Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 6803 0 пікір 11 Наурыз, 2015 сағат 05:00

БАЙКЕНОВ – ҚАМАУДА. ШЕВЦОВА-ВАЛОВА ШЕ?

Астана қаласының тұрғыны Сәкен Байкенов «әлеуметтік желіде ұлттық алауыздықты насихаттайтын ақпарат таратты» деген себеппен екі айға қамауға алынды.

Сәкен Байкеновтің 2015 жылдың 9 қаңтарында «Facebook» әлеуметтік желісінде жариялаған пікірі «ұлтаралық араздықты насихаттайтын жазба» деп табылып, Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 соты оны қамауға алуға санкция берген.

С.Байкеновтың әйелі Қарлығаш Мырзаділованың «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатына қарағанда, оның жұбайын 7 наурыз күні таңертеңгі сағат 11:00 шамасында Алматыдағы жалдап тұрып жатқан пәтерінен ҰҚК қызметкерлері ұстап, сол күні түстен кейін Астанаға ұшақпен жеткізген. Олар Қ.Мырзаділоваға тек күйеуінің «ұлттық алауыздықты қоздырғаны» үшін ұсталғанын ғана хабарлаған, бірақ оның нақты қандай іс-әрекет жасағанын айтпаған. ҰҚК қызметкерлері Байкеновпен бірге оның үйінен ноутбук, iPad планшеті, екі ұялы телефон және 4G интернет байланысы модемін алып кеткен. Қарлығаш Мырзаділова содан бері Астанадағы ҰҚК мен өзге құқық қорғау орындарына қанша хабарласса да, ері жайлы ешбір ақпарат біле алмай отырғанын айтады.

С.Байкеновтың соты да тез арада – 9 наурыз күні сағат кешкі 18-де, апақ-сапақта асығыс өткізіле салған. Оған айыпталушының әйелін де, туыстарын да, тіпті адвокатын да шақырмаған.

– Бізді сотқа шақырған жоқ. Ешкімді де қатыстырмады. Түскі екіден кешкі сағат беске дейін сот ғимараты алдында жүріп, ақпарат ала алмадық. Сәкенге қандай айып тағылғанын білмеймін. Себебі, іспен әлі таныстырған жоқ. Кездесуге де кіргізбей отыр, – депті адвокат Төлеген Шайков «Азаттық» тілшісіне.

Астанада туып-өскен, «Еуразия» ұлттық университетін бітірген 37 жастағы Сәкен Байкенов «Антигептил» қозғалысының белсендісі ретінде наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. «Антигептил» қозғалысының мүшесі Мақсат Ілиясұлы бастаған топ әлеуметтік желілерде Сәкен Байкеновты босату туралы қол жинап жатыр. М.Ілиясұлы алдағы күндері өздерінің талаптары мен ашық хаттарын Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырмақ.

С.Байкеновтың «Facebook» әлеуметтік желісіндегі таныс-білістері оның ешқандай да артық әңгімеге барғанын байқамағандарын айтып отыр. «Ол Қазақстан аумағына тарайтын ресейлік телеарналардың қазақстандықтарға Украинаны көпе-көрнеу жеккөрінішті етіп көрсетіп жатқанына, өз жерін қорғап жатқан украиндықтарды фашист деп айыптайтынына наразы болып, пікірлер жазды. «Біз әр нәрсеге өз мүддеміздің тұрғысынан қарап, баға беруіміз керек» деген көзқарасты ұстанды. Міне, осы сөздер әлдекімдерге жақпай қалған. Басқа өрескел ештеңе де жоқ болатын» дейді олар.

Ал бір жыл бойына аталған әлеуметтік желіде қазақ халқын кемсітіп-қорлаумен болған Татьяна Шевцова-Валованың үстінен қозғалған қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ. Айыпталушы адвокатының талабы бойынша, бір айдан бері компьютерлік-техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Ол сараптама қазақ халқын кемсітіп, ұлттар арасын арандатуға бағытталған жазбалардың қай компьютерден жазылғанын анықтамақ. Сараптама жұмысы 10 наурызға дейін бітеді делінгенімен, әзірге тым-тырыс.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында Татьяна Шевцова-Валованың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің «Әлеуметттік, ұлттық, нәсілдік немесе діни дұшпандықты қоздыру» деп аталатын 164-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Қылмысы дәлелденген жағдайда ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бірақ айыпкер қылмысын мойындамай отыр. Өйткені, кезінде өзі фейсбукте жазған «Если будете устраивать тут в КЗ такой же (…) по поводу языка и возвеличивания своей коренной нации, то с вами будет то же самое, что и с Крымом – северные, а, возможно, что и все остальные части КЗ перейдут в РФ. И не путем аннексии, как вы тут визжите на каждом углу, а путем референдума, как это произошло в Крыму, т.е. добровольным вхождением в состав РФ» деген сияқты оспадар ойларының барлығын өшіріп үлгеріпті.

«NewTimes.kz» сайтына сілтеме жасай отырып бұдан бұрын да жазғанымыздай, бұл қылмысты істі қарап жатқан Алатау аудандық соты... Ресей тарапынан кәдімгідей қысымға ұшырап отыр екен. Өз аты-жөнін айтуды қаламаған құпия дереккөздің мәлімдеуінше, «Алатау ауданының және Алматы қаласының соты мен прокуратурасы ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы ҚР азаматшасы Т.Шевцова-Валованың ісі бойынша түсініктеме беруді талап етіп отырған Ресей тарапынан қысым көруде. Үйқамақта отырған Т.Шевцова-Валова бұрын КСРО-ның МҚК (КГБ) құрылымында істеген және шетелден (Ресейден?) қаржыланатын күдікті біреулермен тығыз байланыс орнатып, сот процесіне қатысушыларға қысым жасап жатыр».

Ал Қазақстан сотына қысым жасайтын ондай шетелдік қолдаушылары жоқ Сәкен Байкенов енді қайтеді?

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Abai.kz

0 пікір