Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 7061 0 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 23:13

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. БОСТАНДЫҚ АРАЛЫ

Абай.kz порталы жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының соңғы тарауларын жариялауға көшті. Кітаптың алғы бөлімдерін мына сілтемелер арқылы таба аласыз: 

http://abai.kz/post/view?id=2661

http://abai.kz/post/view?id=2606

http://abai.kz/post/view?id=2587

http://abai.kz/post/view?id=2564

http://abai.kz/post/view?id=2551

http://abai.kz/post/view?id=2533 

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

22.01.2014. Нью-Йорк.

Бүгін Бостандық ескерткішіне және Құрбанғали Халидидің шөбересі, менің құдашам Гүлсила Халидованың үйіне қонаққа бармақпыз. Сондықтан да төрт көзіміз түгелдей пәтерден қотарыла шықтық. Сол көре-көре көзтаныс болып қалған Манхэттеннің мүйісіне барып, жеңіл кемеге отырып, Атлант мұхитының толқынын тіле Бостандық аралына беттедік.

Суретте: Бостандық аралына бара жатқандағы Манхэттен мүйісінің көрінісі.

 

Түсіндіруші алғамыз жоқ. Төртеуіміздің білетінімізді қосса, оның үстіне Алма мен Назымның бұрынғы көрген әсері үстемелесе, біраз жайға қанық боларымыз анық. Солай болды да. Бостандық ескерткішінің тарихы бәріңізге қанық. Бұл француздардың Америкаға тартуы. Мұндай алапат ескерткіш дүниеде жоқ. Күндік жерден көрініп, қолындағы шырақпен белгі беріп, мұхиттағы теңізшілерді өзіне шақырып тұрады. Жөндеуден өткеніне бірер жылдың көлемі болыпты. Биіктігі пәленбай құлаш, қолының ұзындығы түген аршын, салмағы аншама батпан, тастұғыры мұншама зіл, шамшырағы түнде түншілік, күндіз сұлбасы күншілік жерден көрінеді,   өркениеттің кәрі құрылығына, яғни, Еуропаға қарап Азаттықтың ұранын атойлап тұр – деген аңызға бергісіз ақиқатты санамалап айтсам, күнделікті апталап толтыруға тура келер. Шындығында да солай. Египеттің Пирамидасын көргенде кеудем жарылып кетердей керіліп еді, мына арада өзімді пәкене ғана шарасыз шал есебінде сезіндім.

 

Суретте: Бостандық ескерткіші.

Аралға шағын кемелер іркес-тіркес келіп, нөпірлетіп саяхатшыларды түсіріп те жатыр, топырлатып әкетіп те жатыр. Бәрі де өз тәртібімен. Сығылысу жоқ, кезек бар. Нью-Йорктің зәулімдері қолдың бес саласындай самсап тұр. Айтарлық бір жәй: ескерткішті француздар тегін ұсыныпты.  Осы аралды таңдап алған соң, тастұғырды америкалықтардың өздері тұрғызуды ұсыныпты. Капиталистерде артық қаражат болмайды. Сонда «Нью-Йорк таймс» газетінің бас редакторы Пульцер өзінің басылымы арқылы халыққа сауынайтып, бір тиын берген адамның аты мен сомасын көрсетіп,  тізімін жариялап отырыпты. Бір жылдың ішінде керекті қаражат жиналыпты. Соның ішінде: «Түстікке берген тиындарымды үнемдеп, бар жиған қаражатым осы болды», – деп хат жазып, долларға толар толмас цент жіберген оқушы мен Пульцердің есімін бүкіл Америка мақтаныш тұтады екен. Журналистика саласындағы Пульцер сыйлығының деңгейі әдебиет саласындағы Нобель сыйлығымен бір дәрежелес саналады. Бостандық ескерткішін бір сағаттан астам тамашалап, жолдағы кеден аралындағы мұражайға соқтық. Он бір миллион адам өткен екен осы кеденнен. Бұл мұражай да сол кәрі құрылықтан келген америкалықтардың ұрпақтарының қаражатына салыныпты. Американы қалай жатсынғанмен де, олардың өткен тарихын құрметтеудегі осынау халықтық белсенділігін қрпағымыздың ұрпағына өсиет етіп қалдыруға тұрарлық қасиет екенін сүйсіне мойындайсың. Ал біз ғой, үйдегі көне заттарымызды көшкенде күресінге қалдырамыз. Міне, бұл үйренетін өнеге.

Жағаға шыққаннан кейін  Гүлсиланың үйін бетке алдық. Душанбеден көшіп елген поляк еврейінің үйінде пәтерде тұрады екен. Әке-шешесін, ата-бабасын, аға-бауырын, анасы Райхан апайды еске ала отырып, қайын енеміз Нипар апай, балдызым Гүлзада, Әмина бәйбіше, Алма мен Назым бегім және Тоқбала бәріміз   ұзақ түстендік. «Ыстық, қызыл, қою, тегін шәй», тауықтың сорпасы, қазақ-өзбек палауы, түрлі шырындар мен Израйльден әкелінген жемістер дасдарханның сәнін, тәбеттің дәмін келтірді. Тағдырлы әңгіме кеш батырды. Гүлсиланың әңгімесі:

– Америкаға армандап келгем жоқ, кездейсоқ келдім. Үш баламен қалдым. Мектептегі оқу ісінің меңгерушісі едім. Жалақым жан бағуға жетпеді. Көше саудасын жасадым. Құрбым Америкаға көшті. Жөнін сұрап едім, елшілікке өтініш жазу керек екен. Жаздым. Үш айдан кейін рұқсат шығып тұр.  Тартып кеттім. Тіл де білмеймін. Құрбымның үйіне келдім. Жоқ екен. Бір ресейлік орыс жігітінің үйіне қондым. Құрбым табылып, СССР-ден көшкен еврейдің кәрі шешесін күтуге орналастырды. Енді ондағы қорлығымды айтпа. Кемпір алжыған. Балаларының да есі кіресілі-шығасылы. Өздерінде де күтім жоқ. Маған бір бөстек берді. Босағада жаттым. Бір ай жалақыға дейін әзер шыдап, одан құтылдым. Ең бастысы баспана еді. Әйтеуір, сөйтіп жүріп ес жиып, енді қалайда үй жалдап тұруға бекіндім. Аяғымнан тік тұрдым. Балаларыма ақша жібере бастадым. Ақыры олар үй сатып алды. Үшеуі –үш үй болды. Тұрмыс құрды, үйленді. Қыз – Түркияда, ұл – Прагада. Осында келіп-кетіп тұрады. Үйреніп те қалдым. Қимайтын да сияқтымын. Таныс та, құрбы да бар. Міне, он үш жыл болды. Енді, осы көктемде елге қайтамын...

Онда өмір қалай құралады, кім білсін. Жатсынып кетті ме, қайдам. Әйтеуір, он үш жылда тапқаным балаларымды аяғынан тік тұрғызды. Бәрі де баспаналы болды. Бұл елге ризалығым  мол. Ташкентте жүрсем, оған қолым жетер ма еді? Ал қалғаннан не қадір көрем. Елге қайтам...

Гүлсиланың көзіне әйелдің мұңлы тағдырының тұнбасы сияқты жас іркіліп келе жатты. Тағдырға қарсы күресіп, бір дәнді ауызына тістеп әкеп, балапандарын жетілдірген ана-көгершін сияқты шыдамды әйел босаған көңілін тез жиып ала қойды.

Мен де әңгімені өзге арнаға бұрып, өзімнің бұйымтайымды айттым: Құрбанғали Халидидің бес томдық қолжазбаларын баспаға дайындап жатқанымызды баяндай келе, оның үрім-бұтақтары туралы деректерді, фотосуреттерді, құжаттарды, хаттарды сұрастырдым. Жиып-теруге уәде берді. Никар апай арқылы хабар алысатын болдық.

Бұл да бір көсегелі түстік болды.

Кештетіп, дүниенің аңызына айналған атақты «Таймс Скверге» Алма екеуіміз келдік. Бұл өзі биік-биік от шашқан ғимараттардың қиылысы екен. «Таймс» газетінің редакциясы бұрын осы арада болыпты. Соның құрметіне қойылған. Ол қазір басқа жаққа көшкен. Нью-Йоркте адасқың келсе, не адасқан адамды іздесең, кеш қарайысымен осы орамға кел. Барлық шоу-театрлар осы қиылыста.  60 қабатты үйлердің қабырғасынан жарнамалардың киносын көресің. Мойның соза-соза күйезденіп қалады. Бүгінгі мюзиктерге билетті арзандатып сатады. «Мадам Тюссенің» мұражайы да осы орамда.

Суретте: атақты «Таймс сквер» осы.

 

Таңдана-таңдана таң қалудан жалығасың. Ашық концерт қоятын сахналар дайындалып жатыр. Американың әр түрлі атақтыларының  «сыңары» 2 доллар берсең суретке түсуге дайын. Морганның бейнесінің қасында суретке түстім. Әлем-жәлем әлемнен Алма екеуіміз әрең шықтық.

Мен құтылғаныма қуандым, ал Алма қимай қоштасты.

(Жалғасы бар...)

 

Абай.kz 

 

0 пікір