп түсіндіріп берді. Мен 1990 жылдары пай беру науқаны қалай өткенін, 2000 жылдары кеңшар, ұжымшар директорларының қалайша жер иесі болып шыққанын жақсы түсіндім.

Олардың барлығы бірдей әділетсіздікке барды деуге болмайды, жақсы мысалдар да бар. Бірақ, көпшілігі адал жолмен жерге иелік еткен жоқ. Бірақ, бұл үлкен сұрақ. Қазіргі әңгіме басқада.
Қазір осы ірі жер пайдаланушылар жердің жаппай сатылуына мүдделі. Олардың айтатыны – инвестиция, технология тарту керек, шетелдік тәжірибені үйрену керек. Бірақ, мен бұларды айтарлықтай дәлелді себеп дей алмаймын. Өйткені, олар осыны айтып отырғанда елдің күлкісін келтіреді. Ол кәсіпорындар қазірдің өзінде супер заманауи, технологиялары жаңа, шетелдіктер келіп тәжірибелерін үйретіп жатыр деп мақтанады. Онда жерді шетелге берудің қажеті қанша? Жауабы түсінікті болар.

Бірақ, бір нәрсе анық – жерді жеке меншікке бермей-ақ, 49 жыл мерзімге жалға беру арқылы ауылшаруашылығын дамытуға әбден болады.

Заман түзеліп, қоғамда жемқорлық жойылғанда, сөз бостандығы мен демократия, әділдік үстемдік құрғанда, жергілікті әкімдер әділ сайлау арқылы сайланатын болғанда, көршілеріміз де демократияланып, агрессиядан арылғанда жерге жеке меншік енгізу мәселесіне қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Бірақ, қазір жерді жеке меншікке беру – ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қатер төндіру.

Жоғарыда айтылған себептер бойынша біз жерді сатуға мораторий жариялау керекпіз. Бірақ, осыған дейін сатылған (барлығы 0,6 пайыз) жерлер егер иелері төменде айталытан латифундияға қарсы талаптарды бұзбаған болса иелерінде қалуы тиіс. Кері алынған жағдайда ол жерді мемлекет екі жақтың да келісімімен сатып алуы тиіс.

2. БІЗ ЛАТИФУНДИЯ МЕН НЕОФЕОДАЛИЗМГЕ ШЕКТЕУ ҚОЯТЫН НАҚТЫ ЗАҢДАР ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК

Мен латифундия мен неофеодализмді қалай түсінемін? Бұл әділетсіз кәсіпкерлік формасы, мұнда адам ауылшаруашылық мақсаттағы алып аумақтарды алып алады да, өзі ештеңе істемей, әрі кетсе ол жерді субарендаға беріп қойып, пайда тауып жатады. Алайда, ол жердің жағдайына алаңдамайды, соның салдарынан бонитет балы төмендеп, эрозия артады.

Бизнестің мұндай түрі – аренда мен субаренда қалалық жерлерде жүзеге асса болады. Жылжымайтын мүлік салып, оны қанша жалға берсең де бере бер. Арендаға көлікті, жиһаз, басқа да меншікті беруге болады. Бірақ, жер әдеттегі жылжымайтын мүлік емес, ол халыққа бір рет және біржола берілген. Ол өндірістің негізгі құралы, экономика мен мемлекеттің негізі. Жер – халық қазынасы, бізге бабаларымыздан қан мен тер төге отырып қалған өте шектеулі ресурс. Оған сол жерде нақты еңбек ететін, өмір сүретін, қамқорлықпен қарайтын адам ғана иелік етуі керек.

Яғни, жер шектеулі ресурс болғандықтан елде латифундистер қанша көп болса, нақты шаруалар саны да соншалықты кем болады. Ауылдарда кедейшілік, жұмыссыздық, қалаларда әлеуметтік шиеленіс орын алады. Бұдан бөлек адамдар өздерінің малын жаятын жер таппай қалады. Бұл өте өзекті мәселе.

Сонымен, елде латифундистерге қарсы тұрудың қандай жолдарын көріп отырмын?

2.1. Жайылым жерлер ешкімнің меншігінде де, арендасында да болмауы керек. Ауыл тұрғыны өз малын жаятын жерге шартсыз құқық иеленуі тиіс.

2.2. Бұл үшін әрбір ауылда халық санын артығымен ескере отырып, белгілі-бір радиус белгіленуі тиіс. Осы радиус ішіндегі жерлер ешкімнің меншігінде болмауы, ешкімге жалға берілмеуі тиіс.

2.3. Ауылшаруашылық жерлерінің субарендасына заңмен тыйым салу. Бұл шара бұрыннан талқыланып келе жатса да, әлі қолданылмады. Сонымен бірге, егер ауылшаруашылық мақсаттағы жер 2 жыл ішінде өз мақсатында игерілмесе мемлекетке қайтарылуы қажет. Мұндай норма заңда бар, бірақ, жер иелерінің «абыройына» байланысты қолданылмайды.

2.4. Аса ірі, монополиялық көлемдегі ауылшаруашылығы жер үлестерімен күресудің екі жолы бар – әкімшілік және экономикалық. Бірінші нұсқасы бір қолда қанша жер тиесілі болуы керектігін заңдық нормамен бекітуді ұсынады. Бұл нормалар әр өңірде халық тығыздығына, жерде өсетін дақылдар түріне қарай әр түрлі болуы керек. Мен бұл норманың жақтаушысы болдым. Бірақ, оны қолдану бойынша жергілікті әкімдіктердің қорқа соғуы, мүдделілік танытпауына байланысты аталған нормаларды бекіту мен бақылауда қиындықтар кездесетін болады.

2.5. Сондықтан латифундияға қарсы автоматты экономикалық шаралар қодану қолайлы. Сөйтіп, бір қолға өтетін жер нормасын анықталғаннан соң біз НОРМАДАН ТЫС ЖЕРЛЕРГЕ ПРОГРЕССИВТІ ЖЕР САЛЫҒЫН ЕНГІЗУІМІЗ ҚАЖЕТ. Егер адам немесе заңды тұлға нормадан 2 есе көп жер пайдаланып жатса жер салығын 2 коэффиценттен, 3 есе көп жер пайдаланса жер салығын 3 коэффиценттен, ары қарай төлейді.

2.6. Бұл қаржыны біз бюджетке емес, барлық Қазақстан азаматтарының зейнетақы шоттарына ЖСН (ИИН) бойынша теңдей бөліп аудару керекпіз. Осылайша біз ӘР АЗАМАТТЫҢ ШАРТСЫЗ БАЗАЛЫҚ ЖЕР КІРІСІ арқылы «Жер – халық қазынасы» деген ұранды нақты экономикалық тұрғыда қолданысқа енгіземіз. Бұл жүйе жария болатындықтан әр азамат мысалы Кулагиннің жерінен қанша ақша түскенін біліп отыратын болады. Ал, Кулагиннің өзіне осынша көп жер алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болады да ол жерден құтылуға асығады. Бұл барлық халық бақылап отыратын экономикалық әдістерді қолдану арқылы неофеодализммен күрес деп аталады.

2.7. Бұл шаралардың ықпалы болуы үшін Қазақстанның барлық жерінің электронды кадастры керек. «Қай жерді кім арендаға алған, не істеп жатыр, не егілген, қожайыны кім?» деген сұрақтарға жауаптар болу керек сол кадастрда. Жер серігі, гугл, т.б. заманға сай құралдар арқылы оны істеуге болады.

Біз латифундистер мен неофеодалдардың санын қысқарту арқылы ауылды жандандыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға негіз болатын жол ашатынымызды толық түсінуіміз қажет. Бұл - жер реформасы мен қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі шарттарының бірі.

3. Қорытынды

Кез-келген реформа бір нәрсені түсінуден және оны өзгертуге, жақсартуға деген ниеттен басталады. Егер тек алдап, мәселені бұрмалап жіберу ниеті ғана болса, ол жақсылықпен аяқталмайды.

Комиссияның Алматы облысындағы отырысын қойылымға айналдыру әрекетіне қарап (бейнежазбадан көре аласыздар, отырыстың алғашқы бір, бір жарым сағаты) астаналық кей адамдар митинг өтті, белсенділер ұсталды, енді комиссияны да ақырындап ысырып тастау керек деп отыр ма деген ойға жетеледі. Менің қателесуім де мүмкін, бәрін уақыт көрсетеді.
Бірақ, егер Астанада осындай ой болса, онда олар қателеседі.

Мәселе белсенділерде емес. Халық қазір бізге, біздің жұмысымызға қарап отыр, қарап қана қоймай қорытынды шығарып отыр. Біздің халық талапшыл. Қазір жаз, каникулдар мен демалыс уақыты. Халық қорытындыны күзде шығарады.

Сондықтан бізде жаз бойы интенсивті түрде жұмыс істеп, барлығын дұрыс шешуге мүмкіндік туып тұр. Егер біздің Комиссия босаңсып кетсе, отырыстарды театрлық қойлымдарға айналдыруға көшсе, онда оның күздегі салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ол уақытта экономикалық ахуал да одан әрі күрделене береді, жұмыссыздық артады, жылыту маусымы басталады...

Өз халқымыздың тарихы мен ұлттық мінезін білгендіктен біз Қазақтар өз жерін ешкімге жайдан жай бере салмайтынын айтуымыз керек. Мұны, әрине, өз халқының тарихы мен менталитетінен алшақ, орыстанған шенеуніктер білмеуі мүмкін. Қазақ үшін Жер – өте маңызды мәселе, оны оңайлықпен жаба салу мүмкін емес.

Мен өзім экономист және кәсіпкер ретінде осы тақырыпты зерттей келе халқымның «ЖЕР САТЫЛМАСЫН, ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРІЛМЕСІН!» деген формула құрағандағы даналығына, ұстанымының дұрыстығына барлық жағынан көз жеткіздім.

Жер реформасына қатысты жұмыста да біз осыны негізге алу керекпіз. Кезекті сілкінулер мен толқулар ешкімге керек емес, оны біздің «тату» көршілеріміз пайдаланып кетуі мүмкін. Әлі де барлығын дұрыс және қалыпты аяқтауға болады. Тек ниет болса жеткілікті. Ең басты ниет таза болса, бәрін жасауға болады. Шын ниетпен жұмыс жасайық, бауырлар!

Abai.kz

0 пікір