Жұма, 26 Сәуір 2024
3453 1 пікір 1 Қазан, 2018 сағат 13:08

Сирияда мыңдаған адам ресейлік әскери операцияның құрбаны болды

Соңғы үш жылда Сирияда Ресей жүргізген әскери операциядан 18 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан. Олардың 3 мыңы – әйелдер мен балалар. Бұл жөнінде штаб пәтері Лондонда орналасқан Адам құқықтарының бұзылуына мониторинг жасау орталығы мәлімдеді.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бастапқыда Мәскеу Сирия президенті Башар Асадқа аймаққа бақылауды екі есеге кеңейтуге көмектескен.

Құқық қорғаушылар халықаралық қауымдастықтың Мәскеуге ықпал ете алмай отырғанын айтып, қынжылады. Олар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Сириядағы соғысты тоқтатып, әскери қылмыс жасағандарды жазаға тартуын сұрады.

Өз кезегінде Мәскеу әскері үш жыл ішінде Сирияда 85 мың террористерді өлтірді деп мәлімдеді. Олар таратқан ресми мәлімет бойынша, 112 ресейлік сарбаз қаза тапқан, 8 ұшақ пен 7 тікұшақ апатқа ұшыраған.

Осыған дейін америкалық шенеуніктер халықаралық Коалицияның "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына қарсы соққысынан 1100 бейбіт тұрғын қаза тапты деп мәлімдеген. Бірақ құқық қорғаушылар бұл көрсеткіш алты есеге көп дейді.

Abai.kz

1 пікір