Жұма, 26 Сәуір 2024
2749 4 пікір 22 Шілде, 2019 сағат 10:07

Арал ауданында 7 мың жаңа жұмыс орны ашылған

Қызылорда облысы, Арал ауданында кәсіп ашып, өз ісін өрістетіп отырған жандар қатары артқан. Бүгінгі таңда ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4206-ға жетті. Оның 3665-ы тұрақты жұмыс жүргізуде, - деп хабарлайды Абай-ақпарат

Қазіргі күні аталған кәсіпкерлік суъектілерінде 7547 адам тұрақты түрде еңбек етеді. Соның арқасында Аралдағы экономикалық белсенді халық санын ұлғайған.

Кәсібін бастағандардың дені мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдаланып отыр. Олар «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес», «Бизнес бастау» бағдарламаларының көмегімен кәсіп ашқан. Айталық, ауданда соңғы кезде 3 бірдей кәсіпкерлік нысан ауыл тұрғындарына қызмет етуде. Солардың бірі - Гүлмира Наурызова. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында 14 миллион теңге несие рәсімдеп, фитнес орталық ашқан. «Айбар» деп аталатын жаңа фитнес орталықта күніне 30-40 адам спортпен айналыса алады.

Сонымен қатар аудан орталығында «Нұр» қонақ үйі, «Ай-Жұлдыз» жол бойы қызмет көрсету сервистері жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алған қос кәсіпкер өз бизнесін жандандырып отыр. «Ай-Жұлдыз» қызмет көрсету кешені ашылғалы бері кәсіпкер 50 адамға жұмыс көзін тауып берген.

- Негізгі жоба құны 200 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 60 млн.теңге несие алып, кешен жұмысын бастап кеттім. Кешенде қонақ үй, май құю бекеті, монша, азық-түлік дүкені, қымызхана орналасқан. Кәсібім алға басып келеді,-дейді кәсіпкер Берік Жандаулетов.

Еске сала кетейік, Арал ауданында жыл соңына дейін қосымша 13 нысан ашылмақ. Олар 121 адам жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Abai.kz

4 пікір