Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 8898 0 пікір 15 Желтоқсан, 2014 сағат 10:18

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ИМПРЕССИОНИЗМ

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба-кітабының  кезекті тарауларын жалғастырамыз. Ал, мына сілтемелер арқылы алдыңғы жазбаларды тауып, оқи аласыздар:

 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

 

Америкаға (солтүстік) алғаш табан басқандар – голландықтар,  содан кейін британдық пуритандар мен квакерлер екенін, кейін ағылшын ханзадасы оларды мәжбүрмен Йорк жері деп атандырғанын алдыңғы күндердегі күнделікте түртіп қойғамын. Сонымен бір ғасыр Жаңа Англия атанып, 13 штаттың тізгіні Британ Корольдігінің қолында болады. Британия жерге де, суға да, жан басына да, тіпті гранитті тасқа да салық салады. Оның үстіне пуритандар мен квакерлердің діни салауат қайшылығы қосылады. Неғұрлым мол өндірсе, соғұрлым жұтайды. Сайлауға, сайлануға құқы болмайды. Еркіндікті аңсаған, «ерікті отарлаушылар» Британияның еріксіз боданына айналады. Бас көтеру – солтүстіктегі 6 колониядан басталады.  Негізгі наразылығы: бізді неге олар басқарады, неге палатаға депутат сайламайды, неге заң шығаруға араластырмайды, екінші – біз неге салық төлеуге тиіспіз, үшінші – оның қайда жұмсалатынын біз неге білмейміз? Жетті! Бірігіп қарсы шығамыз! Азат мемлекет құрамыз! –депті Бостондағы губернатор Джон Адамс. 

Содан, осы Бостонда, 17 баласы бар үйде туған, 17 жасында Филадельфияға қоныс аударып, Пэмнен кейін қалаға қызыл кірпіштен үй салдырған, ғылымның әр саласынан өз бетінше ізденіп, жаңалық ашқан Бенджамин Франклиннің айналасына Американың өрлеу немесе дәуірлеу кезеңінің қайраткерлері – Джордж Вашингтон (ағылшын армиясында өсуге мүмкіндік бермеген соң құл иеленуші фермер болып кеткен. Континентальдік конгресске әскери киіммен келген), Джефферсон, Адамс, Дэкон Кен-Кох және басқа да 13 адам Филадельфияға жиналады. Бостандық Декларациясының мәтінін жазуды ішіндегі ең жасы Джефферсонға тапсырады. Жазу – бір басқа, қол қою – бас кететін тәуекел. 986 сөзден құралған Декларацияны Дэкон Кен-Кох баспаханада жасырын тергізіп (ол баспахананың ғимараты қазір де бар), 25 дана етіп көбейтіп, өзі бірінші боп қол қояды. Содан кейін Франклин, Вашингтон, Адамс, Джефферсон бастатқан 55 азаткер тұлғалар қолын қояды. Декларацияның алғашқы нұсқасын әкеле жатқан Дэконның ескерткіші баспахана мен Декларация қабылдаған екі қабатты үйдің арасында тұр. Бостандық мемориалына тәу ету – сол ескерткіштен басталады. Декларация жарияланып, 13 өкілдік: «Ағылшындарға қарсы соғысамыз!», – деген шешім шығарады.

        

 Суретте Декларация жарияланған сәт бейнеленген.

Бұл – 1706 жылдың 4 маусымы, яғни, Американың Тәуелсіздік жариялаған ұлттық мереке күні, Американың тарихы басталған күн. Олар үшін осынау қызыл кірпіштен салынған 2 қабатты ғимарат – ең қасиетті, ең киелі орын. «Алғашқы капитолия» – деп аталатын бұл ғимараттың орталық залында үлкен, жалғыз стол және 13 орындық тұр. Қарапайым әрі қасиетті. Қыстың қара суық қытымырлығына қарамастан, аулада тізіліп тұрған мектеп оқушыларын көрдік. Ауладағы Американың туының астында шоғырланып тағы бірнеше топ тұр. Сөйтсек, бұл қысы-жазы үзілмейтін көрініс екен. Американың 50 штатындағы барлық мектеп оқушылары бір рет осында келіп, аяз бен жаңбырға қарамастан ауладағы туға тағзым етіп, қанша уақыт болса да кезегін күтіп, «Тұңғыш Капитолияның» ішіне кіріп, әлгі стол мен орындыққа бас иіп, үш сағат дәріс тыңдайды екен.

Содан кейін қарсы беттегі шыны ғимараттың ішіндегі «Азаттық!»  дабылын соққан қоңырауды көреді. Капитолиядағы ең қасиетті құжат – Джон Кен-Кох бірінші боп қол қойған 25 дана Декларацияның алғашқы басылымы. Осыдан он жылға жуық 24 данасы ғана сақталған екен. Содан Филадельфияның бір тұрғыны ескі фотосурет үшін ескізаттар дүкенінен көне рәмке сатып алыпты. Үйіне келген соң әлгінің бетіндегі ескі қатырма қағазды алып тастау үшін рәмкеден босатса, арасынан ескі құжат шығыпты. Қараса, не дейсіз ғой, бүкіл Американың тағдырын шешкен, тек Кен-Кохтың ғана қолы қойылған Бостандық Декларациясының түпнұсқасы болып шығады. Мұндай қасиетті құжатты әлгі адам 2,5 миллион долларға сатыпты. Осыдан екі жыл бұрын ол Декларацияның құны 8,5 миллион долларға шығыпты.

Міне, басын бәйгеге тіккен Джон Кэн-Кохтың қолы осындай қымбат ескерткіш  ретінде бағаланыпты. Бір сүйсінетін жай, Америка азаматтары өзінің тарихын және тарихи заттар мен құжаттардың құнын біледі және құнын түсірмейді. Болмашыны болатқа балап, алтыннан қымбат асылға айналдырады. Өзіңіз қараңызшы, жаңағы: 1.Декларация. 2. Конституция. 3. Адам құқы туралы Заң қабылданып, жарияланған екі қабатты қызыл кірпіш үй – Бүкіл Американың ар-намыс, азаматтық  «ерлік» рухтарының қасиетті ұясына айналған. Мұнда келіп тағзым етпеген адам – өзін Американың сауатты азаматымын – деуге арланады! Қандай өршіл парасат.

Осы көріністердің куәсі бола тұрып өзегім ысып сала берді. Ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, қасиеті мен киесі біз үшін «тұңғыш Калифорниядан» кем түспейтін:1.Суверинитет туралы декларация жарияланған. 2.Қазақ елінің тәуелсіздігі жарияланған.3.Тұңғыш Президент сайланған. 4. Тұңғыш Конституция қабылданып, жарияланған Алматыдағы бұрынғы Үкімет үйінің үлкен Мәжіліс залының қазіргі жәй-күйі қандай екен?

Қазақстан – Британ университеті қазақ елі үшін қаншалықты маңызды екенін кім білсін, бірақ тарихи мәжіліс залының киесі ерекше еді. Қаржыны игерудің бе, қымқырудың ба, ең төте жолы – Үкімет үйі сияқты мәңгілік ғимараттардың емен есігін жасанды пластмассаға, не жасанды қытай картонына айырбастау ма ма еді? Орындықтар да ауыстырылды ма екен? Депутаттарға тақ болуға жараған стол-орындықтар студенттердің тақымы мен құймышағына тар келіп жүрмесін?!. Қалай да сол Үлкен Мәжіліс залын қалпында сақтап, апта сайын үш күн, тым болмаса сенбі-жексенбі күндері саяхатшылар шекпен кіретін ақылы әрі қасиетті орынға айналдырса қандай орынды болар еді десеңші! Тарих деген сол емес пе. Әттең, бізде «тарих толқыны» көтерілсе болды, жалғыз зәкірден басқаның ізін қалдырмай шайып кететіні несі екен? Жағажайдың құмы сияқты өткеннің бәрінің бетін жып-жылмағай етіп, жалғыз ғана зәкірдің ізін түсіреді. Ертең тағы бір «тарих толқыны» оны да шәйіп кетпесіне кім кепіл? Тарихымызды құмға жазуды қашан тоқтатар екенбіз?

Қарсы беттегі әйнек ғимараттың ішіне мұрағат ретінде қойылған «Бостандық» қоңырауының тұсына кеп, Алма екеуіміз суретке түстік. Ал ішіне кіру үшін екі-үш сағат кезекке тұру керек. Сондай-ақ: Декларация жарияланған ғимараттың алдында суретке түсіп, соны маған сыйласаңыздар – одан үлкен базарлық жоқ, – деген қарындасым Гүлнар мен күйеу балам Аманбайдың тапсырмасын орындап, Джордж Вашингтонның ескерткішін ала тағы да суретке түстік. Бұл –  өзіміздің де жан қалауымыз болатын. Филадельфияға келудегі мақсатымыздың өзі де сол еді.

Дэлавер дариясы мен Дэлавер даласының ағаштарынан қиыстырылған үйлер үлкен өрт кезінде жойылып кетіпті. Тек Франклиннің тұсында бой көтерген қызыл кірпіштен қаланған екі-үш қабатты ғимараттар мен екі арба қатар өтетіндей екі-үш тар көше сақталыпты.

Бостандық алаңының бұрышында Масондар ғимараты мен Халокос  мұрағаты тұр. Ымы мен жымы бір екі ғимарат бір құпияны ішіне бүгіп тұрғандай. Әлемдік құпияның иесі – масондардың ғибадат үйіне жасқана көз қиығын салдық. Солар, шынымен исі адамзаттың тағдырын шешіп, өркениетті өзгертіп, ақырзаман орнататындай құдіретті құпияға ие ме екен?! Әлде, ақыл-ойды шырмап, құпия ғылыммен қорқытып, қалталылар мен таңдаулы «құдай сүйген» тектің өзгелерді сескендіру үшін «құпияландырған» жең ұшынан жалғасқан қитұрқы бопсасы ма екен?!. Бұл мәселені, әсіресе, өзімізге қатысты «33» саны мен 8 бұрышқа қатысты ныспыларды қағыстырып көріп ем, не шығарын кім білсін. Оның жауабын түркі, жалпы көшпелілер мен қазақтардың таным-дәстүрінен тапқан сияқты болдым. Әсіресе, 8 бұрыш біраз тұйыққа тіреді.  Дегенмен де, «торт құбыла», «сегіз тұс», «сегіз қырлы, бір сырлы» дегеннен артық ақылға қонымды түсінік таппадым. Ол: пұттың 8 құдайының 8 құбыласын көрсетеді-мыс деген тәмсіл тым тақуалау көрінді. Зады, еш нәтиже бермейтін бұл тінтінуді доғарған дұрыс шығар. Қазақтың ұғымын кеңейтуге бір пайдам тие ме – деген дәмем болып еді. Ол 8 бұрышпен «33» саны масондарға әкеп тіреді.  Ал білгенін өзгеден де жасыратындарды жаным жек көруші еді. Бұл қазақтың: «Білме. Білгеннің тілін алма» деген ең ауыр қарғысын еске түсіретін.

...Жә, сонымен Филодельфияның Азаматтық соғыстан (1862-1868), яғни, 1 миллион адам қаза тапқан ғарасат майданынан кейінгі сәулетіне көшейік. Бұл қала француздар мен француз мәдениетінің ықпалымен салыныпты. Оған француз революциясының әсері орасан күшті серпін беріпті. Саясаткерлер мен қайраткерлер де, сәулетшілер мен зиялылар да, білім жүйесі де тамырын француздардан тартқан сияқты.

Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін. Декларация, Конституция, Адам құқы туралы мәлімдеме жасалғаннан кейін Британияның 13 колониясы – 13 штат боп қосылып, Джордж Вашингтонды бас қолбасшы етіп тағайындап, король армиясына қарсы соғыс жариялайды. Бұл ретте бостондықтардың мысы басым түсіпті. Американың туындағы 13 жолақ – осы 13 штаттың белгісі екен. Ал әуелідегі 13 жұлдыз – қазіргі 50 штаттың белгісі екен. Енді Пуэрто-Рика 51-штат боп қосылса, тағы бір жұлдыз қосылмақ. Өзі құлиеленуші миллионер Вашингтон мен Франклин бар қаржысын Бостандық майданына жұмсапты. Өлген кезде (Вашингтон)  көшуге қаражаты қалмапты. Сондықтан да оны «ұлт атасы» (отец наций) деп атайды екен. Ал бізде керісінше: тесік кеуде боп қызметке кіріп, көзін – шел, кеудесін – май басып, семірген үйректей бөтегесі салбырап барып, кететін жағына кетіп тынады. Бостандық алаңының солтүстік-батыс қапталында Франклиннің мұражай үйі бар. Америкадағы ең таңдаулы мұражай-кітапхана. Әр затты қолыңмен ұстап көруге болады. Бірер жыл бұрын Тутанхамонның саркофагі осында  көрмеге қойылыпты.

Міне, осы арадан Америкадағы Елисей алаңы басталады. Ұзындығы – 1,5 шақырым. Ең биік төбеде – ежелгі гректердің сәулет мәнерінде салынған, 92 баспалдақты аттап шығатын көркем сурет галереясы орналасқан (Іргесінде Сталлонидің қасапшы-боксшы рөліндегі мүсіні қойылыпты. Оның жүгіріп шығып, жүгіріп түсіп жаттығатын 92 баспалдақты көрінісі осында түсіріліпті. Суретке түсуге кезекке тұрғандар, баспалдақпен жоғары қарай жарыса жүгіріп жатқан жастар өте көп) Тұңғыш афро-американдық сәулетші Эвели жобалапты. Парфеонның көшірмесі десең қателеспейсің. Өйткені автор тура сол ғимаратты мысқалдап өлшеп отырып сызбаға түсіріпті. Қазір мұндағы мұрағат қорының саны 3 миллиардқа жуық екен. Дені Еуропа тарихын бейнелейтін туындылар. Тура ортасында теарт сақнасы бар. Біз барған кезде үндістердің – тұрғын америкалықтардың этнографиялық концерті өтіп жатты. Жалпы, Американың мұражайлары мен кітапханаларының бір ерекшелігі, онда біздегі мәдениет және оқушылар сарайының міндетін қоса атқара береді. Түрлі үйірмелер мен өнерпаздар, әр тақырыптағы лекциялар, өнер байқаулары мен көрмелер, фестивальдар мен конференциялар өткізеді. Әрине, оның барлығы қосымша қаржының көзі: көркем сурет мұражайының сыртқы тіреу бағандары, әр бағанның маңдайшасындағы бедерлер, ескерткіштер антикалық юнань үлгісінде.    Қарсы алдындағы аллеядағы, тұғырын: американың символы – ақиық бүркіт, бұғы, бұлан көмкерген, отырысы ерекше мығым Джордж Вашингтонның атты ескерткішінің мысы басым.

Өздерінше «Америкадағы Елисей аллеясы» деп атаған бір жарым шақырымдық аллеяның екі жағына Филадельфияның тарихын танытатын ғимараттар қатар түзепті. «Махаббат бағындағы» авангардтық-модернистік ескерткіштің мағынасын біз де түсінбедік. Нэлли де түсіндіріп бере алмады. Өзі таяуда қойылыпты.

Париждегі «Келісім алаңына» еліктеп салынған 8 бұрышты, яғни, сегіз тұсты көрсететін кітапхана ғимараты, Франклин иституты, Логон шеңберлі қауыз импрессионистердің мұражайы, Азамат соғысының ардагерлері мен Тәуелсіздік оқиғасын бейнелейтін ұстын, Сауда үйі, Арқа, қалалық акимат – Филодельфияның еуропалық үлгідегі шаһар екенін анық танытады. Өзге штаттардан филадельфиялықтардың өзгешелігі  де сол «французданған» сәулеті мен мәдени талғамында болса керек. Өйткені, азаматтық соғыс тұсында француздардың әскері осы Филадельфияның халық жасағының қатарында майданға араласқаны  – олардың діни көзқарастарындағы квакерлік еркін ойлы үрдістің сабақтастығында жатса керек.

Соның ішінде, әрине, Огюст Роденнің мемориальдық-мұражай үйі ерекше. Мұның әсерін көріп қана бағалауға болады. Өмірі де, өнері де жас кезден таныс та таңсық Огюст Роденнің «Ойшыл» атты мүсіні алдына қойылған мұражай-үй оның Франциядағы өзі тұрған үйінің айнымаған көшірмесі. Американың Жюль Мастбаумның деген миллионері Роденнің өзінен рұқсат сұрап, Роденнің өзінің сызбасы бойынша салдырыпты. Өнер тарихынан ептеп хабарым болғандықтан да, «Ойшылдың» тұғырында суретке түсіп тұрып: «Тиран! Титан!» – деп едім, тағы бір келіншек оны сондай адамгершілігі мол гумманист ретінде таныстырғысы келді. Қалай қарсы уәж айтарсың. Алайда оның өзі №1 көшірмесін Бирон мұражайына, №2 құймасын  осы үйдің кіреберіс есігінің орынына орнатқан «Тозақ қақпасы» атты қабырға мүсінін көргенде әлгі сөзді айтқаныма өкініп қалып едім. Өйткені мұнда Роденнің барлық мүсіндерінің бедері жинақталған. Бұл Дантенің «Құдіретті комедиясының» бедерленген нұсқасы сияқты. Оны көріп: Нақ «тозақтың қақпасы» осындай-ақ болатын  шығар – деп ойладым. Әр қилы тақырыптағы мүсіндерінің басы қосылғанда, шынымен де, титан – тиран деген теңеуді орынды айтқанымды түсіндім. Мынадай жандүние мен тән азабын, бұлшық еттердің буырқанысын буылтық-буылтық етіп шойынмен қалыптап шығу үшін қаншама көркем қуатты қиял, қол күші, ішкі жігер керек десеңші! Титан дегеніміздің өзі де аса берік қоспа металл емес пе. Ал Тирандығы... өнерінен емес, өмірінен байқалатын сияқты еді. Өздері «екі есті дию» ретінде бағалаған Пикассо мен Даль, Модельяни үшеуі де Роденді «қатыгез» деп танып, онша жақын тартпаған. Себебі... Роден әйел затына қатыгездікпен қараған. Өмірі заңды некеге отырмаған. Роза Бэра оның «азаматтық әйелі» болған. Одан бір ұл көрген. Сонда да неке қимаған. Ал ұлы 14 жасында өлгелі жатқанда, о дүниеге тексіз кетпейін деп, фамилиясын беруді өтінгенде де бас тартқан. Сонымен қатар өзінің шәкірті, талатты мүсінші Клод деген қызды әуелі көмекші, содан кейін манекенщица, содан кейін көңілдесі етіп алған. Бірақ, Розаның да төсегін суытпаған. Бұл жағдай он жылға созылады. Роденнің аты шығады, ақшасы молаяды. Ал соған дейінгі еңбектерінің бедеріне бедер қосқан Клод, Роденнің Розадан қол үзбейтінін, өзінің атын еңбектеріне жазбайтынын, тек манекенщица ғана болып қалатынын біліп, Роденмен енші бөліспек болады. Роденнің оны аяқасты етіп таптап, қорлағаны сондай, Клод есінен ауысып тынады. Өмірінің қалған бөлігін  жындыханада аяқтайды. Бірақ та оның ажарлы жүзі, сұлу мүсіні Роденнің еңбегі арқылы адамзаттың көз алдында мәңгілік қалды. Не некеге отырмаған, не таптырған баласын заңдастырмаған, не оның атын зираттағы тас тақтаға жаздыруға рұқсат бермеген Роденмен өмір бойы отасыз өмір сүрген Роза  да қайбір әйелдік махаббатты сезінді дейсің?! Ол да бір бейшара өмір кешкен мұңлық болып шықпай ма.

 

Суретте: Роденнің «Кала қаласының тұрғындары» атты мүсінінің №2 түпнұсқасы.

Роден жасаған мүсіндердің №2 түпнұсқасының барлығы да осы мұражай-үйден орын алған. Соның дені жалаңаш әйелдің, яғни, Роза мен Клодтың мүсіні. Роден бұл екеуінен басқа манекенщица алмаған. Тек ағылшындар дарға асуға апара жатқан «Кала қаласының тұрғындары» атты аулаға қойылған бес адамның мүсінінің біреуіне өзінің марқұм боп кеткен 14 жасар ұлының бейнесін бедерлепті. Мұны: Роденнің баласының әруағынан, Розадан кешірім сұрағаны – деп түсіндірушілер де бар көрінеді. Импрессионизм дегеніміз – өмірді қимыл үстінде көрсету ағымы болып табылады. Ал Роден өзіне де, сүйіктілеріне де, жалғыз ұлына да тыныштықпен өмір сүруге мүмкіндік бермеген Тиран. Менің соған анық көзім жетті. Әлгі әйел де соны түсінген болуы керек, автобустың артқы орындығына барып оңаша жайғасты.

Ауыр ойға қалдырған мұражай болды...

Алыста көкжиек мұнартады. Әскери ұшақ және кеме жасайтын заводтардың жанынан өтіп барамыз. Қазір бұл екеуі де жабылудың алдында тұр екен. Нэлли: қаланың әр алты тұрғынының бірі афро-американдықтар. Олар Америкаға масыл емес, керісінше зиялы бөлігі... – деп таныстырып жатты. Мен тағы да батыс көкжиекке қарадым.

Қалың орман. Қарағаш, қайың, қант үйеңкесі, емен, қамыс, құрақ, шырша, сандал (платан), бұта бәрі аралас өскен. Дэлавер дариясы жалғанның жартысын алып, жарқырай ағып ол жатыр. Аспанмен тілдескен биік ғимараттар көк тіреп, мұнарлана қалып барады.

Роденнен қалған көңіл: «Дюпонның гүлзарына» барамыз – дегенде тіпті құлазып сала береді. Себебі, осы Дюпонның атын естісем, не оқысам миыма ине шаншып алғандай тітіркенетін әдетім бар. Себебі: XІX ғасырдың соңғы жылдарында, ХХ ғасырдың жиырма бір-жиырма екінші жылдары және күні кеше ғана, тоқсан бірінші-тоқсан екінші жылдары әлемді бөліске сап, «бөліп ал да билей бер» – деген пәтуә жасасқан алпауыттардың үш реткі бас қосуын ұйымдастырғандардың бірі осы Дюпондар (соңғы бас қосуға кіші Буш қатысқан). Ал 1921-1922 жылғы «жер бөлісінің» қазақ тағдырына тікелей қатысы бар. Әйтпесе, менің Дюпонда қайбір кегім бар дейсің. Сонымен қатар атом бомбасын өндіруге қатысқан, міне, бір жарым ғасырдан бері «соғыс құдайы» атанып келе жатқан әулет.

Арғы атасы Джордж Дюпон француз  королінің жақын серігі болыпты. Ел аштыққа ұшырап: «Нан жоқ. Ашпыз!» – десе, королева Мария Антуанетта: «Онда құймақ (пирожки) неге жемейсіңдер?» – деген ғой. Нан таппаған аштар құймақты қайдан алсын. Сол сөзі корольдің де, королеваның да басын алып тынды. Революциядан үркіп отанынан қашқан Джордж Дюпон бір-екі асыл тас алып Америкаға келеді. Мұндағы азаматтық соғыс жағдайын пайдаланып, баласы әкесіне оқ-дәрі шығаруға кеңес береді. Сөйтіп, бір жылдың ішінде – миллионер, одан кейін миллиардер, мультимиллионер болып шыға келеді. Американың азаматтық соғысынан бастап, бірінші, екінші дүниежүзілік... және де өзге соғыстардың «қызығын көріп, шыжығына батқан» әулет бұл. Тіпті, осыдан үш жыл бұрын олардың Ливия, Иран, Ауғанстандағы соғысқа арнап шығарған оқ-дәрісі, қару-жарағы мұқым екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі шығарған көлемнен асып кетіпті. «Атом бомбасын жасауға қатысқанына қымсынып, оған кеткен шығынды 1 долларға бағалап, атын  көрсетпеуді өтініпті»-мыс делінетін әсіреәфсана да бар. Сөйтіп, өнімі өлім төгіп жүрген Пьер Дюпон өзінің әйелін қатты сүйген екен. Оқ-дәрі сата барған елдегі ерекше гүлдердің тұқымын әкеп әйеліне сыйға тартады. Ал әйелі гүлге ғашық-мыс. Сөйтіп, 1906 жылы сатып алған жерді гүлзарға айналдырыпты. Ол гүлбақшаны ұрпақтары кейін Америка еліне сыйлапты. Пәленбай мың гүл жылыжайда қош иісін шашып, келген жұрттың көңіл-қошын келтіреді-мыс.

Әуелі адамның ағайын-туысын, күйеуін не баласын өлтіретін оқ шығарып, енді соның қасіретін сейілтетін гүлзар сыйлағаныңа болайын!

«Дюпанның гүлзарын» көрдім. Айтары жоқ, тамаша. Халық та көп. Ығы-жығы. Қоңыр күз сияқты қоңыржай орман. Үйіне кіріп, портретте жылмиып тұрған Дюпонды көргенде, екіжүзділігіне жыным кеп, теріс айналып шығып кеттім!

Үнсіздік те – қарсылық!

Шарасыздық та – қарсылық!

Ал атын ұмытып қалған суреттегі биязы өңді әйел туралы не ойларымды білмедім. Онда не жазық бар? Әлде...

Роден мен Дюпон көңілімнің көбесін жыртып кетті...

Бұл көңіл-күйімді қызым Алма түсінді.

Түн жамылып Нью-Йоркке қайттық.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3626