Сенбі, 27 Сәуір 2024
Өз сөзі 7868 4 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 08:57

Назарбаевтың «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымының маңызына көзім анық жетті

1990 жылы туған қырғыздың жас саясаткері Тұрсынбек Бейшенбеков Астана қаласына ЭКСПО көрмесін көруге келіпті. Жас та болса, Қырғызстандағы «Әділет» жастар қозғалысының төрағасы, «Шындық» ақпарат агенттігінің директоры лауазымын атқаратын жігітпен аз-кем әңгімелескен едік. Қазақстанның даму қарқынына қызыққан жас саясаткер Қырғызстандағы демократиялық үрдістердің қалай жүріп жатқанын, алдағы президент сайлауы қалай өтетінін, ел билігін кімдер қолға алуы мүмкін екенін тілге тиек етті. "Нұрсұлтан Әбішұлының «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымының маңызына көзім анық жетті. Негізі сол демократияға алдымен халық, тіпті ел басқарып жүрген тұлғаның өзі дайын болуы керек секілді" дейді Тұрсынбек Бейшенбеков. Осы сөзінен-ақ көрші елдің жастары Елбасының саясатына қызыға, қызғана қарайтынын байқадық. 

Abai.kz: Қазақстанға қош келдіңіз? Бұл Сіздің біздің елге нешінші мәрте келуіңіз?

Тұрсынбек Бейшенбекұлы: Рахмет. Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Алдымен Алматыға келіп, одан Астанаға ат басын бұрдым.

Abai.kz: Өте жақсы. Біздің қазақта «Сырт көз – сыншы» деген мәтел бар. Біз Сізді сырт деп санамаймыз. Бауырлас елдің азаматы ретінде алғашқы әсеріңіз туралы айтып берсеңіз.

Тұрсынбек Бейшенбекұлы: Жалпы Қазақстан, оның бас қалалары Алматы мен Астана туралы БАҚ арқылы толық мәліметім бар. Бір келіп көруді аңсап жүрген едім. Сол сапардың реті енді келді. Ең басты көргім келгені ЭКСПО болатын. Әрине, мың естігеннен бір көрген артық екен. Алматы мен Бішкек екі елдің егіз қаласы. Тарихы мен тағдыры ұқсас. Сіздер мен біздердің Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды. Мен Алматыдан жаңа үлгідегі әсем құрлыстар мен метроны көріп қуандым. Құдайға шүкір, біздің Бішкекте де даму жоқ емес, бар.

Ал, Астанаға келер болсақ, айтар жоқ, жаңа қала мені таң қалдырды. Біз теледидардан көріп жүрген әлемде бар құрлыстарды Астанадан тамашалап, риза болдым. «Бәйтерекке» шыққым келді. Бірақ, екі күн бойы тізілген келушілерден кезек тимеді. Сосын, «ЭКСПО»-ға барып, құмарым қанғанша араладым. Бір күнге таяу жүріп, Қазақстанның павильоны мен өзіміздің Қырғызстанның және Африка мемлекеттерінің  көрмелерін аралап әрең үлгердім. Ал, қалған елдердің павильондарын аралау үшін кемінде бір апта керек сияқты. Оған менің уақытым жетпеді. Теңіздің дәмін білу үшін, бір тамшысын татсаң жеткілікті емес пе. Аз ғана жылдың ішінде мұндай табысқа жету – шынымен мақтанарлық іс. Қазақтың жетістігі – қырғыздың да жетістігі. Мен бұл жағынан Сіздерге құтты болсын айтам.

Abai.kz: Біз де Сіздердің мемлекеттің жаңалықтарына назар аударып отырамыз. Қырғыз Республикасын Орта Азиядағы демократияның отаны деп атайды. Биыл Қырғыз Елі үшін маңызды жыл. 15 қазанда президент сайлауы өтеді. Қырғыз халқы өз таңдауын жасайды. Үміткерлердің саны да белгілі бола бастады. Дайындық қалай? Сізше кім президенттікке лайықты деп ойлайсыз?

Тұрсынбек Бейшенбекұлы: Иә, Қырғыз Республикасын Сіздерге таныстырып жату, әрине, артық. Орта Азиядағы демократиялық мемлекет деп атап қалдыңыз, бірақ дәл бүгінгі күні мен олай деп ауыз толтырып айта алмаймын. Дау жоқ, 2010 жылы Өмүрбек Текебаев бас болып қабылдаған Конституция біздің елді шын мәніндегі парламентаризмге алып келді. Бес жыл бойы мемлекетте шын мәніндегі демократия өз үкімін жүргізді. Сөз бостандығы, жемқорлықпен күрес секілді құндылықтар мен саясат өз нәтижесін беріп келді. Өкінішке орай, осы қалыптасып келе жатқан жақсы үрдіс өткен жылдың соңында баяғы қалпына қайта түсті. Әзіргі билік аяқасынан референдум өткізіп Текебаев жасаған Конституцияға өзгертулер кіргізіп, қалыптасып қалған демократияға балта шапқандай болды. Ата Заңымыз, ең кемінде, енді үш жыл (2020 жылға дейін) өзгермей тұра тұрғанда Қырғыз Республикасы Орта Азиядағы нағыз демократияның ошағына айналар еді. Амал не, халық та, бүгінгі билік тұтқасын ұстағандар да сол демократияға дайын емес болып шықты. Ал енді өмірін қанжығаға байлап, 25 жыл бойы  Қырғыз Елінің  өсіп-өркендеуіне, демократиялық жолға түсуіне, екі реткі қиын жағдайдан Өлкемізді аман алып шығуға өлшеусіз үлесін қосқан Өмүрбек Текебаевты президент болып кетеді деген қорқыныштан жалған жаламен темір торға тоғытып қойды. «Ақ иіледі, бірақ сынбайды» демекші, бәрібір Текебаев ақталады. Міне, тергеу жүргелі бір айдай болып қалды. Текебаев темір тордың ар жағында отырып, судияны да, прокурорды да, куәгерді де өзі тергеп, олардың өтірігін әшкерелеп жатыр. Негізі, мен өз басым Еліміздегі төрт саясатшыны өте жоғары бағалаймын. Олар – Өмүрбек Текебаев, Темир Сариев, Аликбек Жекшенкулов және генарал Курсан Асанов. Бұлардың қай-қайсысы болмасын жеке-жеке президент болуға әбден лайық тұлғалар. Қазіргі жағдайда билік Текебаевтың сайлауға түсу мүмкіндігін шектеп қойды. Темир Сариев «Ак-Шумкар» саяси партиясының атынан өз кандидатурасын ұсынып, дайындық жұмысын бастап кетті. Оның айналасына Қырғыз Елінің мақтанышына айналған Аликбек Жекшенкулов, Элмира Ибраимова секілді белгілі тұлғалар топтасып жатыр. Біраз талапкерлер өзінің болашақ жоспарларымен бөлісіп те қойды. Олардың ішінде аспандағы айды әперем деп, атқарылмайтын уәделерді үйіп-төгіп жатқандары да бар. Ал, енді маған Т.Сариевтың көңілге қонымды бағдарламасы ұнап тұр. Өз басым, Сариевтен көп үміт күтем...

Abai.kz: Дұрыс екен. Міне, Қазақстанды өз көзіңізбен көрдіңіз. Жас саясатшы ретінде айтыңызшы, Сіз секілді жастар болашақ президенттеріңіздің қандай саясат жүргізгенін қалайды?!

Тұрсынбек Бейшенбекұлы: Иә, Қазақстанды көрдім. Нұрсұлтан Әбішұлының «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымының маңызына көзім анық жетті. Негізі сол демократияға алдымен халық, тіпті ел басқарып жүрген тұлғаның өзі дайын болуы керек секілді. Дайын болмаса, билік басындағы серке оны дайындауы тиіс екен. Бізде бүгінгі күнде сөз өте көбейіп кетті, енді бізге сөзді қойып, іске өтетін мезгіл келді.  Халык революциядан, жалған уәдеден, кландардың тартысынан, шет өлкелердің саяси ойынынан әбден шаршады. Қырғыз Елі сөзінде тұратын, принципті, батыл қадамдарды жасайтын, елді бөлмейтін және патриот тұлғаға шөлдеп тұр.

Abai.kz

 

 

4 пікір