Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2020
Қоғам 2853 0 пікір 24 Ақпан, 2015 сағат 01:22

ҚАЗАҚ ТЕХНОКРАТТАРЫ ҚАЙДА ЖҮР?

Әлем елдері күн, жел, су энергиясын барынша оңтайлы пайдалануға жанталасып жатыр. Ал, Қазақстанда 365 күннің 305 күні шуақты. Бізде күннің қуаты ерекше. Екіншіден, желдің қуаты бар. Осы екі ресурсты тиімді пайдалана білсек, бізге өзге энергия көздерінің қажеті де болмай қалады екен.

Қазақстанда қазір жел энергиясын өндіретін құрылғылардың 10-12 түрі бар. Қырдағы желдің екпіні қалпақ ұшыратындай. Тіпті, Жоңғар Алатауы баурайындағы ырғақты жел - тіптен таптырмайтын қуат көзі. Тек, Францияда, Англияда жасалған желден энергия өндіретін қондырғылар Қазақстанның ыңғайына келе бермейді. Осы мақсатта отандандық ғалымдар еліміздің климатына бейімді құрылғыларды жасап шығарудай-ақ, шығаруда. Олар Астана, Жамбыл облысында жұмыс істеп тұр. Бірақ мұндай инновациялардың көпшілігі толықтай өндіріске кіріге алмауда. Оларды жасайтын ғалымдар тек тәжірибелік жобаны жасап шығарумен ғана шектеледі. Мұны әрі қарай алып кету кәсіпкерлердің міндеті болғанмен, біздегі ғылым мен бизнестің арасындағы сабақтастықтың жоқтығы кедергі болып отыр.

Қайбір жылы, «ҚазАтомПром» Франциядан күншуақ панелдері мен желдеткіштерді сатып алуға келісім-шарт жасасқан-ды. Негізінде, бұлардың екеуін де еліміздегі жобаларға қолдау көрсетіп, жасауға болар еді. Бізде өндірістік тәжірибе ретінде жасалатын жобалар көп, дегенмен солардың өндіріске кірігу жағы кемшін. Мысалы, кремний атты табиғи элемент бар. Қазақ жерінің қойнауында  оның 265 млн. тонна қоры жатыр екен. Ал, кремнийді балқытып, одан күншуақ панелдерін жасауға болатынын да тағы қазақ ғалымдары дәлелдеген. Тіпті, Астанада кремний негізінде күн батареяларын шығаратын зауыт іске қосылған. Алайда, осы саланың тамырына қан жүгірере қойған жоқ…

Айтпақшы, еліміздегі елеусіздеу қала беретін  тағы бір энергия көзі – гидротермалді сулар. Мысалға, Қапал-Арасандағы ыстық бұлақтар, таулардан бастау алатын сарқырама сулар батыстың бірде-бір елінде жоқ. Бұлар - энергия алудың үшінші, төртінші көздері.

Сондай-ақ, елімізде металдан жасалған гидродинамикалық қыздырғыш деген қондырғы бар. Қазақстандық ғалымдар жасаған бұл жоба қазір Үкімет үйін жылытып отыр екен…

Ия, ғылым бір орында тұрмайды. Енді бес жылдан кейін қазіргі технологиялардың барлығы іске татымай қалуы мүмкін. Технологияның даму көшінен қалмау үшін қазірден-ақ қам қылып керек. Айталық, ұялы телефон, сағат, ойыншықтар, басқа да бұйымдар кәдімгі батареяның арқасында жұмыс істейді. Болашақта, бір бөлмені жылытып, оған электр қуатын беру үшін оған бір-ақ батарея жұмсалуы ғажап емес…

Рас, Қазақстанда мұнай бар, оның ақшасы бар, аз да емес, шүкір. Қазір біздің ел басыбайлы мұнайға тәуелді. Ащы да болса айтайық, мұнайдың үстінде отырған елдер, нашаға тәуелді адам секілді. Экономикада бұл «голланд ауруы» деп аталады. Қазіргі табиғи ресурстар әрі кеткенде 65-70 жылда сарқылуы мүмкін екенін ендігі бала да біледі.

Демек, бізге ұялы телефон жасау туралы ойлау артық, бірақ, сол телефонға қажетті, тіпті телефонға ғана емес, барлық тіршілікке қажетті қуат жинағышты жасау қолымыздан келетін шығар.

Қалай ойлайсыз, қазақ ғалымы? Ертең «Не тындырдың, технократ?» деген сауалға да жауап беретін күн келеді!

 

Қ. МҰҚАМЕТҚАЛИ.

 

Абай.kz

0 пікір