Сейсенбі, 15 Қазан 2019
Қоғам 2436 3 пікір 4 Маусым, 2019 сағат 15:11

Офицерлер үйі мұражайынан «қара майорға» арналған бұрыш ашылды

Ауған соғысында бір жыл бойы тоқтаусыз жауға тойтарыс беріп, әскері ең аз шығындалған командир, «қазақтың қара майоры» Керімбаев Борис Төкенұлына арнап Офицерлер үйі мұражайынан бұрыш ашылды.

Аталмыш іс-шараның ашылуына Борис Төкенұлының асыл жары Раиса Керімбаева, соғыста бірге болған қаруластары, Алматы өңірлік гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы және жоғары оқу орындары әскери кафедраларының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі офицерлері мен студенттері қатысты.

Көрмеге Борис Төкенұлының көзі тірісінде қолданған заттары, соғыс кезіндегі естелік суреттері мен аңыз адамға арналып жазылған кітаптар жәдігер ретінде қойылды.

Бейбіт күндер мен сұм соғыс жылдарында батыр тұлғаның жанынан табылған асыл жары Раиса Керімбаева іс-шара қонақтарына: «болашақта ешқандай соғыс болмасын, ұрпағымыз тыныш заманда өмір сүрсін, әрбіріңізге тек қана денсаулық тілеймін»-, деген ақ тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының қолдауымен «қазақтың қара майорының» әскери өміріне арналып түсірілген «Айрықша тапсырмаларға арналған өмір» атты фильмі қонақтар назарына ұсынылды. Көрсетілімнің басында және соңында Ауған соғысы ардагерлерінің қатарынан құрылған әншілер тобы соғыс кезінде әрбір майдангердің ұранына айналған әндерді шырқады. Қапшағай қаласында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған 177-отрядтың әскерлері, бүгінгі Ауған соғысының ардагерлері Борис Төкенұлы көзі тірісінде қолы қойылған алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды. Осы отрядтың құрамында болған жауынгерлер аты аңызға айналған командирлерін әскери тәсілді ерекше меңгерген мықты қолбасшы және бейбіт тірлік үшін қарсыластардың ортақ келісімге келуіне ықпал еткен батыр тұлға ретінде еске алды.

«Қазақтың қара майоры» биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуы қарсаңында, 72 жасқа қараған шағында өмірден озған болатын. Ауған соғысының азабы, от пен суды бірге кешкен батыр ағасы, өзі көрген соғыстың үлкен соғыстың мектебінен өткен, қан майданның қатал тезінде сыналған арыс Борис Керімбаев өскелең ұрпақты патироттыққа тәрбиелеуде қайталанбас батыр тұлға болып қалары сөзсіз.

Қарлығаш Нұрбай

Abai.kz

3 пікір