Жұма, 20 Қыркүйек 2019
Алашорда 5872 0 пікір 31 Наурыз, 2016 сағат 12:24

ҚАБДЕШ АҒАҒА ЖАУАП: АҚЫН САРА ТӨРЕБАЙДАН ҚАЛАЙ ЖЕҢІЛДІ?

Жазушы Қабдеш Жұмаділов ағамыздың «Біржан мен Сараның айтысы болмады, оны жазған Әріп» деуі – нағыз ақиқаттан аттау! Өйткені, 60-жылдардың аяғында дәл осы тақырыпқа дүрілдеген дау өткені аға ұрпақтың есінде шығар. Ақырында, Сәбит, Ғабит аталарымыз араласып барып, «өнбейтін дауды өспейтін бала қуады» деп тоқтатқан еді. Одан кейін де әр жерде шаң беріп қалады.

 «Айтыс» антологиясының 2-томына кірген атақты ақын Сара мен Төребайдың айтысында өз елінің ұрысын батыр деп мақтаймын деп сөзден ұсталған Сара сасқанынан қарсыласына қайта-қайта «келімсексің» деп тиісе береді. Айтысты түгел беруге мүмкіндік болмағандықтан Сараның осы сөздері мен Төребайдың жауабын топтамалап, азырақ үзінді келтірейік.

Сара

...Белгілі әйелде ерке, сал екенім,

Біледі үйсін, найман Сара екенім.

Атақты сал Біржаннан  бата алғанмын,

Біледі ел өлеңге ебім бар екенін.

 

Мен білем Алшын жері тар екенін,

Қонысқа жағалбайлы зар екенін.

Жүз қырық үй жағалбайлы кірме елсін,

Ығында жүретұғын Қарекеңнің.

 

Төребай

...Мен де білем сенің де бар екенің,

Найманда ақынсымақ Сара екенің.

Біржанға он сегізде мұңың шағып,

Құтылған Жиенқұлдан жан екенің.

 

Мәлім ғой маған-дағы үйсін, найман,

Менің де хабарым бар әр жағдайдан.

Арғын менен қыпшақты кемсітем деп,

Жеңілдің сүйіндік арғын  Жәмшібайдан.

 

Сара, сен емессің ғой онша ақын,

Біржанның арқасында шыққан атың.

Көп сөйлеп, көк езу боп шалқи берсең,

Найманның шығарасын жаман атын.

 

Сара

...Баруға өз еліңе еріншексің,

Даулы іске келгенде көңілшексің.

Меніменен Төребайым салғыласпа,

Сен келген біздің елге келімсексің.

 

...Кірмесің жағалбайлы затың алшын,

Шапқылаумен күнің өткен неткен жансың.

Еліңе би болам деп шіренбе сен,

Бір кезде төреге ерген шабармансың.

 

...Өрлеп кетем мен сөзді айтқан сайын,

Аз ғана Алшын белгілі сенің жайың.

Жетісуда күн көрмей еліңе қайт,

Осымен айтыс бітті, Төребайым!

Төребай

...Аз алшын болсамдағы шеттегем жоқ,

Өзіме үйсін, найман беттеген жоқ.

Көрместен босқа сөйлеп сандаласың,

Аттарын төрелердің ерттегем жоқ.

Жалайыр Шыбындыдай қыстау берді,

Қарсы алды, еш біреуі кет деген жоқ.

Соңыма үйсін, найман жігіті ерді,

Бәрін де жолдас еттім, жек көргем жоқ.

 

...Анадан сен туғанда мен де туғам,

Мен де сендей жасымнан өлең қуғам.

Кірмесің деп бетіме салық қылма,

Талайын сендейлердің сөзбен буғам.

 

Мен емес адасатын ел таба алмай,

Жүргем жоқ баратұғын жер таба алмай.

Жақсысы үйсін, найман өтінген соң,

Қалып ем сол себепті елге бармай.

 

         Осы кезде Сара жеңілгенін мойындап, былай дейді:

Төребай, сөзді тауып жеңіп кеттің,

Дауым жоқ айтар түйір бос ұстасып.

Кешегі он сегіздің шағы болса,

Кетер ем өзіңменен қол ұстасып.

Ұлың болса болса қыз берем, би Төребай,

Болайық құда екеуміз, бек достасып!

Екі ақын шынында да құдандалы болады.

 

Еліне, Батысқа қайтпай қалған Төребайдың өзі емес, ата-бабалары. Және ол оқиға кешегі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін болған. 1726 жылы көктемде Сәмекемен біріге Еділ қалмағын тағы бір рет шауып алғаннан кейін, Әбілқайыр оңтүстік пен шығыстағы қазақ жерін жаудан азат етуге біржолата кіріседі. Ол Кіші жүзден әрқайсысы он жігітке татитын 20 мың сарбазын ертіп келеді. Маңғыстаулық адайлар жанқиярлық ерлік пен өзегін суырып  берер бауырмашылдықтың теңдессіз үлгісіне толы сол заманды «Сауран айналған» деп атайды. Сегіз арыс Адайдың Мұңалынан шыққан, Әбілқайыр қолының бас сардары Шотан батырдың атында Арқада көл мен өзен, ал, ханның өз атында бірнеше жер - тау, жал, бұлақтар бар...

1726 жылы Ордабасыдағы жиында  Әбілқайыр хан қазақтың Бас қолбасшысы, ал Қанжығалы Бөгембай батыр оның орынбасары болып сайланғаны белгілі. Алғашқы шайқас Ордабасы тауының етегінде өткен. Бадам стансасынан кейінгі Бірлік ауылы мен бұрынғы Мамаевка, бүгінгі Көлтоған аулының арасындағы ұзын жотадағы қаптаған үлкен төмпешіктер – сол кезден қалған бауырластар зираты. Бұдан соң «Қалмаққырылған» мен «Аңырақайда» жоңғардың белін сындырған қазақ қолы 1730 жылға қарай өз жерін Балқашқа дейін азат етеді. 1730 жылы Қалдан-Серенмен (Цеван Рабдан 1727 ж. қайтыс болады) бітім жасасқан соң Әбілқайыр Еділ қалмақтарының, орыс казактары мен башқұрттардың, түрікпендер мен Хиуаның шабуылына күнде ұшырап отырған еліне қайтады. Онымен бірге Кіші жүздің жігіттерінің қайтқаны қайтады, қайтпағаны «тағы бір 3-4 жыл шыдасақ, жоңғарды түгел қуамыз ғой» деп қалып қояды. Бірақ, соғыс табаны күректей  жиырма бес жылға созылып кетеді...

Міне, осы кезде көрсеткен ерліктері үшін батыстан келген батыр бауырларына Ұлы жүз бен Орта жүз орталарынан ойып орын береді. Әлі күнге дейін Қазығұрттан Алтайға дейін ойдым-ойдым Кіші жүз руларының ауылдары отыр. Олардың  кейбіреулері тіпті 25 ата Кіші жүздің қай бөлігіне жататынын да ұмытып қалған. Бер жақтағы аталарын ғана айта алады. Сіңісіп кеткендері де жоқ емес. Алтайдағы шыққан тегін ұмыта алмай, ұмытқысы келмей жүргендері өздерін «найман-тамамыз» деп атайды. Жоғарыдағы айтыста Төребайдың «Жақсысы үйсін, найман өтінген соң, Қалып ем сол себепті елге бармай» деп отырғаны – осы. Күнін көре алмай қаңғып келген келімсек те емес, кірме де емес, үйсін, найман жақсылары өзінің ата-бабаларының ерлігін бағалағанын, бағалағандықтан орталарынан ойып орын бергенін айтып отыр. 

Бұл айтыс «Біржан мен Сараның айтысы болмаған, Біржан Жетісуға келмеген, оны жазған Әріп, «Ақ үйге аңдып басып кірді біреу, сипалап керегені жүрді біреу, кешікпей іздегенін тура тауып, етегін ақ көйлектің түрді біреу...» деп басталар өлең бар емес пе, тура осы өлеңде не айтылса, 35 жасар Әріп пен 18 жасар Сараның арасында соның бәрі болды дейміз» деп кітап жазып, екеуін ашына етіп қойған Қабдеш Жұмаділов ағамыздың жаңсақ пікіріне қарсы басты дәлел. Бірақ, «Төребай мен Сараның айтысын да Әріп жазған ба?» деген сұраққа келгенде  Қабекеңнің үні шықпай қалатын әдеті бар. Мүмкін, осы жолы жауап берер?..

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Abai.kz

0 пікір