Дүйсенбі, 9 Желтоқсан 2019
Әдебиет 2517 6 пікір 1 Қазан, 2019 сағат 11:30

Судья

Тоқсаныншы жылдардың атысы мен шабысына толы аласапыранын қалалық прокуратурада тергеуші болып жүріп тарих табалдырығынан ұзатып салған Оңғар одан кейін де оқалы киімін он жыл киді. Бірнеше басқарманы басқарды. Әкесі Түгел марқұм қой аузынан шөп алмайтын момын кісі еді, бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатын қасиеттің Оңғарға қайдан жұққанын қайдам, кейбіреулер тәрізді запыраны көмейіне лықсып келіп тұрса да айтар ойын ішке бүгіп, басшылардың ыңғайына қарай жығылып, бас шұлғу  оның қанына сіңбеген, көңілдегісін лақ еткізіп ақтара салады. Әлде шен мен шекпеннің қызуы ма жұрттың бадырайып көрініп тұратын мінін атақ мансабына қарамай, төбеден қойғандай дүңк еткізіп айта салатын Оңғардан әріптестері түгілі кейбір лауазымы жоғарылардың өздері қатты жасқанады. Тергеп әкелген істерін Оңғардың сынынан өткізе алмай, қолтықтап кері қайтатын тергеушілер қауымы да айлап атқарған жұмысын айналдырған он минуттың ішінде іске алғысыз етіп тастайтын басқарма басшысымен ашық айтысуға дәттері жетпегендіктен былай шыға бере күңкілдеп, жеті атасын «түгендеп» кетеді. Тергеудің заңдылығын қадағалайтын прокурордың орынбасары, үнемі тұмау тиген адамдай тұмсығы суланып, қайта-қайта түшкіріп, қол орамалымен сүртініп отыратын Марат Бағысбаев та Оңғарға айтатын қолқасын бірден ақтара салмай, айтар сөзін алыстан орағытып бастап, сақтық жасайды. Оның  «дәмдеп» айтатын әңгімелерінің мазмұны былай болып келер еді.

– Бүгін Бас Прокуратурадан Әлекеңнің өзі телефон шалып, өткен айдың есебін сұрап, қылғынып жатыр. Нені жібереміз, өткен айда прокуратураға келіп түскен жүз істің бар болғаны сотқа қырқын ғана жіберіппіз. Не деген сұмдық! Әлекең «не, сендерде қылмыс азайып кетті ме, көрсеткіш қайда» деп біраз шаңымды қағып, сілкілеп алды. Не істейміз? Өткен жолғы Керімбаевтың ісі не болды, айналайын-ау, қылмысы дәлелденіп тұр емес пе? Нені күтіп отырсын? Әңгімесінің басын майдан қыл суырғандай бипаздап бастайтын Марат Бағысбаевтың жоғарыдан ұрыс естіп, жаны мұрнының ұшына келіп тірелгенде бастық екендігі есіне түсіп кете ме, оқта-текте қатқылдау сөйлеп қоятыны да бар.

–Мәке іс мына қалпында соттан өтпейді, Керімбаевтың қасақана кісі өлтіргені дәлелденбей тұрса, маған не дейсіз? Пышақ қайда? Криминалист кездіктің сабында Керімбаевтың саусақтарының ізі жоқ екендігін бекітіп отырса, күні ертең сотқа қатысатын прокурор не айтады? Әңгіме осы жерге келгенде әлгінде ғана екпіндеген прокурордың орынбасарының үні бәсеңсіп қалады. Кезінде тергеудің қатал мектебінен өткен Оңғардың жалған сөйлемейтінін біледі. Алайда ішкі жүйенің қағазда жазылмаған тәртібінің басыбайлы құлына айналып кеткен Марат Бағысбаев та қайта қоймайды.

–Не істейміз енді..-деп шарасыздықпен алақанын жаяды. «Істі айыптау қорытындысымен сотқа жіберіңіз» деп кесіп айта алмай амалы құриды. Істің шала тергеліп келгенін іші сезеді.

–Мәке, егер істі осы қалпында жіберемін десеңіз, еркіңіз  білсін , тек жауапкершілікті мойныма алып, жазықсыз адамның обал-сауабын мойныма алғым келмейді. Оңғар алып келген істі басшының алдына тастай салған. Құданың құдіреті кейін сол іс соттан өтіп, адам өлтірген деген айып тағылған Керімбаев он жылға сотталып кетті. Марат Бағысбаев қайтадан шақыртты. Ана жолғыдай емес, тым көңілді. Жайраңдап амандасып:

–Көрдің бе, Керімбаевың он жылды арқалап кетті, ал сен пышақтың сабындағы саусақтың ізін қайтеміз деп едің. Айналайын, қоғамның жыртығын екеуміз жамай алмаймыз. Мына жүйе сенің ондай ұстанымың мен бірбеткейлігіңе  көнбейді, таптап тастайды. Екі-үш мәрте оңбай таяқ жеп, тауың шағылғаннан кейін  өмірдің қайда қақпайласа, сонда ілбіп жүре беретін көк есегіне айналғаныңды өзің де сезбей қаласың. Әлде мен осы қалпымда дүниеге келді дейсің бе, жоқ, тіршілік осылай қалыптастырып, тәрбиеледі.

Сөйткен Оңғардың енді қалалық сотқа судья болып ауысайын деп отырғаны мынау. Оқу бітіріп келгеннен кейінгі он бес жылдың қас қағым сәтте қалай өте шыққанына өзі де таң қалып отыр. Жалындаған жастық шағы мен өмірінің тәтті кезеңдері де прокуратураның қабырғасында өтіпті. Әйелі Зейнешпен де осында танысты. Кісінің бетіне тура қарай алмай, екі беті уылжып піскен алмадай қызарып, «ағай» деп сызылып тұратын қыз еді, құдайдың бергені шығар, Оңғарға екі ұл мен қыз сыйлаған бір кездердегі құлын мүсінді Зейнештің  орнында бөксесі жайылған келіншек отыр.

– Өсетін уақытың болды, қашанғы қағаз шұқылап, тергеушінің қателігін жөндеп жүресің. Қазір бәрін де сот шешеді, бедел де соларда. Ойланба,-деді адвокат болып қызмет атқаратын Зейнеш те Оңғардың сотқа ауысқанын жанымен қалап. Айтуға бәрі де оңай, он бес жылдық ғұмырын ұрлаған прокуратурамен қоштасу Оңғарға  ғана оңай тимеді. Қапияда асыл нәрсесінен айырылып қалайын деп тұрған адамдай жып-жылтыр үстелінің үстін сипап,  бөгелді. Прокурордың өзі  ұжымды жинап, сотқа ауысып бара жатқан Оңғарға  ақ жол тіледі.

– Прокуратураның жақсы мамандарына «құда» түсетіндер көбейді. Несі бар, сотта өз маманымыздың отырғаны мақтаныш емес пе деп қойды. Тіпті қызмет барысында талай ұстасып, жүз шайысқан Марат Бағысбаев та өтірігі ме әлде шыны ма бауырына қысып:

– Оңғардың орны ойсырап көрініп тұратын болды. Қайтеміз, өмір солай,-деді өкінген кейіп танытып.

Оңғар әшейінде сотқа келіп кетіп жүрген кезінде байқамапты, басыңа мантия киіп, бөлек бөлмеде отырады деп ойлайтын қазының жұмысы да қауырт екен, прокурорлардың қанын басына шапшытып, шашын ағартатын күлдібадам істер бұл жерде де алдын орағытып жүргізбейді. Жамауы әр-әр жерден көрініп тұратын  шалағай, шала жұмыстар. Қаржы полициясы тергеп әкелген он бес томдық істі апта бойы шұқшиып оқығаннан кейін  ішінен  табан тірейтіндей дәлел таппай, тергеушіні шақыртты.

–Мынау не, деді Оңғар алдында қаланып тұрған  папкаларды көрсетіп, Тергеуші түсінгісі келмеді ме екен, әлде құзырлы органнан келіп отырғаннан соң  құранды ерден  түскенді ар көрді ме:

–Тергеліп келген іс екенін көріп отырған жоқсыз ба,деді –Прокуратураның айыптау қорытындысы алдыңызда жатыр. Енді маған не дейсіз?

–Мына он бес томға жиналып, тігілген істе жеке кәсіпорынның қаржылық есеп-қисабы мен чектерінен басқа түк те жоқ ғой. Сараптаманың қорытындысы қайда? Басшының ішкен-жегенін қалай дәлелдейміз, сонда.

–Судьясыз ғой, баға беретін сіз емессіз бе, деп иығын қозғады тергеуші де. Тіпті мынау судья екен деп қыңып отырған жоқ. Оңғар шашын қысқа етіп қырықтырған жуан мойын жігіттің көмейінде «байқаңыз, қолға түсіп қалып жүрмеңіз» деген  ескертудің кептеліп  тұрғанын оқып үлгергендей болды.

–Онда айыпталушыға айыптау үкімін шығарғаннан басқа амалым жоқ, деді Оңғар. Тергеуші  де илікпеді, сол баяғы сұсты қалпын жоғалтпастан:

–Еркіңіз білсін, деп шығып жүре берді. Кек түйіп кеткенін білді. Арадан аздаған уақыт өткеннен кейін хатшы қыз сот төрағасының шақырып жатқанын қаперіне салды. Мейрам Қарабаев баяғы қалпынша жайраңдап амандасқанымен тырысқан қабағында  ызғар бар еді .

–Омеке үстіңізден шағып түсіп жатыр ғой,-деді ол зорлана езу тартып.–Сол пәле іздеп жүретін органмен  айтыспай-ақ қойсаңыз қайтеді. Жазаның ортаңғы шегін бере салыңыз. Үкіміңізді аппеляциялық саты бәрібір күшінде қалдырады. Абыройды да ойлаған дұрыс ғой, Омеке, сақтық керек, сақтық керек,-деді даусын созып. – Әрі беріден соң осы істі өзіңіз қызмет атқарған прокуратураның басшылары мақұлдап жіберіп отырған жоқ па? Оңғар Мейрам Қарабаевтың алғашқы әңгімесіндегі «заңға бағынған дұрыс, бірақ соттың ішкі өз тәртібі бар екендігін де ұмытуға болмайды» деген сөзінің төркінін енді түсінді.

Компания басшысының үстінен қозғалған қылмыстық іс сотта бір ай қаралды. Кіл ойдан құрастырылған айыптаулар. Айыпталушының адвокаты да қайтпайтын біреу екен. Қорғауындағы адамның кінәсіздігіне дәлелдер келтіріп, мемлекеттік айыптаушыны қарадай қобалжытып тастады. Әңгімесін «ұлы мәртебелі сот» деп бастайтын адвокат кейбіреулер тәрізді жөн-жосықсыз орағытып шаба бермей, талан-таражға түскен деген қомақты қаржының да есебін шығарып берді. Оңғар мәжіліске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып отырған Қамбарға қарап еді, ол  айтарға жауап таппай, шекесінен шып-шып шыққан терді сүртіп, әуре болып кетті. «Мемлекеттік айыптаушы адвокаттың уәжіне алып қосарыңыз бар ма» деп еді,  орнынан жарым жартылай  созалаңдап көтерілген Қамбар сол баяғы  бір сарынды  жауабын қайталады:

–Ұлы мәртебелі сот мәселеге баға беруді өзіңіздің құзырыңызға қалдырдым.

«Ау, менің құзырыма несіне қалдырасың,  тағылған айыпты дәлелдейтін сен емессің бе?» Тараптардың жарыссөзі аяқталып, куәлардан жауаптар алынды. Компанияның есеп-қисабына  тексеру  жүргізген  мамандардың да пікірлері тыңдалды.  Тек айыпталушының қазына қаржысын жымқырып,  ысырап жасағанын көрсететін бір де бір дәлел табылмады, көпірме көбік сөз. Үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне  Қамбар да ілесе кірді.

–Омеке не істейміз, деді ол сасқалақтап.

–Не істейтіні бар, ақтау үкімін шығарамын, басқа жол жоқ, деді Оңғар жайбарақат.

–Тым құрыса, тағылған айыптың бөлігін жеңілдетіңізші, ақтайтын болсаңыз, Бәкеңнің мінезін білесіз ғой, аямайды, онсыз да тісін басып жүр еді...Құты қашқан Қамбардың әбіржіген түрі өз алдына Оңғардың  ақтау үкімін шығаруға бет бұрғанын естіген сот төрағасы Мейрам Қарабаев та қарадай бүлініп, тулап түсті. Бұл жолы Омеке деп көтермелеп сөйлеген жоқ:

–Ақтаймын деген не сөз,  айналайын-ау, қаржы полициясын сотқа қарсы қойып, қырына іліктірейін деп жүрсің бе?  Әлде олар аңдып соңыма түссе түк таппайды, періштемін деп ойлайсың ба?

Оңғар екі оттың ортасында қалды. Амал жоқ компания басшысының кінәсін дәлелдейтіндей ілік таппаса да баптың бөлігін жеңілдетіп, шартты жазамен шектеді. Алғаш рет жыларман кейіпке түскен Қамбарды аяды. Айыпталушының қорғаушысы үкіммен келіспей:

–Кассациялық алқаға шағымданамыз, деп кетті.

Бұл Оңғардың  Қарабаев бастаған ескі жүйемен күресінің басы екен. Осы бір беткейлігі мен тазалығының  арқасында  екі жылдан соң  қалалық соттың аппеляциялық  алқасына жоғарылатылды. Мұнда алып бара жатқан ауыр жұмыс жоқ екен. Сот төрағасы  демалысқа кеткен кезде  Оңғардың алдына  кісі өлтірген деген айыппен он жылға кесіліп  жазасын өтеп жатқан Қуандық Сәрсенбаевтың  ісін қайта қарау жөніндегі шағымы келіп түскен.Судья он беттік шағымды ден қойып оқып шықты. Айыпталушыға  өзінің балдызын қатыгездікпен өлтірген деген айып тағылған. Сотталушының әйелінің туған сіңлісіне қастандық жасауына  қалай дәті барды екен? Бұл сауалға тергеу органы мен істі қараған сот сатылары да жауап іздемеген тәрізді. Қанды оқиға  осыдан  сегіз жыл бұрын  бес адамның ортасында болған. Қуандық  бұл әулетке күйеу бала.  Құрылыста жұмыс істеп  бала шағасын асырап, нәпақасын тауып жүрген  қарапайым адам. Одан кейінгі бажасы Жексен жеке кәсіпкер.  Әулеттің кіші күйеу баласы Тұрсын жоғарғы оқу орнын енді бітірген, жұмыссыз. «Құдай алдында  да, адам алдында да ақпын, балдызым Кәмшатты өлтірген жоқпын. Оны әйелім де, қайын атам мен қайын енем де бәрі жақсы біледі. Бар айыбым оқыстан өзге адамның қолынан қаза тапқан балдызымның қасынан табылғаным ғана. Марқұмды басынан көтергенімде ол әлденәрсе айтпақшы болғанымен  өңештен шапшып аққан қанына тұншығып, ешнәрсе  дей  алмады, тек есік жаққа  қарай берген. Қолым қанға малынғаннан кейін өзімді ақтап ешнәрсе айта алмадым. Өлімге себеп болған пышақ та табылмады. Кейін тергеу барысында сабы көк желіммен оралған пышақты көрсетті. Бірақ онда саусағымның ізі бар екенін ешкім дәлелдемеді» Қысқа жазылған хаттың мазмұны осы еді.

Сот отырысы басталып, Қуандық Сәрсенбаев түзеу мекемесінен айдауылдармен алдырылды. Сегіз жыл бұрынғы оқиғаның мән-жайы қайта тексерілді. Мемлекеттік айыптаушы әдеттегідей сотталушының кінәлі екендігін айтып, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Оңғар прокурордан:

–Кісі өлтірген құрал неге іске тігілмеген, деді. Мемлекеттік айыптаушы оны білмедім  дегендей иығын қозғады. Сотталушының адвокаты қорғауындағы адамның  жазықсыз  сотталғанын айтып, дәлелдер келтірді. Сот залына оқиға орнында болған бес адамның бірі, Қуандықтың бажасы Жексен шақырылды. Судья маңдай шашы түсіп, қасқалана бастаған  жігіт ағасынан:

–Сіз сотта берген жауабыңызда  Қуандықтың адам өлтіргенін өз көзіммен көрдім депсіз?

–Көп нәрсе  ұмытыла бастады ғой, көрдім деп айта алмаймын, тек темекі шегіп үйге кіргенімде Қуандықтың қолы қанға малынып отырғанын  байқадым.

–Пышақты көрдіңіз бе?

–Көрдім.

–Ол  сотталушының қай қолында болды?

–Қателеспесем, оң қолында болды...

–Пышақтың түр-түсі есіңізде қалды ма?

–Сабы көк желіммен оралған пышақ, деп оның ұзындығын қолын созып көрсетті.

–Бәрі дұрыс тек Қуандықтың солақай екендігі есіңізде қалмаған тәрізді.

Судья ойланды. «Қуандықтың солақай екендігі іс материалдарында дәлелденіп тұрса да  тергеу мен сот сатыларында ол неге ескерілмеген? Жексен жалған айтып отыр, не үшін? Арадан сегіз жыл өтті, бәлкім, көп нәрсе ұмытылған да шығар, алайда, пышақтың сабының  көк желіммен оралғанын қалайша есінде сақтап қалған? Тергеушінің үйреткені ме?» Қалған екі бажасы  еш нәрсенің есінде қалмағанын айтты. «Қуандықтың  қолы қан-қан болып отырғанын көрген  жалғыз адам Жексен дегеннен аса алмады. Оқиға шамамен түскі сағат  екінің шамасында болған.  Жәбірленушінің қанға боялып, қырылдап жатқанын көрген жалғыз Қуандық. Сарапшы криминалист марқұмның екі жарымда қайтыс болғанын бекіткен. Оған дейін үйде кім болған? Жексен бе әлде Тұрсын ба? Қонақта басқа бөгде адам жоқ.

Ертесіне Қуандықтың адвокаты  өлім болған күні банктен алынған бес миллион теңгенің қолды болғаны туралы анықтаманы тапсырды. Қаржы банктен шамамен  бес күн бұрын алынған. Қыздың жұмбақ өлімінен кейін ақша да жоқ болып кеткен. Кім алуы мүмкін? Марқұмның шешесі қызының банктен несиеге соншама қаржыны не үшін алғанын да жасырмады.

–Жарығым, сүт кенжем еді, бір айдан кейін ұзатылатын болып, жасауына деп ақша алған. Өзіміз есеңгіреп жүріп, ақшамен де ісіміз болмапты. Кейін  сандықты ашып қарасақ, көк тиын да жоқ. Құдайдан тапқыр қайсысы екен, зар қақсатып, ақшаны алып кеткен? Қанмен келген ақша кімді көгертер дейсің, деп көз жасын сығып алды.

–Сол күні қонақта кімдердің болғаны есіңіз де бар ма, деді судья.

–Неге болмасын, үш қызым мен күйеу балаларым болды, деді кейуана.

–Ал, төртінші болашақ күйеу балаңыз ше, деді Оңғар.

–Ә, Марлен бе, ол дастархан басына отырмастан жарты сағат бұрын қызыммен әңгімелесіп кетті. Мың болғыр бала екен Кәмшатым дүниеден өткеннен кейін де көпке дейін хабарласып, көмектесіп тұрды. Өлмек артынан өлмек жоқ, қайтеді, кейін басқа біреуге үйленіп кетті.

Оңғар істегі Марленнің тергеушіге берген жауабымен танысып шықты. Сол Кәмшаттың анасының айтқанындай жарты сағат бұрын келіп кеткен. Болашақ тойдың жоспары туралы ақылдасқан. Бар болғаны осы. Оның  Кәмшатпен сөйлесіп, әлден соң асығыс екенін айтып шығып кеткенін куәлардың бәрі де мақұлдады. Былайша қарасаң, Марленнен күдіктенуге көрініп тұрған негіз де жоқ. Кәмшаттың үйіне келсе, болашақ жары. Сөйлесті, кетті, онда тұрған не бар? Тергеуші де осындай ойға келсе керек. Мүмкін Марлен Кәмшаттың үйінен біржолата кетпей, қонақтардың  түскі үзіліске шыққан сәтін пайдаланса ше? Ондай жағдайда  тым құрыса, аяқ киімнің ізі мен пышақтың сабында саусақтың таңбасы қалар еді ой. Тергеушінің іске тіккені мүлде басқа пышақ.  Оңғар сот мәжілісін кейінге қалдырып, оқиға болған жермен қайта танысты.Үйдің бастапқы жоспары сәл өзгергенімен құрылысы сол қалпы екен. Қонақтар отырған  бөлмені көрді. Мұнтаздай таза. Төрде сүйкімді бойжеткеннің суреті ілулі тұр.

–Жарығым, оқу бітірген жылы түсіп еді,  қызымнан қалған жалғыз ескерткіш осы ғана. Қария кемсеңдеген.

–Ал мына киім ілгіштің орнында не болған, деді Оңғар қабырғадағы ескі сылақтың ізін байқап.

–Ә, бұл жерде  бұрын есік болған. Тура бақшаға  апаратын. Осыдан екі жыл бұрын  залдың ар жағынан қосымша бөлме қосып, есігін басқа жақтан шығардық, әйтпесе, әрі-бері өткен қонақтар мына жерді мүлде атқорға айналдырып жіберді, деді қария.– Үйді сатып алғанымызда алма,өрігі сыңсыған бақшаның ар жағы бос болатын, кейін басқа біреулер сатып алып, баспана тұрғызды.

Оңғар бақшаның шеткі сызығынан үйге дейін жүріп өтіп, қол сағатына қарап еді, үш минут уақыт кетті. «Марленнің кеттім деп көз алдап, бақшаның ар жағындағы иесіз жер телімінен секіріп түсіп, қонақтар  үйдің сыртында қауқылдасып тұрғанда жалғыз қалған Кәмшатты мерт етуі де мүмкін ғой. Не үшін? Әрине, ақша үшін. Қаннен қаперсіз отырған марқұм қыз өзіне таныс сүйген адамынан қауіптенбеген де болуы мүмкін. Оның айқайлап, өзгелерді көмекке шақыруына оқыстан орылған  тамақ мұрша бермеген тәрізді.  «Жолға  үш минут, одан кейінгі арпалысқа кеткен бес минут, ақшаны алғанға жұмсалған бес минут Марлен айналдырған он бес минуттың ішінде ісін бітіріп, келген ізімен кері кеткен.Қонақтардың отырыс басталардан бұрын қоштасып кеткен Марленді қайта көрмей қалуының бір сыры осында тәрізді.  Бірақ оның қылмыс жасағанын  қалай дәлелдейді? Оңғар сол кездердегі банктерге сұрау салды. Көп кешіктірмей екі банктің мұрағатынан  Марлен Орынбаевтың бұдан сегіз жыл бұрын екі жарым миллион теңге салыммен  екі  жерден депозит ашқаны туралы  хабар келіп түсті. Көмескі жағдайдың ақиқаты бірте бірте көріне бастаған. Марлен мұндай ақшаны қалай жинап жүр? Кәмшат оқыстан кісі қолынан қаза тапқанда ол жоғары оқу орнын енді бітірген. Одан кейін құрылыс компаниясында жұмыс істеген, айлығы жүз жиырма мың теңгеден аспаған.  Тіпті ол ас-ауқатынан айырып, ай сайын  елу мың теңгеден депозитке салып отырды деген күннің өзінде бес миллионды жинау үшін кемі жеті-сегіз жыл уақыт керек. Сонда бес миллион теңге Марленге  қолына қалай түсіп жүр?

Сотқа куә ретінде шақырылған Марленге осы сұрақ қойылғанда  ол тұтығып қалды.

–Әке-шешемнің үй аларсын деп берген ақшасын депозитке салғаным рас, деді жайбарақат. –Әлде ол қылмыс па?

–Бұдан сегіз жыл бұрын әкеңнің бес жылқысы мен он қойы ғана болғандығы туралы  ауылдық округтегілердің берген анықтамасы міне, деді Оңғар. Марлен айтарға  сөз таппай, мүдірді.

–Шындықтың шын мәнінде қалай болғанын айтқыңыз келмесе, жинақталған дәлелдерге қарап отырып, өзім баяндап берейін, деді  судья. – Рас, сол күні сіз отырыстан   жарты сағат бұрын келіп, қонақтармен қоштасып кеттіңіз. Бірақ сіз біржолата кетіп қалған жоқсыз.

–Сонда қайда болыппын, деді Марлен.

–Айтайын, Кәмшаттың той жасауына деп банктен несиеге  алған бес миллион  ақшасының қайда жатқанын білгеннен кейін ойыңызға арамдық ұялай бастады. Сырт адамдарға  күдік тудырмас үшін әрі жұрттың есінде қалуы үшін қонақтардың әрқайсымен жалпылдап,  қол алысып, қоштастыңыз. Әрі қарай үй айналып, бас иесіз жер телімінен баспананың алдын сырттай бақылап, қонақтардың сыртқа шығып, ауа жұтып тұрғанын пайдаланып, ішке кірдіңіз. Кәмшат сізден күдіктенген жоқ, қайта келгеніңе таңырқай қарап тұрған сәтте құшақтаған болып, алдын ала дайындап әкелген пышақпен байғұс қыздың тамағын орып жібердіңіз. Жақын адамынан мұндайды күтпеген оның үні де шықпай қалды. Ақшаны алғаннан кейін келген ізіңізбен кері қайттыңыз. Марқұм Кәмшаттың жантәсілім етер алдында есік жаққа қарай  бергенінің себебі де сол еді. Өрімдей қыздың өмірін қиған пышақты өзіңізбен бірге алып кеттіңіз. Айтыңызшы, кездікті қайта жібердіңіз? Марлен айтарға сөз таппай, қара терге түскен. Содан соң  көздері алайып, ауа жетпегендей көйлегінің үстіңгі түймелерін ағытты.

–Бәріне де қу жоқшылық ғой кінәлі, деді міңгірлеп. – Өлтірейін деген ойым болған жоқ, қу ақша әзәзіл болып, тура жолдан тайдырды. Құдай ақысы, өлтірейін деген ойым болған жоқ. Дұрыс түсініңіздер. Ал, пышақты дәретханаға тастап жібердім.

Сот залында қозғалыс пайда болып, жұрт орындарынан дүр көтерілген. Судья тоқпағын тықылдатып, көпшілікті сабырға шақырды. Осы сәт шеткі жақтан аңыраған ананың даусы естілген.

–Жауыз сен екенсің ғой, екі дүниеден де қызық көрмей өт.

Марленнің қолына кісен кигізілді. Оның боп боз өңінен ешқандай өзгеріс сезілмеді. Тек кісен кигізіліп жатқан кезде:

–Сегіз жыл бойына қыр соңымнан қалмай қойған елестен енді құтылатын шығармын ,деп күрсінгені ғана естілді.

Қуандық қамаудан босатылды. Әріптестері Оңғардың істі қарау шеберлігіне тәнті қалысып, қолын қысты. Қуанбаған кезінде осы істі қарап, айыптау үкімін шығарған Мейрам Қарабаев еді. Ол түнеріп отырып:

–Сізге тергеп-тексерудің толымсыздығын жою мақсатында өз бастамыңызбен қосымша дәлелдер жинап, оқиға болған жерді қайта тексеруге кім рұқсат берді? деді.

–Оған сіздің бұдан сегіз жыл бұрын жазықсыз адамды соттаған қателігіңіз себеп болды, деді Оңғар да сот төрағасының сесінен ыға қоймай.

–Бәрібір мұны аяқсыз қалдырмаймын, деді сот төрағасы ызбарланып.–Айтпады деме, аяқсыз қалдырмаймын...

Оңғар Қарабаевпен сөз таластырып, ұстасқанына қарамастан денесінің жеңілдеп қалғанын сезінді. Қалғып кеткен ақиқат бір сәт те болса, ұйқысынан оянып, үзіліп қалған  ғұмыр қайта жалғасты. Одан артық не керек? Ғұлама Карл Маркс «Өмір-күрес» деп қалайша тауып айтқан. Қарап отырса, адам баласының тұтамға толмайтын  ғұмыры  арпалыспен өтеді екен ғой. Күнде текетірес. Несіне ренжиді,  Қарабаевтар  бұрында да болған, олар бола береді де. Мүмкін, бір есептен қоғамды кері сүйрейтін ондай адамдардың қарама қарсы қозғалыс жасау үшін  арамызда жүргені де дұрыс шығар.

Оңғар қарсы маңдайдан уілдей соққан тентек желге омырауын тосып, кең көшенің бойымен еркін адымдап бара жатты.

Елеусіз Мұрат

Abai.kz

6 пікір