Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Қаза 6007 0 пікір 30 Сәуір, 2015 сағат 16:43

БАТЫРХАН КЕҢСАЙҒА ЖЕРЛЕНЕДІ

28 сәуірде қайтыс болған әнші Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі 1 мамыр күні сағат таңғы 10-да Алматыда – Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясында өтеді (Қалдаяқов көшесі, 35-үй).

Әуелде халықтың сүйікті әншісімен қоштасу рәсімі Республика сарайында немесе М.Әуезов атындағы драма театрында өтуі мүмкін делінген болатын. Алайда Республика сарайының іші мұнда іс-шара өткізуге қолайсыздау болып шықты, ал театрдағы рәсім туралы сөзді Алматы қалалық мәдениет басқармасы «ондай жоспар болған емес» деп, жоққа шығарды. Сөйтіп, әншімен қоштасу Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда өтетін боп шешілді. Филармония ғимаратының есігі келем деушілерге таңғы 8.30-дан бастап ашық болады.

Марқұмның денесін Мәскеуден әншінің бауыры Бауыржан Шүкенов 30 сәуір күні алып келді. «Мәскеудің достарымыздың және Қазақстандағы Ресейдегі консулдығы өкілдерінің көмегімен бауырымның сүйегін алып, елге ұшып келе жатырмыз. Анамызға баласының сүйегін алып келуге мәжбүр боламын деп ешқашан ойламаппын. Батыр үнемі анамыздың денсаулығын ойлайтын, жүрегінің ауырмауын қадағалауға тырысатын. Сөйтіп жүріп өз жүрегін сақтай алмағаны қандай өкінішті... Боткин ауруханасында шағын ғана қоштасу рәсімі болды, Мәскеудегі жақын араласқан достары, әріптестері келді» деп жазды Бауыржан фейсбуктегі жеке парақшасында.

Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген. Өнер жолын ол белгілі әнші Роза Рымбаеваның саксофоншысы ретінде бастаған. 1988 жылы өзі құрған «А'Студио» тобының фронтменті болды, ал бір жылдан кейін «Джулия» деп аталатын хит әні шықты. Танымалдылық бұл топқа Алла Пугачевамен бірге «Рождественские встречи» кешіне қатысқаннан кейін келді. Батырхан «А'Студио» тобынан 2000 жылы кетіп, жеке өнер көрсете бастады. Осыдан екі бұрын ол Мәскеудегі пәтерінде жүрек талмасынан қайтыс болды.

29 сәуір күні Алматыдағы Республика сарайы мен «Арман» кинотеатрының алдына жиналған көпшілік Батырхан Шүкеновтің суреттері мен ән мәтіндері жазылған парақтарды ұстап, «Отан Ана», «Сағым дүние», «Твои шаги», «Нелюбимая», «Джулия», «Дождь», «Солдат любви» секілді әндерді шырқады. Оның Сарай алдына қойылған үлкен фотосуретінің алды алқызыл гүлге толды. Батырханды еске алуға шамамен 2 мыңдай адам жиналды.

«Батырханмен қоштасу 1 мамырға белгіленгені рас, алайда жерлеу рәсімі 2 мамырда болуы мүмкін – дейді Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының бас әкімшісі Лев Мейзерович. – Туысқандарының шешімі солай». 

Батырхан Шүкеновтің мәйіті Кеңзай зиратына қойылмақ.

 

Abai.kz

0 пікір