Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2019
Өзекті 2429 27 пікір 3 Қыркүйек, 2019 сағат 12:26

Амангелді Айталы: Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі демократиялық жолды таңдағаны дұрыс

Сенім – мемлекеттің тірегі

Жалпы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деген атаудың өзі маңызды мәселелерді меңзейді. Себебі саяси-әлеуметтік әдебиетте сенім – үлкен бір философиялық, экономикалық, психологиялық мәселе. Американың атақты әлеуметтанушысы Френсис Фукуяма жазған «Сенім» деген үлкен еңбекте осы сенімнің әртүрлі қырлары ашып көрсетілген. Сондықтан бұл кеңесті келісім кеңесі, диалог деуге болар еді, бірақ сенім атауы таңдалғандықтан біздің қоғамдағы үлкен мәселелерді шешудің жолын іздегендей әсер қалдырады.

Сенім деген сөздің өзінде екі мағы­на бар. Біз көбіне көп сенім – «вера», наным-сенім, діни сенім, құлшылық ету, діни мерекелер, діни дәстүрлер, соның төңірегіндегі сенім деген сөзді көбірек айтамыз. Ал екінші жағы «доверие» сөзіне баланатын сенімді алсақ, бұл өзара сенім – қоғамның негізі. Қоғам жалпы сенімге негізделген. Өйткені мем­лекет халыққа сенеді, ал халық елдің жо­ғарғы билігіне, Парламентке, армия, по­лицияға сену арқылы саяси-құқықтық жолмен мемлекет қалыптасады. Міне, бұл – өзара сенім. Сенім бол­май, ел болу қиын. Сенімнің мағы­насы тереңде, ол – бір мемлекетте тұратын ұлт өкілдерінің, діни ұйым­дардың бір біріне сенімі. Әрбір отбасының өзі сенімге негізделіп құрылады. Көршілердің сенімі де осы санатқа кіреді. Сенім қоғамның іргесін қалайды. Ал қоғамның билік пен оның тармақтарына сенімінің азаюы мемлекетке үлкен қауіп туғызады.

Қолданыста мынадай бір теория бар – егер де бір банктің салымшылары сол банкке сенбей, бірте-бірте сол банк­тен өздерінің қаржыларын ала берсе, банк банкротқа ұшырайды. Сол сияқты азаматтардың мемлекетке сенімі азайса, көптеген әлеуметтік топтардың мемлекетке деген сенімі әлсірей берсе, бұл айналып келгенде сол мемлекеттің өзіне қауіп туғызатынын Кеңес өкіметінің тұсында көрдік. Сон­дықтан сенім – мемлекеттің іргета­сы тұрғысынан қарайтын болсақ, пси­хо­логиялық та, моральдық та үлкен категория екенін көреміз. Қоғамның азғындауы осы сенімнің азаюынан басталады да қоғам үлкен рухани моральдық қиындықтарға ұшырайды. Міне, неге біз бүгін осы сенім кеңесін құрдық? Неге сенім деп атадық? Негізінде соңғы жылдары мемлекетке халықтың, қоғамның сенімі азайғанын мойындау керек. Қоғам тарапынан мемлекеттік аппаратқа, мем­лекеттік қызметкерлерге, қоғам­дағы өршіп кеткен жемқорлыққа, поли­цияның ұрдажық саясатына белгілі бір деңгейде сенімсіздік қалыптасты. Оған қоса демографиялық топтардың Қазақстаннан басқа жаққа қоныс аудара бастауы да елге деген сенімнің азая бастағанын көрсетеді.

Сонымен бірге қоғамда сенім азай­ған­нан кейін қоғам азаматтарының екін­ші бір мінезі көрінді. Ел ішінде жиі қылаң беретін жағымсыз, абыройсыз істер айналып келгенде қоғам тарапы­нан барлығы да жемқор, барлығы да ұры, барлығы да алаяқ деген ой ту­ғы­­зып, пікір қалыптастырып, мемле­кет­­тің бе­де­ліне айрықша нұқсан келтіруде. Мысалы студенттерге дәріс оқу барысында, кейде оларды ашық әңгімеге тартып, жеке ойларын білуге тырысамын. Сондай сәттерде студенттердің бірбеткейлікпен бәрін қаралауға дайын тұратыны байқалады. Бірақ іш тартып әңгімелесу барысында, сондай қаралаушы пікірдегі студенттің әкесі шағын кәсіпкер, ағасы мемлекеттік қызметкер, тағы бір туысқандары жауапты қызметтерде екенін айтады. Сол сәтте одан әкең де, ағаларың мен туысқандарың да алаяқ әрі ұры ма деп сұрай қалсаңыз, етжақындарына шаң жуытпай, менің туыстарымнан басқасының бәрі сондай екенін айтады. Бұл айналып келгенде, қоғам мүшелерінің психология­сы өзгергенін, біржақты қаралауға дайын тұратынын көрсетсе керек. Ал бұл жағдай бізді ойландыруы тиіс. Егер елімізде сенім әлсірей бастаса, түптің-түбінде ел болып қалуымызға үлкен қауіп төнгелі тұр. Міне, осындай ашық айтылуы тиіс мәселелер екшеле келе, бұдан да зор қиындықтардың алдын алу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды деп ойлаймын.

Ендігі кезекте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кімдер кірді деген сауал туындайды. Кеңес мүшелерінің тізіміне қарап отырып, негізінен жеке азаматтық позициясы бар, мәселені тура айтатын, бұра тарт­пайтын, белгілі бір адамдар мен топ­тардың мүддесі емес, мемле­кет­тік мә­селе төңірегінде ойланатын адам­дар­дың көптеп кіргеніне іштей риза болдым.  Бірақ кеңес мүшелерінің қатарынан әлі де болса демократиялық мәдениеті төмен, құлдық сезімнен арыла алмай жүрген адамдарды да байқадым. Ең бастысы, алдағы уақытта жоға­рыда айтқан екі санаттағы адамдар­дың қай тобы басым болады? Ескіше жүруді қалайтындар ма, демократиялық жаң­ғыру жолын таңдағандар ма? Міне, дәл осы жерден болашаққа деген үміт пен сенім қатар туады. Өйткені 2000 жылдардың ортан белінде елімізде дәл осы кеңеске ұқсас Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Сол комиссия құрамында көптеген алғыр, терең ойлы азаматтар жұмыс істеді. Комиссияның әрбір отырысында ұйымның атына сай келетіндей, демократия мен азамат­тық қоғамды жаңғыртуға байланысты көптеген пікірлер қызу талқы­ла­нып, тың ұсыныстар айтылды. Шын мәні­сінде, елімізде дәл қазіргідей жағдай қалыптасарын сол комиссия мүшелері анық сезінді деп айта аламын. Енді оның мәнісін ашып айтар болсам, ғылыми тұрғыдан келгенде ешқандай да президенттік басқару жүйесі мінсіз болмайды. Әрине, бұл жүйенің артықшылығын да естен шығармаған абзал. Біздің елімізге дәл осы президенттік басқару жүйе­сінің пайдасы көп болды. Себебі тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары алдымыздан шыққан әлеуметтік-экономикалық қиындықтар көп болатын. Оған қоса, ел бірлігіне қарсы ішкі-сыртқы күштер де анталап тұрды. Сол кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлеуетті қиындықтарды еңсеруге тек президенттік басқару жүйесі ғана қабілетті еді. Өз басым Парламент депутаты ретінде еліміздің тұтастығын қалап, ендігі жерде қырық пышақ болып ай­тысып-тартыспай, халқымызды эконо­микалық дағдарыстан аман алып шығып, демократиялық жолға салу позициясының жақтаушысы болдым.  Алайда уақыт өте кейбір үміттер ақталмады. Президенттік басқару жүйесінің әлсіз тұстары да көріне бас­тады. Жалпы, бұны сайлау жүйесінің олқылықтарына қарап-ақ бағалауға болады. Оның үстіне көп жағдайларда жақсы идеяларды іске асыруға келгенде мазмұны бұрмаланып, тек атауы ғана қалатын жағдайлар кездесті. Мәселен бұрынғы комиссияның тұсын­да көптеген азаматтар сайлау туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсын­ды. Сөйтіп бұл ұсыныс екшелене келе бір мандаттық сайлау жүйесі алы­нып тасталып, саяси ұйымдар бәсеке­лес­тік негізде бағдарламаларын жа­рия­лап, жеңгендері заң шығарушы орган­дағы орындарды иеленетін болды. Бұл қабылданған идея сырттай қарағанда жақсы болып көрінгенімен, кемшіліктері де баршылық. Мәселен сол жеңіске жеткен партиялардың тізі­мі бойынша Парламентке халық ара­сын­да танымалдығы төмен, саяси бел­сен­ділігі әлсіздеу адамдар еніп, бұл да болса қоғам тарапынан әлі күнге түсін­беу­шілік туғызып келеді.

Өткен шақтағы осындай кемшілік­тер есепке алына келе Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі атына заты сай болып, демократиялық шынайы жолды таңдағаны дұрыс. Оған қоса, жалпы әртүрлі пікірдегі адамдардың мүд­де­лерін үйлестіріп, оларды бір идеяға ұйыстырып, ортақ бір шешімге келу өте қиын. Мәселен, бұрынғы комис­сия билікті қолдайтындардың ба­сым­дығымен көптеген көкейкесті мәселе­лерге келгенде белден басып, өздеріне оңтайлы шешім шығарып отырды. Соның салдарынан азшылықтың көптеген озық идеялары мен ой-пікірлері жүзеге аспай қалып жатты. Осыдан келіп көптеген азаматтар комиссия жұмысынан түңіліп, бір­те-бірте құрамынан шығып, ақыры тарап кетті. Енді мұндай келеңсіз құбы­лыс қайталанбауы керек. Өйткені қа­зір бізде диалог мәдениеті жоқ бол­ған­дықтан, біз оның бастауыш мек­тебінен ғана өтіп жатқан сияқтымыз. Сон­дықтан егер осы сенім кеңесі азшылық топтың да, көпшілік топтың да ойынан шықса, ортақ мүддеге келсе, азшылық топтың өкілдерін біз басым дауыспен шештік деп, өңменінен итеріп тастамаса, сол ойларының, шешімдердің бар­лығы өзінің орнын тапқан кезде ғана бұл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы тиімді болады.

Жалпы, біздің қоғамда Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі назарға алатын күрделеніп кеткен мәселелер жет­кілікті. Бүгінде шүкір, еліміз тұрақты келісім жағдайында дамып келеді. Соңғы 30 жылда түгел бір ұрпақ осы келі­сім мәдениетінің ықпалымен тәр­биеленді. Дегенмен, мемлекет тара­­пынан қолдау көріп, ана тілін, дінін, мәдениетін дамытуға ерік алған ұлт­тық орталықтардың мем­лекет­тік тіл­ге көзқарасын зерделеу өте маңыз­ды мәселелердің қатарында тұр. Олар­дың мүшелері Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының сессияларында тәтті сөйлегенімен, балаларына қазақ тілін үйретуге, қазақ мектебіне беруге әлі де болса асықпай отырғаны көзге ұрып тұр. Демек, осы арадан елдің бола­ша­ғы­на сенім деңгейі байқалады.

Сонымен қатар мұсылмандыққа бет бұрған қазақ жастарына мемле­кет­тік, қоғамдық көзқарасты қайта қарау да кезек күттірмес мәселелер­дің бірі. Мысалы, билік тармақтары бұл үдеріс­тен қорқыныш іздейді. Көбі мұ­сыл­мандық пен терроризмнің аражі­гін ажырата алмайды. Полиция қыз­­мет­керлері өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мешітке баратын жас­тарды түртпектеп, тырнақ астынан кір іздеуін тоқтатар емес. Бұл – өзекті мәселе. Өйткені дін дегеніміз тек наным-сенім, дәстүр ғана емес, ол – үл­кен мәдениет. Қазір біз осы үлкен мә­де­ниеттен жастарды аулақтата тәр­биелегіміз келеді. Өткенді еске түсі­­ріп, бір сәт ойланар болсақ, Алаш көсем­­дерінің барлығы да әуелгіде мол­дадан білім алған адамдар. Мол­да­ның алдында әріп танып, кейін Ресей мен басқа елдің жоғары оқу орын­дарында білім алды. Сол жас кезін­де сана­сына сіңген иманды­лық бұлар­ды қазақ­тың ұлтжанды аза­маты, мем­лекет қай­раткері етті. Сондық­тан да сенім мәселесін өте тереңнен қарас­тырған жөн. Олай болса, осы Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің құра­мында Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қармасының өкілдері неге жоқ?

Бұл айтылғандардың барлығы – менің жеке пікірім және оны ақиқат деп есептеуге да қақым жоқ. Өйткені кез келген адам қандай лауазым иесі болмасын, мен білемдікке салынып, ақиқатқа үстемдік етуіне болмайды.

Күні кеше құрылған Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің алдында қыруар іс тұр, оларды шешу жолдарының оңай бол­майтынын да сеземін. Оның жұмы­сының нәтижесін де уақыт көрсетеді. Д­егенмен, көпшілік қалаған Ұлттық қо­ға­мдық сенім кеңесі құ­рылды, Іске сәт!

Амангелді Айталы,

философия ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

27 пікір