Сенбі, 27 Сәуір 2024
Мәйекті 9790 0 пікір 27 Ақпан, 2015 сағат 11:45

КҮШІКБАЙ КЕЗЕҢІ

Ауданнан Семей қаласына баратын тас жол үнемі еңіске қарай төмендеп отырады. Үлкен кісілерден еститін «қырдың қазағы», «ойдың қазағы» деген сөздер осыдан шыққан болса керек. Қалаға елу шақырымдай қашықтықта Күшікбай кезеңі бар. Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың шығармасына арқау болған жер. Қысы жазы сарқылмайтын мөлдір, таза, сап-салқын бұлақ талай шөліркеп келген жолаушының шөлін қандырған. Жаз бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен үлкен-үлкен автобустарға тиелген оқушылар, ақын-жазушылар, Жидебайға саяхаттаған былайғы жұрттың бұл мекенге соқпай кететіні некен-саяқ. Дәлірек айтқанда, саяхатшыларды Абай жерімен, ұлы жазушының шығармаларымен таныстыру Күшікбай кезеңінен бастау алады.

Тамыз айының соңы болса да күн ыстық. Бүгін Күшікбайда екі-үш жеңіл автокөліктен басқа ештеңе көрінбейді. Жолаушылары қымызхана ішінде салқындап, қымыз ішіп отырған болса керек. Бұлақ басында қарсы жолыққан жарасымды қыз бен жігіт сыпайы жымиып бас изеп өтті. Маған емес, әрине, жас студентпін, артымда келе жатқан нағашы ағама ізет көрсетсе керек. Артур Конан Дойлдың кейіпкерлеріне ұқсағым келіп, Шерлок Холмсша дедукциялап «жас жұбайлар» деп түйдім. Қымызханадан шығып жатқан жолаушылар қатарындағы әжелердің, мосқал тартқан ер адамдардың көтеріңкі көңіл-күйлері сәтті өткен құдалық жайын хабарлап тұр.

Әдебиет пәнінде «Асқақтық», «Сұлулық», «Келеңсіздік», «Құлдыраушылық» ұғымдарын талдар едік. Әдебиет пәнінің оқытушысы «сұлулық» ұғымын қалай түсіндіріп еді... Жағасын ерке толқындар шайған теңіз. Жапырақтары сыбдырлаған ақ қайыңның түбінде сырласқан қыз бен жігіт.... Жолаушылаған жас жұбайлардың жарасымдылығынан сұлулық лебі ескендей. Ұлы жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Ғазизаның да болмысы сұлулық пен нәзіктікке толы еді ғой. «Ол – сыпайы нәзік болып өскен Ғазиза: жіңішке сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар дөңгелек ақ сұр жүзді Ғазиза. Көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынаған, кірбеңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу.»

Күшікбайдан Семейге қарай ұсақ төбешікті кең дала. Әр жерде қыстың қамымен қыстақтарына шөп тасыған тракторлардың шұбатылған шаңы байқалады. Біз талдайтын әңгіме қалай басталар еді. «Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ: азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз. Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбінесе кедей болатын.»

  • Әй сенің оқиын деген түрің жоқ қой. Тосын дауыстан селк ете қалдым.

Қымызхананың сырт жағындағы дөңнің бауырында отырған мені іздеп келген нағашым екен. Қою қара шайға қанып шыққан сияқты, көңілді.

- Ауылыңды қимай келесің бе? Әлде мына қу далада сұлуың қалып бара ма? - Бұлақтың суы толтырылған ыдыстарымызды алып көлікке жайғастық. Жеңіл машина тыз ете от алды да, қалаға бағыт алып сырғанай жөнелді.

Бүгінде тас жолдың бойында қыстақтар жиі кездеседі. Ауыл үй маңындағы ауыл шаруашылық техникалары, мая-мая шөп, өрісті жайлаған мал кедейліктің емес, байлықтың белгісі. Табиғат өзгермегенмен адамдар табиғаттың кілтін тапқан тәрізді. Жаз болса бұл тас жолдың оң жағын әскерилер жайлайды. Әскери оқу жаттығумен айналысқан адамдар, жүйіткіген әскери техникалар бір-екі ай бойы кең атыраптың шаңын аспанға шығарады.

Биыл Күшікбай кезеңін асып түсетін тас жол бойына ескерткіш қойылды.Күшікбай асуында батыр бейіті жатқан орында дулыға іспетті көлемді ескертікштің ашылу салтанаты қыркүйек айында өткізілген. Күшікбай батыр туралы деректерді негізінен әдеби шығармаларда кезіктіреміз. Батыр жайындағы аңыз М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Р.Сейсенбаевтың «Намыс» тәрізді әдеби шығармаларына арқау болған. Бұл тарихи тұлғаға қойылған ескерткіш деп саналса да, Күшікбай батырды әдеби кейіпкер, ескерткішті ұлы жазушының асыл мұрасы «Қорғансыздың күні» әңгімесіне қойылған ескерткіш, қазақ оқырмандарының сөз өнеріне көрсеткен тағзымы деп ойлауымызға әбден болады.

«Қорғансыздың күні» әңігмесін талдау сабағы барлық оқушылар қатысқан пікірталасқа ұласқан еді. «Келеңсіздік» ұғымы. "Жасалған қылмысты ақтап алуға болған жағдайда оны «келеңсіздікке» жатқызамыз" деген әдебиетші ағай. Ал «құлдыраушылық» ақтап алуға келмейтін жауыздық, адами сананың құлдырауы. 30 миллион халықты жер жастандырған фашизм идеясы құлдыраушылық болмақ. Осы ұғымдарды талдау барысында топ оқушылары екіге жарылды. Біреулеріміз Ақан мен Қалтай әрекетін келеңсіздікке жатқыздық. Бұл сол заманның адамдары яғни заман тудырған адамдар. Оларды қылмыскер болуға білімсіздіктері, надандықтары итермеледі. Іс-әрекеттеріне баға бере алмады, қылмыстары жас қыздың қайғылы қазасына соқтыратынын болжай алмады деп ақтап алуға болады. Бұған қарсы топ екі жігіттің әрекеттерін «құлдыраушылыққа» теңеді. Билік тұтқасын ұстаған адамдардың, бай манаптардың қорғансыздарға, кедейлерге селқос, жиіркенішті көзқарастарын фашизм идеясымен сабақтастырды. Шығармадан үзінділер оқылды.

«Кемпір бар мұң мен шерін айтып отырғанда бір қалып, бір пішінмен тыңдап отырған Ақан әңгіме біткен соң басын көтеріп алып, кемпірді жұбатпақ үшін аз сөз айтты. Сөзін шала естірлік қылып ақырын айтқан соң, ұғымсыз бірдеме болды. Сезімді адамның жүрегін шаныштырып тіксіндіретін, жұртты мінезінен жирендіретін, түңілтетін көрнеу жауыздықтар, ауыр халдер Ақанға көп әсер бере қойған жоқ. Жалғыз-ақ сол әңгіменің ішінде болып қорлық көруші ыза шегуші қайраты қуаты жоқ сорлы кемпірдің өзі айтқандағы аз ғана жүрегінің тыныштық, сезімсіз қалпын бұзғандай болып отырды. Бірақ күндегі өмірінде бұл секілді талай жауыздықты көріп, өзі де сондайлардың ішінде болып жүргендіктен, мына естіп отырған сөзінің бәрі көңіліне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ. Оқып кеткен сабағы сияқты болды.»

Бұл сабақта пікірталасқа белсене араласа алмаған едім. Cебебі, «Қорғансыздың күні» әңгімесінде суреттелетін Күшікбай кезеңі мен туып өскен жерден алыс емес. Бұлақ басына жиі келетінбіз. Мөлдіреген бұлақ суынан Ғазизаның бейнесін іздейтінмін. Жатаған, қатқыл тобылғыдан бүр жарған нәзік гүл, жарға өскен шынар ағашы тәрізді қаталдық пен нәзіктіктің, боранды ақпан айы мен мамыражай маусым сияқты қарама-қайшы түсініктер санамды сарсаңға салатын. «Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынаған, кірбеңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу».

Нәпсі құмарлығына бой алдырған Ақан болыстан зорлық көріп, шарасыздық пен намыс буған Ғазиза жайын жазушы былай суреттеген екен. «Барша басынан кешірген жетімдікке, бейнетке, жалғыздыққа, қорлық мазаққа түгелімен қарсылық ойлайды. Өмірінде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс барлық еркін билеп, дуылдап басына бір-ақ шықты. Қорлық мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт, қиялдың барлығы да ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді.»

Сол сабақтың аяғында оқушыларға өз пікірімді білдірген едім. «Күшікбай кезеңіндегі бұлақ басында Ғазизаға ескерткіш қойылса жақсы болар еді». Студенттер тосырқап, қабылдады.

- Шынында да Шерлок Холмс пен Доктор Ватсондарға Еуропа қалаларында ескерткіштер қойылды емес пе? Тіпті, Жамбыл қаласының өзінде «Джентельмены удачи» фильмінің кейпкерлеріне ескерткіш қойылған, - деп топ старостасы қостағандай болған.

Жүрдек автокөлік қалаға кіре берісте жүрісін бәсеңдеткен екен. Алдымда жаңа оқу жылы, той думанды студенттік, жастық өмір күтіп тұр. Ал Күшікбай кезеңіндегі бұлақ басында мені қашан да Ғазиза қарсы алмақ...

«Пішіні мұңды, жүдеу».

Нұрлан БАЛҚАШ,

оқытушы.

 

Abai.kz

0 пікір