Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
Жаңалықтар 4219 0 пікір 30 Қаңтар, 2015 сағат 22:36

АТА-АНАДАН АҚША ЖИНАҒАН ҰСТАЗ АНЫҚТАЛДЫ

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы прокуратурасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша мобильдік тобы, №83 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныптарының мұғалімі оқушылардың ата-аналарынан заңсыз ақша жинау бойынша бірнеше фактілерін анықтады.

Оқу жылы басынан аталған педагог оқушылардың ата-аналарынан бірнеше рет ақша қаражатын жинап, кейін өзінің қажеттілігіне жаратқаны анықталды. Атап айтқанда, 2014 жылдың қыркүйек айында Мұғалім күніне 15 000 теңге, 2014 жылдың қараша айында мұғалімнің туған күніне 35 000 теңге жиналды, ал Жаңа жылдың алдында ақшалай сыйлық сұралған. Сонымен қатар, педагог оқушылардың тәрбиесі мен білім беруін қажетті дәрежеде жүзеге асырмаған, соның салдарынан оқушылар мұғалім ақылы негізде ұйымдастырған қосымша сабақтарға қатысуға мәжбүр болған.

Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың ақысыз білім алу құқығын кепіл еткенін атап өткен жөн. Біздің мемлекетіміздің негізгі Заңының осы талаптарына сай, жалпы білім беру мектеп оқушыларының ата-аналарынан кез келген ақша қаражаттарын жинау заңсыз болып табылады. Қадағалау актісін шығарумен, қабылданған шұғыл шаралардың нәтижелері бойынша бойкүйез педагог атқарып отырған қызметінен босатылды, ал мектеп басшылары қатаң тәртіптік жазаға тартылды.

«Қазіргі уақытта прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі - балалар құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету, ол біздің еліміздің Конституциясында, халықаралық келісім-шарттар мен басқа да заңдарда бекітілген барлық құқықтар мен еркіндіктерді тануды көздейді. Өткен жылы аудан прокуратурасы осы бағытта 107 заң бұзушылық анықтады, 16 ұсыныс енгізілді, соның нәтижесінде 116 тұлға тәртіптік жазаға тартылды, 10 заңсыз актілердің күшін жоюмен, 3 наразылық келтірілді. 10310 кәмелетке толмағандардың Конституциялық құқықтары қорғалды, сомасы 1 673 419 теңгені құрайтын зиянның орны толтырылды», - деп атап өтті Түрксіб ауданының прокуроры Тимур Атжанов.

 

Абай-ақпарат.

 

0 пікір