Жұма, 13 Желтоқсан 2019
Ой түрткі 1472 6 пікір 31 Қазан, 2018 сағат 13:10

Өзгелердің сайлауы - шоу, біздікі ше?

Бүгінгі әңгімеміз жуық арада өткен сайлаулар мен өтуі жоспарлы сайлаулардың негізгі фигуранттары туралы болмақ.

Ангела Меркель сайлауға түспейді

«Бұл менің канцлер ретіндегі соңғы мерзімім. Бізге жаңа бет ашу керек», деді. Бұл Германия канцлері Ангела Меркельдің сайлау туралы сөйлеген сөзі.

Германияда ендігі сайлау 2021 жылы өтеді. Мұндай оқыс шешімді Ангеланың өзі қабылдапты. Себебі де жоқ емес екен. Өзі басқаратын Германия билігіндегі «Христиан-демократиялық одағы» партиясы екі маңызды өңірде, Гессен мен Баварияда жеңіліске ұшыраған. Сол үшін де ол желтоқсанда өтетін партия сьезінде басшылықтан кететінін айтты. Жоғарыдағы жеңіліс үшін Меркельге ешкім биліктен кет деген жоқ. Өзі шешім қабылдады.

Ангела Меркельдің жасы 64-те. 4 мерзім бойы Германияның канцлері болды. Әлі бабында, әне-міне тағынан тая қояды дейтін адам емес еді. Бірақ, өз еркімен келер сайлауға қатысудан бас тартты. Ол партия басшылығында 2000 жылдан бері, Германия билігінде 2005 жылдан бері басшылық жасап келеді.

Порошенконың қарсыластары. Әнші, депутат, әзілкеш

Келер жылы 31 наурызда Украинада президенттік сайлау өтеді. Ескі одақтың мүшесі болған Украинадағы сайлау біздегідей емес. Салыстырмалы түрде айтайық, күні бүгінге дейін украиндер төрт президент ауыстырды. Бесіншісі қазір басшылықта.

Леонид Кравчук 1991-1994 жылдар аралығында басқарды. Одан кейін Леонид Кучма келді таққа. Ол 1994-2005 жылдары Президенттік қызметті атқарды. 2005 жылдан 2010 жылға дейін Виктор Ющенко Президент болды. Оны Виктор Янукович алмастырды. 2014 жылы Украинда болған қанды майданнан кейін Янукович Ресейге қашып кетті. Александр Турчинов уақытша Президент болды. 2014 жылы сайлау өтіп, бизнесмен Петр Порошенко Президент атанды. Күні бүгінге дейін Украинаны осы Порошенко басқарып келеді. Айтпақшы, осы Порошенко 6 айдан кейін өтетін сайлауға қатысады. Тағы бір мәрте бақ сынап көрмек. Петр Порошенко 53 жаста. 2014 жылдың 7 маусымынан бері Президенттік креслода.

Қызық болғанда бұл жолы президенттік креслодан үміттілердің қарасы көп. Бейресми деректерге сүйенсек, үміткер атануға үміттілердің саны 30 адамнан асады.

Ал нақты аттары аталып, ашық агетациялық жұмысқа кіріскендер қатарында Украина тағының мәңгі үміткері Юлия Тимошенко, фискалдық қызметтің бұрынғы басшысы Роман Насыров, Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің серігі Юрий Деревянко, оппозициялық блок лидері Юрий Бойко, бұрынғы Қауіпсіздік қызметінің басшысы Валинтин Наливайченко, әнші Иво Бобул мен тағы бір әнші Святослав Вакарчук, әзілкеш Владимир Зеленский бар екен.

Бұған қоса президенттік сайлаудың кандидаты болып тіркелген тағы 4 партияның лидері мен 10 Рада депутаты бар.

Бейресми сауалнамалардың нәтижесі бойынша Юрий Бойко 20,6% көрсеткішпен потенциалды «президент» атанып тұр екен. Ал одан кейінгі сатыда саяси әзілдерімен танымал Владимир Зеленский қазір 18,3%, Юлия Тимошенкоға 17,9%, әнші Святослав Вакарчук 17,3% енген. Бұл бейресми сауалнама. Ал қазіргі президент Порошенко потенциалды президенттер сапында жоқ.

Бізде...

Енді өзімізге қатысты біраз әңгіме айтсақ.

Қазақстанда кезекті президенттік сайлау 2020 жылы өтуі мүмкін. Өйткені сол жылдың сәуірінде қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімі аяқталады. Ол туралы Назарбаевтың өзі де айтып жүр. Өткенде Финляндия Президентімен кездескен еді. Сол жиында фин журналисі сұрақ қойып, «келер сайлауға түсесіз бе», деп сұрады. Президент Назарбаев та кідіріп тұрмады, дереу жауап берді. Міне жауабы:

«...соңғы уақытта ең көп қойылатын сұрақ. Егер 2020 жылы кетсем, біздің кішкентай балаларға жақсы өмір сүруге кім жағдай жасайды (күлді)? Егер шындығына келсек, сіз мені билікте көп уақыттан бері отыр деп ойлайтын шығарсыз. Әр бес жыл сайын халық мені басым дауыс беріп сайлап отырды. Менің президенттік мерзімімнің аяқталуына екі жыл уақыт бар. Тәуелсіз елдің бірінші президенті, қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы ретінде менің сайлауға түсуге конституциялық құқығым бар. Бұл көп факторға байланысты. Әдетте мұндай шешімдер ерте қабылданбайды. Сайлау алдында қабылданады. Нақты шешімді келер жылы қабылдармын... Мүмкін 2020 жылы қабылдармын. Сол кезде білесіз», деді Президент Назарбаев

Өз сөзінде Президент Назарбаев бес жыл сайын сайлауда жеңіп келе жатқанын айтты. Біз сол өткен сайлаулардың қорытынды есебіне, Назарбаевтың потенциалды және бейпотенциалды қарсыластарының кім екендігіне көз жүгіртіп өтсек...

1991 жыл. Бірінші сайлау.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан жалғыз үміткер болды. 98 пайыз дауыс жиған ол ел мемлекет басқару ісін қолға алды. 1991 жылы күйреген КСРО құрамында болған елдердің денінде сайлау өткен-ді.

1999 жыл. Екінші сайлау.

Арада сегіз жыл өткенде Тәуелсіз Қазақстан екінші сайлауын өткізді. Сайлау 1999 жылдың 10 қаңтарында өтті.

Президент Назарбаев екінші мәрте президенттік додаға түсетінін мәлім етті. Бұл жолы Назарбаевпен таққа таласқандар - Серікболсын Әбілдин, Ғани Қасымов және Энгельс Ғаббасов еді.

Қазіргі оппозицияның ақсақалы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Серікболсын Әбілдин сол жылы  11,9% дауыс жинады. Ғани Қасымов 4,7%, Энгельс Ғаббасов 0,8 % дауысты місе тұтты.

Айта кетейік, Серікболсын ақсақал Назарбаевтың саяси оппоненттерінің ішінде сайлауда ең көп дауыс жинаған жалғыз адам.

Екінші сайлауында Назарбаев жұрттың  81 пайыз дауысын жиды.

2005 жыл. Үшінші сайлау.

Қазақстандағы үшінші Президент сайлауы 2005 жылы 4 желтоқсанда өтті. Екі мәрте Президент болған Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы қарсыластары - Жармахан Тұяқбай, Әлихан Байменов, Ерасыл Абылқасымов пен Мэлс Елеусінов болды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы 91,15% дауыс жинап, тағы жеңді.

2011 жыл. Төртінші сайлау.

Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен президент сайлауына өз кандидатурасын тағы ұсынды. Бұл сайлау мерзімінен бұрын өтті. Бұл жолғы бәсекелестері - Жамбыл Ахметбеков, Ғани Қасымов және өмір бақиғы үміткер Мэлс Елеусізов еді. Назарбаев 95,55% дауыс жиды.

Ал бұл сайлауға "допуск" ала алмаған үміткерлер - Серік Сапарғали, Қанат Тұрагелді және Сәлем Өтен болды.

2015 жыл. Бесінші сайлау.

Ел тарихындағы бесінші Президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтті. Бұл жолғы сайлау басқа сайлаулардан өзгеше болды. Президент Назарбаевтың саяси оппоненттері - Әбілғазы Құсайынов пен Тұрғын Сыздықов болды. Назарбаев – 97,75%, Тұрғын Сыздықов – 1,61%, Әбілғазы Құсайынов – 0,64% дауыс жинады.

Түйін

Осы ширек ғасырдан астам уақта «билік ауысады екен» деген қызды-қызды әңгіменің қаншасын естідік... «Тақ мұрагері пәлен екен, түген екен», «әкесінің орынанан Дәриға да дәмелі екен» деген алып-қашпа әңгіменің талайы айтылды.

Бірақ, әл-әзірге Елбасыға «жетер» кандидат болмай тұр. Тіпті, өзгелер секілді әнші-бишілеріміз бақ сынап, саяси шоу жасауға құлықты емес. Бұл біздің артықшылығымыз ба, кемшілігіміз бе? Оған өздеріңіз жауап беріп көріңіздер!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір