Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Қауіп еткеннен айтамын 4668 19 пікір 30 Мамыр, 2017 сағат 13:02

Ресейлік дипломаттарға тексеру жүргізу керек

Молдова мықты шықты дейміз. Бұл жолы пост-кеңестік кеңістіктен керегесін бөлек құрған Молдова Ресей елшілігінің бес бірдей дипломатын депорттады.

Молодвадағы ресейлік 5 шенеунік енді "нонграта тұлға". Оларға Молдова аумағынан шығуға  1 тәулік уақыт беріліпті. Сөйтсе, әлгі Ресей елшілігіндегі бесеуі шпиондықпен айналысып, Молдованың мемлекеттік құпияларын жария еткен көрінеді.

Елден қуылған дипломаттардың есім-сойлары елге жария болмағанымен, Молдова демократиялық партиясының бұрынғы депутаты Юрий Болбачан мен РФ Әскери атташесі Андрей Грудиннің арасында байланыс болғандығы туралы ақпарат тарады.

Ал экс-депутат Болбачан 17 наурыз күні тұтқындалып, оған  елге "жасырын кірген офицер" деген айып тағылған.

Ресейлік 5 шенеуніктің қуылғанын  Ресейдің Молдовадағы елшісі Фарит Мухаметшин де растап отырғанға ұқсайды.

Естеріңізге сала кетейік, Молдова Президенті  Игорь Додон мамыр айында Мәскеуде болып, Президент Путин екеуі Жеңіс шеруін бірге тамашалаған-ды. Сол кезде бірқатар БАҚ Президент Додонның Мәскеудегі шеруге жалғыз барғанын жазып еді.

Айтпақшы, биыл Эстония Үкіметі де Кремль кіргізген дипломаттарды елден қуды.

Эстония СІМ  Ресейдің екі бірдей консулын ел аумағынан шығарып жіберген. Эстондықтар да Кремль саясаткерлерін тыңшылықпен айналысты деп айыптады.

Солай. Ескі одақтан шыққан кей мемлекеттер мемлекеттік қауіпсіздікке, ұлтқа, территорияға қауіпті кез келген жағдайда өзге елдің (бұл жағдайда ресейдің. - ред.) дипломаттарын депортациялай алады.  Ал бізде ше?

Мемлекет шекарасының бүтіндігіне жауапты ҰҚК жанындағы шекара қызметінің өзі мемлекеттік тілді масқаралады. Оған құзырлы орган қыңқ демеді.

Одан қалса, Парламенттің қақ төрінде отырып көкіген депутат Косарев көсемінің қу сүйегін Қазақстанға әкелгісі келетінін ашық айтты. Соны армандап, аңсап жүргенін жеткізді. Бұған да көз жұма салдық. Одан кеп, Смирнова дейтін маржа Мемлекет басшысының сөзіне бұлқан-талқан болды. «Латын әліпбиіне көшсек, орыс әлемінен ажырап қаламыз» деп, ойбайға басты. Құзырлы органның құлағы керең бе, әйтеуір Смирнова да сөзден сүрінгенін мойындап, жаздым жаңылдымымен жауапкершіліктен құтылып кетті.

Бұған қоса, РФ-ның Қазақстандағы елшілігіне бірнеше мәрте хабарласқанымызда ұққанымыз – ол жерде мемлекеттік тілді жетік меңгерген қызметкер жоқ екен. Дәл осындай жағдай АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінде де орын алды. Қазақ тілінде жауап қататын қызметкер таппадық. Қазақстанның мемлекеттік тілін мойындамай, Ресейдің мемлекеттік тілінде қызмет көрсететін бұл елшіліктер тексерілуі тиіс!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

19 пікір