Сейсенбі, 22 Қазан 2019
Жаңалықтар 3705 0 пікір 30 Қараша, 2010 сағат 03:35

Омар Жәлелұлы. Қазақ мәдениетіндегі еңбек феномені

Тақырыптың өзі, бір қарағанда, құлаққа тосаң естілуі мүмкін: еңбек сөзі құлағымызға сіңісті болғаны сондай, оны арнайы сөз етудің өзі артық сияқты. Дегенменде, осы сөздің мән-мағынасына бір сәт үңіліп көрсек деген ниеттеміз.

Бұл сөз қазақ мәдениетіне ұғым ретінде қай уақытта кірді? Қай кезден бастап бұл сөз қазақ мәдениеті үшін актуалды бола бастады? Бұл сұрақтарға дұрыс жауап беруіміз - алдағы болар жемісті әңгіменің алғышарты. Әуелі сөздің этимологиясына үңіліп көрелік. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде еңбек сөзі бірнеше мағына береді екен. Біріші мағынасы: адамның өз қажетін қанағаттандыруға бағытталған қаракеті, жұмыс, іс; екінші мағынасы: бас сүйегі қатаймаған жас сәбидің төбесіндегі былқылдап тұратын жері. Әзірге семантикалық жағынан ешқандай жаңалық ашқан жоқпыз, - бұрыннан таныс нәрселер. Бірақ, біз іздеген мағына осы еңбек сөзі тудырып тұрған еңбекте  деген етістіктен басталады. Бұл етістіктің де екі мағынасы бар екен. Біріншісі мынадай мағыналық бірліктерге ие : тізерлеп, етпеттей жүру; еңкейіп бой тасалай бұғып жүру; және ауыспалы түрі: жорғалау, өрмелеу, тырмысу. Екіншісі, әдеттегі біз қабылдап үйреген: еңбек ету, әрекеттену деген мағынаны береді. Енді қадым заманнан бізге белгілі бір ақпарат жеткізіп, көл-көсір мағына тудырып тұрған осы сөзді шып-шырғасын шығармай абайлап, еппен пайдаланып көрелік.

 

Тақырыптың өзі, бір қарағанда, құлаққа тосаң естілуі мүмкін: еңбек сөзі құлағымызға сіңісті болғаны сондай, оны арнайы сөз етудің өзі артық сияқты. Дегенменде, осы сөздің мән-мағынасына бір сәт үңіліп көрсек деген ниеттеміз.

Бұл сөз қазақ мәдениетіне ұғым ретінде қай уақытта кірді? Қай кезден бастап бұл сөз қазақ мәдениеті үшін актуалды бола бастады? Бұл сұрақтарға дұрыс жауап беруіміз - алдағы болар жемісті әңгіменің алғышарты. Әуелі сөздің этимологиясына үңіліп көрелік. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде еңбек сөзі бірнеше мағына береді екен. Біріші мағынасы: адамның өз қажетін қанағаттандыруға бағытталған қаракеті, жұмыс, іс; екінші мағынасы: бас сүйегі қатаймаған жас сәбидің төбесіндегі былқылдап тұратын жері. Әзірге семантикалық жағынан ешқандай жаңалық ашқан жоқпыз, - бұрыннан таныс нәрселер. Бірақ, біз іздеген мағына осы еңбек сөзі тудырып тұрған еңбекте  деген етістіктен басталады. Бұл етістіктің де екі мағынасы бар екен. Біріншісі мынадай мағыналық бірліктерге ие : тізерлеп, етпеттей жүру; еңкейіп бой тасалай бұғып жүру; және ауыспалы түрі: жорғалау, өрмелеу, тырмысу. Екіншісі, әдеттегі біз қабылдап үйреген: еңбек ету, әрекеттену деген мағынаны береді. Енді қадым заманнан бізге белгілі бір ақпарат жеткізіп, көл-көсір мағына тудырып тұрған осы сөзді шып-шырғасын шығармай абайлап, еппен пайдаланып көрелік.

 

Ә дегенде біз тәптіштеп жазған осы мағыналық жағынан ұқсас, туыстас сөздердің арасында ешқандай байланыс жоқ секілді. Бірақ назар салып, жіті үңілер болсақ, әңгімеге арқау болар біраз жайттарды байқаймыз. Енді осы көңілге түйген ойларды ортаға салайық. Алдымен, бұл сөздің дүниеге жаңа келіп, адамның қан тамырының соғысындай бүлкілдеп тұрған нәрестенің бас сүйегімен мағыналық байланысы біраз ойға жетелейді. Әдетте жас сәбиге құмартып, құшып-сүйіп, қолға алғысы келген адамдарды «байқа, әлі еңбегі қатпаған!» деп ескертіп жатады. Иә, «еңбегі қатпаған»: өмірге енді келіп, жарық дүниеге, тіршілікке әлі қалыптаса қоймаған сәби туралы әңгіме. Өмірге құмартып, тіршіліктің дәмін алған нәресте енді біраздан соң еңбектей бастайды. Еңбектеу барысында бас сүйегі қатайып, адам санатына кіруге талпынады. Бәлкім, іңгәлап жарық дүниенің есігін ашқан сәбидің ең алғашқы еңбегі де осы еңбектеуден басталатын шығар... Тізерлеп, етпеттеп жүру, кейін бой тасалай, бұғып жүру мағынасына ұласатын еңбектеу ұғымының антонимі - бой жазу. Бұл сөз: а) денесінің құрысқанын тарқатты; ә) дем алды, денесін сергітті; б) кеңшілік алды, еркіндікке қол жеткізді, -  деген мағыналарды береді екен. Осы өзара қарама-қарсы ұғымдарды салыстыра келіп, еңбектің адамға оңай тимейтінін аңғарамыз: мұнда жан қиналу/еңбектеу, жорғалау, өрмелеу, тырмысу /, адамның табиғи еркіне тұсау салу /бой тасалап, бұғып жүру/ бар. Бәлкім қарапайым пенденің табиғи түйсікпен еңбектен қашатыны да осыдан болар. Қалай болғанда да, осы сөздердің астарына үңіле отырып, еңбектің еркіндік сүйгіш, өз еркімен жүріп-тұруға құмар, қалағанын істеуге бейіл адамға берілген бір «жаза» екенін түйсінеміз. Әрі «бой тасалай бұғып, тізерлей еңбектеп жүрген адам ғана түптің түбінде  әйтеуір бір бой жазады» деген де мағына шығады. «Еңбек түбі зейнет» деп келетін қанатты сөздің шығу төркіні де осыған меңземей ме?!

Ал осыдан келіп, «адам неден жазды?» немесе: «неден жазықты болып қалды?» - деген сүйкімсіз сауалдар бас көтереді. Жасыратыны жоқ, біз осы кезге дейін - «адамды адам еткен еңбек!» - деген қағидаттты ұстандық. Қағида дұрыс болғанымен, түбі шикі еді: бұл қағидатты тудырған маркстік-лениндік филосфия бойынша адамның арғы тегі маймыл, оны адамға айналдырған еңбек! - делінеді. /Осы жалған қағидаға ыза болған Бауыржан Момышұлы: «Сендер маймылдан жаралсаңдар, жаралған шығарсыңдар,  - мен бөріден жаралғам!»  депті деген сөз бар. / Ал шынтуайтына келгенде, бұл қағидат Қасиетті кітаптардан бастау алады. Тәурәттә бұл оқиға былай суреттеледі: Адам ата мен Хауа ана жазықты боп, жылан кейпіндегі шайтанның тіліне еріп «жеме!» деген жемісті жейді. Сонда Алла Тағала бәрін алдына алдырып, әркімге тиісті жазасын беріпті. Жыланға Адам ата мен Хауа ананы азғырып, тура жолдан тайдырғаны үшін: ендігі жерде қарныңмен жорғалап боқ асайсың, - деп, жыланды аяқтан айырған екен. Жыланның тіліне бірінші болып еріп, өзі жегенімен қоймай, Адам атаға да жегізгені үшін Хауа анаға: сенің жазаңды үстегеннің үстіне үстей түсемін, оны аты - жүктілік, -  депті. Адам атаға: семіздікті қой ғана көтереді дегендей, жұмақтағы шат-шадыман өмірді көтере аламадың, ендігі жерде наныңды маңдай терің тамшылап еңбекпен табасың, - депті. Осы ой жүйесін үзбей жалғастырар болсақ, шынында да еңбек Адам атаға берілген «жаза». Бірақ бұл жазаның антропологияда зор мәнісі бар: осы «жаза», яғни еңбек арқылы ғана адам адам санатында болады екен. Сонда біз қарастырып отырған еңбек - адамның жаратылысымен біте қайнасқан ұғым болып шығады. Абайдың:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын, -

деп  айтуында бір үлкен хикмет бар: ебңбек адамның маңдайына жазылып,  жаратылысын анықтап тұрғандықтан да еңбек етпеген адам бірден аза бастайды. Сондықтан Құдайдың тарапынан берілген бұл «жазаның» адам болмысының ашылуындағы рөлі зор, оң мағынаға ие.

Ал  қазақ мәдениетінде еңбек ұғымының пайда болу қай кезең деген сұраққа әліміз келгенше жауап беріп көрелік. Мұхтар Әуезов өзінң «Абай Құнанбаев» атты монографиясында бұл мәселе туралы: «Осыдан соңгы сан өлеңінде Абайдың бұрын қазақ ақындары айтпаған бір тақырып етіп алатын айнымас ойы - еңбек туралы болады. Еңбекті Абайдың қадірлеуі қазақ поэзиясы үшін аса бір соны сөз еді» - дейді. Ал әдебиеттанушы Амантай Шәріп өзінің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты монографиясында Әуезовтың осы сөздерінің мән-мағынасын ашып береді: «Ұлы ақынның өз замандастырын тың үрдіске тәрбиелеуі әркез оның озғын ойларымен және сыншылдығымен сабақтасып жатты. Мысал үшін мына шумақтың мәніне үңілейік:

Адасып алаңдама, жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

Халқын «түзу жолға шығуға» шақырған Абайдың бәрінен бұрын: «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай», - деп күйзелуінде біраз сыр бүгулі. Себебі әлі көшпенділіктен көз жазбаған жұрттың ата кәсібімен «араздасуы» - ең болмаса  мал баға алмауы тозғындықтың басталу белгісі емес пе?! Оның орнына «не ғылым, не еңбек» жоқ. Ақын концепциясында «еңбекпен мал табу» ұғымы бар, бірақ «мал бағу» мен «еңбек» бір мағынаны білдірмейді. «Мал бағу» - өткен өмірдің атрибуты; «еңбек» - бүгін мен болашақтың қарекеті. Ақын шығармашылығындағы еңбек культі сол тұстағы қоғамдық қажеттіліктен, бұл қажеттілікті оның қапысыз танып-түйсінуінен туған еді». Әдебиет зерттеушісінің бұл пікірі қазақтың ата кәісібі - мал бағу мен жаңа заман талабы - еңбектің ара-жігін айқын ажыратып беруімен құнды.

Шынында да, қазір біз қолданып жүрген еңбек ұғымының пайда болуы - Абай өмір сүрген заманмен тұспа-тұс келеді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені қазақ қауымы осы тұста, ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Ресей империясының отарына айналуы арқылы капиталистік қатынастарға өз еркінен тыс дендеп ене бастады. Өз ата кәсібінен күшпен айрылған қазаққа өзін өзі ұлт ретінде сақтап қалуы үшін де үстем жұрттың кәсібін игеру қажеттілігі туды. Ал әлемдік капиталистік қатынастардың ажырамас бір бөлігіне айналған Ресей империсындағы негізгі кәсіп - осы еңбек еді. Абайдың «еңбекті» жеке-дара алып қарастыруының сыры да осында.

Жаңа заман ұсынған «еңбек» идеясын қазақ әлеуметі қуана-қуана қабылдады десек, асыра айтқан болар едік. Бұрынғы мал шаруашылығына негізделген шаруашылық қатынастарға бойы әбден бойы үйреніп алған халыққа жаңа идеяны сіңіру оңайға соққан жоқ. Жаңа идеяны сңіру үшін осы идеяның алдымен идеологиясын жасау қажеттілігін түсінген ұлт ұстаздары жанталасып «еңбек мәдениетін» қалыптастыруға көшті. Ол үшін қалыптасқан қасаң қағидаларды аяусыз бұзып, қирату керек еді. Бұл міндетті алғашқылардың бірі болып атқарған Абай болды. Ол өзінің көптеген өлеңдерінде, әсіресе «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген өлеінде,  еңбек идеологиясын насихаттайды. Қарын тойдырғанға мәз болып, қу құлқын үшн адамшылық арын сата бастаған қандастарының күйкі тірлігіне күйінген Абай:

Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,

Ол немене жоқтықтың әсері емей?!

Қазақ жұртшылығының азып-тозып қадірсізденуі - люмпенденуі, - сөйтіп «бай қазақтан», «бар қазақтан» «кедей қазаққа» айналуы да - осы тұс.

Біз әңгіменің басында еңбектің адамның жаратылысымен, қадір-қасиетімен тікелей байланысты екенін айтттық. Енді соның мысалын, өмірдегі дәлелін Абай өлеңінен көреміз:

Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,

Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.

Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.

«Бір жілік пен бір аяқ қымызға» еріксіз жалданып адам еңбегінің құнсыздануы, адамның қу тамақ үшін құлданудың не бір ауыр да қорлықты формаларын басынан кешіру - Абай суреттеген заман еншісі.           Еңбексіздіктің салдарынан адамның еңбегі ғана құнсызданбайды, оны жеке басының да құны өлшеусіз девальвацияға ұшырайды. Қазақтың далалық заңнамаларының бірі «Жеті жарғыда»: «ер адамның құны жүз жылқы, әйел адамдікі - елу жылқы» - деп бекітілген. Ал кедейленген қазақ қоғамында осы адамның құны адам айтқысыз деңгейге дейін құлдырайды:

Онда оны алдайды, мұнда - мұны

Жанын берсе, табылмас сөздің шыны.

Алты жақсы, жүз жылқы болған басы,

Бір семіз ат болады оның құны.

Міне, осылайша ақын «улы сия, долы қолымен» дала драмасын алдымызға жайып салады. Туған халқының басына төнген ауыр хәлді жан-дүниесімен сезіне отырып  бұл кеселдің себеп-салдарын да іздейді:

Саудасы - ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы.

Еңбекпен етті ауыртпай,

Құр тілменен жиғалы.

Міне, мәселенің кілтипаны енді ашылды: барлық «бәле» адамның «еңбекпен етін ауыртқысы» келмегенінде екен. Адам психологиясы мен жаратылысын жетік білетін ұлт ұстаздары ел ішін жайлаған кесірлі кеселдің /еңбексіздіктің/ диагнозын да дәл қояды. Жаңағы ауырсынып, жұмыс істегісі келмей, айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін адам табиғатын ғылымда нәпсі десе, қазақ «ет жан» деп атайды. Осы адамға келер барлық бәленің бастау көзі нәпсіні / «ет жанды»/ тәрбиелеу - еңбек мәдениетін қалыптастырудың негізі, іргетасы.

Қазақ даласына капиталистік қатынастар дендеп енсімен әдеттегі«мал» ұғымы трансформацияға ұшырайды: енді «мал» ұғымы төрт аяқты хайуанды ғана білдірмей, «ақша», «капитал» деген де ұғымдарды білдіре бастады.

Қоғамдасып, рулық-тайпалық ұйықта өмір сүретін қазақ қоғамының өзгеріске түсетін кезі келді. Бұрынғыдай ел аралап, ауыл кезіп жүруді заман көтермейтін болды. Бұрынғы тірлікте сөкет көрінбейтін «ел қыдырып, ас ішу» - енді сөгіле бастады. Сондықтан еңбек мәдениетін қалыптастыру үшін ең алдымен қазақтың санасына өзгеріс енгізіп, «у ішсең руыңмен», «көппен көрген ұлы той» секілді стереотиптерді бұзу керек болды. Өйткені, көшпелі тірлік қоғамдық санаға негізделсе, капиталистік қатынастар индивидтік сананы қажет етті. Өзгерістерге толы алмағайып заманның қажеттілігін терең түсінген Абай осы міндетті де мойнына қайыспай алады:

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел.

Жастайынан «саяқ жүрсең, таяқ жейсің» деген идеологияны бойына сіңірген қазаққа туған ауылын, үйреншікті стихиясын тастап шығып, қалаға барып кәсіп меңгеру, еңбек ету - оңайға түспейтін шаруа еді. Бірақ ақын осы санадағы қасаң қағидаларды бұзу үшін адам табиғатындағы ұлы қажеттілктердің бірі - елге танылу, сый-құрметке бөленуді стимул ретінде қолданады. Қолдана отырып, өмірдің темірдей қатал заңы - адамның қадір-қасиетінің іргетасы «мал» / ақша, капитал/ екендігін бұлтақтамай тура айтады. Малың болмаса, қанша ақылды болсаң да сөзіңнің салмағы болмайтынын айтады. «Көмекей әулие» Бұқар жырау айтпаушы ма еді:

Ерге дәулет бітпесе,

Шүлдіреген қызыл тілден не пайда;

Мал араға түспесе,

Құр айқаннан не пайда, -

деп. Бұдан біз қазақ философиясының реалистік табиғатын аңғарамыз. Сондықтан әр нәрсені өз атауымен атап үйренген қазақ күлбілтелемей қара қылды қақ жарып тура айтады: «ақыл - малда, көрік - көмейде» деп. Біз бәріміз керісінше: «ақыл малда емес» деп үйрететін советтік жалған  философиягның шекпенінен шықтық. Енді заман өзгерді, өзіміздің төл, адастырмайтын  ұлттық дүниетанымның бастау-бұлақтарына оралатын кез жетті.  Бұқар жырау мұрасын жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп бұл тақырыпты тіпті жеріне жеткізе таратады:

Бұл күнде жақсы бар ма, малмен жақсы,

Жақсы атың бір шықпайды,

Болсаң тапшы.

Ер жігіт шешен боып, малсыз болса,

Топтағы айтқан сөзің не болмақшы?!

Сөзінде бай адамның мін болмайды,

Бай болсаң жұмыскерің кім болмайды?!

Ер жігіт шешен болып, малсыз болса,

Рас деп, айтқан сөзің шын болмайды.

Ащы болса да - шындық. Қазіргі қазақ қоғамының оңала алмай жатқаны - елім деп еңіреген жігіттің қолында мал жоқ, - қанша жалаулатсақ та шындықты айту керек, - қазақ қоғамы - кедейлер қоғамы. Малы барлардың - қазақпенен ісі жоқ,  бұл - бүгінгі күннің парадоксы .

Осы келеңсіздікті жою үшін де советтен қалған «байлық» ұғымына қозқарасымызды күрт өзгертіп, елдің экономикалық санасын көтеруіміз керек. Қазақтың кедей болатын себебі, оның санасында советтік қалған байлыққа деген теріс қөзқарас шөгіп жатыр. Бұл нағыз қазақы сана емес, деформацияға ұшыраған, отарлық езгіден сансыраған аурушаң, дімкәс сана.

Байлық жаман емес, байлық - жақсы! Қазақы қисынға салар болсақ; «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы!» Хош, енді байлыққа қалай жетеміз? Байлықты бізге кім береді? Ешкім де бермейді: өзгеге қарап иегімізді қышытатын әдетімізді қоюымыз керек. Байлықты не аққан терден сұра, не қара жерден сұра! Бабалар аманаты осы. Осы ой арнасыен бағытымыздан жаңылмай әрі қарай жылжысақ, тағы да еңбекке келіп тірелеміз. Еңбек, еңбек, тағы да еңбек. Дана халқымыз: «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деп мақалдайды. Ал біз болсақ еңбек етуді ұмыттық, еңбектің ащы терін зәмзәм суындай көретін сананы жоғалттық. Бізде сол баяғы Абай айтып кеткен «алдам алсам, ептеп алсам» деген сана басым. «Еңбекпен етті ауыртатын» заман келгенін қаперімізге де алмаймыз.

 

Еңбек, әлбетте, нәтижелі болуы шарт. Әйтпесе, «есіл еңбек, құр шығын, тарқар ма екен қырсығым» дегендей, адамның ісі өнбейтін де кездері болады. Қазақ тілінің лексикалық бай қорына үңілер болсақ, еңбек/еңбекте/ сөзінің әуел баста негативті мағынада болғанын көреміз / Тізерлеп, етпеттеп жүру, кейін бой тасалай, бұғып жүру/. Осы лексикалық бірліктен пайда болған, негативті мағына беретін сөз - еңбекті. Бұл сөзді бұрын біз жиі кездестірдік, бірақ мағынасын білмедік. Сөздің мағыналық жағынан ашылуына бізге көмекке келген Мәшһүр Жүсіп былай дейді: «Және қазақта бір мақал бар: «Ер - егіз, еңбекті жалғыз». Ердің өзіне лайықты қатын жолықса, сонда «егіз» болады. Қатын жаман болса, ағайын жаман болса, бала да жаман болса, «еңбекті» деп, соны айтады. Ерлі-байлы екеуі аман тұрған күнде «егіз» есепті. Бірінен-бірі айырылып қалса, қай қалғаны «еңбекті» сол болады. Істеген ісі оңға басқан адам «егіз» есебінде: өзі біреу болса да, ісі орынға тұрғандықтан, онымен - «егіз». Істеген ісі оңға баспаған адам «жалғыз» есебінде, «еңбекті» деп соны айтады. Басы - аман, малы - аман - бүтін тұрған адам - «егіз» есебінде, қаза-пәлеге ұшыраған адам: «еңбекті» деп соны айтады. Қазақ мақалында бар: «Еңбектінің үйінен етік басындай өлім шықсын!» - деген. Және айтады: «Еңбектіге қара жер ойылады» - деген: «Құрғақ жердің өзі оған саз балшықтай -басқан аяғын суырып ала алмай, әуер болады» - деген сөз». Құдай бізді еңбекті болғаннан сақтасын, еңбекқор, еңбекшіл етсін!

Кез келген нәрсенің іске асуы үшін белгілі бір жағдайлар қажет болатыны сияқты, еңбектің де жүзеге асуының шарттары бар. Ол шарттар - тәуекел мен талап . Абай:

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек көтін жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте

алмас, -

дейді. Тәуекел мен талап - іскерліктің, бизнестің шарты. Бұл ұғымдар қазақ мәдениетінде Құдай ұғымымен тікелей байланысты. Байлық - Құдайға тәуекел етумен табылады. Қазақ ұғымында байлықты Құдай береді, адам бермейді. Бірақ бұл түсінікті қате ұғынып, харекетке емес, әрекетсіздікке душар болған жандар да жоқ емес. Енді осы күрделі ұғымдарға түсінік бере кетелік. «Байлықты жаратқан Құдай, кедейлікті де жаратқан Құдай. Бірақ сені бай қылған, кедей қылған Құдай емес» (Абай). Кейбір адамдар таным-түсінігінің тайыздығынан өзінің кедейлігін Құдайдан көреді. «Жаман адам Құдайшыл» деген сол. Ал Құдай саған еңбек етіп мал табуға, бай болып, бар болуға барлық жағдай жасап отырған жоқ па? «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме, көңіліңде қайғы болмаса, зарлымын деме» деп үйретеді қазақ даналығының сарқылмас қазынасы мақал -мәтелдер. Осы қарапайым дүниетанымдық заңдылықтарды білмеген соң адам баласы байлықты Құдайдан сұрамай, өзі сияқты пендеден сұрап басының қадірін кетіреді. Сондықтан тағы да қазақ мақалы «Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деп біздің таным-түснігімізге коррекция жасайды. Өзі сияқты адамнан бірдеңе дәметудің абсурдтығын айтқаны. Ал осы «Құдайдан сұра!» деген қазақ мәдениетіндегі императивті қалай түсінуге болады? Көмеке тағы ғұламаларды шақырамыз: «Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі - біреуден қорқытып алсаң, біреден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің - сол» (Абай, «Оныншы сөз»). Бұдан артық біз не айта аламыз?!

Адамның қадірі -еңбекпен дедік. Бұл - аксиома. Бірақ қандай еңбек? Еңбек өзі екіге бөлінеді: адал, арам. Арам- шариғатта тыйым салынған дегенді білдіреді. Ал адал /халал/ еңбектің кез келген түрі лайықты, оның қай түрінен де болса жиіркенуге болмайды. Абайдың: «Есен көтін жусаң да мал тауып кел» - дейтіні сондықтан. Бұл императивті дұрыс түсінбеген кейбіреулер мұны харам жолға пайдаланып жүр. Сөйтіп өздерінің оңбағандықтары мен бұзылғандықтарына Абайдың айтқанын негіз еткісі келеді. Қазақта тағы бір «жарлы болсаң арлы болма» деген мақал бар. Кезінде бұл мақалды Абай сынаған. Үлкен мораль тұрғысынан, ар-ұят тұрғысынан Абайдікі - дұрыс. Кедей екенмін деп ар-ұятыңды саудаға салуға әсте болмайды. Бірақ бұл мақал басқа бір мәселені де меңзеп тұрған секілді. Мәселен, осы «ар» сөзінен шығатын «арлану» деген сөз бар. Бір нәрсені бойына лайық көрмеу деген мағынаны береді. Қазақ айтып тұр: жарлы болсаң арлы болма, яғни, ешқандай халал жұмысты бойыңа ар көрме, жиіркенбе деп тұр. Бұл айтқанымызбен Абайдың есек туралы айтқаны үндес шығып тұр. Қазіргі кедейшіліктің басты себептерінің бірі - осы адал еңбектен арлану. Отбасың, әйел-бала-шағаң аш отырғанға арланбай, бір жұмысты бойына лайық көрмей арлану - барып тұрған сорақылық емес пе?

Кедейшілікке ұрындыратын, бізді еселі еңбектен тосатын тағы бір жайт -жанаярлық. Яғни, біздің өзіміздің жанымызды өзіміз шектен тыс аяуымыз. Мәшһүр Жүсіп бұл туралы: «Байдың малы ардақты, // Кедейдің баласы ардақты» - деген. Бай болатұғын кісі өзін де аямайды, баласын да аямайды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей, күн қатып, түн қатып, жаны да жоқ ойында, ас-су да жоқ ойында, малдың қамын қылуға жытһады зор болады. Кедей малдың қамымен жұмысы жоқ, есі-дерті баласының суыққа тоңбағанын, қарны аш болмастығын, ұйқысы бұзылмағанын мақсат көреді. Жасынан жаман ғадетке табиғаты үйренген бала соны қалып алып, ақырында мұқтаждықта, қорлықта қалады». Міне, ғұламалар бізге байлық пен кедейліктің сырын айдан жарық, күнен анық қылып алдымызға жайып салып отыр. Осының бәрі - адамның өз табиғатын жете танымауында. Бойымызда: «Ойбай, өлесің!» деп сыбырлап, бізге үнемі жаны ашып тұратын «досымыз» бар. Шын мәнінде ол біздің досымыз емес, анық жауымыз. Оның аты - нәпсі. Осы «нәпсісін /жанын/ таныған адам ғана Құдайын таниды» - дейді қасиетті хадисте. Нәпсіні аямай, жастайынан еңбекке үйретіп, бас білғізіп тастаған адам ғана мына өмірде де, ана дүниеде де табысқа жетпек. «Аясаң - аяма!», «Баланы - жастан, қатынды - бастан» деген императив-мақалдар осы орайда айтылған деп білеміз.

Бұл нәпсінің табиғаты жайлы, оның мүмкіндіктері туралы бұрынғы қазақ жақсылары Мәшһүр Жүсіптің жеткізуінде бізбен былай деп сыр бөліседі:

Боларыңда болып өт,

Боз жорғадай желіп өт.

Болмасыңды білген соң,

Болған ердің қосын жек.

Өзің адам болған соң,

Аудара тастап,

Қалай кетсең, олай кет!

Бай болсаң, торғын орамалмен

бетің сүрт,

Жарлы болсаң, жаныңмен көтің сүрт.

Бай болып, бар болсаң,

Жан бір - алтын ханыша:

Сыйласаң, сыйлауыңа тұрады.

Жоқ болып, жарлы болсаң,

Жан - бір күдері:

Қанша қинасаң, қинауыңа шыдай береді, үзілмейді.

Және бір жақсы мақал бар:

Жігітлікте жаннан кеш те, іс қыл:

Өлсең, өлесің.

Өлмесең, кісі боласың.

Білген адамға - бәрі насихат

Білмегенге не айтасың?!

«Жоқ болып, жарлы болсаң, // Жан - бір күдері» - дейді данышпан бабаларымыз. Күдері - әбден иі қанып жұмсартылған бұлан не бұғы терісі. Қазақ ең мықты, берік, өте төзімді теріге балайды. Адамның жаны /нәпсісі/ де сол - «қанша қинасаң, қинауыңа шыдай береді, үзілмейді». Еңбек ете білу мәдениеі - осы нәпсі тәрбиесімен де тікелей баланысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ мәдениетіндегі көтерілген мәселелердің бір парасы осыған - еңбек құндылығын зерделеуге арналғаны тегіннен-тегін болмаса керек. Бұл- болған, қазірде бар және бола беретін, өмірі құны мен мән-мәнісін жоймайтын мәселе екендігіне баса назар аударғымыз келеді. Еңбек, еңбек, еңбек! Қазіргі қазақ руханияты мен мәдениетінің алдында тұрған ең көкейкесті асқаралы мәселенің біре де бірегейі де осы - еңбек ету. Еңбек ету мәдениетін қалыптастыру, қара жұмыс пен ой жұмысын парқын ажыратып беру, әлемдік бәсекеге шыдас беретіндей еңбек ету этикасын қалыптастыру - бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі екенін тағы да қадап айтамыз.

ХІХ ғасырдың бел ортасында ғұмыр кешіп, қазақ әлеуметі басынан өткерген барлық өзгерістер мен ауыртпашықтардың куәсі болған, куәсі ғана болып қоймай, тығырықтан шығар жол іздеген, бағыт нұсқаған Абай айналасына үлгі-өнеге шашқан үлкен тәлімгер де болғаны белгілі. Сондай үлгі-өнегенің бір парасы еңбек пен оның қадір-қасиетіне арналады. Бірде Абайдың үйіне бірнеше сөз ұстаған ділмәр, шешен жігіттер келіп түседі. Қонақтар ас-суын ішіп жайласып алғаннан соң Абай оларды сынамақ мақсатында: «Ер бір-ақ рет өледі, ез күнде өледі» - деген сөздің мәнісін сұрайды. Сонда қонақтардың үлкені:

- « Өзекті ерге бір өлім» деген, ез өзінің ездігінен күнде өледі, ер бір-ақ рет өледі. - дейді. Үй иесі:

- Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан сөз, менің күткенім бұл емес, - дейді. Сонда екінші егделеу қонақ тұрып:

- Емен иілмейді, морт сынады. Ер адам да бір- ақ рет өледі, -деген мағынада сөз айтады. Абайдың бұл жауапқа да көңілі көншімейді. Сонда қонақтардың ең жасы орнынынан тұра келіп:

- Абай аға, дат! Мен айтайын, - дейді. Үй иесінен рұхсат алсымен жас жігіт кідірместен:

- Ер егіз, еңбекті жалғыз деген, ер жігіттің қадір-қасиеті еңбекпен өлшенеді, еңбексіз өткен әрбір күн өліммен тең емес пе? - деген екен. Абай а жігіттің жауабына дән риза болып, үстіне шапан жауып сый-сыяпат көрсетіпті.

Халық жадында сақталған осы бір әдемі әңгімеде ойшыл ақын болмысының тағы бір қыры жарқырай көрінеді. Абай бір күнде Абай бола салмағаны, тынымсыз еңбек пен мехнат шегу арқылы ғана осыншалық биік дәрежеге жеткені мәлім болады.

Бар өмірін еңбекпен өлшеген Абай атамыз тіпті сүйіспеншілік, ғашықтық, махаббат мәселесіне де осы тұрғыдан қарайды. Адам баласына тән бұл сезімнің өзі өткінші екенін саралай келе:

Махаббат, достық қылуға

Кім де болса тең емес.

Қазір дайын тұруға -

Бес күндік ғашық жөн емес.

Сүйіспек көңлім ойлады

Жанның бәрі - қатыбас.

Сүйісу тозбай тұрмайды,

Еңбекке аз күн татымас, -

дейді. Ақын жанына жақын тұтып, шығармаларын басқаларға қарағанда көп аударған Лермонтовта бұл ой былайша өрнектеледі:

...Любить...но кого же?.. на время - не стоит труда,

А вечно любить невозможно.

В себя ли заглянешь? - там прошлого нет и следа:

И радость, и муки, и все там ничтожно .

Лермонтовтағы «на время»-ны Абай «аз күн» деген сөзбен алмастырыпты. «Аз күн» - уақыт мөлшері,- қысқа уақыт, тез аяқталатын уақыт; ол өтпелі, өткінші, баянсыз болғандықтан да еңбекке татымайды, күш жұмсауға тұрмайды деп тұрған жоқ па ақын? Еңбек, адамның күш-қайраты мен ақыл-ойы керісінше, өтпелі емес, тұрақты, баянсыз емес, баянды нәрсеге жұмсалуы керек. Осы өлшеммен алғанда Абай қазақ мәдениетінде еңбектің түр-түсін саралап, елеп-екшеп «баянды еңбек» деген ұғым еңгізеді де:

Түбінде баянды еңбек егін салаған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбекің бұдан өзге бәрі жалған,

- деп «үкім» шығарады . Абайдың талғамына татыған, ақыл сыны мен ой сарабының темір тезінен өткен еңбектің екі-ақ түрі бар екен: ол - егін салу және жастайынан оқып білім алу. Ал жұрттың бәрі қызығатын, елдің бәрі ұмтылатын би болу мен болыстықты ақын жарамсыз деп тауып отыр. Оларды ол «өнер емес» дейді. Қызық, жұрттың бәрі өңмеңдеп ұмтылатын, бар малын шығындап, кейде ар-ұятын да саудаға салып жіберетін нәрсені Абай «өнер емес» деп түкке алғысыз қылып тастайды. Жоқ, олай емес деп өзіміздікін дәлелдеп Абаймен шексіз пікір таластыруға болады. Бірақ бұл әрекетіміз еш нәтиже бермей, өзімізді тектен-текке қажытатынымыз тағы рас. Оданша: «Абай неге бұлай айтты екен?» - деп ойланғанымыз абзал шығар. Біздіңше, ақын адам өмірінің, оның адамшылық қалпының өлшемі деп еңбекті қарастырса, еңбектің өлшемді ретінде өнерді алады.

«Би болған, болыс болған неге өнер емес?» - деген сұраққа әліміз келгенше енді жауап та беріп көрелік. Болыс боламын деп бар малын шығындап, болыс болып алған соң бар күш-қайратын сол малды қайта өндіріп алуға жұмсайтын қазақты Абай көзі көрді. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болатын, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген атам қазақтың моральдік кодексін ұмытқан парақаор биді де Абай көрді. Көріп қана қойған жоқ, өзі де біраз жыл би, болыс болды. Болды да бұл істің баянсыз, жалған екендігін кәміл түйсінді. Ақын не жазса да басынан өткеріп, әділетті жүрегінен өткізіп барып жазды; бейнелеп айтар болсақ: «жүрегінің қанымен» жазды.

Абай айтқан осы жайт - бүгінгі күні де актуалды. Бұрынғының биі мен болысы - бүгінгінің депутаты мен әкімі. Қазір де жұрттың барлығы депутат, барлығы әкім болғысы келеді. Ал Абай айтып отыр: «Бұл сендердің жаппай ұмтылатын нәрселерің емес, одан да баянды еңбекке ұмтылыңдар» дейді. Қарапайым кәсіп /егін салу/ пен білімді билік пен тақтан жоғары қояды. Ой көзімен қарасақ, елдің экономикалық хал-ахуалы қазір екі нәрсеге - ауыл шаруашылығы мен жоғарғы инновацияларға негізделеген жаңа технологияларға байланысты. Елу елдің қатарына кіреміз деп ел алдында мақсат қойған Елбасының да арман-аңсары, ой мақсаты жастарды жаппай билікке емес, білімге жұмылдыру, кәсіби мамандарды даярлау, ауыл шаруашылығын көтеру. Әрине, ешкім депутат болма, әкім болма деп жатқан жоқ, - киелі жердің бос болмайтыны бесенеден белгілі, - бірақ жалпы ұлттық тұрғыда ол - мақсат емес. Мақсат - шын өнердің қатарына жататын баянды еңбеке бар күшіңді сарп қылып, халқыңа пайдалы болу. Қазақ елінің айнымас темірқазығы, ұлт ұстазына айналған Абай тағылмы бізді осындай ойға жетелейді.

«Жас Қазақ үні» газеті

 

0 пікір